Лев Толстойдың рухани дүниетанымы

Лев Толстой – адамзат рухани тарихындағы көрнекті тұлға.
Толстойдың рухани және адамгершілік ізденістері, адамның рухани сенімі, өмірдің мәні туралы көзқарастары орасан зор дүниетанымдық мұра.
Толстойдың өзін тәрбиелеу үшін жасаған қағидалары кемшіліктерден арылуға, өмірін реттеуге ықпал еткенімен 1877-1879 жылдары басынан өткерген ауыр психикалық дағдарыс жан дүниесіндегі түбегейлі рухани өзгерістерге ұласты, осы кезден бастап әлемге танымал жазушы дін, құдай, адамгершілік, адам өмірінің мәні туралы, бір сөзбен айтқанда, өмірдің барлық мәселелері ғұмырының соңғы күндеріне дейін толғандырды.
Толстой өзінің рухани ізденістерінің тарихын сипаттаған «Арылу» («Исповедь») өмірбаяндық шығармасында: «Менің қалым өте нашар, мен ақылға қонымды сананы іздегенде өмірді теріске шығарғаннан басқа ештеңе таба алмайтынмын, ал сенімім - ақыл-ойымды теріске шығарғаннан басқа ештеңе таба алмайтын. Менің жүрегім азаптан қажыды» - деп жазады.
Толстой кейін Құдайды іздегенін, яғни Мәңгі және Абсолютпен байланыс іздегенін, Құдайсыз адам өмірінің мүмкін еместігін мойындайды, оған өзінің көзін жеткізеді.
Сол кезде Толстой: «Мені жаратқан, маған үміт артқан, мені күтетін үшін - өмірдегі басты және жалғыз мақсатым адамгершілігімді жетілдіру үшін, өмірде жақсырақ болу үшін - Құдайға қайта оралдым» - дейді.
«Мәңгі дүниеге көзқарас»
Л. Н. Толстойдың «Дін дегеніміз не және оның мәні неде» (Что такое религия и в чем сущность ее) деген мақаласы адам өмірінің мәні және рухани дамуы туралы маңызды еңбектерінің бірі.
Аталған еңбектің IV тарауында Лев Толстой: «Шынайы дін - бұл адамның ақыл-ойымен, білімімен үйлестірілген, оның өмірін қоршаған дүниемен байланыстыратын, барлық іс-әрекетін басқаратын, адамның айналасындағы мәңгі дүниеге көзқарасы, дін өмірдің негізгі қозғаушысы, жүрегі болып табылады және болып қала береді, ал жүрексіз, ақылға қонымды өмір болмайды» - деген анықтама береді.
Толстой әр кездері әртүрлі діни ілімдерді: бахаи сенімі, брахманизм, буддизм, даосизм, конфуцийшілдік, ислам, квакеризм, сондай-ақ моралдық философтар: Сократ, кейінгі стоиктер, Кант, Шопенгауэр еңбектерін терең зерделей келіп: «Білім әрқашанда барлық адамдар үшін ең басты болды, ең үлкен құрметке ие болды, оны көбінесе дін деп, ал кейде даналық деп атайтын еді» дейді.
Лев Толстойдың «Менің сенімім неде?», «Дін дегеніміз не және оның мәні неде», «Зорлық-зомбылық заңы және махаббат заңы», «Арылу», «Догматикалық дін ілімін зерттеу» «Інжілдің қысқаша мазмұны», «Дін және ғылым», «Төрт Інжілді біріктіру және аудару». «Балаларға арналған Христос ілімі», «Христиандық ілім», «Христиандық және патриотизм», «Сіздің бойыңыздағы «Құдай патшалығы» көлемді еңбектерінде діннің мәнін, оның миссиясын көрсетеді, сондай-ақ адамгершілік, ізгілік негіздерін құрайтын рухани құбылыс ретінде таниды.
Толстой: «Діннің болмауы зорлық-зомбылыққа негізделген қатыгез хайуандық өмірге әкеледі, хайуандық өмір рухани өмірді түсінуге кедергі жасайды. Бұл сиқырлы бұғауды бұзу керек» деп тұжырымдайды.
«Адамдардың теңдігі де әр діннің сөзсіз, негізгі қасиеті болып табылады» деп анықтайды.
«Адамдар арасында бір-біріне деген сүйіспеншілік, өзара сенім болмайынша, адамдар бір-бірімен күресіп, өздерін құрта береді» - деп алаңдайды.
Адамның сенімі - оның психикалық күйі, оны белгілі әрекеттерге міндеттейтін, мынау дүниеде өзінің ұстанымын білдіретін санасы» деп анықтайды.
«Діндер, барлық тірі ілімдер сияқты, пайда болуға, дамуға, ескіруге, жойылуға, әрқашан бұрынғыдан да жетілдірілген түрде қайта жаңғыруға және қайта пайда болуға бейім» деген қорытынды жасап, «Адамзат діни ілімнің әлсіреу сатысына аяқ басты, бірақ дін одан әрі де адамзат дамуына жағдай жасайды» - деп үміт етеді.
Толстой: «Адамның мына дүниеге қатынасы екі негізгі қарым- қатынастан тұрады: біріншісі, адамның өз өмірінің мәнін тану, екіншісі, басқа адамдармен қарым - қатынасы, мына дүниеге адамды жібергенге қызмет етіп, өмірдің мәнін мойындайтын христиандық өмірі. Екінші қатынасы – біріншісінің кеңеюі, яғни, оның қоғамдық мәні, өміріне, отбасына, тегіне, ұлтына, халқына, мемлекетіне және белгілі тұлғаларға қарым- қатынасы, оның ізгілігі қоғамда өмір сүру міндеті болып саналады» - дейді.
Лев Толстой: «Құдай - әр адамда болуға тиіс және әр адамда сөзсіз ол бар».
Лев Толстой «Арылу» шығармасында қандай діни сенімде тәрбиеленгенін, құдай туралы алғашқы балалық сезімдерін, жас кезіндегі құдайға көзғарасын былай сипаттайды:
«Мені христиандық православтық сенімде шоқындырып, тәрбиеледі. Балалық шағымнан есейгенге дейін үнемі діни сенімге үйретті. Мен 18-ге толып, университеттің екінші курсына көшкенде маған үйреткендердің біреуіне сенген емеспін.
Есіме түскендерінің кейбіріне қарасам, мен шын ниетіммен дінге сенген емеспін, тек үлкендердің үйреткендеріне, оқытқандарына, бұрын менің алдымда олар сенгендерге ғана сеніп келдім, оның өзі де ұшқары сезім еді.
Он бір жасымда гимназияда оқитын бір бала, ертерек қайтыс болған Володинка М., біздің үйге жексенбілікке келіп, гимназияда өзінің ашқан соңғы жаңалығымен бөліскені есімде. Оның ашқан жаңалығы құдай жоқ, ал бізді оқытатындардың барлығы ойдан шығарылған деген болатын (бұл 1838 жыл еді). Есімде қалғаны үлкен ағаларым бұл жаңалыққа қызығушылық танытып, мені де әңгімеге шақырды. Біздер бұл жаңалықты қызу талқылап, әбден қызық болуы мүмкін жаңалық деп қабылдағанбыз.
Тағы бір есімде қалғаны, үлкен ағам Дмитрий, университетте оқып жүріп, оған тән құштарлығымен дінге беріліп, барлық діни қызметтердің бірін қалдырмай барып жүретін, ораза тұтып, таза, діни салтпен өмір сүретін, ал, біздер де және біздің үлкен ағаларымыз да оған үнемі күлетін, неге екені белгісіз ағамды Ной деп атап кеттік. Қазан университетінің бұрын қамқоршысы болған Мусин-Пушкин бізді биге шақырып,билеуден қашатын менің ағама Ковчег алдында Давидте билеген деп, оған күліп, билеуге көндіруге тырысқаны есімде. Үлкендердің ағамды мазақтағанына ішімнен аяп, бұдан былай діни ілімге үйрену керек, шіркеуге бару қажет деген қорытынды шығардым, бірақ бұны шын көңіліммен қабылдауды қажет деп таппадым. Мен жасымнан Вольтерді оқыдым, оның құдайға қарсы сайқымазақтары мені ашуландырмақ түгіл күлкіге батыратын.
Қазір де және бұрын да адамның өміріне, оның ісіне қарап құдайға сенетінін немесе сенбейтінін анықтау мүмкін емес.
Православтық сенімді ашық уағыздайтындар мен оны жоққа шығаратындардың арасында айырмашылық болса, ол әрине, сөзсіз біріншісінің пайдасында емес. Қазір де және бұрын да православтықты мойындау және оны уағыздау көбіне надан, қатыгез және арсыз, өздерін басқалардан өте жоғары санайтын адамдардың арасында кездесетін. Ал ақыл, адал өмір сүру, ашық мінез, мейірімділік пен адамшылық көбіне өздерін дінге сенбейтіндер арасында таралды.
Мектепте ізгілікке оқытып, шәкірттерді шіркеуге жіберетін, шенеуніктерден тұрмысында дінге қатысы туралы куәләрді талап ететін. Қазірде және бұрында біздің ортада оқыған, білім алған және мемлекеттік қызметте істемейтін христиандар арасында тұратынын бір еске алмай адам өмір сүре алды, өздерін христиандық православтық ілімді ұстайтындармыз деп есептеді.
Қазір де және бұрын да сыртқы күштің қолдауымен әрең тұрған діни сенім оған қарсы тұратын өмірдің және білімнің қуатына қарсы тұра алмады, оның үстіне адам өзінің діни сенімін елестете жүріп ұзақ өмір сүрді, ал шынында бала кезінен оған үйреткен діни наным сенімнің ізі де қалмады, ол оның бойында жоқ екенін өзі де сезбеді.
Ақылды, шыншыл С. деген адам маған қалай құдайға сенуден қалғаны туралы былай әңгімелеп берді.
Ол жиырма алтыда болатын, бірде аңшылықта жүргенде бала кезіндегі әдеті бойынша С. кеште сыйынуға тұрады. Аңшылыққа бірге шыққан, шөп үстінде оған қарап жатқан үлкен ағасы С. сыйынып біткен соң: «Сен осы күнге дейін бұны істейсің бе?» дейді. Бұдан соң олар біріне - бірі ештеңе демейді. С. осы күннен бастап құдайға сыйынуды, шіркеуге баруды қояды. Міне отыз жыл болды құдайға құлшылық етпейді, таранбайды, шіркеуге бармайды. Ол ағасының көзқарасын білгеннен емес, не өзінің жанына бірдеңе істейінші дегеннен оған қосылған жоқ, ағасы айтқан бір ауыз сөз оның жүрегінде діни сенім бар деген, бірақ бос тұрған қуысты түртіп, өзінің салмағынан құлайын деп тұрған қабырғаны саусағымен түртіп жібергендей болады, оның сөзіне қарағанда, крестке шоқыну, құлшылық етіп жығылу мәнсіз екенін, олардың қажетсіздігін түсініп, ол құдайға сыйынуды тоқтатады.
Көптеген адамдар тап осындай жағдайда болды деп ойлаймын. Мен сенімді мақсатына қол жетудің алдамшы құралы етіп алатындар туралы айтып тұрған жоқпын (ондай адамдар құдайға мүлдем сенбейтіндер, өйткені олар сенімді тіршілігіндегі мақсаттарға жетудің құралы ретінде қолданады, онда ол сенім емес шығар) мен біздің деңгейдегі қазіргі оқыған, өздеріне адал адамдар туралы айтып отырмын. Біздің деңгейдегі оқыған қазіргі адамдар өмір мен білім жасанды ғимаратты құлатты деп өздерін құдайдан біржолата босатты немесе өзіңіз байқағандай, бұнысын өздері де байқамады.
Бала кезден мені үйреткен сенімді басқалар жоғалатқандай мен де солай жоғалттым, айырмашылығы сол, мен ерте кезден көп оқыдым, ойлай бастадым, менің діннен бұрылуым бұрынырақ, саналы түрде болды. Он алты жастан бастап мен құдайға сыйынған емеспін, жүрегімнің қалауы бойынша шіркеуге баруды, ораза тұтуды қойдым. Бала кезімнен маған айтқандарға сенген емеспін, мен басқаға сендім, нақты мынаған сендім деп те айта алмаймын. Сонымен бірге, мен құдайға сендім бе немесе оны мойындадым ба оны да айта алмаймын, шындығында, мен құдайды жоққа шығарған емеспін, Христос пен оның ілімінде теріске шығармадым, бірақ оның ілімінің не екенін түсіндім деп те айта алмаймын» деп бірінші тарауын аяқтайды.
Лев Николаевич Толстой көп жылдардан соң Құдай туралы мынадай тұжырымдарға келеді:
Что такое Бог? Бог – это бесконечное всё, чего я сознаю себя частью. Бог – это то, к чему, хочет ли он или не хочет этого, стремится всякий человек, то, в стремлении к чему состоит жизнь всякого человека. И потому Бог есть то, что необходимо, неизбежно существует для всякого человека.
Құдай деген не? Құдай – бұл, мен өзімді оның бір бөлігімін деп ұғынатын шексіз дүние. Құдай- бұл, әрбір адам ол қаласа да, қаламаса да ұмтылатын, әрбір адамның өмірі оның ұмтылуынан тұратын дүние. Сондықтанда Құдай - бұл барлық адамдар да болуға тиіс және әр адамда ол сөзсіз бар.
Любить бога – значит любить то высшее добро, какое мы только можем себе представить.
Құдайды сүю - көз алдымызға елестете алатын қандай бір ең жоғарғы ізгілікті сүю.
...Сознание бога – основы нашей жизни. На этой глубине сознания мы все соединяемся воедино.
...Құдай санасы - біздің өмірдің негізі. Сананың осы тұңғиығында біз бәріміз тоғысамыз.
Отрицать бога – значит отрицать себя как духовное, разумное существо
Құдайды жоққа шығару- өзіңді рухани, ақыл-есі бар тіршілік иесі ретіндегі өзіңді жоққа шығару.
В человеке живёт Дух Божий, т. е. его способность к самоизменению, творчеству, а практическое правило — поступать так, как человек хочет, чтобы поступали с ним.
Адамда Құдай Рухы өмір сүреді, яғни, өзін- өзі өзгертуге, жасампаздыққа қабілеті, ал рухтың көрінісі – адам өзімен не істегісі келсе, оның бірге істегісі келетін әрекеті.
«Сущность жизни, не есть отдельное существование, а Бог, заключенный в человеке; смысл жизни открывается тогда, когда человек признает собою свою божественную сущность».
«Өмірдің мәні, әлдебір тіршілік емес, адамның бойындағы Құдайшылық, өмірдің мәні адам өзінің құдайшылық болмысын таныған кезде ашылады».
Толстой діни- философиялық еңбектерінде ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді үнемі ашық жариялайды: өзінің кемшіліктерін мойындау, өкіну және арылу арқылы құдайдың маңызын түсіндіреді.
«Құдай Патшалығы» сенің ішіңде немесе христиандық мистикалық ілім ретінде емес, жаңа өмір түсінігі ретінде» («Царство Божие внутри вас, или Христианство не как мистическое учение, а как новое жизнепонимание») трактатында Толстой Құдайға сенімі адамшылық танымдарын өзгертуге, нәпсіқұмарлығын, тәкаппарлығын тануға ықпал еткенін жазады: «Христос маған менің ізгілігіме зиянды бірінші кемшілігім - адамдармен араздығымды, оларға деген менің ашуым туралы көрсетті. Мен мұны мойындаймын, сондықтанда мен бұрын жасағанымдай, енді басқа адамдармен саналы түрде араздаспаймын, менің араздасқан адамдармен татуластуды іздемейтінімді де алғаш ескертті» деп келеді де жан дүниесіндегі осындай бес -алты рухани мойындаулармен, ішкі өзгерістерімен бөліседі.
«Толстой шын өмірдің үлгісін іздеді. Толстой бар - жан-тәнімен, бар мүмкіндігін Жаратушысын іздеп, тануға талпынған жан еді, – дейді ақын, аудармашы, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, хикметтік проза жазумен, орыс-батыс классиктерін аударумен айналысатын жазушы Абай Қалшабек «Толстойдың «шын сыры» мақаласында кемеңгер ойшылдың шын сырын: «Құдайға сенсем болғаны мен тірілемін, есімнен шығарсам, сенбесем болғаны, мен өлдім. Құдайға сеніп өмір сүр. Сонда құдайсыз өмір болмайды» Бұл Абай хакімнің: «Күндіз-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне ғашық қылған оның әмірі» дегенімен үндес. Толстой өмірдің ұлы сынақ екенін ұғынды. Өмірдің асау дария екенін, адамның дарияға жіберілгендегі мақсаты-ағыспен ағу емес, жағаны табу екенін де жақсы түсінді. Бәлкім, сол жағалауды, жандүниені нұрға бөлейтін ақиқат жағалауын, тапқан да шығар. Оны біз білмейміз» - деп аяқтайды.
Құдайдан адамгершілік іздеген Толстой
«Адамдар өздерінің өміріндегі мәселелеріне байыпты қараса болды, Кришна, Будда, Конфуций және Христос, Магомет және ең жаңа діни ойшылдардан бастап барлық діни ілімдер бірдей, олар адамгершілік ақиқатты адамдарға ашты» – деп жазды Толстой.
Толстой адамшылық ғұмырында Құдайдан адамгершілік іздеді, ол Құдайдың рухани құдыретін ақылды сана туралы өзінің рухани көзғарастарымен жалғастырды.
Толстойды өмірге көқарастары үшін көп кінәлады, жиі сыналды, алайда дәйектілікпен, бір ізділікпен бір идеяны –адамгершілікпен жетілуі идеясын ізгілікпен уағыздаған бір адам болса соның біреуі Толстой, оның күнделіктеріндегі адамгершілік, моральдық - этикалық толғаныстары мен көзқарастары бүгінде эволюциялық сипат алды. «Мен айналадағы табиғатқа қарап, ойлана бастасам, - деп жазды он тоғыз жасар Л.Н. Толстой алғашқы күнделік жазбасында - барлық нәрсе үнемі дамып жатқанын және оның әрбір құрамдас бөлігі бейсаналық түрде басқа бөліктердің дамуына ықпал ететінін көремін; адамда табиғаттың бір бөлшегі, бірақ ол санасымен ерекшеленеді, өзінің ақыл-ой қабілетін саналы түрде пайдаланып, адамгершілік қабылетін дамытуға ұмтылуы керек» – дейді.
Толстой адам бойындағы мейірімділік пен адамға сүйіспеншілікті, адамға жан ашу (аяушылық) қасиеттерін, адамдарға қамқорлықты, басқалардың бойындағы жақсылықты көруі секілді қабілеттерді жоғары қойды, осы қасиеттер қатыгездік пен тасбауырлыққа, мейірімсіздікке қарсы тұрады деп санады, сондай-ақ адалдық, әділдік, туралық, абыройын, ар- намысын сақтау, көрегенділік, шыншылдық қасиеттерді бағалады.
Лев Толстой өзі де игі істерімен, ізгілігімен, адамгершілік сезімталдығымен ерекшеленді, оның осы қасиеттері заманының басқа ойшылдарынан жоғары етті, Толстойды «Әлемнің ар-ұжданы» деп те атады.
Көркем туындыларында адам тағдырының жұмбақ қырларына терең үңіліп, мейірімділік пен адамгершілікке, сүйіспеншілікке, адамгершілік махаббатқа толы идеялар мен көркем образдар тудырды, Еуропа ағартушылары Толстойды адамгершілікті уағыздаған моралист ретінде таныды, сөйткенмен Толстой адамгершілікті діннен, құдайдан іздеді, дінге сенім артты, «адамгершілік тәрбиесі діннің ең басты міндеті» деп санады.
Толстой: «Адамгершілік діннен тәуелсіз емес, ол діннің салдары да емес, адамгершілік діннің өне бойында..., адам өзін мына әлемді танитын болмыс ретінде адамгершіліксіз өмір сүре алмайды» - дейді.
«Балалармен адамгершілік туралы әңгімелер» мақаласында Толстой білім беру жүйесі негіздеріне адамгершілік қағидаларын енгізу мүмкіндіктері туралы идеясын ұсынады. Ясная Поляна мектебінде балаларға адамгершілікті қалай уағыздағанын, қалай үйреткені туралы: «Ғасырлар бойы әртүрлі ойшылдардың адамгершілік туралы айтқандарын жинап, оларды он жасқа толған балаларға оқы, өз тіліммен айтып жеткіздім, оларды әртүрлі бөлімдерге бөліп, күн сайын балаларға адамгершілік туралы бір ойды әр бөлімнен оқып тұрдым, оқығаннан кейін түсініксіз жерлерін оларға қайта түсіндіріп, балалардан түсінгендерін өздерінің сөздерімен айтып беруді сұрадым. Мұндай бөлімдер жиырмаға жуық еді. Негізгі бөлімдер мынау: 1) Құдай. 2) Құдайдың еркімен өмір сүру. 3) Адам- Құдайдың ұлы. 4) Ақыл. 5) Сүйіспеншілік. 6) Жетілу. 7) Жігер 8) Ой 9) Сөз. 10) Іс-әрекет. 11) Ішкі арбау. 12) Сыртқы азғыру. 13) Кішіпейілділік. 14) Өз пайдаңнан бас тарту 15) Қарсылық. 16) Қазіргі өмір. 17) Өлім. 18) Өмір - ізгілік.19) Сенім.». Толстойдың пікірінше, дін мен адамгершілік білім берудің негізі болуы керек деп санады.
Кедейлік пен байлық адамның адамгершілік өміріне екеуі де қауіпті: «Мен кедейлікті ұнатпаймын, мүлдем жек көремін, жоқшылықта өмір сүріп жүргендерді аяймын, бірақ мен одан да жаман көретін, жек көрмеуім мүмкін емес, жеккөрінішті - байлық: жер меншігі, банктер, пайыздар» дейді. (Шығармалар жинағы 20 том. – 192 бет).
Лев Толстой 1907 жылғы 13 ақпанда күнделігінде:
[...] «14) Өзгелерді өзіңдей көр. Өйткені, олар сенің өзіңсің. Сондықтан олардың жаман істерінің сенің өзіңмен болғандай қара, сен өзіңе қарайтындай, оларға да мейіріміңмен қара. Өз күнәларың сияқты, олардың да өздерінің күнәларынан арылып, тәубаға келуіне, түзелуіне үміттен» деп жазады.
Толстой 1908 жылы күзде ( «Время пришло») деген мақаласында: «Менің бұл ғұмырда аз күндерім қалды. Өлместен бұрын барша адамға, сүйікті бауырларыма мұны айтып кетуім керек, айтпасам тынышталмаймын»...- деп бастайды ..., екіншіден, мемлекет деген не, оның бізді басқаруға қандай құдыреті барын біліп алайық? Мемлекет деген - ол билік. Ал билік – ол біздің өмірімізді басқаратын адамдар. Олар қандай, ең жақсы адамдар ма, әлде ең мықтылар ма? Біреуі де емес. Олар мұрагерлікпен билікке келген, не әділетсіздікпен бұрмалап, Наполеон, Екатерина сияқты, билікті басып алған адамдар не ебін тауып кездейсоқ билікке жеткен адамдар» деп жазады. Бар жанымен адамдарды қанауға, алдауға қарсы Лев Толстой осы жазбасында адамдардың құдайға, өздеріне сенбеуінен жеккөрінішті, бағынышты құлдықта жүргеніне, одан арылуға, оянуға шақырады.
Қоғамда жаппай таралған маскүнемдік туралы 1908 жылы жазған «Пора опомниться!» («Есті жиятын кез келді!») мақаласында Лев Толстой: «Маскүнемдік - адамдардың денсаулығын құртады, ақыл-ой қабілетін, отбасын бұзады, ең шошырлығы адамдардың жанын улап, олардың келешек ұрпақтарының денсаулығына зиянын тигізеді, соған қарамастан, жылдан жылға ішімдік салдарынан маскүнемдік кеңінен таралуда және көбеюде. Жұқпалы ауру адамдарға жұғуда: әйелдер, қыздар, балалар қазірдің өзінде ішеді.Ересектер мұндай улануға кедергі келтірудің орнына, өздері мас болып, маскүнемдікті қолдайды. Байлар да, кедейлер де мас немесе жартылай мас болмай көңіл көтеру мүмкін емес деп ойлайды, өмірдің қандай болмасын жағдайында: жерлеу, үйлену, шоқындыру, бөлек шығу, жолығысу, күн көріс қайғысы мен өмірдегі қуанышын білдірудің ең жақсы тәсілі- бұл есеңгіреу, адамгершілік қалпын жоғалту, жануарға ұқсау» -деп налиды.
Жалғасы бар...
Салауат Кәрім
Abai.kz