Дүйсенбі, 19 Мамыр 2025
Мәдениет 170 0 пікір 19 Мамыр, 2025 сағат 13:32

Ролан Петидің үш жауһары

Суреттер: «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз қызметінен алынды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 16-17 мамырда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында аңызға айналған француз хореографы Ролан Петидің «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» бір актілі балеттерінің премьерасы зор табыспен өтті.

Ролан Петидің есімі XX ғасырдағы балет тарихында айрықша орын алады. Ол ең көрнекті француз хореографтарының бірі ретінде классикалық би дәстүрін қайта ой елегінен өткізуге тырысып, оған заманауи реңк үстеді. Оның жасаған балеттері – бұл әрдайым өткір сезімпаздықты, қимылдардың мәнерлілігін және музыкамен терең байланысты біріктіретін тұтас драматургиялық туынды болып шығады.

ТМД кеңістігінде Ролан Петидің балеттері бұрынғыша сирек кездеседі, себебі Ролан Пети қоры оларды орындауды нағыз мықты труппаларға ғана сеніп тапсырады. Бұл тұрғыда Қазақстанның өзгелерден ерекшеленетіні көңілге қуаныш ұялатады. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың арқасында театр ұлы шебердің бес танымал қойылымына ие болды. Алтынай Асылмұратова ұлы хореографтың шығармашылығымен жақсы таныс, өйткені әлемдік жұлдыз бес жыл бойы оның труппасында прима-балерина болып, аңызға айналған Марсель балетінің сахнасында жарқын өнер көрсетті. Бұл тәжірибе оны әртіс ретінде жетілдіріп қана қойған жоқ, сонымен қатар Р.Пети спектакльдерін қазақстандық сахнаға алып келуге берік негіз болды.

Р.Петидің хореографиясындағы «Леда мен Аққу», «Таис» және «Кармен» балетінен па-де-де сынды жеке нөмірлер театрдың гала-бағдарламаларында орындалғанын атап өтуіміз керек. Ал оның ауқымды екі спектаклі – «Париж Құдай анасының соборы» мен «Коппелия» труппа репертуарына 2016 және 2019 жылдары қосылды. Ал енді «Астана Опера» афишасына оның танымал бір актілі балеттері көрік береді.

«Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» – үш айтулы балет. Хореограф дүние жүзі бойынша көп гастрольге шығып, барлық ірі балет труппаларымен жұмыс істеді. Қала муниципалитетінің өтінішімен 1972 жылы Марсель балетін құрып, 1974 жылы труппа үшін «Арлезианканы» жасап шығарды. Ашықтық пен символизмді біріктірген «Бозбала және Өлім» балеті көрермендерге алғаш рет 1946 жылы таныстырылған. Ал 1949 жылы әлем көше фольклоры мен ерекше пластикасы бар классикалық хикаяның жаңаша пайымдамасы – «Кармен» батыл балетін тамашалады.

Бұл балеттерді жаңғырту зор күш салуды талап етті: Р.Пети хореографиясын алып келумен Луиджи Бонино айналысты. Тарихи декорациялар мен костюмдерді түпнұсқа сызбаларға сай етіп қалпына келтіру француз суретшісі Жан-Мишель Дезире үйлестірген қазақстандық суретшілердің ассистенттеріне жүктелді. Сондай-ақ музыкалық партитуралармен тиянақты жұмыс атқарылды. Айта кетейік, Элмар Бөрібаев  пен Руслан Баймурзиннің басқаруындағы оркестр керемет ойнап, үннің тамаша қуаты мен музыкаға деген айқын адалдықты паш етті.

Кештің бірінші бөлімі – Жорж Бизенің музыкасына «Арлезианка» балеті. Ол  Виветке деген шынайы махаббаты мен қол жетпес «арлезианкаға» деген жойқын құштарлығының ортасында қалатын прованстық жас тұрғын Фредериктің қайғылы хикаясын әңгімелейді. Прованстық нақыштан шабыт алған Р.Пети бірегей сахна тілін жасады: шаруалардың көпшілік сахналары бірсарынды қимылдарға толы, олардың тұйықталуы кейіпкердің арманына қол жеткізуге деген жанкешті талпынысын айшықтайды. Ұлыбританиядан келген балет ұстазы Джиллиан Уиттингемнің жұмысы арқасында кордебалет өзін жақсы көрсетті.

Түрлі күндері сахнаға шыққан Шұғыла Әдепхан мен Анастасия Заклинская Виветтің бейнесін толығымен түсінді: біріншісі ұшталған техниканы нәзік жігермен паш етті. Оның секірулері ұлпадай жеңіл, аяқтары дәл, барлық қимылы ширақ орындалды. Екіншісінің тыныш, ішкі нұры бар, ол нәзік әрі ұстамды болды және қимылдары биге тартымдылық үстеп, ішкі тереңдігі мен құштарлығын көрсетті. Фредериктің партиясындағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен Сұлтанбек Ғұмар қайғының екі түрлі жағын ұсынды: олардың биінде психологиялық күйреу мен айқын құштарлық бейнеленді. Әсіресе қорытынды соло айрықша әсерлі болды, тасқынды қозғалыстар легі кейіпкердің жанын сыртқа жұлмалап алып шығатындай еді. Орындаушылар адамның рухани құлдырауын байыпты әрі шебер алып шықты. Сонымен қатар бір уақытта кейіпкердің болмысын баяу әрі аяусыз билеп алатын жайдары да ашық толғанысты жеткізді.

«Бозбала және Өлім» жалғыздықтың қорқынышты айғайындай үдеді. Сахнада – жұпыны мансарда, сиықсыз қабырғалар, түнеріңкі париждік шатырлар. Бозбала өз әлеміне ашық сары көйлектегі Әйел – азғырушы әрі аяусыз Өлім басып кірмейінше, іштегі жындармен күреседі. Соғыстан кейінгі кезеңде пайда болған «Бозбала және Өлім» орындаушылардан зор эмоциялық қайтарымды талап ететін  өткір жеке драмаға айналады.

Анастасия Заклинская мен Лимара Айдарова Өлімнің бейнесін тамаша орындап шықты. Біріншісі оны Бозбаланың тағдырымен ойнаған қатал сирена ретінде жүзеге асырды: оның нәзік жымиысы, дененің иілімі қауіп пен зұлымдықты сездірді. Айта кетейік, Анастасияның осы партиядағы дебюті 2023 жылы Женевада болған еді, сондықтан оның орындауында жинақталған тәжірибе байқалды. Француздық салтанаттылықты паш еткен Л.Айдарова Бозбалаға қатыгездікпен үстемдік еткен, оның бетіне байқаусызда түтін үрлегендей болған суық әрі немқұрайлы, қауіпті әйел ретінде шықты. Соңында Әйел Бозбалаға арқанды өзіне тағуды бұйырады, таңданған Бозбала өз еркімен оның соңынан басқа әлемге аттанады. Кейпін өзгерткен Өлім желпілдеген ақ көйлекте және алқызыл қолғапта, бас сүйек түріндегі маскада пайда болып, Бозбаланы Париж шатырларының үстімен көкке алып ұшады.

Бозбаланың партиясын әлемдік сахналарда бірнеше мәрте керемет орындаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан үздік физикалық дайындық пен шебер техниканы көрсетті. Ол Ролан Петидің кезінде осы партияның ең алғашқы орындаушысы ұлы Жан Бабилеге қойған жоғары талаптарына сай келді. Бақтияр Адамжанның интерпретациясы ішкі драматизмге толы болды: Бозбаланың мансардада  сергелдеңге түсетін сәті жасөспірімге тән сұрапыл дауылды еске салды. Көк комбинезондағы Бақтияр таңғалдырарлық үш реттік айналуларды жасады, жиһаздан бар пәрменімен оңай секіріп өтіп, физикалық күш-қуатты актерлік шеберлікпен біріктірді. Осы бейнеде Серік Нақыспеков те шынайы көрінді. Оның қимылдарында айрықша күшті жеңілдік сезілді, ал секірулері құстың қалықтап бара жатқанындай әсер қалдырды: көріністердің бірінде ол ауада кідіргендей болып, кейіпкерінің іштей құлазыған күйін жеткізді.

Кештің шарықтау шегі құштар әрі бас айналдырарлық қойылым – «Кармен» болды. Р.Пети операның сюжетін түбегейлі қайта қараған: Дон Хозе қызғаныштың салдарынан кісі өлтірмейді, ол жанынан өтіп бара жатқан адамды ақша үшін мерт қылады. Сондай-ақ мұнда музыкалық үзінділер еркін бөлінген, тіпті күтпеген жерлерінде әйгілі Хабанера шырқалады. Осынау «қате» монтаж балеттің Карменнің өзі секілді адуынды көше рухын айшықтайды.

«Астана Операдағы» спектакль керемет етіп жасалды: Клавенің түнеріңкі декорациялары, жарықпен жасалған шебер жұмыс, тавернадағы орындықтар ретсіздігі мен эмоциялар дауылы. Қарақшылар триосы театрлық экспрессиядан қорықпай, спектакльдің сәнін келтірді.

Балеттік қойылымдағыдай мұнда басты назар орталық жұпта болады. Бұл жұпты бір кездері Ролан Пети мен оның музасы – сұлу Зизи Жанмер орындаған еді. Бүгінде бұл партияларда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева мен Айгерім Бекетаева, сондай-ақ балет солистері Ғалымжан Нұрмұхамет пен Диас Құрманғазы жарқын өнер көрсетті. Олардың әрқайсысы өз бейнелерін жанды бояулармен және ішкі тереңдікпен толтырды.

Мәдина Өнербаеваның орындауындағы Кармен көше патшайымы іспетті. Ол батыл, тартымды және бойында шамалы қатыгездіктің белгісі бар. Оның қимылдарынан еліктірерлік нәзіктік пен еркін болмыстың лебі еседі. Бұл өктем әрі тартымды Кармен – темекі фабрикасының жұмысшысы, таверналар мен аулалардың нағыз аңызы.

Айгерім Бекетаева сахнада Карменнің басқа бейнесін жасады, оның кейіпкері бір уақытта сұлу әрі қатыгез. Оның иілгіш дене бітімі, айқын жанары мен қысқа етіп қиылған шаштары қатты қимылдарға, екпінді бұрылыстар мен бас айналдырарлық секірулерге бай хореография тілінің бір бөлшегіне айналды. Оның техникасы ұшталған, қимылдары күш-қайратқа және кейіпкеріне тән жеңіл мінез-құлыққа толы.

Дон Хозенің партиясындағы Ғалымжан Нұрмұхамет пен Диас Құрманғазы түрлі күндері кейіпкердің шиеленіскен ішкі сезімдерін паш етті. Олардың орындауындағы Дон Хозе – ішкі қақтығысы жанын жегідей жеген ғашық сарбаз. Биік секірулер, өткір қозғалыстар фразасы, фламенконың әсерінен туған жүйкені тоздыратын екпіндер – осының барлығы әңгіменің бір бөлшегіне айналды. Мұнда әрбір қимыл құштарлық пен парыздың күресі туралы баяндады.

Балет труппасының энергиясы әрбір сахнада сезілді: кордебалет әртістері бірге және жеке де үйлесімді көрінді. Мұнда сауық кештері мен құштарлық тағдырдан күшті болатын басқа әлемді жасауға деген батыл арманның атмосферасы қалықтады.

Алтынай Асылмұратованың жетекшілігіндегі «Астана Опера» балет труппасы жоғары шеберлік деңгейін паш етті. Р.Петидің бір актілі балеттерінің бағдарламасы театр мен  еліміздің мәдени өмірі үшін маңызды кезеңге айналды. Әртістер әлемдік жауһарлармен жұмыс істеуден бірегей тәжірибе алды, ал көрермендер төлтума заманауи балет театрының жанды энергиясын сезіну мүмкіндігіне ие болды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2723
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4467