Жұма, 2 Мамыр 2025
Анық-қанығы 426 0 пікір 2 Мамыр, 2025 сағат 10:11

Трамп пен Зеленский келісімі: Украинаның жарты жеңісі...

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Украина мен АҚШ сирек кездесетін металдарды игеру бойынша келісімге қол қойды. Бұл өте ұзақ талқыланған келісім болды.

АҚШ екі мәрте келісімнің мәтінін әзірлеп, Украинаға ұсынған болатын. Келісімнің бірінші мәтіні Зеленский мен Трамптың «Доғал кабинеттегі» дауынан кейін іске аспады. Келісімнің екінші мәтінінде АҚШ өзінің талабын күшейтті. Алайда ол мәтін де бекітілген жоқ. Кейін Зеленский Трамп әкімшілігімен келіссөз жүргізетін командасын жасақтады және АҚШ-тың өзінен кәсіби заңгерлерді жалдап, келіссөз жүргізді. Сонымен келісімнің үшінші мәтіні қабылданды.

1. Трамп әкімшілігі бұған дейін Украина 500 млрд доллар қайтаруы тиіс деген, кейін ол көрсеткіш 350 млрд долларға түсті. Ал жаңа мәтінде ол жайлы жоқ. Бұрын Украина аталған қаржыны қайтарғанша Украинаның кеніштері АҚШ иелегінде болатыны айтылса, енді Украина кеніштері, ресурстары өз иелігінде болатыны жазылды.

2. Украина мен АҚШ-тың инвестициялық қордағы құқығы теңестірілді. Бұрын инвестициялық қорға Украина кеніштерден түскен 67% табысын, ал АҚШ 33% табысын құятыны айтылған. Енді ол көрсеткіш 50/50 болды. Сонымен бірге бұрын Инвестициялық Қорды басқаруда АҚШ-тан 3 адам, Украинадан 2 адам болатыны айтылған. Бұл өте қиын еді. Себебі шешуші бір сәтте АҚШ бір адам даусымен басымдыққа ие болатын. Ендігі таңда басымдық екі жақта да болмайды. Басқаруда 2/2 немесе 3/3 адамнан болады.

3. Бұрын Украинаның «Энергоатом», «Укрнафта», теміржол желілері мен АЭС-терін АҚШ иелігіне жекешелендіру (приватизация) ұсынылды. Алайда енді бұл тармақ алынып тасталды.

4. Бұрынғы мәтін бойынша Украина 2022 жылдан бері АҚШ тарапынан өзіне берілген әскери және қаржылай көмекті қайтаруы тиіс еді. Алайда жаңа мәтінде ол жайлы жоқ. Қарыз мәселесі көтерілмейді.

5. Бұрынғы мәтінде (екінші мәтін) Украинаның ЕО-ға қосылуына кедергі келтіретін тұстары болды. Жаңа мәтінде ЕО-ға кіруге кедергі болатын тұстары жоқ.

6. Бұрын Украина инвестициялық қорға өз жеріндегі барлық кеніштен түскен пайданың белгілі бір пайызын құюы тиіс болса, ендігі таңда Украина инвестициялық қорға ЖАҢАДАН құрылатын кеніштердің пайдасының пайызын ғана құяды.

7. Инвестициялық қорға құйылатын үлес АҚШ тарапынан тек қана қаржылай емес, әскери де болуы мүмкін. Сондай-ақ АҚШ Украинаны қалпына келтіруге Еуропа, АҚШ және өзге де елдердің компанияларын тартады.

Бұрынғы екі мәтінмен салыстырғанда бұл мәтін жақсы дейді сарапшылар. «Бұл Украинаның келіссөздер барысындағы жетістігі» деп жатқандар да бар. Трамп «бұл келісімнің аясында Украинаға берген 350 млрд доллар қаржымызды қайтарып аламыз» деді. «Біз келісім жасадық. Біз енді кеніш қазып, қаржы табамыз. Бұл Украина үшін де жақсы. Өйткені АҚШ бар ауданға қаскөйлер жолай алмайды», - дейді ол.

Ал АҚШ-тың Қаржы министрі Бессент келісімге қол қойылғаннан кейін былай деп мәлімдеді: «Президент Трамп бұл әріптестікті Америка мен Украина халықтарының арасындағы байланыс пен өзара қолдаудың көрінісі ретінде қабылдауда. Бұл келісім екі тараптың Украинада берік бейбітшілік орнату мен гүлденуге ұмтылысын білдіреді. Тағы бір нақты айтарым: Ресейдің әскери машинасын қаржыландырып немесе оған көмектескен ешбір мемлекет немесе жеке тұлға Украинаны қайта қалпына келтіру процесінен пайда таба алмайды!» - дейді.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 389
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 425
Бәрекелді!

«Родословная казахских ханов»: всемирное признание

Керимсал Жубатканов 400