Жаңа cалық кодексі: Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?

2025 жылдан бастап Қазақстанда жаңа салық кодексі күшіне енбек. Бұл құжат қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр. Үкімет бұл реформаны салық жүйесін әділетті, тиімді және цифрлы дәуірге сай ету жолындағы маңызды қадам ретінде таныстырса, тағы бір топ сарапшылар оның қарапайым халық пен шағын бизнеске қосымша салмақ түсіруі мүмкін екенін алға тартуда.
Салық жүйесінің бұрынғы моделі қазіргі экономикалық ахуал мен цифрлық технологиялардың даму қарқынына ілесе алмай қалды. Көлеңкелі экономика көлемі әлі де жоғары деңгейде, ал бюджетке түсетін түсімдердің тұрақтылығы жиі сынға ұшырап келеді. Ал қоғам талқысына түскен сауалдар мыналар:
Жаңа салық кодексі орта тап пен шағын бизнеске нақты қандай әсер етеді — бұл қолдау ма, әлде қысым ба?
Прогрессивті салық жүйесі Қазақстан қоғамында әлеуметтік әділеттілікке жол аша ала ма, әлде экономикалық теңсіздікті тереңдете ме?
Цифрлық бақылаудың артуы азаматтардың қаржылық еркіндігіне және құпиясына кері әсер етуі мүмкін бе?
Осы ретте сарапшылардың пікіріне жүгіндік:
Омарәлі Әділбекұлы, қоғам қайраткері:
«Елімізде соңғы салық кодекісі Зейнолла Кәкімжанов мырза ҚР Кіріс министрі болып тұрғанда айналысқа енген. Одан бері жиырма жылдан асты, бұл уақытта әлем үлкен өзгеріске ұшырады, елімізде де дамудың жаңа белестері басталды. Сондықтан кезекті Парламентте талқыланып, жұрт арасында пікір-талас тудырған жаңа салық заңы – уақыт талабы, замана беталысы деп білеміз. Үкімет ұсынған салық заңына бағытталған өзгерістерді әсіресе ҚҚС-на қатысты өзгерісті алғашқы оқылымда Парламент мүшелері қабылдамай тастады. Міне, бұл Жаңа Қазақстанда Парламент функциясының күшеюі деп білеміз. ҚҚС-ның өсуі әрине шағын, орта кәсіптің дамуына белгілі әсер етеді. Әсіресе еліміз дамуының басым бес бағытының екеуі ретінде Президенттің аузымен айтылған туризм мен көлік-транзиттік әлеуетімізге белгіKі дәрежеде ықпал етеді. Елімізде еңбек күші қымбат, нарық кішкене, осы тұрғыдан келгенде басқа да Орта Азия елдерімен болған бәсекеде ұтылуымыз мүмкін.
Еліміз азаматтарының және мемлекеттік қызметкерлердің салық жөніндегі танымы, түсінігі әлі толық қалыптасып болған жоқ. Олар ұлттық менталитеттік шектемеден, отарлық езгіден қалған санадан, жаһандану үдерісіндегі ақшаға табыну психологиясынан әлі арылып болған жоқ, сондықтан олар адам капиталын пайдалану, әлуметтік әділеттік орнату деген ұғымдарды ұмытып кетеді. Мемлекеттік мүддеден гөрі қара басының қамын көбірек жейді. Салық заңының бұлыңғыр, екіұшты әр тармағы олар үшін кәсіпкерлер мен қарапайым халықты қинау үшін табылмайтын құрал. Сондықтан салық органдары назарын алып кәсіп орындар мен монополиялық үстемдікке ие мемлекеттік корпорацияларға және мемлекеттік тендермен жұмыс істейтін компанияларға аударғаны жөн.
Цифрлық даму дегеніміз әлемдік бетбұрыс әрі құбылыс болып табылады. Оның пайдасын көріп жатырмыз. Өткенде Президент айтқан аты бар да заты жоқ бес миллион ұсақ мал мен үш милион ірі қараның сырына цифрлық дамудың арқасында қол жеткіздік. Ауылшаруашылығында субсидияларды негізгі табыс көзіне айналдырған партия басшылары мен қоғамдық ұйымдардың сыры ашылып, алды қамауға алынды. Осы бағытпен жүре берсек әлі талайдың шын бет-бейнесін көреміз. Цифрлық дамудың қалыптасуынан қарапайым халық зиян шекпейді, қайта жемқорлық әлсіреп, бюджеттік түсім көбейеді. Қазақстанның бар байлығын бауырына басып алған 162 адам ғана алаңдауы мүмкін».
Бодаухан Кайрат, экономист:
«Қазақстанда жаңа Салық кодексін қабылдау кезінде алға қойылған негізгі мақсаттардың бірі – салықтық әкімшілендіруді жеңілдету және экономиканы әртараптандыру. Бұл маңызды қадам, алайда мені толғандыратын мәселе – оның орта тап пен шағын бизнеске ықтимал әсері.
Бір жағынан, бұл реформаның белгілі бір оң әсерлері бар деп ойлаймын. Мәселен, салықты есептеу мен төлеу рәсімдері жеңілдетілсе, E-Salyk секілді онлайн жүйелер автоматтандырылса, бұл кәсіпкерлерге үлкен көмек болар еді. Сонымен қатар, патент және жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимдерінің сақталуы немесе жаңартылуы шағын бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыра алады.
Дегенмен, бұл өзгерістердің екінші жағы да бар. Салық салу базасының кеңеюі бұрынғыдай жеңілдетілген режимде жұмыс істеп келген көптеген бизнес субъектілерін жалпы режимге көшіруі мүмкін. Бұл – қосымша жүктеме. Сондай-ақ, кірісті толық ашуға мәжбүрлеу, әсіресе микробизнес үшін ауыр тиюі ықтимал.
Сондықтан, меніңше, жаңа Салық кодексі нақты жіктелген, икемді және бизнес ортасының ерекшеліктеріне бейімделген механизмдермен қатар жүруі тиіс. Мемлекет тарапынан ШОБ үшін салық жүктемесін кезең-кезеңімен енгізу, орта тапқа әлеуметтік салықтарда жеңілдіктер беру, сондай-ақ кәсіпкерлермен тұрақты кері байланыс орнату – аса маңызды қадамдар болар еді.
Осы орайда, прогрессивті салық жүйесіне көшу мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл – табысы жоғары адамдарға жоғарырақ салық мөлшерлемесі қолданылатын жүйе. Әлеуметтік әділеттілік қағидатын ұстанатын бұл модель, меніңше, белгілі бір шарттар орындалса ғана нәтижелі болады. Яғни бюджет түсімдері қайта бөлініп, кедей топтарға нақты әлеуметтік көмекке айналса; төмен жалақы алатын азаматтардың салық жүктемесі азайса; мемлекет тарапынан білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй секілді инфрақұрылым сапасы артса – онда бұл жүйе оң әсер береді.
Алайда, белгілі бір қауіптер де бар. Жоғары табысты азаматтар өз табысын жасыруы, капиталды офшорларға шығару сияқты көлеңкелі экономиканың күшею қаупі – шынайы мәселе. Сонымен қатар, егер салық әкімшілендіру жүйесінде олқылықтар болса, бұл әділетсіздікке әкелуі мүмкін. Сол себепті, табыстарды нақты есепке алу жүйесін қалыптастыру, салық жүктемесін шектен тыс асырмау, және ең бастысы – түскен салық қаражатының әділ әрі ашық бөлінуін қамтамасыз ету – басты шарттар деп ойлаймын.
Цифрлық трансформация аясында да біз маңызды бетбұрыс жасап жатырмыз. Онлайн бақылау-кассалық машиналар, QR-кодпен төлем, Kaspi мен Halyk жүйелеріндегі қадағалау – мұның бәрі экономикалық ашықтықты арттыруы мүмкін. Бұл ашықтықты арттырса да, қаржылық еркіндікке әсер етуі мүмкін. Әрбір транзакцияның қадағалануы, жеке тұлғалардың қаржылық деректерінің толық ашықтығы – азаматтардың сеніміне әсер етуі мүмкін. Көп жағдайда адамдар сенімсіздікпен қолма-қол төлемге қайта көшуі де ықтимал. Сондықтан азаматтардың сенімін сақтау үшін деректердің қорғалуы мен мемлекеттік ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыру – бұл бағыттағы ең басты міндеттердің бірі.
Материалды дайындағандар: Томирис Сайтхуджа, Аружан Рымқұл
Abai.kz