Дүйсенбі, 19 Мамыр 2025
«Соқыр» Фемида 183 0 пікір 19 Мамыр, 2025 сағат 14:33

Трамп әлем тәртібін қалпына келтіруші ме, бұзушы ма?

Сурет: share.america.gov сайтынан алынды.

Трамптың Ақ үйге қайта оралғанына 4 ай толды. Ол сайлауалды уәдесінде Газа қақтығысы, Ресей-Украина соғысы, Иран мәселесін реттеуге уәде берген еді. Бірақ ХАМАС пен Израиль, Ресей мен Украина арасында келіссөздер жүргенмен мәселе оңды шешілген жоқ. Иран да Атом өндірісіне байланысты АҚШ ұсынған келісім шартты қабылдамады. Үндістан мен Пәкістан арасы қайта ушықты. Соғысып барып тоқтады.

Саяси сарапшылар "мен президент болғанда, соғыс болмаушы еді" дейтін Трампты "бейбітшілік орнатушы" деп бағалауға әлі ерте деп санайды. Оның "Америка мүддесі алдынғы орында" деген ұстанымы сырт көзге әлемнен бөлектену болып көрінгенімен, іс жүзінде астарында қалыптасқан дәстүрлі геосаяси қатынастарды бұзу мақсаты жатыр екен.

Уақыт озған сайын, оның берген уәделері орындалмай, сөзі мен ісі қабыспай, бастаған бастамалары сиырқұймышақтанып бара жатқандай көрінеді. Оның басты себебі әр шөптің басын бір шалып, бір мәселеге тыянақты қарамай, өз позициясын мың құбылтуында екен. Саяси тұлғаларға көзқарасы да уақыт сайын өзгеріп отырған. Олардың қатарында Ресей басшысы Путинге, Қытай басшысы Сиге, Израиль басшысы Нетанияхуге, Украина президенті Зеленскийге көзқарастары бар.

Ол өзін "Әлемге бейбітшілік орнатушы" ретінде көрсету үшін соғысушы тараптарды келісім шартқа отырғызу үшін ғана келісім әзірлеп, іс жүзінде мазмұнына мән бермеген. Бұл тактикасы сырт көзге үлкен нәтиже болып көрінгенмен, шындық керісінше болып шығуда.

Трамп сондай-ақ, әлемдік ықпалды "жұмсақ күш" арқылы жүргізу жолынан бас тартып (USAID ұйымын жабу) ескі замандардағы территория кеңейту стратегиясын қайта тірілткен. Оның Панама мен Греландияны АҚШ-қа қосу, Канаданы Американың 51-ші штатына айналдыру жоспары соның көрінісі.

Трамп әлем тәртібін бұзушы ма, түзеуші ме деген сұраққа келсек, Ол ең алдымен саудагер. Оның Парсы шығанағындағы үш бай елге сапары соны әйгіледі. Ол бейбітшілікке де пайда көзімен қарайды. Украинаның сирек металль қорына көз салуы, НАТО мүшелерінен қорғаныс қаржысын көбейтуді талап етуі - соның айғағы. Оның әріптестері де бейбітшіліктің тегін келмейтінін, үлкен бодау беруді талап ететінін түсіне бастағандай.

Қорыта келгенде, Трамптың көздегені өз образы, Американың абройы емес, өзінің байлығы, билігі, Ақ үйдің құзіреті. Басқаша сипаттасақ, егер ол Нобель сыйлығын алуға ұмтылса, ол сыйлықтың әлемдік беделіне емес, 1 миллион сыйақысына қызыққан болып шығады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2723
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4467