Сәкеннің 100 жыл бұрын көтерген тіл проблемасы

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келіпті. Сейфолла мен Жамалдың жеті перзентінің тұңғышы - осы Сәдуақас. Сәкеннің соңынан Мәлік, Әбен, Мәжит атты інілері, Рахима, Салима, Қалима атты қарындастары дүниеге келгенімен, қарындастарының үшеуіне де көз тиіп, ерте қайтыс болған екен.
Сәкен Сейфуллин қандай қызметтер атқарды?
Ол «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, халық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК (б) П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жаңа әдебиет» журналының редакторы, Қазақ мемлекеттік институның доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақстан коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған.
С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында да қалам тарты.
Тіл туралы мақалалары
Қазақ Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне кіріскен кезінде, Сәкен Сейфуллин тіл мәселесін ту қылып көтерген бірегей азамат. Ақын Үкімет басына келгеннен-ақ, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына көп күш жұмсаған адам.
1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек», «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу», «Қазақстанның губерниялық һәм уездік исполком төрағаларының құлақтарына» атты тіл мәселесіне арнап мақалалар жариялайды. Сонымен қатар «Қазақты қазақ дейік, қатені түзейік» деген мақаласында да мемлекетті «қырғыз» деп емес, «қазақ» деп өз атымен атау жөнінде сөз қозғайды. Сөйтіп, 1925 жылға дейін Киргизия болып келген мемлекет, Сәкеннің арқасында Қазақ атауын қайтарып алды. Жалпы, іс қағаздарын қазақша жүргізу, сонымен қатар қазақ жастарын қазақша оқуға алғашқы болып үн қосқан осы кісі.
Тіпті, тіл проблемасын шешуде «орынсыз тартыншақтап, сақтық жасайсыз»,- деп Атқару Комитетінің төрағасы Сейтқали Меңдешевке де ренжіп, қатты айтады.
Қазіргі, елімізді басқарып отырған, құрметті, азаматымыз да жасқаншақтықтан, тартыншақтықтан арылса екен дейміз! Айып етпесін.
Нәтижесінде 1923 жылы 22 қарашада КирЦик қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөнінде арнайы декрет қабылдайды. Бүгінде ол декреттің көшірмесі ақынның мұражайында сақтаулы тұр.
Сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің айтуынша, қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыру туралы Сәкен ағамыз онға жуық мақала жазыпты. Ең соңғы мақаласы аудан, облыс басшыларына арналған «Ашық хат». Онда «Істі- мемлекеттік тілде жүргізу» жайында қатты айтылған екен.
Көрдіңіз бе, осыдан жүз жыл бұрын, қазақтың қазақ болып қалуына, қазіргідей мәңгүрттеніп кетпеуіне, қаншалықты қажыр- қайратын жұмсап, алаңдап атсалысқан.
Қазіргі басшылар осы Ұлы адамдай болсайшы. Намысыздық билеген заман ғой!
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz