Сейсенбі, 29 Сәуір 2025
Тұлға 992 0 пікір 28 Сәуір, 2025 сағат 12:59

Қаратаудан қанат қаққан

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Қойнауы қазыналы, тарихы шежірелі қарт Қаратаудай қасиетті мекеннен қанат қағып, қажырлы еңбегімен, қарымды күш-жігерімен ұлт шаңырағына уық болып қаланған қабырғалы ұл-қыздың қатары қалың. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз  –  солардың бірі де бірегейі.

Өз арманы, өмір арнасы...

Осы таумен аттас қала аталғаны болмаса, осынау бұйратты баурайдағы алақандай ғана ауылда туып-өскен бұның бала күнгі балғын арманы журналист болу еді. Оған әкесінің туған інісі – қаламының қуатымен әдебиеттің шыңын ғана бағындырып қоймай, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған журналист-жазушы ағасы Серік Әбдірайымұлының әсері болғаны анық.

Айжан мен Дәриядай жүз жасасқан көнекөз әжелері кезектесе әңгімелейтін дала пәлсапасы – қарапайым әпсаналарға есін білген шағынан қанып өскен зерек бала сол арманның жетегінде ән мен күйге әуестеніп, кітап оқуға қатты құмар болды. Тіпті, орасан орамды классикалық шығармалардың шытырманды шыңырауына да тереңдеуге талпынып көрген. Сол хикаяттардан алған қиял-ғажайып әсері болар, өзінің «Отын жарғанда» деп аталатын алғашқы жасаң жазбасын оқушы дәптерінің бетіне бедерленгені де осы шақ.

Тұңғышының өнер мен білімге бейімін байқаған Жарылқасын әке оны ән-күй мектебіне де өзі жетектеп әкелген. Сөйтіп, алғашқыда сазы санаға сіңе қоймайтын скрипка класын қиқылдатқан. Алайда табиғат тылсымының тартылыс күші ұлттық үйірмеге ынтықтырып, қолына қасиетті қара домбыраны ұстатып еді.

Кейіннен Алматыдағы Серік ағасының үйіне қонаққа бір барғанда қос ішекті қылдай қағып, күй шіркінді күмбірлете тартысына тәнті болып, ұзынтұра ұлдың бабын бағамдаған атақты Нұрғиса Тілендиев оны онжылдықты бітіре сала консерваторияның музыка өнері факультетіне келуге «міндеттеген» болатын. Алайда, адамның арманы мен айтқанынан бөлек, өмір-өзеннің өз арнасы бар еді...

«Спекулянт семья»

80-жылдардың басында Қаратау фосфорит комбинатының тау-кен басқармасында бас энергетик болып жұмыс істейтін Жарылқасын әкенің кеңестік саясатпен көзқарасы келіспей, партбилетін өз еркімен тапсырып, компартия мүшелігінен бас тартуы ержетіп қалған ұл үшін ғана емес, бүкіл әулет үшін бетбұрысты – қиын да қилы кезең болып еді. Бір-ақ сәтте сынаптай сырт берген жақын-жуық жора-жолдас тұрмақ, ілік-шатыс ағайынның өзі аяқ астынан іргені аулақ салып, көңілді аласапыран күйге түсірген.

Осылайша, жоғары оқу орнында ағылшын тілінен оқытушы болып істейтін анасы Қайыркүл ауыл мектебіне мұғалім болып ауысуға мәжбүр болса, үйдегі Меруерттей кіп-кішкентай кенже қарындасынан өзге үйелмелі-сүйелмелі төрт ұл жер жыртып, көкөніс өсіруді  қолға алған әкеге қолғабыс етуге егістік алқабына шығып еді.

Жарылқасын әке қауын-қарбыз бен көкөністің түр-түрін баптап өсіргенімен, оны саудалау мәселесі қиынға соғарын сезген. Тіпті, алғашқыда бөтен адамдардың көмегіне де жүгінбекші болған. Алайда сырт көздердің қақпайлауы мен сыпсың сөзін бала жүрегімен-ақ терең түсініп, тентектігін тәртіппен тежеп, аз уақыт ішінде ерте есейіп үлгерген тұңғыш ұл:

– Папа, оған несіне қиналасыз? Өзіміз-ақ сатамыз! – деген.

– Ол жағын да ойладым. Бірақ, сауда жасау, сен ойлағандай, оңай шаруа емес, балам. Оның қисынын келтіретін қайсымыз бар?

– Мен бармын! Ғалымжан бар, Ержан бар! Нұржан да естияр болып қалды... Білгенімізше сатамыз. Білмей жатсақ – үйренеміз. Энергетик сіз де егін егіп, бақша салуды үйрендіңіз ғой.

Баласының ересек адамша байыппен айтқан мына сөзі әкені серпілтіп тастаған.

Осылайша шыжыған күннің қапырығы мен қою шаңнан қолқасы кеуіп жүріп өсірген даладағы өнімдерін қарбаласа қалаға тасып, өздері сата бастады. Бұл ретте әкей егістік алқабының жайымен жүрсе, бұғанасы бекімеген бауырларын бір кісідей ұйымдастырып, барды базарлау барысын ұзынтұра ұл тұтастай өз қолына алып еді. Тиімді орындар мен өтімді уақытты анықтап, күнделікті сауданың сырын да тез-ақ меңгеріп алды.

Бұдан былай қауын-қарбыз, көкөністің түр-түрі мен қуырылған шемішкенің шаруасын «шыр айналдырып», Талас өзенін жағалай қоныстанған көршілес ауылдар мен қалашықтарды қойып, жол-жөнекей көлікпен Жамбыл – Таразға турасынан тартып кететінді де шығарған. Осылайша «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегендей тырбана тырмысып, тұрмыстарын да түзей бастаған олардың «спекулянт семья» атанғандары да осы кез.

Осындай күрделі де күйбеңді кезеңде азды-көпті көңілге түйгенімен өмірге өзіндік көзқарасы қалыптасып, бала күнгі балғын арманын бірте-бірте байыппен өзгерткен жас жігіттің кәмілеттік жасқа жеткендегі таңдауы нық болатын. Ол заңгер мамандығын таңдады.

«Келдім. Көрдім. Жеңдім.»

Онжылдықты орыс мектебінде оқып, үздік тәмәмдаған ол 82-нің жазында «құласам – нардан құлайын» деп, қабылдау емтихандары өзге жоғары оқу орындарынан ертерек басталатын Мәскеу мемлекеттік университетіне тартқан. Заң факультетіне тапсырған сынақтан да сүрінбей өткен. Бірақ, бір орынға 22 үміткер ортақтасқан конкурстың көкжиегіне қолы жетпесіне көзі жеткен соң, бірден шешім қабылдап, Мәскеудің солтүстік-шығыс жағындағы ғасырлық тарихы бар Ярославль қаласындағы мемлекеттік университетке қарай құстай ұшады. МГУ-де тапсырған емтихандардың нәтижесі ЯрГУ-ге түсуге артығымен жетіп тұрса да, бойды кернеген жастық жігер де шығар, мұнда қайтара бағын сынап, тағы да сынақ тапсырды...

Арада ай өткенде көне Ярославльдан қиырдағы Қаратауға атақты Цезарьдің «Veni. Vidi. Vici» деген үш сөзі ғана жазылған жеделхат келіп жеткенде, түкке түсінбеген ата-ана әрі-сәрі күйге түсіпті...

Арман қуып алысқа аттанып, Цезарьша «келіп, көріп, жеңіске жеткен» ұзынтұра ұл – бүгінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған профессор, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайымның үлкен өмірге алғашы қадамы осылай басталған болатын.

«Первокурсник-бастық»

ЯрГУ-дің жатақханасынан орын бұйырмай, орыстың атақты ақын-жазушысы Николай Некрасовтың әулетінде крепостной болған шаруаның немересі Саша әжейдің үйінде пәтерде тұрып оқыған Бақытжанның білімге деген ұмтылысы бөлек болатын. Жат мекенге келгендегі басты мақсатын жадынан әсте шығармаған ол жатақхананың у-шуынан жырақтағы жайда оқудан бас көтермегені анық.

Осылайша, алғашқы айдан-ақ үздік үлгеріміне сай жоғарылатылған стипендия алып тұрды. Сонда да, табыс табудың оңай еместігін ерте сезініп, еңбекпен есейген ол ата-анасына ешқандай салмақ салғысы келмеген. Түн қатып қоламтасы қоңырсыған шина жасау зауытында күзетші болып, таңмен барып студенттер жатақханасының ауласын сыпырып-тазалаудан еш арланбағаны да содан болатын.

Қағылез де қайсар қазақ студенттің алғырлығы мен алымдылығын кафедра меңгерушісі әрі кураторы Вера Шевчук алғашқы күндерден-ақ аңғарған екен. Батыр болмысты, мәрт мінезді ұстаз бірде бұған күтпеген жерден:

–  Абдраимов, ты будешь руководителем научного кружка университета! – деп, төтенше талап қойғанда, алғашқыда Абдраимовтың абдырап қалғаны рас:

– Как, Вера Давыдовна?! Я ведь всего – первокурсник...

– Ты сможешь руководить, Бакытжан! В этом я более чем уверена! Кстати, как на казахском звучит слово «руководитель»?

– Жетекші, басшы, бастық...

– Вот ты и будешь первокурсник-бастык!

Жоғары курстың сақа студенттері тұрғанда беделді үйірмеге «перваш» басымен қалайша бастық болмақ?! Алайда куратордың қуатты қолдауы күмәнін жылдам сейілтіп, жігерін жани түскен. Одан әрі ұйымның жұмысын жөнімен дөңгелетіп әкетіп еді.

Ұстазы болса оны жас демей, көршілес республикалардың оқу орындарындағы түрлі ауқымды іс-шараларға жиі аттандырып, ғылыми жұмысқа барынша бойлата бастаған. Солардың арасында Алматыға да келіп, КазГУ-де өткен ғылыми конференцияда Париж коммунасының құқықтық аспектілері жөнінен баяндама жасағаны бар.

Ұстаздың осылайша зор сенім артуы оның өз-өзінің қарым-қабілетіне деген сенімін де нығайта түскенін сезінген. Бастаған кез келген істі аяғына дейін тиянақтап жеткізу әкеден алған тәлімі болса, мамандықты мықты меңгерумен ғана малданбай, шеберліктің шыңына шығатын ғалым болып қалыптасуды тыңғылықты да тындырымды шәкіртінің бойына дарытқан осы Вера Давыдовна болатын.

Ең бастысы – сұңғыла ұстаздың қойған жақсы мағынадағы жоғары перфекционистік планкасы Бақытжанның бүкіл өміріне арқау болып еді және ол осы планкадан ешқашан төмендемеуге тырысты.

Намыстың наркескені

Жалынды жастың жат ортаға етене сіңіп, жатбауыр болып кетпеуіне ерекше алаңдап, елге оралуына себепкер болған да елжанды Серік ағасы болатын. КазГУ-дің ректоры, академик Өмірбек Жолдасбековке байыпты бұйымтаймен арнайы барып, Ярославльге хабар салдырған...

Алғашқы курсты әп-әдемі аяқтап жатқанда ЯрГУ-дің ректоры Лев Сретенский күтпеген жерден өзін факультет деканымен қоса кабинетіне шақыртқанда жоғарыдағы жайдан бейхабар Бақытжанның көзі бағжаң ете қалған. Алдында ғана курсының қыздарына қырғидай тиіп жүрген әскери училищенің қуларының жағын айырып, жағасын қайырып жібергені үшін жазалайтын болды-ау деп жасқана барған. Алайда қазақстандық әріптесінің өтінішін қанағаттандырғанын жеткізген басшы сөзін қысқа ғана қайырып еді...

Екінші курсты елде жалғастырған ол КазГУ-дей қарашаңырақта ғылымға деген құштарлығы мен дәл шахмат тақтасындағыдай жігерлі жүрісінен жаңылған жоқ. Тіпті, бірде өзінен сұхбат алған телевидение тілшісіне өзінің өр мақсатын жастық жалынмен:

– Болашақта ғалым боламын! – деп, еш бүкпесіз, батыл түрде білдірген.

Оның дәл осы сөзі оқу орнының 50 жылдық мерейтойына Қазақ теледидары дайындаған деректі фильмге таспаланып кетуі ғылым баспалдағына бұты жетпей жүрген біраз оқытушыны безілдетіп қойғаны да осы кез.

Одан кейінгі екі жылда Рәсейдің Ростов облысында азаматтық борышын өтеген ол қоңыр күзде елге едәуір есейіп оралып еді. Бірер аптадан соң Алматыда Желтоқсанның ызғарлы бораны бұрқ етті. Дәл сол күндері ауруханада жатқанына қарамастан, алып ұшып Брежнев алаңына жеткен ол каһарлы екі тәулік ішінде қанқұйлы жүйенің қиянат-қорлығын жанымен де, тәнімен де сезініп еді...

Келесі жылы Латвия университетінде тағылымдамадан өткен кезінде кеңестік құрсаудан құтылу жолында қасарыса күрескен латыш жастарының жасырын «Атмода» халық майданының жұмысына белсене араласты. Артынша «бодандықтан – бостандыққа» идеясының ұшқынын КазГУ-дегі қазақ жастарының арасына астыртын алып келіп, қыр соңына КГБ жансыздарының түсуіне себеп болған да – оның жалынды жүрегіне жұдырықтай нығыздалған намыс пен Желтоқсан желімен тұтанған жігерлі наразылық болатын.

Тіпті, кейінен – 1989 жылы КСРО халық депутаттарының І съезінің мінберінен Мұхтар Шаханов оқып берген Желтоқсан оқиғасының ойранын ойсырата әшкерелейтін, «қазақ ұлтшылдығы» деген жалған айыптауды алып тастау, түрмеге қамалған қазақ жастарын босату, қуғынға түскен студенттерді оқуға қайта қабылдау туралы талап қойылған көлемді хатты заңгерлік сауаттылықпен өз қолымен жазып, оған қаладағы оқу орындарын жанкештілікпен күн-түн бойы аралап жүріп, екі жүзден астам студенттің қолын жинап, КазГУ-градтағы поштадан «Москва. Депутату Верховного Совета СССР Мухтару Шаханову» деп өз қолымен толтырып, аттандырған да – КазГУ-дің заң факультетінің 4-курс студенті Бақытжан Әбдірайым болатын.

«Айдаһар»

Әскерден кейінгі оқуын 87-жылы жалғастырған ол баяғыда бауырларымен бастаған «кәсіпкерлік курсын» ауқымдай түсіп еді.

Енді қауын-қарбыз, көкөніс-шемішкемен қоса, сол кездері Қаратаудан өз елдеріне қоныс аударып жатқан неміс, грек сияқты өзге ұлт азаматтарынан арзанға сатып алған тұрмыстық заттарды әкейдің ескі «москвичінің» белін қайқайта басып, Тараз асып, Алматыдай алып шаһардың «барахолкасын» да «бағындырған» болатын.

Бұл ретте алғашқылардың қатарында шағын кәсіпорын ашып, бауырларын ғана емес, бірге оқитын курстас достарын да бизнес баспалдағына баулыды. Сөйтіп, сорайған бойымен ғана емес, сындарлы ойымен және табанды талапшылдығымен құрдастар арасында «Айдаһар» («Удав») атанған кезі де болған.

Бәрін айт та, бірін айт, бірде анасы туған күніне көздің жауын алатын шетелдік керемет көк джинсы шалбар сыйлаған. «Гүлденген социализмнің» жүдеу сөрелерінде жатпайтын, іздеген жан оңайшылықпен таппайтын бұл дефицит дүниені анасы қара базардан 110 сомға сатып алған екен.

Көк шалбарды жатақханадағы жолдастары сұрап киюге жағалай кезекке тұратын-ды. Көпшіліктің «көз құртына» айналған сол шалбар күндердің бір күнінде «химчисткадан» қолды болып кетеді.

Біріншіден, анасының аялы алақанынан алған көзқимасы болмаса, бәлкім, сол «шүберекке» іздеу салмас та ма еді. Екінші жағынан, теориялық білімін тәжірибеде де сынап көру де мұны сотқа талап-арыз түсіріп, төтенше іске тәуекел етуге құлшындырған.

Сөйтіп, сот залындағы ұзақ уақытқа созылған айтыс-тартыстың нәтижесінде киім тазалау мекемесі материалдық және моральдық шығынның өтеміне 180 сом төлеуге мәжбүр болады.

Бұл – тұрмыстық талаппен соттасып, өз құқығын қорғай алған «айдаһар» студенттің тұтынушы ретіндегі ғана емес, азаматтық істегі заңгер ретіндегі алғашқы кәсіби жеңісі болатын.

Сенім мен серпін

Бесінші курста Жоғары Арбитраждық сотта өткізген өндірістік практика Бақытжанның болашағын айқындаған бетбұрысты кезең болды. Осынау аз уақыт ішінде жарқырай көрінген жас маманның әлді әлеуетін мұнда жетекшілік еткен судьялар Валентина Грибанова мен Любовь Моисеева ғана емес, Сот төрағасы Иван Тетеркин де анық аңғарып еді.

Кейіннен аспирантураға бөлінген жалғыз-ақ орын басқа бір үміткерге бұйырып, Бақытжанның бар амалы таусылғандай сәт болған. Сонда ғылыми жетекшісі – кафедра меңгерушісі, профессор Сағындық Байсаловтай ғұлама ғалым бар беделін бәске тігіп тұрып, аспирантураға қосымша орын ашылуына күш салғаны – білімді де білікті жас ғалымның жарып шығарына деген зор сенім болатын. Ал оның бұл сенімді ақтағаны анық.

Жер мәселесіне қатысты құқықтық қатынастар бойынша мамандана бастаған оның аспирантурадағы білімін тәжірибемен ұштастыра жүріп, түрлі азаматтық істер бойынша жазған талдамалық мақалалары мен берген түсіндірмелері баспасөз бетінен көптеп көріне бастаған. Оның сот практикасында жылдар бойы қалыптасып қалған шартты ұстанымдардың өзін таразылай талдап, сынға салған тың көзқарасы мүйіздері қарағайдай заңгерлердің де назарын өзіне аударып еді.

Артынша болашағына үлкен үміт артқан тап сол Тетеркиннің тікелей араласуымен Бақытжан қызметке қабылданды. Жоғары Арбитраждық соттың заңгер консультанты, Сот төрағасының кеңесшісі болып тағайындалуы көлденең көзге жас ғалымның кездейсоқ жолы болғандай немесе «тамыр-таныстың» арқасына қонғандай болып көрінсе де, бұл оның табандылықпен, тынымсыз еңбекпен қол жеткізген дара жолы болатын.

Ал арада небары үш ай өткенде беделді заңгерлер қауымының – Жоғары сот саласындағы атқамінер ақсақалдар алқасының шешімімен Бақытжан Жоғары Арбитраждық сотының судьясы болып сайланады. Сол жылдары Жоғары Арбитраждық соттың Жоғары Сотпен біріктірілгенін ескерсек, бұл оқиға күллі Қазақстан тарихында орда бұзар отызға да толмаған 27 жастағы ғылым кандидаты – жас ғалымның тұңғыш рет ең жоғарғы сот сатысына аяқ басқан алғашқы және бұрын-соңды ешкім қайталамаған айшықты оқиға болып орын алды.

Шарболаттай шыңдалған шақ

Егемендігін енді ғана алған еліміз білімді де жалынды жастарға үлкен үміт артқан. Жастығынан бөлек, кәсіби тәжірибесінің аздығына қарамастан, жас ғалымға да осындай сенімнің ауыр жүгін арқалатып еді. Мұны өзіне көптеп қолдау көрсеткен Жоғарғы Кеңестің Заң комитетінің төрағасы Николай Акуев алғашқы әңгімелесу кезінде-ақ жанашырлықпен айтқан.

Одан әрі қызмет мансабының өрлей түсуіне орасан ықпал еткен де осы Николай Ильич болып еді. Әйтпесе мұны және бір ұлағатты ұстазы – сол кездегі Жоғары Сот төрағасының бірінші орынбасары Мақсұт Нәрікбаевтың туысқаны екен деп сырттай «тон пішкендер» де, «шам алып, соңына түскендер» де табылған.

Дегенмен, аз уақыттың ішінде ең жоғарғы сот инстанциясының судьясы ретінде түрлі ірілі-ұсақты істер бойынша қабылдаған соны әрі әділ шешімдері жас маманның өз мамандығына кіршіксіз берілген адалдығын және кәсіби тұрғыдан шыңдала түскендігін аңғартқан.

Тіпті, бірде өзіне жаны жақын ұстаз тұтатын тап сол Мақсұт Сұлтанұлы әлдебір таныс талапкердің жер мәселесіне қатысты ісін қарап беруін өтінген. Заң талабын қатаң сақтап, әділеттің ақ жолынан аттамаған бұл болса істі жауапкер тараптың пайдасына шешіп берген. Бірақ, шәкіртінің аяқ алысын сырттай ғана бақылап жүретін сұңғыла заңгер-ұстаз оның әділ төрелігіне тағы бір рет тәнті болып еді. Әйтпесе, «Қателеспейтініңе көзіңді анық жеткізгенше қылышыңды қында ұста!» – дегенді үйреткен де сол Нәрікбаев-ұстаздың өзі болатын.

Ал шындап келгенде, «кері қадам жасаудың қисыны келмей қалатын жағдайлар» көптеп кездесетін фемидалық істе ол қашанда  мүмкіндігінше таразының екі басын тең ұстап отыруға тырысты. Дегенмен, кез келген сот процесінде барынша әлсіз тарапқа болысуға үнемі бүйрегі бұрып тұратын Бақытжанның бойындағы әділетсіздікке мүлдем төзбеушілік қасиет тап осы сот жүйесіндегі қызметте қалыптасып еді.

Артынша ел экономикасына орасан ықпалы бар, даңқы мен дақпырты дүйім дүниені дүркіреткен «Қармет» комбинатының аса күрделі ісін қараған үш судьяның бірі болып бекітілуі – Бақытжан үшін шын мәнінде сын сағаты болып соққан. Құны 10 млрд долларды құрайтын алпауыт кәсіпорынның меншіктік мәселесі мыңдаған жұмысшы қауымның ғана емес, ел экономикасының тағдырын да талқыға түсіріп тұрған-ды.

Алайда, көзді алтындай арбайтын түрлі азғыруға алданбастан, қарсылыққа толы қыспаққа да қарамастан, тап осы істе ол «егер судья өзіне сенімді болса, оның жүйеге қарсы да шешім қабылдай алатындығын» дәлелдеген болатын. Айларға созылған осы бір ауыр сынақтан сүрінбей өтіп, турасын айтқан төрелік шешімі оны төбе билер ғана тізе қосатын төрге шығарғаны анық еді.

Аламанның арғымағы

Ресей Ғылым академиясының Мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институтында заң ғылымдарының докторы атағын қорғаумен қатар, еліміздің Жоғары Сот жүйесінде жарқырай көрініп, Судьялар одағын басқарып, Жоғары Сот Кеңесінің мүшелігіне тағайындалып үлгерген жас судьяға жат жұрттың жақсылары да жарыса көз салған. Осылайша Ресей Федерациясының облыстық сотын басқаруға, тіпті, бақандай Жоғары Арбитраждық сотының мүшелігі мен орынбасарлығына да шақырылған.

Алайда Бақытжан бар білімі мен тиянақты тәжірибесін өз елінің болашағына бағыттады. Жоғары дәрежелі кәсіби заңгер болып қалыптасқан ол жаңа ғасырдың басынан бастап мемлекеттің саяси өміріндегі маңызды жұмыстарға араласып кетті.

Әр жылдары екі мәрте Президенттің Парламенттегі Өкілдігін, Парламент Сенаты Аппаратын, Жоғары Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитетін басқарып, Әділет және Қорғаныс министрліктерінде министрдің орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты болып, мемлекеттік саяси лауазымдардың сан сатысынан өтіп, тәжірибесі толысты, кәсіби кемелденді.

Ал Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы сияқты ірі де іргелі ұжымдарға басшылық етіп, аз ғана уақыттың ішінде ұйымдық жұмыстарды жолға қоюдан бастап, халықаралық деңгейдегі байланыстарды орнықтыруы арқылы өзінің байыпты басшы қабілетін ғана емес, шын мәніндегі кризис-менеджер ретіндегі іскерлік қырын көрсеткені қоғамдағы көпшіліктің көз алдына өтіп жатты.

Әрине, әділет жолының әманда ауыр келетіні ақиқат. Оның баршаға бірдей ұнай қоймайтыны да белгілі... Дегенмен, осынау ұйымдардағы жылдар бойы тамырланып кеткен бюрократиялық тежелістерді түбірімен тыйып, тиісті шешімдерді тез қабылдауының өзі-ақ жұмыстағы жарқын өзгерістерге жаңаша дем берген.

«Айлақта ұзақ уақыт тұрып қалған ақаулы алып кемені ашық айдынға шығару оның жыртығын жамап, ұсақ-түйек тетіктерін майлаудан бастап, бағыт-бағдарын айқындауға дейінгі ауқымды да алапат жұмысты қажет етеді», - деп өзі айтпақшы, әсіресе Еуразия ұлттық университетіне ректор болған тұста ғаламдық үрдіс көшіне белсенді ілескен беделді білім ордасына ұлттық реңк бере отырып, академиялық ортаға жаңаша жан бітіріп, ұлттық кодты айқындайтын бірқатар берекелі істерге мұрындық болғаны көпшіліктің көз алдында.

Басқасын айтпағанда, тап сол бюрократиялық тежелістердің тыйылуымен «жанам деген жүрекке от беріліп», студенттер мен оқытушыларға білімі мен біліктілігін жан-жақты жетілдіруге мол мүмкіндікпен қоса, барлық шетелдік беделді білім ордаларына даңғыл жол ашылды.

Осы тұста Еуразия ұлттық университетімен ынтымақтасатын барлық университеттерде Абай аудиториясын ашуды мақсат еткен ол осы идеяны Иордания, Беларусь, Армения, Рәсей және Азербайжан университеттерінде аз ғана уақыттың ішінде жүзеге асырып үлгерді. Қазақтың тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрі мен мәдениетін оқып үйренуге арнайы орын берілетін бұл бастамаларды болашақта бір-бір институтқа айналдыруды да жоспарлаған-ды.

Бүгінде осынау Абай орталықтары қазақтың шетелдерде ат басын еркін тірейтін бір-бір отауындай болып оқшауланып тұрған жайы бар.

Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығы мәселесін берік ұстанған ол сонау Алаш ардақтыларының жалғасындай болған атақты Ақселеу Сейдімбековтен бастап, арыстарымызға көзінің тірісінде құрмет көрсетейік деп, ғылымның марқасқалары – Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Мұхтарбай Өтелбаев, Рымғали Нұрғалиев және т.б. ардақты тұлғалардың атына ЕҰУ-де арнайы аудитория аштырды.

Қалай болғанда да, осынау аңыз да абыз ақсақалдардың ұлан-ғайыр ұлағатын өскелең ұрпаққа үлгі ете жүріп, олармен қоян-қолтық араласып, пікірлесіп, үйреніп, батасын алу – өзінің өмірлік ұстанымын ұштап, рухани кен-байлыққа кенелткен баға жетпес жоғары мектеп болғаны анық еді.

Тұлға тағылымы

«Ақылы терең адамның аясы кең келеді, тамыры терең шынардың саясы кең келеді» демей ме.

«Аммунициясыз амбиция – апломб», яғни тұғырсыз тәкаппарлық немесе берекелі білім мен тәлімді тәжірибесіз биік мақсат пен мансапқа ұмтылу – боскеуделік деп білетін ол үздіксіз ізденіс арқылы өзін-өзі заман көшіне сай жан-жақты жетілдіріп отыруды әдетіне айналдырған.

Солай бола тұра, өзі де бүгінде асқаралы жасқа жеті баланың әкесі болып жетсе де, басты сыншысы – әке сөзіне тоқтап, қабағын сыйлау – оның күні бүгінге дейінгі ұстанатын жазылмаған Жарғысы. Сондықтан да болар, осынау жылжыған жылдар ішінде жоғары мансаптарға мастанбай, айтулы талай атақ-дәрежеге қолы жетсе де, қарапайым қалпынан танған емес. Үлкенге – құрметпен, кішіге ізетпен қарап, ғұлама ғалыммен де, қатардағы студентпен де, қарапайым жұмысшымен де тең де терең тіл табыса кететіні бар.

Тіпті, талай жанға қолдау жасап, жетістік пен жеңіске ынталандырып, үнемі «көрген бұлағының көзін ашып» жүретініне онымен бірнеше жыл бойы бірге қызмет еткен осы жолдардың авторы да куә. Бұл, бәлкім, текті бабалардан бермен қанға сіңген асыл қасиет болар. Ал дәні ақыл мен даналықтың құнарына түсіп, желегін жайып, құрыштай қаныққан мұндай қасиет жылдар өткен сайын саф алтындай жарқырай түседі емес пе. Десек те, қаршадайынан қиындықтың қадірін білумен қоса, өмір жолында өзге жандардың қамқорлығын көп көрген адам ғана тап сол жылу мен мейірімді өзгелерге еселеп бере алатын сияқты.

Осы ретте тұлға деген ұғым адамның қоғамдағы ерен еңбегі мен алатын орнынан бөлек, оның адамгершілік ақыл-парасаты мен көркем мінезі, терең білімі мен дүниетанымы арқылы сипатталатынын ескерсек, кісілік келбеті келісті кейіпкерімнің осы сипатқа толықтай сай екеніне көз жеткізгендей боламын.

Міне, өмір-өзеннің тасөткелі табыстырған аға-досым – Қаратаудай қасиетті мекеннен қазақы тәрбиенің уызына қанып ұшып, адалдық пен адамгершілік арнасынан ауытқымай, алғыс арқалаған қажырлы қайраткер – мемлекетшіл тұлға болып қалыптасып, бүгінде алпыстың Алатаудай асқарына қалықтай қонған қыран ұл туралы қысқаша хикаят осындай.

Серікқали Мұқашев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2425
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5370
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4641