Жасанды интеллекттің жойқын жасампаздығы

Күні кеше Мәжіліс Қоғамдық палатасында өте-мөте өзекті тақырыпқа арналған отырыс өтті. МҚП мүшесі ретінде оған мен де қатыстым.
Басты тақырып қызық та таңсық болды: «Жасанды интеллект туралы» Заң жобасы.
Жиында Мәжіліс пен үкімет өкілдері, МҚП мүшелері баяндамалар жасап, сөз алды.
Содан түйгендеріммен бөлісейін.
Біріншіден, ЖИ секілді аса маңызды, терең, көптеген мемлекет әлі де бойлай қоймаған мәселеге ден қоюы, соған қатысты заң жобасын қолға алуы, сөзсіз, еліміздің озықтығы. Соған қуандым. Әрине, Еуроодақтың өткен жылы қабылдаған «ЖИ туралы» Заңы бар. Ол да болса, басқа елдерге жол ашып берген шығар. Десек те, отандық заң жобасын әзірлеушілер жарап тұр.
Екіншіден, ЖИ секілді адамзаттың қолынан шыққан туынды болса да, бүгінде өзінше өмір сүруге жарап қалған, тарихи ой-санада бұрын-соңды боп көрмеген құбылысты құқықтық қалыпқа салу дегеннің өзін көз алдымызға елестетудің өзі қиын (әзірше, тіпті мүмкін емес!).
Ең алдымен, «ЖИ дегеннің өзі не?» деген сауалға жауап беру керек секілді. Ол не: материалдық немесе материалдық емес дүние ме? Ол зат па әлде ой-саналық туынды ма? Заңды тұлға ма әлде ешбір заңнаманы мойындамайтын, ғаламдық маңызы бар субстанция ма? Жаһандық мәртебесі болса, қазақстандық заңмен оны реттеу мүмкін бе? Әлде ЖИ әр ел өзіне арнап жасап алатын жеке тұғырнаманың ішінде ғана өмір сүретін жаратылыс па (заң жобасында «ЖИ-дың ұлттық тұғырнамасы» деген тарау бар)?
Үшіншіден, тіпті дамудың белгілі бір кезеңінде ЖИ-ды реттеудің баршаға ортақ талаптары бекітілсе де, ЖИ бәрібір сол құқықтық бюрократияны оп-оңай айналып өтеді емес пе?! Яғни, шектеулер мен тыйымдар неғұрлым жетілген сайын, ЖИ да қарап отырмайды, құқықтық қалыптан сытылып шығудың жаңа жолдарын таба салады емес пе?
Әрине, ЖИ-дың мемлекеттік және жеке адамға қатысты құпия ақпаратты тарату қаупі Еуроодақ қабылдаған құжатта да айтылып қойған. Ол Заңға сай, ондай берекесіздіктерге тыйым салынған. Бірақ та өз басым, «ЖИ сондай талаптарды орындай ма, орындаса, оны кім, қалай бақылайды?» деген сұрақтарға жауап таба алмай отырмын.
Бір ғана мысал. Мәселен, ЖИ әлеуметтік желіде бір адамның атынан аккаунт ашып, еліміздің Тәуелсіздігі мен жер тұтастығын мансұқт ететін материалдар жарияласа ше? Ондай жағдайда сол әлеуметтік желіні бұғаттаймыз ба? Ал егер де ондай материалдар мыңдаған аккаунттардан тараса ше?
Ондай қауіпті жағдайларда тек қана компьютерді желіден айыру немесе қуат көзінен ажырату ғана қалатын сияқты. Әлде мен қателесіп отырмын ба?
ЖИ бүгінде адам шығармашылығының бар саласын меңгеріп алған секілді. Мәтін де жазады, музыка да шығарады, сурет те салады. Егер де ол ертең біреулердің: «Дәурен Қуаттың стилінде повесть, Әбубәкір Смайыловтың стилінде өлең жазып бер» деген тапсырмасын орындаса ше? Сөйтіп, бізде екінші Қуат пен Смайылов пайда бола ма? Авторлық құқық тек қана нақты мәтінге ғана қатысты ма? Стиль ше?!
Жанды, яғни адамға ғана тән интеллект пен жасанды интеллекттің ара-жігін айыра алмай қалмаймыз ба?
Қазірдің өзінде ЖИ адам атқаратын жұмыстар мен қызметтерді өз қолына ала бастады. Бұрын өндірісте, мәселен, машина құрастыруда роботтарды көріп, таң қалатын едік. Бүгінде ол процесс жаппай ЖИ сипат алып барады. Басқасын білмедім, таяу және алыс болашақта өз елімізде қаншама мамандық пен кәсіп ЖИ қолына көшеді? Яғни, қаншама адам жұмыссыз қалады – осыған байланысты болжам қандай? Үкімет сол жағын ойластырып отыр ма? Жұмыссыз қалуы мүмкін азаматтар қайта оқып, басқа кәсіпті игере ме, жоқ па?
Мені ерекше толғандырған бір нәрсе: «қабылданып жатса, Заң бюджетке салмақ түсіре ме» деген сауал. Заң жобасында «ЖИ-ды мемлекет тарапынан қолдау» деген ұғым бар. Сол керек пе? Меніңше, ЖИ бұған дейін мемлекеттік және жеке бизнестік құрылымдар жаратқан субъект ретінде нарық алаңына шықты да, өз ішіндегі бәсеке жағдайында өмір сүріп жатыр. Олай болса, оны мемлекеттік бюджеттің қаржыландыруы қажет пе? Ондай қадам онсыз да, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талан-таражға түсіп жатқан халық қаржысын одан сайын азайта түспей ме?
Басым қатқаны соншалық: «Жасанды интеллект туралы» Заңды басты қатырмай, жасанды интеллекттің өзіне жаздыру керек пе, ә?» деген ұсыныс айтсам ба екен де отырмын. Әлде ол ондай заңды тек өз пайдасын көздеп жазып бере ме?!..
Әміржан Қосан
Abai.kz