Сәрсенбі, 23 Сәуір 2025
Абай мұрасы 336 0 пікір 23 Сәуір, 2025 сағат 12:50

Абай Құнанбайұлының саяси дүниетанымы

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Абай Құнанбайұлының саяси дүниетанымы: ойшыл ақынның «Қара сөздерінен» көзқарастар

Абай Құнанбайұлының шығармашылығы саяси, әлеуметтік және адамгершілік мақсатты қамтиды және адам болмысының маңызды мәселелерін қозғайды. Қоғамның моральдық ахуалын өз «Қара сөздерінде» ой елегінен өткізген Абай қазақ халқының идеалды басқаруы, көсемдігі мен азаматы туралы ой-пікірлерін білдіреді. Абайдың саяси дүниетанымы тек билік институтының ішкі мәніне қатысты ойларынан ғана емес, қоғамдағы әділеттілік, заңдылық, ұлт бірлігі мен ұтқыр көшбасшылық сауалдарына да тоқтайды. «Қара сөздер» қазақ қоғамындағы тақырыптарды қозғайды және қазақ халқының саяси, рухани, ағартушылық және адамгершілік өміріне түсініктеме беретін саясатанулық сипат иеленеді. Осы елеулі тұжырымдарына қарамастан, Абайдың басқару төңірегіндегі дискурс ретінде анықталған саяси философиясы аз зерттелген. Бұл мақалада Абай «Қара сөздері» негізінде ұлы ақынның негізгі саяси ұстанымдарын талдағымыз келеді. Мақаланың мақсатына Абайдың «Қара сөздеріндегі» саяси идеяларды жүйелеу және олардың қазіргі Қазақстан үшін маңызын ашу жатады.

Абайдың үшінші сөзін саяси көзқарастарға толы деуімізге негіз бар. Үшінші сөзінен билікке қатысты тұжырымдарды аңғаруымызға болады. Ойлардың саяси тұжырымдамалық көрінісінен мынадай үш негізгі мәселелерді анықтаймыз: біріншіден, клиентелизм мен фаворитизм. Бұл сайлау мен тағайындау процесі барысында ру­таптық байланыстар мен отбасы-құрылымдық ықпалының басымдығынан көрінеді. Басымдық бәсекелестік ортада «өзіме дос, жақын, туғандарға» көмек саясатының қалыптасуына әкеледі. Екіншіден, заңның әлсіздігі. Заң мен тәртіп қысымының жеткіліксіздігінен арам мен қулардың «аман қалу» тактикасы үстемдік етеді. Сондықтан қоғамда түсініксіз күмәнді арыз-шағымдар көбейеді. Үшіншіден, әлеуметтік бөліністің басымдығы. Ел ішіндегі бай мен кедей арасында туындайтын экономикалық теңсіздік саяси шиеленістерді күшейтеді. Сәйкесінше, әр топ «өзіне ғана тиімді» шешімдерді іздейтіндіктен жалпыға ортақ игілікке назар аудармайды. Бұл пікіріміз Абайдың айтқан «қызметке таласқыш» типіндегі адамдар бейнесінің көрінісі іспеттес.

Үшінші қара сөзде «... билікке таластық. ... Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді...» тұжырымдарымен басқару бойынша өз пікірін білдіреді. Абай билікке сай келу үшін толымды-білімді қасиеттің болуы қажеттілігін айтады. Демек, көпшілік дауысымен сайланған адам парасат, білім, тәжірибе, әділеттіліктің қыр‑сырын білмесе, билікті дұрыс жүргізе алмайды. Сондықтан басқару ісі оңай шаруа емес, ол үлкен жауапкершілік пен рухани кемелдікті талап етеді.

Ұлы Абай билік категориясын тағы екі қара сөзінде қолданады. Жиырма екінші сөзінде «... Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ...». Тұжырымда ақын биліктің ешбір ішкі мәні, қадір-қасиеті жоқ деп кесіп айтады және биліктің түпкі мағынасын ашуға тырысады. Осы өткір сыни баға билікті сатып алған адамға қоғам да, тарих та құрмет көрсетпейдігін білдіреді. Бұл ойдан шығатын қорытынды, шынайы билік әлеуметтік сенім мен жауапкершілікті жүктейді, ал жасанды биліктің беделі жоқ, тек сыртқы формальдық талаптарға ғана сай келетін бос лауазым. Отыз тоғызыншы сөзінде «... Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі - ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен...». Ақын бұл сипаттамасында «мінезді» бірінші орынға қояды, нақты тарихи тәжірибе негізінде билікті заңды, орнықты лидерлікпен ұштастырады. Демек, Абай басқарушылардың қиын сәтте елді басқару қабілетін жоғары бағалайды.

Бесінші сөзінде Абай «... қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен...», - дейді. Бұл пікірі адал жолмен емес, теріс пиғылмен жиған байлықты көрсететіндей. Қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлықтың белгілері де осы пікірге келеді. Кейбіреулер мемлекеттің ғылымы мен білімінің дамуы үшін жұмыс істемейді, қалтасын сол мемлекеттің берген ақшасын арам жолмен толтыруды көздейді. Өзгелер де осы кәсіппен айналысып жатыр, менікі жұрттікіне қарағанда ештеңе емес қой секілді алдамшы өмірлері өтіп жатыр. Осылайша, Абайдың теріс пиғылмен байлық жиюды сынға алған пікірі қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлық феномені мен мемлекет қаржысын өз пайдасына жымқырудың түпкі тамырын ашуға жәрдемдеседі және жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерде адалдық пен этиканы қайта түлету қажет екенін көрсетеді.

Сегізінші сөзінде «...Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?» - деген сұрақ қояды. «Біреу - болыс, біреу – би», - деп жауап береді. Ақыл халықты тәрбиелеу, білім мен жаңашылдыққа шақыратын идея. Ақын сұрақтарды риторикалық формада береді: ұсынылып жатқан жаңа идеялар мен реформалар кімге жететіні белгісіз, оны қабылдайтындар да көмескі. Осы сұрақ-жауап құрылымы реформалар мен жаңа идеологияны тарату жолындағы басқару тетіктерін сипаттайды. Насихаттың сәтті болуы үшін ескі мен жаңаның үйлесімділігі қажет, ал олардың назарын аударту күрделі саяси мәселе екенін меңзейді. Бұл көзқарас он бірінші сөзде жалғасатын секілді: «...Әуелі - ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр...». Бұл ой кейін былайша дамиды: «...дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр...». Жалпы ұлы ақын партия ұғымын үшінші сөзінде екі рет, он бірінші сөзінде бір рет айтқан екен. Осы құрылымды негізге ала отырып, Абайдың «Әуелі - ұрлық...» кейін «партиялас боламын...» ойының астарында қоғамның саяси конъюнктураға бейімделу үрдісін сынға алатындай. Сонымен қатар, үшінші сөзінде «партияның» топтық іс‑әрекеттінің әлеуетіне назар аударады, он бірінші сөзінде ұрлық түсінігімен сынайды. Осы ойларынан ақынның идеяларды таратудағы басқарушылық тетіктер мен қоғамдық сана туралы терең саяси түсінігін көреміз. Тағы ескерер жәйт, үшінші сөзінде сайлау туралы екі рет баяндайды.

Жиырма төртінші сөзінде ақын қазақ қоғамындағы бөліністер мен өзара қастықты сынап, ұлттық бірліктің жоқтығы, саяси ынтымақтастықтың әлсіздігін назарға алады. Ішкі тартыс пен сенімсіздік сыртқы саяси тәуелділікке апарып, өз жерімізді қорғай алмай қалу қаупі де айтылып тұрғандай. Ақынның негізгі идеясы ұлттық саяси сананы көтеру, өзара сенім мен тәртіпке негізделген қоғам құруға үндеумен байланысты. Рулық бөліністер, ішкі кек сақтау саяси әлсіздікке әкеледі, ұлттық мемлекет қалыптастыруға бөгет болады. Осы тұжырымдарымен Абай қазақты бірлік, тәртіп, саяси сананың жаңғыруына және ғылым, білім мен мәдениетті дамытуға шақырады. Демек, бұл пікірлер қазақтың ұлттық саяси бірегейлігі мен тәуелсіздігін сақтап қалудың, өз тағдырын өз қолына алудың саяси- философиялық бағдарламасы іспеттес.

Осы ойларымыздан Абай Құнанбайұлының «Қара сөздеріндегі» саяси идеялар қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік және моральдық күйін терең талдауға бағытталған әрі бүгінгі күнде өзектілігі жойылмаған тұжырымдарды қамтитындығын байқаймыз. Ақынның басқару, әділеттілік, заң үстемдігі, ұлттық бірлік пен рухани кемелдікке қатысты ойлары қазіргі Қазақстан қоғамы үшін мәнін жоймайды. Абай биліктің шынайы табиғатын, оның моральдық негізін ашып көрсетіп, жасанды биліктің, клиентелизм мен фаворитизмнің, жемқорлық пен әлеуметтік теңсіздіктің зиянын айқын сипаттайды. Сонымен қатар, реформалар мен насихат мәселесін, партиялық қатынастардың ішкі мәнін талдап, саяси сананың жаңғыруына және ұлттық тұтастықты нығайтуға үндейді.

Қорыта айтқанда, Абайдың саяси дүниетанымы ұлттық саясат философиясының іргетасы болып қала береді. Ұлы ақын көзқарастары заманауи саяси процестерге сыни көзқарас пен парасатты ой қосудың үлгісі. Абай мұрасы ел басқаруда әділет пен даналықтың, ал халық тарапынан жауапкершілік пен бірліктің маңызын еске салады. Бұл келешек ұрпақтың саяси мәдениеті мен ұлттық санасын қалыптастыруда таптырмас рухани-идеялық негіз.

Мұрат Насимов,

саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының қауымдастырылған профессоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2178
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5079
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4316