Сейсенбі, 29 Сәуір 2025
Әдебиет 261 0 пікір 29 Сәуір, 2025 сағат 16:17

«Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауы жарияланды

 

 

Күні кеше жағымды бір жаңалық пайда болды: Бас жүлдесі 15 миллион теңгені құрайтын «ЖАҢА РОМАН» әдеби байқауы жарияланды.

ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтің жеке қолдауымен, қазіргі заманғы қазақ романына арналған «Жаңа роман» әдеби байқауы жарияланды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет мұндай деңгейде өткізіліп жатқан ірі әдеби конкурстың бірнеше басты ерекшелігі бар.

Ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, байқауға жас мөлшеріне қарамастан еліміздің барлық қаламгерлері қатыса алады. Ақтық мәреге үздік деп танылған бес жұмыс іріктеліп алынады.

Бір атап өтерілігі, байқаудың алғашқы кезеңінде авторлар толық шығармасын емес, тек болашақ туындының алдын ала жоспарын ғана ұсынады. Белгілі қазақ жазушылары, әдебиет сыншылары тарапынан құрылған арнайы қазылар алқасы бұл синопсистердің ішінен үздік бесеуін таңдап алады.

Үздік деп танылған бес шығарманың біреуі жеңімпаз деп танылып, 15 000 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болады. Сонымен қатар, аталмыш роман желісі бойынша демеушінің қолдауымен көркем фильм түсіріледі.

Ал, қалған төрт авторға 3 000 000 тг көлеміндегі сыйақылар төленеді. Барлық авторлардың аталмыш туындылары демеуші есебінен баспадан кітап болып шығарылады.

Осы бес жұмыстың толымды роман болып шығуына 4 ай уақыт беріледі.

Еске сала кетейік, конкурстың ережесімен jana-roman.kz сайты арқылы танысып, сонда аталған талаптар бойынша көрсетілген электронды мекенжайға шығармаларды жолдай аласыздар.


Бұлт сейілгенде күн көрінеді

Қазақстанда бұқаралық рухани‑мәдени дамуы мен қазақ буржуазиясы арасында байланыс бар ма?

Өкінішке орай, Қазақстанда осы қалыптағы буржуазия қалыптаса алмады... Себебі, өздерін «буржуазия өкілі» деп санайтын қазақтың олигархиялық тобы өз байлықтарын іргетастан бастап қалаған жоқ. Олардың байлығы ең әуелі қулық‑сұмдықтан басталды: тамыр‑таныстық, алдау, «лақтырып кету», рэкет жалдап бопсалау, бұрынғы кеңестік жүйеден қалған өндіріс ошақтарын жекешелендіру, құралдарды металл сынықтары ретінде сату, мемлекеттік мүлікті басып алу, ауылды толық қирату мен тонау, жерасты қазына байлығын заңсыз иемдену, мәдениет ошақтарын тып‑типыл ету және т.с.с. небір келеңсіз әрі жексұрын әрекеттермен ұштасты.

Осы жағдайда, қоғамның мәдениеті шетте қалып қойды. Шығармашылық дарыны бар адамдар өзіне жақпайтын өзге тіріліктермен: саудамен, құрылыстағы қара жұмыспен және басқа да «өнбейтін» істермен айналысып кетті. Еліміздің мәдени дамуында «сабақтастық» үрдісі осылайша жойыла бастады – бұрынғы «мектеп қалыптастыру» дәстүрі жоғалды.

Сөйтіп, табиғатында еңбек ету мәдениеті жоқ адамдардың арсыз боп келетіні сияқты, бізде де «квазибуржуазия» пайда болды. Олар байлығы жағынан буржуазияға ұқсайды. Ал, бірақ, мәдениеті жағынан – оған үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Иә, олар да өздерін «өнерді түсінетін», «өнері бар» сияқты көрсетуге кетәрі болмады. Алайда, «өнерге тән тазалық», шынайылық, адами биіктік олардың бойында шындап келгенде жоқ еді...

Мәселен, сол кездегі меценаттықтың бір сипаты былай болған: кз‑буржуазия өкілдері «күнкөсемнің» қолы тиген қаламсапты миллиондаған ақшаға сатып алуға таласушы еді... Міне, оның «шынайы мәдениетінің» сиқы осы – қайдағы бір Қытай фирмасы жасаған қаламсап «күнкөсемнің қолы тиюінің» арқасында аса қымбат музейлік экспонатқа айналып шыға келді... Ал, мәселе қаламсапта емес, байлықты жағымпаздарға үлестіріп жатқан «парақор күнкөсемнің» өзінде‑тұғын... Мәдениет дегеніміз осы болды ‑ ол да «квазибуржуазияның» жолын қайталауға көшті: күнкөсемнің аузынан шыққан бір ауыз сөзді аңдыды, оны «өнерге» айналдыруға ұмтылды...

Десе де қазақ халқының тархында, дәстүрінде шынайы меценаттық үлгілері жоқ емес – бар. Өзімізге жақсы танымал Мамания мектебінің негізін қалаған Маман байдың өнер мен білімге деген қамқорлығы әлі күнге дейін жұр аузында аңыз боп айтылады. Ендеше, осы бағытта өнердің дамуына жаңа серпін беруге болатынын билік те, халық та түсінген сыңайлы...

Маман байдың жолы: Шухрат Ибрагимовтың жаңа бастамасы

Осы дәстүрге адалдықты ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов біраздан бері танытып келеді.

Биылғы жылдың ерек жаңалығы Шухрат Ибрагимовтің жеке қолдауымен қазіргі заманғы қазақ романына арналған Бас жүлдесі 15 млн теңгені  құрайтын «ЖАҢА РОМАН» әдеби байқауы жарияланғаны болды.

Осылайша қаламының желі бар прозашылар қауымына арналған «Жаңа роман» әдеби байқауы қазақ романының көсегесін көгеріп, ұлттық әдеби процеске соны серпін береді деп тілейік.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2517
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5445
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4734