Ресей думасында "Қазақстантанушылар" неге күрт көбейді?!

ЖЫНДЫНЫ «ЖЫНДЫ» ДЕСЕ ‑ БӨРКІ ҚАЗАНДАЙ БОЛАДЫ...
(Халық мақалы)
Ресей Федарациясы Думасында бір депутат бар: аты‑жөні – Евгений Федоров. Ол өзі бұрынғы әскери болса да, депутат болғалы екінші мамандыққа қызығушылығы оянып, «тарихшы» болғысы келіп жүр. Кейінгі кездерде оны «Қазақстан тақырыбы» мейлінше қызықтыратын сыңайлы... Анда‑санда осы тақырыпта «әу» деп қоймаса, басы жазылмайтынға ұқсайды...
27‑сәуірде Ресей тарихшы‑саясаттанушысы Андрей Грозин 27 сәуір күні Астана әуежайында төлқұжаттық бақылаудан өте алмай, келесі күні Мәскеуге кері қайтуға мәжбүр болған еді. Осыған риза болмаған бірнеше депутат (К.Затулин) Қазақстанның достық қатынасына күмәнданатынын айтты. Бұл жерде «Қазақстан тарихының маманы» Е.Федоров қалай шыдасын, өзінің «әләуләйін» жырға қосты:
«Заң тұрғысынан қарағанда, мен бұрын да айтып өткендей, Қазақстан 1991 жылы құрылған кезде бүкіл аумағын Ресейден сыйлық ретінде алды. Өйткені, КСРО құрамынан одақтас республика шыққан жағдайда туындайтын мәселелерді шешу тәртібі туралы №1409-I заңға сәйкес, аумақ бір республикадан екіншісіне өтетін болса, келіссөздер жүргізілуі тиіс еді. Бұл жағдайда ешқандай келіссөздер болған жоқ. Қазақстан тамаша ел, бірақ оның территориясы сыйлық екені де анық. Мен осыны айттым, ал Қазақстанда біреулер ренжіген көрінеді. Сыйлыққа ренжудің не керегі бар? Бұл — шындық», — деп көсіліпті «тарихшы» RTVI-ге берген сұхбатында.
Тарихи контекст не дейді?
1991 жылы Кеңес Одағы (КСРО) ыдыраған кезде оның құрамында болған республикалар — соның ішінде Қазақстан да — тәуелсіз мемлекеттерге айналды. Қазақстан Кеңес Одағының құрамында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ КСР) ретінде болды. Ал оның аумағы 1936 жылдан бастап біртіндеп қалыптасқан.
КСРО ыдырағанда республикалар халықаралық құқық нормаларына сәйкес «uti possidetis juris» қағидасы бойынша (яғни, бұрынғы әкімшілік шекаралар бірден халықаралық шекараларға айналады) өздерінің сол кездегі шекараларымен тәуелсіздік алды. Бұл — халықаралық құқықта мойындалған ұстаным.
Ал, №1409-I заңы — КСРО Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы қабылдаған заңы болатын. Ол ‑ Одақтас республикалардың Одақтан шығу тәртібін реттеуге бағытталған еді. Алайда бұл заң іс жүзінде қолданылмады. Өйткені КСРО ыдырап кетті де, республикалар тәуелсіздігін біржақты жариялады. Әрі, ол заңды орындамай, өз бетінше «Одақтың ыдырауы туралы» Шешім қабылдағандар арасында Қазақстан жоқ болатын. Сол себепті бұл заңға сілтеме жасау — тарихи тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да даулы мәселе. Қазақстан осы «заң» негізінде РФ‑мен «келіссөз» жүргізуге міндетті емес, себебі, халықаралық деңгейде «РФ бұрынғы КСРО мемлекеті» деп танылмайды.
Саяси контекст не дейді?
Бұл пікір Ресейдің ресми тұлғалары тарапынан соңғы жылдары жиі қайталанып жүрген бір риторикаға жатады. Олар посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің қазіргі шекараларын "тарихи сыйлық" деп сипаттап, Кремльдің ықпалын арттыру немесе қысым көрсету мақсатында пайдаланады.
Қазақстан — көпвекторлы саясат жүргізетін ел. Ресеймен тығыз экономикалық және саяси қарым-қатынас орнатқанына қарамастан, өзінің егемендігін, территориялық тұтастығын және ұлттық бірегейлігін берік ұстанады. Мұндай мәлімдемелер Қазақстан қоғамында, әсіресе жастар мен сарапшылар арасында ашу мен алаңдаушылық тудырады. Өйткені бұл елдің егемендігіне күмән келтіру деп қабылданады.
Қазақстанның ұстанымы қандай?
Қазақстан өз тәуелсіздігін 1991 жылы жариялады және сол жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі. Оның аумақтық тұтастығы халықаралық құқықпен және әлемдік қауымдастықпен мойындалған. Сонымен қатар, Ресей 1992 жылы Қазақстанмен екіжақты шарттар арқылы оның шекарасын және егемендігін мойындаған.
Қорытындылай айтқанда, мұндай мәлімдемелер тарихи фактілерге сәйкес келмейді және қазіргі халықаралық құқық нормаларымен үйлеспейді. Бұл, тек ‑ «саяси қысым көрсету» мақсатында айтылған сөз.
Сондықтан, Е.Федоров мырзаға Қазақстан аумағына енуге мемлекет тарапынан тиым салынған. Дұрыс тиым, оның «бөркін қазандай етудің» еш қажеті жоқ!
Abai.kz