Сейсенбі, 6 Мамыр 2025
Әдебиет 358 0 пікір 6 Мамыр, 2025 сағат 15:01

Шоған абыз әңгімесі

Сурет: жеке мұрағатынан алынды.

Тәліпбай Қабаев - Қытай Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. 1935-жылы Іле облысының Текес ауданы Көксу деген жерінде туылып, 2017-жылы Үрімжі қаласында қайтыс болған. 70 жылдық тарихы бар Шынжаң жастар-өрендер баспасының қазақ бөлімін құрып баспагерлік жұмысын бастаған. Жанып ұрған кезінде солақай саясаттың салқынына ұшырап «ұлтшыл», «оңшыл» атанып, Қажығұмар Шабдан, Омарғазы Айтандармен бірге Тарым жаза лагерінде 20 жыл ғұмырын қара жұмыспен өткізді. Заман түзелген соң сүйікті баспасына қайта оралып, ұлт руханиятын түгендеумен айналысты.

Қаламдас достары Омарғазы Айтан, Жұмабай Біләл, Оразхан Ақметовтың идеологиялық цензурадан өтпей қалған шығармаларын оқырманға жеткізді.Сексенінші жылдардың басында Қожеке Назарұлының күйін жинақтап , нотаға түсіртіп кітап етіп бастырды. Көдек Маралбайұлының өлеңдерін жинап, халыққа ұсынды. Мұхтар Әуезовтың «Қилы заманын» ақтала сала кітап етіп бастырды. Мұқағали Мақатаевтің «Қаздар қайтып барады» таңдамалы жинағын шығарды. Ол артынан қытай тіліне аударылды.

Жоғары Оқу орындары студенттеріне арнап қазақтың ерте заман әдебиеті оқулығын жазды.

Абай порталы қадірлі қаламгердің 90 жылдығына орай «Көдек Маралбайұлы» зерттеу кітабынан үзінді бергенді жөн көрді.

1912-жылы жазда Талдықорғанның Күреңбел, Алтынемел дейтін жерінде Тезек төре ауылының үстінде болыс сайлауы және ел мен ел арасындағы дау-шарды қарайтын жиналыс болады, соған албан елінен Сұлтанқұл, Жәмеңке, Ұзақ қатарлы ел ағалары мен Жанғабыл шешен қатысады. Бұлар Көдекті де ертіп алады.

Бұл Көдектің тасқа салса қайтпайтын өткір де, жалын кезі екен. Оның ақындық дарынын жоғары бағалаған Жанғабыл жанынан екі елі тастамай ертіп жүреді. Албан елінің арғы-бергі ел билеген мықты, сөз саптаған шешенінен, жауды жеңген батыры мен көсемінен қалған сөздерді айтып, тарихтың арғы қабат-қабат қатпарын жазып көрсеткендей болады. Жанғабылдың  мұндай мол білімі мен біліктілігіне тәнті болған Көдек те одан екі елі айырылмай бірге болады.

Албан, Суан бас қосқан бұл топ-жиын барысы қызылкеңірдек даумен аяқтайды. Болыстыққа таласып ру-руға бөлініп, жік-жік, дай-дай болады. Істің сорақысы дау-шарды бітіру кезінде туып, соңы үлкен дауға айнала бастайды. Елді ел қылып, бір кісінің баласындай етеді дегендердің бұл қылығын жақтырмаған Көдек топ ортасынан түрегеліп:

«Сүйер құлдың баласы,

Төртеу екен парымен.

Шоған абыз ағасы,

Ақылы терең қазынаң.

Біреуге малай жүргенде,

Мәмбетті барып таныған.

Айтыста жеңіп әкеткен,

Арқасының қалынан.

Үй тігіп, қатын әперген,

Енші беріп малынан», – деп өлеңдете бір тоқтап: «осы салт, осы ереже қайда?!» дегендей ел басыларына қарап тоқтайды, сонымен олардың бәрі тым-тырыс болады...

Өлең мен шындықтың құдіреті деген сол!

Жас жігіттің ашумен айтсада шындықты айтқан өлеңіне тосылғандай, бәрі де ендігі істі атаның салған жолымен сәтті бітірген, тасқын алып кете жаздаған тоғанның көмейі аман қалғандай болған еді.

Көдектің бұл ақылына разы болған Жанғабыл шешен қайтқан жолында да оған разы болып:

– Жақсы айттың, сөз шындығынан бұзылмайды, рахмет, – деп алқаған екен.

Ұзақ жолда қона, түстене жүріп Жанғабыл шешен албан тарихындағы бір сыпыра әңгімелерді оған айтыпты. Соның бірі – Көдек өлеңге қосқан Шоған абыз, Үмбет пен Мәмбет және Ханкелді, Райымбек батырлар.

Бірде Шоған абыз Шыршық, Қаратау жағының дауын бітіріп, енді Түркістан қаласына барып келе жатса, жол бойында ерулеп жатқан сауда керуеніне жолығады. Одан былай шыға берсе, қалың керуен түйесін бағып тоғыз-он жастардағы екі бала жүр дейді. Сөзін тыңдаса қазақша сөйлейді екен. Бұл керуенде жүрген не қылған қазақ баласы деп ойлаған абыз бұрылып барып жөн сұрайды. Сонда баланың үлкені:

– Тақсыр, менің атым – Мәмбет, мынау менің інім – Үмбет. Жаңа ес біле бастаған кезімізде ауылымызды жау шауып, бізді әлде біреулер алып кетті. Сонан жеті-сегізге келгенімізде бізді осы керуеннің бастығына сатып жіберді. Бұған келгенімізге үш жыл болды. Еру болса түйе бақтырады, жол жүрсе түйе жетелетіп жаяу жүргізеді. Ішсек тамаққа, кисек киімге жарымаймыз, – деп жылайды.

Балалардың қасіретін естіп іштей егілген абыз:

– Мен керуеннен құтылдырсам маған бала боласыңдар ма? – дейді.

Балалар:

– Болайық, ататай! – деп жалбарынады.

Онан соң абыз:

– Бұл керуенші сендерді сатып алыпты, маған оңайлықпен бере салмайды. Дауға түсу керек. Дауда жеңу үшін мықты бір бөгенай-белгі болу керек. Сендер де ондай белгі бар ма? – дейді.

– Ойбай ататай, ондай белгі ағамда бар, – дейді інісі Үмбет.

– Қандай белгі?

– Жотасында теңгедей қара қал бар.

Абыз баланы шешіндіріп қалын көреді де:

– Мен ертең келем», – деп  атына мініп кетіп қалады. Ертесі Шоған абыз сол жердің әмірі бар, бір топ биді ертіп әлгі керуен ерулеп жатқан жерге келеді, дау болады.

Шоған абыз:

– Пәлен деген туысымды әйелімен қоса өлтіріп, екі баласын алып кеткен еді. Мына екі бала сол туысыма ұқсап тұр. Өлтірген сенсің! – деп керуенбасыға жабысады.

Керуенші:

– Бала сенікі болса, не белгісі бар, соны айт, – дейді Шоған абызға.

Шоған абыз:

– Сыртына қарап туысыма ұқсайды десем, адам адамға ұқсай береді дерсіңдер, ешкім білмейтін бір белгісі бар еді баламның біреуінде. Егер сол белгім шықса бала менікі. Белгім шықпаса, айыбымды төлеймін, – дейді.

– Белгіңді айт.

– Белгім – үлкенінің жотасында теңгедей қара қалы бар, – дейді.

Олар баланы шешіндіреді. Қара қалды көріп бәрі мойынсал болады. Билер мен әмір баланы Шоған абызға бұйырып береді. Көдек ақынның «Айтыста жеңіп әкеткен, арқасының қалынан» дегені мінеки осы еді.

Шоған абыз балаларды әкеліп киіндіріп, тойындырып бала қылып алады. Өзі елпек, не істесе тыңғылықты істейтін Мәмбетті – «Ал жаным», «Ал жаным» деп жүріп – Алжан атандырады да, Үмбетті – Шажа атандырады. Басына үй тігіп, бауырына қазан асып, енші бөліп береді. Сондықтан мұны білетін Алжан атаның соңғы ұрпақтары «бізге Шоған абыздың ықыласы түскен» деседі. Шажаның кейде «алжанбыз», кейде бөлектеніп «шажамыз» дейтіні осыдан.

Сол Алжаннан – Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық деген төрт ұл туады. Шежірешілер бұл төртеуін Сүйерқұлдың Досәлі, Шоған, Қожбанбет, Жарты деген төрт баласымен қосып «сегіз сары» деп атайды. Алжаннан Ханкелді, Райымбек батырлар мен Албан Асандай жырау шыққан.

Шоған абыз көп өнеге-үлгі, ақыл-өсиет қалдырған. Соның бірі – келіндеріне өз атын тергемей тура айтуға жол қоюы. Бұл оның «келіндерім етекбасты, төменшік болмасын» дегені екен.

Енді бірі – ақыл-өсиет сөздері. «Ел бірлігі – жаныңнан, кек қызуы – қаныңнан», «Ерлігімді – елдігіме тапсырдым, кеңдігімді – ұлан далама тапсырдым, екеуі де – туым, қазақ жүрген жер – нуым», « Ауыр деп арманды жоғалтпайық, қажыдым деп қажырды жоғалтпайық!», «Көрген күн – түс, басқа түспесін – іс» дейді.

Албан елін «қанымды да, жанымды да өзгенің өлең жеріне тастағым жоқ» деп байырғы үйсін жеріне бастаған да сол абыз ата екен дейді.

Мінеки, Көдектің Шоған абызды қасиеттеп, ту етіп жырға қосуының осындай жайлары бар еді.

Дайындаған: Есбол Үсенұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 1787
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 2008