«Қайратта» ойнаған тұңғыш қазақтар

25 сәуір – Қазақ футболының күні. Осыған орай кезінде ел намысын бүкілодақтық жарыстарда қорғаған атақты командамыз – «Қайрат» (Алматы) клубының тарихына үңіліп, оның құрамында ойнаған алғашқы қазақтарды бір еске түсірсек.
Даңқты хоккейші доп та тепкен...
Кеңес дәуірінде Қазақстандағы ұлт саясатының бағыты қандай болғаны баршамызға мәлім. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы қолдан ұйымдастырылған зұлмат аштық пен зобалаң нәубеттің салдарынан, одан кейінгі Екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен қазақ халқының тең жарымы қырылғаны белгілі. Сонау ХІХ ғасырда, тіпті одан да әріде басталған ішкі Ресейден қазақ топырағына қоныс аудару үдерісі келесі жүзжылдықтың 40-50-жылдары қайта жалғасқан-ды. Одан қалса, республикамызға Солтүстік Кавказдан, Қиыр Шығыстан, Поволжьеден түрлі этностар депортацияланды. Яғни, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның біраз бөлігінде тұрғылықты ұлт – қазақтар бұл жерге кейіннен келген диаспора өкілдерінен әлдеқайда аз еді.
Оның ішінде республиканың сол уақыттағы астанасы – Алматыдағы ахуал тіпті қиын болатын. Кей кезеңдерде қаладағы қазақтардың үлес салмағы 25 пайыздан да кеміп кеткен-ді. Мұндай жағдай қоғамдық өмірден тысқары қала алмайтын спорт саласына да өз әсерін тигізді. Алматы спорт ұжымдарында, оның ішінде футбол командаларында 50-жылдарға дейін қазақтардың мүлде болмауын солай түсіндірген жөн сияқты.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
«Қайрат» өзінің қазіргі атауын 1956 жылы иемденген. Оған дейін «Алма-Ата», «Динамо», «Локомотив», «Урожай» деп те аталған командада 50-жылдардың ортасына дейін бірде-бір қазақ ойнамапты! 1955 жылы «Қайрат» сапында жасыл алаңға тұңғыш қазақ ойыншысы шықты. Ол – Қазбек Байболов еді.
Бұл есімді естігенде, оқырманның ойына даңқты спортшы, допты хоккейден «Динамо» (Алматы) клубының сапында бірнеше рет КСРО чемпионаттарының күміс һәм қола жүлделерін жеңіп алған, бапкер ретінде аталмыш команданы талай рет Одақ чемпионы еткен маман Қазбек Байболов оралары анық. «Қайрат» құрамында алғаш алаңға шыққан қазақтың да аты-жөні осылай екенін анықтағанымызда, біздің де көкейімізде «сол ма, әлде ол емес пе?» деген қызығушылық қылаң берген. Қосымша деректермен тексергенімізде, сол допты хоккейшінің тап өзі болып шықты!
Иә, иә, Қазбек Байболов футбол да ойнапты. Ол кезде спорттың бірнеше түрімен қатар айналысатындар аз емес-ті. Мысал үшін жаздыгүні жасыл алаңда доп теуіп, қыстыгүні коньки киіп, мұз айдынында хоккей ойнаған әйгілі орыс ойыншысы Всеволод Бобровты немесе шайбалы хоккей маманы бола тұра бірнеше жыл футбол командаларын да жаттықтырған атақты Анатолий Тарасовты айтсақ та жеткілікті шығар. Солар секілді Қазбек аға да өз мүмкіндігін әуелде футболда сынап көрген екен. Дегенмен кейін допты хоккейге деген қызығушылығы жеңіп кетсе керек. Қ.Байболов спорттағы тамаша табыстарына осы спортқа ауысқан соң жетті. Оның ойыншы кезіндегі жетістіктерін былай қойғанда, әйгілі бапкер Эдуард Айрихпен қанаттаса еңбек еткен жаттықтырушылық жылдарының өзі неге тұрады! Ол кісінің арқасында Алматының «Динамосы» бірнеше дүркін КСРО чемпионы болып, тіпті Еуропа чемпиондары кубогын жеңіп алғаны – ұлт спортының мәңгі өшпес жарқын беттері. 90-жылдардың аяғында дүниеден озған маман өмірінің соңғы жылдарында Алматыдағы Туризм және спорт академиясында кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді.
«Қайрат» құрамында ойнаған тұңғыш қазақ Қ.Байболов екені анық, алайда ол кезде команда КСРО біріншілігі «Б» класының ІІ аймағында өнер көрсететін. Оның үстіне, ол алаңға бар-жоғы бір-ақ рет шыққан. 1956-1959 жылдары аз-маз алаңға шыққан қос Болат – Ишанов пен Арықов та, Өмірбек Бекбосынов пен Кеңес Төлемісов те «Қайрат» тарихында елеулі із қалдыра қойған жоқ. Айтпақшы, команданың сапында алғаш гол соққан қазақ – Болат Ишанов. 1958 жылдың 8 маусымында ол Сталинабадтың (қазіргі Душанбе) «Хосилот» клубының қақпасына соғылған үшінші голдың авторы атанды («Қайрат» 4:2 есебімен жеңді).

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Тимур, Сейілда, Құралбек...
Енді біз «Қайраттың» КСРО жоғарғы лигасында өнер көрсеткен жылдарын қарастырайық. Ал ол кезең 1960 жылдан басталады. Алматылық клубтың Одақ футболының таңдаулы лигасындағы тұңғыш голын Сергей Квочкин соққан. «Қайраттың» одан кейінгі екінші және үшінші голдарын қазақ футболының болашақ жарық жұлдызы, сол кезде 19 жастағы Тимур Сегізбаев соқты (1960 жылдың 14 мамырында Минскіде жергілікті «Беларусьтің» қақпасына, есеп 2:0). Бұл – жас шабуылшының тұңғыш рет алаңға шығуы болатын!
Жалпы Т.Сегізбаев – қазақтар ішінде «Қайраттың» КСРО чемпионаттарындағы бас мергені. Ол қапы қалдырған қақпашылардың қатарында атақты Анзор Кавазашвили («Торпедо», Мәскеу), Рамаз Урушадзе («Торпедо», Кутаиси), Юрий Пшеничников («Пахтакор», Ташкент, кейін мәскеулік ЦСКА-ға ауысты) және т.б. бар еді. Алайда Сегізбаевтың жанкүйер жадынан ешқашан шықпайтын ерлігі – азуын айға білеген «Спартакты» Мәскеудің төрінде жалғыз өзі жерге қаратуы десек, артық болмас. 1964 жылдың 24 тамызында бірнеше дүркін ел чемпионының қақпасына соғылған екі голдың да авторы – Тимур Санжарұлы еді.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Қазақ жанкүйерлері сағына еске алатын тағы бір шабуылшы – Сейітжан Байшақов. Тараз футболының түлегі «Қайрат» сапында толыққанды бір-ақ жыл өнер көрсетті (1967, келесі жылы бір ғана матчқа қатысты). 24 ойын өткізіп, 3 гол соқты. Оның екеуін Дондағы Ростовтың СКА командасының, тағы бірін Мәскеуде ЦСКА-ның қақпасына енгізді. Екі ойында да «Қайрат» жеңіске жетті. Бірақ осы маусымнан соң Сейітжан Таразға (ол кезде Жамбыл) қайта оралды.
Есесіне, 1971 жылы Алматыға оның інісі – Сейілда Байшақов келді. Келе сала «Қайраттың» негізгі құрамына қосылды. Жас қорғаушының ойлы ойыны мамандардың назарын бірден аударды. Сол жылы ол «КСРО жоғарғы лигасының ең үздік дебютанты» атанды. Ағасы Алматыда бір-ақ жыл ойнаса, ол «Қайратта» он жыл бойы өнер көрсетті, команданың 70-жылдардағы символына айналды. 1977 жылы Сейілда Байшақовты белгілі бапкер Никита Симонян КСРО ұлттық құрамасына шақырды. Аргентинадағы Әлем чемпионатына жолдама жолындағы бәсекелердің екеуіне қатысты, Давид Кипиани, Леонид Буряк, Олег Блохин секілді марғасқалармен қатар оайнады. Бірақ команда Сейілда қатысқан екі кездесуде де жеңіліс тапқан соң (Венгриядан 0:2, Грекиядан 0:1), топтан шыға алмады. Симонян мұны құрамаға қайта шақырмады.
Дегенмен Байшақов бүкіл Одақ футбол әуесқойларына танымал жұлдыз деңгейінде қалды. Оны Мәскеудің «Динамосы» мен «Торпедосы», Ташкенттің «Пахтакоры» қайта-қайта шақыратын.
– Команданың негізгі ойыншысы, басты үміті болғанымнан шығар, бапкерлер мені ешқайда жібергісі келген жоқ, – деген еді осыдан екі жыл бұрын көз жұмған Сейілда Икрамұлы бір сұхбатында. – Бір рет «Динамоға» ауыса жаздадым, бірақ мәселеге республика басшысы (Д.Қонаев – С.С.) араласып, «командадағы санаулы ғана тұрғылықты ұлт өкілін жіберуге келіспейтінін» білдірді. Расында да, ол кезде «Қайратта» қазақ Құралбек Ордабаев екеуіміз ғана едік...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Екеуі ғана болғанымен, команданың басты жұлдыздары да осылар еді. Рас, А.Ионкин, В.Талғаев, О.Долматов секілді танымал ойыншылар да болды, бірақ бәрібір «Қайраттың» ойыны Сейілда Байшақов пен Құралбек Ордабаевқа тікелей байланысты-тұғын. Қ.Ордабаев та алматылық командада он жыл бойы ойнады. 1973 жылы кеңес футболында тең ойыннан соң бес-бестен 11 метрліктер тебетін ереже енгенде (пенальти сериясында жеңіске жеткен командаға 1 ұпай берілді, ал ұтылғаны ұпайсыз қалатын), одан ең көп табысқа кенелген «Қайрат» еді. 11 ойынды тең аяқтаған жерлестеріміз соның 10-ында пенальтиден жеңіске жетті! Бұл тамаша қақпашы Құралбек Ордабаевтың ерлігі болатын.
* * *
Төмендегі тізімнен көріп отырғандарыңыздай, кеңес заманында қазақ футболшылары тіпті саусақпен санарлық еді. Негізгі құрамнан емге қазақ табылмаған жылдар да аз болған жоқ. Алаңға шыққан 11 ойыншысы да кіл армян, грузиндерден құралған «Арарат» (Ереван), «Динамо» (Тбилиси) секілді командаларға қарап отырып, қызығатынбыз. Тұтас болмаса да, әлгі 11-дің 8-9-ы әзербайжан, литван болып шығатын «Нефтчи» (Баку), «Жальгирис» (Вильнюс) командаларындағы ахуал да сүйіндіретін.
Қазақ футболындағы (жалпы еліміздегі секілді) ұлт мәселесі – әлі де шешілмей келе жатқан түйіндердің бірі. Қазіргі «Қайратта» да 4-5-ақ қазақ ойнап жүр...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz