Ақтаудан басталған жаңғыру: Президент Маңғыстауда

Каспий жағасындағы Ақтау теңіз порты – енді тек жүк тиеп-түсіретін орын емес. Бұл – Қазақстанды әлемдік сауда картасында жаңа деңгейге шығаратын маңызды торап. 18 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы стратегиялық хабқа барып, Ақтаудың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Ақтау порты қазір тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін заманауи терминалмен жабдықталған. Ол бір мезетте Шығыс–Батыс пен Солтүстік–Оңтүстік бағыттарынан келетін жүктің бәрін қабылдай алады. Мұндай ауқымды транзиттік мүмкіндіктер – ел экономикасының жаңа тынысы. Былтырдың өзінде Транскаспий дәлізі арқылы өткен жүк көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Бұл бағытпен 358 контейнерлік пойыз және 27 мыңнан астам автокөлік өткен.
"Портты дамыту арқылы біз Қазақстанды Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көлік хабына айналдыра аламыз", – деді Көлік министрі Марат Қарабаев. Оның айтуынша, өңірде жалпы құны 1,9 триллион теңге болатын 24 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.
Президент сапарлары: геосаясат қана емес, ішкі саясат та назарда
Ақтауға сапар – биылғы жылдың алғашқы айларынан бері жалғасып келе жатқан өңірлік жұмыс сапарларының жалғасы. Бұл үрдіс жай ғана хаттамаға айналған іс-шара емес. Президент әр сапарында нақты мәселелер көтеріп, халықты алаңдатқан түйткілдерге тікелей назар аударып жүр.
Саясаттанушы Пердехан Шәмшиев бұл туралы былай дейді:
«Президент алдымен республикалық маңызы бар қалаларға барды. 14 ақпанда – Астана, наурызда – Алматы, сәуірде – Шымкент. Бұл кездейсоқ емес. Ірі орталықтардан кейін енді өңірлік проблемаларға назар аударып жатыр. Ақтауға сапар соның дәлелі. Бұған дейін де қоғамда «ішкі саясат екінші орында қалып қойды» деген пікір айтылып жүрген еді. Президент енді бұл бағытқа салмақ сала бастағанын сөзімен емес, ісімен дәлелдеп отыр».
Маңғыстаудың мәселесі – елдің мәселесі
Ақтауда өткен кеңесте өңірдің өзекті проблемалары да көтерілді. Соның ішінде су тапшылығы, жылумен қамту сияқты мәселелерге ерекше назар аударылды. Қуаңшылық жылдары қатты зардап шеккен халықтың жағдайын ескере отырып, Президент Үкіметке, облыс әкімдігіне және "Самұрық-Қазына" қорына нақты тапсырмалар берді.
Ақтауда басталған жұмыс сапары – экономикалық көрсеткіштерден бөлек, елдегі өңірлік теңгерім мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған қадам. Жол, порт, су – қарапайым болғанымен, ел дамуы үшін аса қажет тіректер. Президент бұл тіректердің беріктігіне өзі барып көз жеткізуде.
Гүлмира Сыздыққызы
Abai.kz