Сейсенбі, 29 Сәуір 2025
Әдебиет 272 0 пікір 29 Сәуір, 2025 сағат 15:45

Есектер ұсталды, есек...

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

(әңгімелеріңізді сағындық деген оқырмандарға. Саясатты қойып...)

Есектер әрине, заң шығармайды, жазбайды, талқыламайды. Бірақ, сол есектер туралы да заңдар бар және оның өзіндік қолданылатын аясы бар десем сенер ме едіңіз... Жо-жоқ, Сіз күлмеңіз, одан да тыңдап көріңіз.
...Жол бойындағы аудан орталығына кіре берістегі МАИ бекетіне жақындағанымда бір полицай қолын ербеңдетіп тоқтата қалды. Жақындап келіп құрмет көрсете бергенінде тани қалдым, жақын жиен бала:

- Е бала, қалың қалай, толыңқырап қапсың, жағдайың жақсы ау, иә...бірдеме нарушать еттім бе, қанша берейін?

- Тууу, аға, Сіз де сөйлейді екенсіз, алыстан машинаңызды танып, амандасайын дегенім ғой, қалдарыңыз қалай?

- Жақсымыз ғой, өздерің, әпкей, жездем, баллар ше? Алыстан таныдым дейсің бе, иә...әлгі қарғаның бір көзі бо...айй...шоқта деген, қызметің ғой.

- Бәрі дұрыс аға. Өзім міне, службада...сол.

- Дұрыс-ақ, үй салып алып, бөлек шықты деп естігем, әй, әлі офицер де алмағансың ба? Келін қайда, жұмыста ма?

- Бұйыртса болады ғой, аға! Келініңізге сол, қызмет ыңғайы болыңқырамай жүр.

- Әй тоқташы, осы сенің бұнда кіргеніңе де бірталай болды ғой, мына жүрісің не? Жоғары заңгер білімің бар, ана біздің N... адвокаттық контора ашқан, айтайын да, сонда барып жұмыс істесеңші, келінге де жұмыс табылады! Айлықтарың өте жоғары болады ғой.

- Рахмет, аға, көрерміз, негізі мен сол қағазға қарағанда осылай еркін жүргенді ұнатамын. Ал жақсы аға, сау болыңыз, жолыңыз болсын! Үйдегілерге сәлем айтыңыз...

...Дәл сол арада жол шетіндегі мал тасығыш машинадан бір есектің ақырып қоя бергені! Жалт қарасам, іші толған топ есек, мәссаған, тордан жасалған артқы кузовынан бәрі көрініп тұр!

Жиеннен сұраймын, «Әй мынау не пәле?». Ыржалақтап, анадайда тұрған бір жігітті көрсетіп, «мынаның малы ғой» дейді. Кету ойдан шығып, әлгіні бері шақырып, сұрақтың астына алғаным:

- Әй қай жақтансың, о заманда бұ заман бір қора есек тасығанды сенен көрдім, бұл не? Қайда апарасың, не қылмақшысың, әлде, әлгі бір сұмдар болады деуші еді, етін тамаққа қосады дейтін! Жиенге қарап, оған да: «әй мынау сондай сұмдардың бірі болса, тура жазасын беріңдер, жақсылап!..» деймін! Оған оным, «ағатай, ондаймен айналыспаймын! Құдай сақтасын! Басқа бір нәрсеге апара жатыр едім...» деп шырылдайды.

- Әй тоқта, сонда ол қандай басқа мақсат? Өзің не оралмансың ба?

- Қасымдағы оралман туысым. Мен Қытай азаматымын.

- Мақұл, сонда мына байқұс есектерді қайтпексің? Қайдан шықтыңдар?

- Елге апарып сатпақшы едім, N... облысынан шықтық.

- Сонда үш облысты қалай басып өттіңдер, мында ғана ұсталдыңдар ма? Өй сен мынаны айтшы, бұл есектерді не істейді еліңде, жей ме?

- Әйтеуір өттік қой өйтіп, бүйтіп, шыққанымызға бүгін міне он бесінші күн! Ол жақта жеуі де мүмкін, бірақ менің естуімше, терісінен құндыз ішікке бергісіз тондар жасайды екен.

- Солай де! Енді неге тұрсыңдар?

- Осы жерге дейін жеткен едік, тура осынды мыналардың үлкен бастықтары тексеріп келіп қалып, заңмен қараңдар деп кете қалғаны! Бұлар ветинспекция дегенді шақырды, олар кеп, арнайы рұқсаттарың жоқ деп, айыппұл салды, төледік. «О, планға жақсы болды, штраф...» деп олар кетті! Енді мына сақшылар «машина не оборудован» деп айыппұл салды, оны бір жолдасымыз төлеуге кетті! Бұлар да «О, планға жақсы болды, штраф...» деп мәз болып жүр! Сол екі арада, жануарларды қорғау ұйымы дегендер келіп, олар да тексеріп-ақ жатыр! Қайдан естігендерін, жорналшылар, бір-екі блогер дегендер келіп, шу шығарды. Сол-ақ екен, түрлі бастықтар қаптады, экология, прокуратура, көлік прокуроры, транспорт инспекция, ветотдел дей ме, кейбірін бұрын естісек, көбін естімегенбіз де!

Жағдайға облыс басшылары түгел хабарланып, парламенттің депутаттарына жетіп, олар пәленбай минстрлерге сұрау жолдапты! «Былай бола берсе, есек, «Қызыл Кітапқа» енеді скоро» деп, ақыры, елден шығармасқа қаулы қабылдапты деседі. Сол-ақ екен мындағылар сұрланып алды, сөз тыңдаудан қалды. Бірақ, олардың қахарына қарамай бір есектің тура машина үстінде туғанын қайтерсіз! Анау шеткі үйде тұратын бір бала осында келіп көріп жүретін, әжесі де жақсы кісі, бізге жеуге оны-пұны әкеп береді. Сол балақай тақайға қатты қызығып, сұрап, жылап қоймады, ақыры, әжесі мына сақшыларға «арам болса да тірі-жәндік, обал болады, ары тұр құрғыр...» леп тақайды енесімен бірге түсіріп алып кетті! Қарасақ, тағы біреуі туатын сияқты, сонда жалпы басының саны түгел болып шығады екен да!

Енді міне, әкімияттан күнде қос-қостай келіп, тасымал заңсыз деп тауып, есектерді алып қалмақшы, бірақ, оларынан түк шықпады, алып қалса, бұларды ұстап, бағатын орындар керек екен, ал ондай жай бұларда жоқ екен! Заң солай! Жергілікті ет комбинаты бар кәсіпкерге ұстай тұр деп айтып еді, азар да безер болып, жолатпады! Содан мындағылар жоғары жақтарымен сөйлесіп жатыр, тосып біз жүрміз.

Соңғы естуімізше, осындағы бастықтар келесі облыс басшыларымен келісіп, меморандумға қол қойып жатыр екен! Шешілсе екен, әйтпесе, айыппұлы бар, мына жануарлардың жем-шөбі бар, ақшамыздан дым қалмады, бүйткен кәсібіне де, есек саудасына да әбден тойдық! Басында біз есек жинай бастағанда болмайды деп неге айтпаған, ең қинағаны сол болды!

Құрысын, әбден жалықтық, есегі де құрысын, тастап-ақ кетуге дайынбыз, қаншама күн болды десеңізші жатқанымызға, не шешілмейді, не қоймайды! Аға осыларға айтыңызшы, есекті алып, өзімізді жіберсін!

...Не дерімді білмедім, тек қана «көмегім қалаға барсаңдар тегін ала кетейін» деп міңгірледім де, олар сәл алыстаған сәтті ұтымды пайдаланып, тайып тұрдым! Бар қолымнан келгені сол болды.

Айтпақшы, кейін естуімше, есек операциясын сәтті өткізген бірталай мекемелердің қызметкерлерінің шендері жоғарылапты! Ал, байқұс есектердің күндері не болды екен (кейінгі кей қаңқу сөздерге сенсек, жануарларға әбден жаны ашыған әлгі апа немересімен келіп, сақшыларды таяқпен қуып жіберіп, есектерді босатып қоя беріпті! Айғақ жоқ болған себепті, қылмыстық іс те тоқтаған деседі), білмедім...

Азкен Алтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2510
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5437
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4726