Сәрсенбі, 4 Маусым 2025
Білгенге маржан 1006 0 пікір 2 Маусым, 2025 сағат 14:17

Лукаш Перный: Абай және Қазақстан мен Словакия

Суреттер: abai.kz, e-history.kz, pravda.sk сайттарынан алынды.

Философ пен мәдениеттанушы үшін ұлттық мәдениеттерді зерттеу, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын талдау, тарихи параллельдер мен рухани тұлғалар арасындағы үндестікті іздеу – әрдайым маңызды әрі күрделі міндет. Соңғы үш жылда осы бағытта «Матица словенска» ұйымы аясында бірқатар мәдени алмасу шаралары өтіп, словак-словения, серб-словак және куба-словак мәдениеттері салыстырмалы тұрғыда зерделенді.

Бұл ізденістерге жаңа серпін берген маңызды оқиғалардың бірі – қазақтың ұлы ақыны, философ және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180-жылдығына арналған «Ұлы даланың өшпес үні» атты әдеби кеші. Кеш аясында келесі маңызды мәселелер талқыланды: Біздің халықтарымыздың тарихи және қазіргі мәдени байланыстары қалай қабылданады? Словак және қазақ әдебиеті мен философиялық дәстүрлері арасында қандай параллельдер жүргізуге болады?

Абай Құнанбайұлының шығармалары 2020 жылы словак тіліне аударылып, қазіргі уақытта интернетте тегін қолжетімді екендігін айта кеткен жөн.

Бұл – Словакияның «Матица словенска» жанындағы Словак әдеби институты мен Мәдениеттану-философия бөлімінің бірлескен зерттеуінің нәтижесі.

Зерттеудің алғашқы кезеңінің өзі-ақ бірқатар қызықты нәтижелер берген болатын. Олар 2025 жылғы 27 ақпанда жоғарыда аталған әдеби кеш аясында жұртшылыққа ұсынылды.

Бұл шара өз сипатында алғаш рет өткізілген іс-шара емес. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшілігі Братислава қаласының басты алаңында этнофольклорлық «Арнау» ансамблінің концертін ұйымдастырды. Концерттің киіз үйдің ішінде өикендігі қызықты болды. Ал 2022 жылы Елшілік Наурыз – көктем мерекесіне арналған парсы-түркі мәдениетінің ортақ мейрамын өткізді. Өткен жылы осыған ұқсас мәдени шара Мартин қаласында да ұйымдастырылып, онда доцент Ю.Ломенчик Абай Құнанбайұлы шығармашылығы мен словак мәдениеті арасындағы ұқсастықтар туралы баяндама жасады.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген қатысушылар атап өткендей, Абай Құнанбайұлы қазақ мәдениетіндегі орны мен ықпалы жағынан Лев Толстой немесе Федор Достоевскиймен салыстыруға тұрарлық тұлға. Ал словак мәдени контекстінде оны Людовит Штур, Павол Орсаг Гвездослав, Ян Коллар сынды ірі ойшылдармен, тіпті утопиялық идеяларымен танымал болған словак ойшылы Мориц Маларикпен салыстыруға болады.

Әдеби кеш барысында ерекше атап өтілген ойлардың бірі: «Барлық ойшылдар – түрлі тарихи жағдайларға қарамастан – бір ортақ мәселе төңірегінде толғанды: өз мәдениетіңді қалай сақтай отырып, әлемге ашық болуға болады? Егер ХІХ ғасырдағы Еуропа мәдени контексіне көз жүгіртсек, үлкен өзгерістер дәуірін көреміз. Бұл – Достоевский, Толстой, Гюго, Гете сияқты ұлы тұлғалардың заманы. Әдебиет өзгерді, жаңа идеялар пайда болды: гуманизм, жеке еркіндік, билікті сынға алу, жақсылық пен жамандық туралы терең философиялық ойлар. Таңқаларлығы – Азияда өмір сүрген Абай осы зияткерлік төңкерістің бір бөлігі. Ол қазақ даласында өмір сүрсе де, оның ойлары еуропалық философтармен үндесіп жатты. Абай Гетені, Байронды, Пушкин мен Лермонтовты оқып қана қоймай, оларды қазақ тіліне аударып, шығармаларын жергілікті болмысқа бейімдеді. Мәселен, Пушкиннің туындыларын қазақ дәстүріне жақындатып қайта өңдеді. Абай – еуропалық әдебиет пен шығыс дүниетанымының арасындағы көпір болды».

Абай Құнанбайұлы әлемдік классиканы терең меңгеріп, оны қазақ тіліне аударуы – қазақ мәдениетін әлемге жақындатып, Қазақстанды жаһанға танытудың маңызды қадамы болды.

Абай шығармаларын словак тіліне аударған аудармашы Катарина Стрелкова аударма барысында қазақ мәдениетін тереңірек зерттеуге тура келгенін атап өтті. Ол Құранды, намаз түрлерін, сондай-ақ қазаққа тән ұғымдар мен терминдерді қарастырып, оларды ескертпелер түрінде беруге тырысқан. Бұл әдіс шығармаларға тән қазақы болмысты сақтауға, Абайдың туындыларына тән рухани атмосфераны дәл жеткізуге мүмкіндік берді.

Абай Құнанбайұлының ойлары туралы

Абайдың шығармалары – өмірдің мәні, әділет, Құдай және адам болмысы туралы терең философиялық толғамдар. Әдеби кеш барысында айтылған қызықты пайымдардың бірі – Абайды Қазақстандағы алғашқы блогер ретінде қарастыруға болады деген көзқарас болды. Бұл оның мұрасын бүгінгі заман тұрғысынан жаңаша бағалауға мүмкіндік береді. Енді Абай Құнанбайұлының өз сөзіне жүгінейік. Іс-шарада оның әйгілі «Он жетінші қара сөзі» оқылды:

«Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті...

Ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті.

Абайдың ой-толғамдары көп жағдайда әйгілі Экклезиаст кітабын еске салады. Экклезиаст экзистенциалистік сарындағы рухани шығарма ретінде Абайдың қара сөздеріндегі кіріспе ойларға жақын келеді. Ондағы өмірдің мәні, уақыттың өткіншілігі, пенделік пен даналық туралы терең пайымдар Абай философиясымен табиғи үндестік табады:

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын».

Басқа жерде ол былай деп жазады:

«Тағдырдың жарлығын білесіздер - өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол - тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?

Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын».

Абай Құнанбайұлын сондай-ақ аскет утопист әрі реформатор ретінде де сипаттауға болады. Өзге утопистер секілді, ол да әділетке негізделген қоғам мен мемлекет үлгісін ой елегінен өткізіп, адам мен билік, руханият пен парасат жайлы өзіндік тұжырымдар ұсынады.

Абайға жоғары баға беріп, оның рухани мұрасын терең құрметтейтін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында былай деп жазды:

«Абай әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды... Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады.

Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін».

Абайдың түсінігінде, байлық пен кедейлікті Құдай жаратқанымен, адамды бай немесе кедей етіп тікелей жаратпаған. Адам – әрекет пен ниет иесі, сондықтан ол өз өмір жолын өзі қалыптастырады. Абай мұсылманның басты борышы – жақсылық жасау деп есептейді, әрі әрбір дұрыс әрекет ақыл таразысынан өтуі керек дейді. Оның түсінігінде әділет – барлық ізгі істердің анасы. Әділетсіз жерде ниет те, иман да, адамдық қасиет те толық бола алмайды. Абай үшін ақиқатқа ұмтылу – барлық құбылыстың түпкі себебін тануға талпыныс.

Ол әділет пен ізгілікті бүкіл адамзат игілігі үшін іздеген жанның еңбекте ғана шынайы қуаныш пен қанағат табатынын айтады. Егер Карл Маркс еңбекті әлеуметтік қажеттілік әрі жұмысшының өмірін жеңілдету мен байыту құралы ретінде қарастырса, Абай үшін еңбек – адам болмысының мәні, өмір сүрудің басты мағынасы.

Мұндай идея Томас Мордың «Утопия» атты еңбегінде де көрініс табады, онда мағыналы кәсіппен айналысу – өмірдің мәнін құрайтын негізгі шарттардың бірі ретінде сипатталады.

Адам болмысының негізін еңбектен көру көзқарасы Макс Вебердің «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегіндегі тұжырымдарға ұқсас. Алайда Абай мен Людовит Штур еңбекті тек экономикалық немесе нарықтық қатынастар аясында емес, әлдеқайда терең – рухани және адамгершілік тұрғыдан қарастырады.

Егер Вебер кальвинистік предестинация ұғымына сүйене отырып, өзін-өзі танытудың жолы ретінде сауда, байлық жинау мен аскеттік үнемділікті қарастырса, Абай мен Штур үшін еңбек – адамның ішкі жетілуіне, рухани толысуына бастайтын жол. Олар үшін еңбек – бұл табыс табудың ғана емес, адамның қоғаммен, адамзатпен және өз-өзімен үйлесім табуының көрінісі.

Штур үшін, ол протестант бола тұра материалдық байлыққа ешқашан қол жеткізбесе де, басты басымдық – рухани шығармашылық болды. Абай болса, еңбекті ішкі өзін-өзі жүзеге асыру мен материалдық жетістікке жетудің үйлесімі ретінде қарастырады. Ол былай деп жазады:

«Еңбек етіп, тынымсыз талпынып, ақылмен әрекет еткен адам байымай қоймайды емес пе?»

Абай еңбек етіп, байи білуді жоғары бағалайды – бұл көшпелі қоғам жағдайында толық түсінікті, себебі кедейшілікпен күресу өмірлік қажеттілік болатын. Дегенмен, ол байлыққа ие болудың ауыртпалығы мен оның мәні туралы да терең ой толғайды. Ақырында, Абай байлықтың шынайы құндылығы – оны білім мен ғылымға жұмсауда екенін атап көрсетеді. Ол былай деп жазады:

«Мұрагер деген кім? Сен өлген соң малың иесіз қалады деп қорқасың ба? Жоғыңды жоқтап емес, артыңда қалатын дүниеңе өкінесің бе? Әлде оны біреуге қалдыруға қимайсың ба? Сонда не қазына жиып едің – одан айырылу неге соншалықты қиын? … Жақсы, осы жолды таңдадың, байлық жинадың. Ендеше, оны білім мен ғылым жолына жұмса. Өз пайдаңа болмаса, ұлың үшін жұмса».

Абайдың дүниетанымында жалқаулық пен еріккендікке қарсы күрес – рухани кемелдіктің маңызды шарты ретінде көрінеді. Бұл оның көзқарасын Штурдың әйгілі ұранына жақындатады, ол жөнінде серігі Йозеф Милослав Гурбан былай деп жазып қалдырған: «Аз тұтын – көп тудыр».

Абай былай дейді: «Адамды жамандыққа жетелейтін себептердің бірі – қолдың бос жатуы. Егер адам жер өңдеп, сауда-саттықпен айналысса, өмірін босқа өткізетін уақыты болар ма еді?»

«Бос ермек емес, пайдалы да мағыналы еңбек – жанның шипасы».

Бұл тұжырымдар – кейбір өмірлік қағидалар барлық халықтарға ортақ екендігін көрсетеді. Алайда әр халық ол ақиқатқа өз жолымен, өз болмысы мен тәжірибесі арқылы жетеді. Абай бұл даналықты қазақ даласының тынысы мен тіршілігінен таныса, Штур – лицей дәрісханаларынан, Руссо мен Кант – бақтарда серуендей жүріп ойға түйген.

Егер ұқсастықтарды әрі қарай іздесек, Абай – заманауи, өркениетті мемлекет құру жолында күрескен ойшыл. Бұл тұрғыда оны словак ағартушылары – Ян Коллар, Павол Йозеф Шафарик және Людовит Штурмен салыстыру орынды. Олар да білім мен ағартуды мәдени кемелдік пен ұлттық сананың оянуының негізі ретінде қарастырды.

Осы орайда Лацо Новомескийдің мына сөздерін еске түсіруге болады: «Сіз Штурдың жүз жыл бұрынғы словак тілін толық түсінбеуіңіз мүмкін. Бірақ мәселе онда емес – ең оңай басқарылатын халық надан және артта қалған халық».

Абай Құнанбайұлының шығармаларында ұлт тұтастығына сызат түсіретін ішкі алауыздық, өсек, жала жабу, көреалмаушылық сияқты жағымсыз құбылыстарға қатысты өткір сын айтылады. Бұл мәселе словак ойшылдарының да назарынан тыс қалмаған. Людовит Штурдан бастап, Лацо Новомеский мен Владислав Миначқа дейінгі ұлттық зиялы қауым өкілдері халықты ішкі жанжал мен іріткіден сақтануға шақырған. Словак қоғамындағы алауыздықты бейнелеу үшін олар былай деген: «Үш словак бас қосса, үш жау туындайды: бірі екіншісіне қарсы, екіншісі – біріншісіне қарсы, ал үшеуі – ештеңеден хабарсыз үшіншіге қарсы». Людовит Штур бұл туралы: «Араздық таратушы – өз еркімен өзгелердің іргесін шайқалтып жүрген адам», – деп жазады. XIX ғасырда словак ұлттық қайраткерлері діни айырмашылықтарға (католиктер мен евангелистер) қарамастан, ұлт бірлігін тіл мен мәдениет негізінде нығайтуға ұмтылды. Бұл бағытта ерекше рөл атқарған «Матица словенска» ұйымы өзінің саясаттан тыс және конфессияаралық сипатының арқасында бүгінде де қоғамды біріктіру қызметін сәтті жалғастырып келеді.

Абай Құнанбайұлының пайымдауынша, жер бетіндегі өмірдің мәні – адамзат игілігі жолында әділет пен ізгілікті іздеу. Бұл тек жердегі утопиялық тұрмыстың негізі ғана емес, сонымен қатар ақыретке даярлық деп те қарастырылады. Абай үшін бұл дүние –  мәңгілік өмірге әзірленген жаңарған егіс алқабы іспеттес. Абайдың түсінігінде білім – әділетке қызмет ету мен Жаратушының заңын орындаудың құралы. Бұған қарама-қарсы ұғымдар – өсек, жала, араздық, жалқаулық пен надандық. Абай бұл адамдық дерттердің дауасын адамсүйгіштік, бақытқа ұмтылыс, рух беріктігі, адалдық және жан-жақты терең білім деп санайды.

Абайдың мұрасында экуменизм мен универсализмге тән өлшемдер, сондай-ақ әділеттілікті Құдайдың еркімен сабақтастыру айқын байқалады. Ол былай дейді: «Бір Жаратушының, құдіретті Құдайдың бар екеніне дәлел –  мыңдаған жылдар бойы түрлі тілде сөйлейтін адамдардың бәрінің Оның бар екенін мойындауы. Қанша дін болса да, барлығы да «Құдай – махаббат пен әділет» деп үйретеді. …Адамзаттың бастауында махаббат пен әділет жатыр. Олар барлық құбылыстың өзегінде бар әрі бәрін шешеді. Бұл – Құдірет Иесінің даналығының шарықтау шегі». Осылайша, әділет – барлық утопиялық ілімдер мен рухани ізденістердің өзегі ретінде Абай ілімінде терең орын алады.

Абай өз еңбектерінде еңбекқорлық қағидасын алға тартады, бұл көзқарас протестанттық этикамен үндес келеді. Ол бірлік – мейлі ол мал-мүлікке ортақтасу, бір дастарқанда отыру болсын – тек ортақ меншікке емес, ең алдымен ақыл мен парасатқа негізделуі тиіс екенін атап көрсетеді. Абайдың түсінігінде еңбекқорлық пен табандылық – адам бақытының негізі.

Сондықтан Абайдың утопиялық көзқарастары туралы айтқанда, ең алдымен оның идеяларында ұжымдық жауапкершілік пен әлеуметтік ынтымақтастық ұстанымдары тұрғанын байқаймыз. Бұл – тіпті бүгінгі үстірт индивидуализмге қарсы қойылатын мәңгілік балама.

Тағы бір маңызды шабыт көзі – өзге халықтарды, әсіресе олардың тілдерін меңгеру. Абайдың ойынша, басқа ұлттардың тілін үйрену – олардың ойлау жүйесін, дүниетанымын және мәдени болмысын терең түсінуге жол ашады. Бұл идея словак мәдени дәстүрінде де кеңінен қолдау тапқан. Мысалы, Ян Коллар мен Павол Йозеф Шафарик өзге халықтарды жүйелі түрде зерттеген ойшылдар. Әсіресе Шафарик славян халықтарының тілдерін жетік меңгеру арқылы олардың тарихи байланыстары мен ерекшеліктерін, сондай-ақ сөздердің шығу тегі мен мағынасын түсіндіре алды. Людовит Штурдың неміс тілін білуі және Германия университеттерінде білім алуы оған Гегельдің әлеуметтік философиясын игеріп, оны XIX ғасырдағы Словакиядағы ұлттық мемлекеттілік құрылымын қалыптастыру үдерісіне енгізуге мүмкіндік берді. Гегель философиясында мемлекет ұлттың саяси жетілуінің іргетасы ретінде қарастырылады. Осы қатарға жазушы Иван Хорватты да қосуға болады. Ол француз мәдениетіне терең қызығушылық танытып, француз халқының менталитетін егжей-тегжейлі сипаттаған алғашқы словак эссеисті ретінде танылды. Осылайша, Абай ұсынған басқа халықтардың тілін меңгеру арқылы олардың рухани әлеміне бойлау идеясы словак мәдени-ғылыми ойлауында да маңызды орын алған.

Екінші жағынан, Абайдың қазаққа деген патриотизмі – туған елі мен халқына деген шынайы сүйіспеншіліктен, сондай-ақ оның кемшіліктері мен осал тұстарын сын көзімен бағалап, оларды түзетуге ұмтылуынан көрінеді. Абай Құнанбайұлы – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын, философ және сазгер ғана емес, сонымен бірге ұлттық болашақ утопиясына бастайтын идеяларымен ерекшеленетін утопист ойшыл ретінде де тануға лайық тұлға.

Славян дүниетанымындағы утопиялық аңсар – ескі алтын ғасырды сағыну сезімімен астасқан антропологиялық бейнелеу ретінде көрінеді. Бұл кезең коммуна, мир немесе вече түрінде сипатталады – онда барлық маңызды шешімдер дана қариялардың кеңесі арқылы қабылданған. Бұл – геронтократия (қариялардың билігі) мен софократияның (даналық билігі) үйлесімі, мұнда ақсақалдар қоғамды басқарған әрі әділдік орнатқан. Абай бұл туралы былай деп жазады: «Ертеде ауыл ішінде «ел басы», «топ басы» дейтін адамдар болған. Олар дау шешіп, ел ісін басқарған. Қарапайым халық басынан қайғы өтсе, шаруасына бет бұрып, тіршілікпен айналысқан. Ауылдағылардың бәрі бір-біріне туыс, ниеттес болған, барлығы ортаққа қараған». Абай сипаттаған бұл құрылым – ортақ мүдде мен өзара сенімге негізделген қауымдастық. Мұндай ұғымды Людовит Штур да өзінің «Славянство и мир будущего» атты еңбегінде қозғайды. Ол коммуналарды – бірлік пен ынтымақ үстемдік еткен қоғамдық құрылым ретінде сипаттайды. Осындай идеялар француз утопиялық әдебиетінде, атап айтқанда Мореллидің романдарында да кездеседі.

Абай мұрасын словак тарихшылары мен философтарының еңбектерімен жақындастыратын басты ұқсастық – оның гуманистік дүниетанымы мен ұлттық бірегейлікке деген көзқарасы. Абайды жиі Гвездославпен салыстырады – екеуі де ұлттық шеңберден асып, жалпыадамзаттық деңгейдегі тұлғалар қатарына енген қайраткерлер. Алайда, белгілі бір айырмашылықтар да бар. Гвездославтың тілі мен поэзиясы – стильдік жағынан күрделі, бейнелі әрі терең символикаға толы. Ал Абайдың тілі – қарапайым, айқын, прагматикалық, халыққа түсінікті әрі жүрекке жақын. Ол өз ойын шынайы әрі нақ жеткізуге ұмтылды. Ұлтты жаңғырту мәселесі, яғни Абай Құнанбайұлының ұлттық мәдени мұраны сақтай отырып, оны заман талабына сай дамыту туралы идеялары, словак контексінде де өзекті болды. Бұл мәселе Людовит Штурдың, сондай-ақ «Матица словенска» мен «Давистер» қозғалысының негізін қалаушылардың еңбектерінде де көтерілген.

Салыстырмалы түрде алғанда, бір-бірінен географиялық әрі мәдени тұрғыда алшақ жатқан словак және қазақ мәдениеттерін өзара байланыстыру оңай емес. Алайда идеялардың универсалдығы мен адами құндылықтардың ортақтығы белгілі бір параллельдер жүргізуге мүмкіндік береді. Словакия –халқы тығыз орналасқан, тау мен орманға бай ел болса, Қазақстан – әлемдегі ең ірі аумақтардың бірі, мұнда облыс орталықтарының арасында жүздеген шақырымға созылатын шөл мен дала кеңістігі жатыр. Соған қарамастан, белгілі бір мәдени ұқсастықтар байқалады. Мысалы, табиғатпен үндестікте өмір сүретін қазақтың дәстүрлі көшпелі мәдениеті, оның ішінде жұраттар (көшпенді малшылар) салты – Словакия таулары мен қыраттарын мекендеген дәстүрлі овцевод (қой өсіруші) қауыммен үндеседі.

XIX ғасырдағы словак философиясында Абай Құнанбайұлының идеяларымен мазмұндық және рухани үндестік танытатын бірегей тұлға –Самуил Богдан Гробонь. Қазақ даласында өмір сүріп, жалғыздықта терең философиялық ойлар тудырған Абай сияқты, Гробонь да Селницкие жоталарында, табиғатпен үндестікте ғұмыр кешіп, күрделі философиялық ізденістерге бойлаған. Профессор Павол Дупкала атап өткендей, Гробонь шығармашылығы – бір ғана бағытпен шектелмейтін, көпқырлы философиялық өлшемдерге ие. Ол Фридрих Шеллингтің мистикалық философиясымен жақын таныс болған және одан үлкен әсер алған. Ал Гегельдің рационалистік жүйесіне қарсы көзқарасын былайша білдіреді: «Гегельдің ойы – қарғыс атсын, мәңгілік өлім болсын саған, зұлым патшайым…». Рационализмнен түңілген Гробонь өз рухани тірегін славяндық христиандық дүниетанымнан, Шеллингтің аян философиясынан, Цешковскийдің историософиясынан, Амерлингтің физиократизмі мен Ходжа мессианизмінен тапқан.

Абай Құнанбайұлы өз еңбектерінде словак утописі Ян Малариктің есімін де атап өтеді. Маларик – дүниежүзілік соғысты болдырмауға тырысқан, үнді философиясын зерттеген, және әмбебап мемлекет моделін ұсынған ойшыл. Оның ізденістері адамзаттың бірлігі мен бейбітшілігіне негізделген утопиялық көзқарастармен астасады. Мұндай параллельдер Ян Коллар мен Павол Йозеф Шафариктің ағартушылық идеяларында да көрініс табады. Олар ұлттың өркендеуі мен болашағын рухани кемелдікпен байланыстырды және славян халықтарына да, бүкіл адамзатқа да гуманистік әрі бейбіт болашақ болатынын болжады. Осындай үндестік Ян Амос Коменскийдің еңбектерінде де байқалады. Ол бүкіл халықты қамтитын білім беру жүйесін жақтап, мәдени өрлеуді – жоғары рухани ағартуға жетудің жолы деп санады.

Алайда, тереңірек салыстырғанда, Абайға ең жақын идеялық үндестік Людовит Штурдың еңбектерінен анық көрінеді. Оның аскеттік өмір салты, бірлікке, еңбекқорлыққа, ұлттық тұтастыққа шақыруы, жалқаулыққа қарсы күресі, білім мен рухани дамуға баса мән беруі – мұның барлығы Абай ілімінің басты тұғырларымен ортақ. Бұл тұлғалар тарихи тұрғыдан бір-бірімен жеке таныс болмағаны анық, алайда нақты дәйексөздер негізінде көрсетілгендей, олар әртүрлі ұлттық мәдениеттерде өмір сүрсе де, ортақ идеялық желілер мен рухани ізденістерде тоғысқан.

Словакия мен Қазақстан

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіз мемлекет ретінде құрылды, ал Словакия – 1993 жылы. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылдың қаңтар айында орнатылды, ал 2019 жылы Словакияда Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды. Бүгінде Қазақстан – 20 миллионнан астам халқы бар, әлемдегі ауданы бойынша тоғызыншы ең ірі мемлекет. Ал Словакия – 5,4 миллион халқы бар шағын, бірақ стратегиялық маңызы зор ел. Қазақстанның астанасы – Астана, ал Словакияның астанасы – Братислава. Қазақстан Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей және Қытаймен, ал Словакия Чехия, Венгрия, Польша, Украина және Аустриямен шектеседі. Словакияны Лацо Новомеский «Шығыстың адамгершілігі мен Батыстың нәзіктігінің арасындағы көпір» деп сипаттаған. Ол шығыс пен батыс өркениеттері түйісетін өтпелі мәдени кеңістік ретінде танылады. Ал Қазақстан – шығыс елдерінің қатарына жататын мемлекет бола тұра, батысқа ашықтығы мен көпвекторлы саясаты арқылы халықаралық кеңістікте белсенді әрекет ететін ел. Егер IX ғасырдағы тарихи тұрғыдан алыс жатқан Ұлы Моравия кезеңін – қазіргі Словакия аумағындағы алғашқы ірі славян мемлекетінің кезеңін ескермесек, онда Словакияның ұлттық жаңғыруы XIX ғасырда басталды. Ал қазақ ұлтының қалыптасу тамыры XV ғасырға, Қазақ хандығының құрылу дәуіріне барып тіреледі. Словакияның ұлттық жаңғыру тарихындағы аса маңызды кезеңдердің бірі – XIX ғасырдың екінші жартысында алғашқы ұлттық мәдени институт ретінде құрылған «Матица словенска» ұйымының пайда болуы болды. Бұл ұйым ұлттық сана мен мәдениетті жаңғыртуда шешуші рөл атқарды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысты: «Модернизация – бұл жаңа құндылықтар үшін өткеннен бас тарту емес», – деп атап өткен. Бұл – дәстүрдің заманауи түсінігіне, ұлт жадын жүйелеуге бағытталған көзқарас, оны словак ойшылы Владислав Минач та нақтылаған. XXI ғасырда да «Матица словенска» өзінің мәдени және ұлттық жаңғыруды қолдайтын институт ретіндегі миссиясын жалғастырып келеді және бұл міндет бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Бірінші дүниежүзілік соғыстар жаңа мемлекеттердің құрылуына шешуші әсер етті. Белгілі бір дәрежеде Қазан революциясы да халықтардың өз тағдырын өзі айқындау құқығын идеологиялық тұрғыдан мойындатуға ықпал етті. Бұл өз кезегінде 1918 жылы Чехословакия Республикасының құрылуына жол ашты. Ал Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы КСРО құрамына тек 1936 жылы толыққанды одақтас республика ретінде енді. Бұған дейін ол автономиялық мәртебеде болған. «Қазақ» сөзі этимологиялық тұрғыдан «еркін», «бостан» деген мағынаны білдіреді және бұл атау осы халықтың тәуелсіздікке ұмтылған болмысы мен еркін рухын сипаттайды. Бұл терминнің шығу тегі жөнінде түрлі ғылыми пікірлер бар, оның ішінде кеңінен тарағаны – ирандық негіздегі нұсқа (қазақ, qɑzɑq, қазақтар). 1936 жылы, қазақтарды орыс казактарымен шатастырмау мақсатында, халықаралық деңгейде «казак» нұсқасы «казах» деп өзгертілді. Бұл – этнонимді нақтылау әрі ұлттық бірегейлікті айқындау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

«Словак» сөзінің шығу тегі туралы бірнеше этимологиялық және лингвистикалық түсіндірулер бар. Бір нұсқа бойынша, бұл атау Х ғасырға дейін өмір сүрген «словен» этникалық тобының атауынан шыққан болуы мүмкін. Тағы бір кең таралған көзқарас – бұл сөз «слав» түбірімен байланысты, яғни славян тілдерінде сөйлейтін этникалық топтардың жалпы атауы ретінде қарастырылады. Тағы бір болжам бұл сөзді «sklav», «slav» латын және батыс еуропалық тілдердегі «құл» деген мағынамен байланыстырады. Бұл сәйкестік – кездейсоқ па, әлде тарихи негізі бар ма – зерттеушілер арасында әлі де пікірталас туғызып келеді. «Словак» сөзінің шығу тегін лингвомәдени тұрғыда, «сөздің» (slovo) бастау ретінде қарастырылатын көне ой-ағыммен байланыстыра қарастыруға болады. Бұл тұрғыда «Проглас» шығармасында баяндалатын идеялар ерекше маңызға ие – онда «сөз» барлық болмыстың бастауы ретінде сипатталады. Сондай-ақ Ваг өзенінің бойындағы халықтар туралы ой-тұжырымдар да назар аударарлық. Егер «словенцы» атауы словактардың ертедегі тарихи атауы болса, бұл жайт қазіргі күнде де өз маңызын жоғалтпаған. Себебі «словен» атауы бүгінгі күнге дейін Словения халқының ресми этнонимі ретінде сақталған, бұл олардың ортақ протонегізден шыққан этникалық қауымға тиесілі екенін көрсетеді.

Словакия табиғаты – атауына сай келетіндей, жасыл таулар мен ну ормандардан тұрады. Ал Қазақстан – Абай Құнанбайұлының философиясында бейнеленетіндей, Ұлы даланың өшпес үніне айналған кең де терең мағыналы кеңістік. Бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы екінші ең үлкен республика болған Қазақстан Еділ мен Алтайдың арасында орналасқан, ал оның аумағы негізінен жазық және шексіз кеңістіктен тұрады. Словакия керісінше – таулары, ормандары және оңтүстігіндегі құнарлы жазықтарымен әйгілі. Қазақстанда сонымен қатар шөлдер мен шөлейттер, ал таулы өңірлері Жоңғар Алатауының шеткі сілемдері мен үш негізгі тау жоталарын қамтиды. Қазақстандағы ең биік нүкте – Хан-Тәңірі шыңы, ол Жоңғар Алатауындағы ең көрнекті тау және оның биіктігі 6995 метрге жетеді. Словакияда ең биік шың – Герлаховски штит, ол Татр тауларында орналасқан және 2654 метр биіктікке ие.

Қытай дереккөздері қазіргі Қазақстан аумағында поэзиялық дәстүрдің VI–VIII ғасырларда-ақ болғанын растайды. Қазақ әдебиетінің бастауы –  жазбаға түспеген, бірақ халық жадында сақталған жыраулар мен бардтар шығармашылығымен байланысты. Ал алғашқы жазба әдеби үлгілердің қатарында «Қорқыт ата кітабы» мен «Оғыз-наме» секілді атақты түркі эпостары аталады. Славян әлемінде қазақ эпикалық поэзиясына мазмұндық тұрғыдан жақын шығарма –  «Игорь жасағы туралы жыр». Бұл туынды –  ежелгі орыс әдебиетінің аса маңызды жәдігерлерінің бірі. Абай Құнанбайұлы – түркі әдебиеті мен философиясында, сондай-ақ музыкада жаңашыл тұлға. Ол еуропалық және орыс мәдениеттерін қазақ руханиятымен ұштастырып, либералды ислам аясында жаңа ойлар қалыптастырды.

Музыка туралы айтатын болсақ, қазақ музыкасы – медитативті, интуитивті, метафизикалық сипатқа ие және тыңдаушыға жайлылық пен терең тыныштық сыйлайды. Бұл – оны Словакияның музыка дәстүрінен ерекшелендіретін маңызды белгілердің бірі. Іс-шара аясында қазақ музыкасының үлгілері де ұсынылды. Словакияның дәстүрлі музыкалық аспабы – фуяра, ұзын қуысты үрмелі аспап, көбіне бақташылық мәдениетпен байланысты. Ал қазақтардың негізгі ұлттық аспабы – домбыра. Бұл – екі шекті, шертіп ойналатын күй аспабы, қазақ музыкасының рухани өзегі саналады. Домбырада ойнау өнері ЮНЕСКО тарапынан адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде мойындалған. Қазақ музыкасы мен философиясының дамуында әл-Фараби есімі ерекше орын алады. Ол – исламдық аристотелизмнің көрнекті өкілі, музыка теориясының негізін қалаушылардың бірі, әрі қазіргі Қазақстан аумағында дүниеге келген ғұлама.

Абайдан бөлек, қазақ руханияты мен ағартушылық саласында әлемдік деңгейде танылған тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол қазақ халқына көркем жазуды және білім беруді жүйелеуде, сондай-ақ қазақ тіліне кириллицаны енгізуде маңызды рөл атқарды. Кеңес дәуірінде қазақ әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқан ақындар мен жазушылар қатарында Сәкен Сейфуллин, Баймағамбет Ізтөлін, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин сияқты тұлғалар бар. Олардың ішінде Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейдегі өкілі ретінде ерекше орын алады. Оның шығармашылығы – мәдениет пен өнер тарихында өлшеусіз мұра. XIX ғасырда Қазақстан аумағы Семёнов-Тян-Шанский, Рычков, Мелиоранский, Радлов, Бартольд, Диваев сияқты көптеген ірі зерттеушілердің ғылыми қызығушылығын тудырды. Алайда бұл қатарда Шоқан Уәлихановтың орны ерекше. Ол – қазақтың тұңғыш кәсіби этнографы, тарихшысы, фольклортанушысы, географы және саяхатшысы, әрі қазақтың ғылыми этнографиясы мен тарихнамасының негізін қалаған тұлға. Оның еңбектері бүгінгі күнге дейін Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің дамуында маңызын жоғалтқан жоқ.

Енді ұлттық асханаларға келсек: Словакияда ең танымал ұлттық тағам – брынзалық галушка. Австро-Венгрия дәстүрінде гуляш, паприкаш, шницель, қуырылған ірімшік пен лангош кең таралған. Чехияда ұлттық ас мәзірінде кнедлики шошқа етімен немесе «свичкова» жиі кездеседі. Қазақстанда болса, көшпелі өмір салты дәстүрлі тағам мәдениетінің негізі болып табылады. Қазақ асханасының басты тағамы – бешбармақ. Бұл тағамның атауы «бес саусақ» деген мағына береді және ол қолмен жеу дәстүрімен байланысты. Бешбармақ қайнатылған ет, жайылған қамыр (лапша) және сорпадан тұрады. Ресейдің дәстүрлі тағамдарына борщ, бәліш, құймақ секілді тағамдар жатады, бірақ олардың дайындалу жолы мен рецепті әр өңірге қарай өзгеріп отырады. Қазақ және орыс асханалары арасында ұқсастықтар болғанымен, басты айырмашылық – ет түрлерінде. Қазақтар үшін жылқы еті мен түйе еті – дәстүрлі және кеңінен қолданылатын тағам түрі болса, Ресейде сиыр және шошқа еті жиі пайдаланылады. Іс-шара барысында делегация мүшелері словак шишкісіне ұқсайтын қазақтың бауырсағын, сондай-ақ серб бурегіне жақын келетін ет салмалы самсаны татып көрді. Бұл тағамдар әртүрлі елдердің ұлттық тағам мәдениеттеріндегі ұқсастықтар мен ортақтықтарды айғақтайды.

Қазіргі мәдени байланыстар

Мерекелер тұрғысынан алғанда, Словакия мен Қазақстанды Жеңіс күні мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні сияқты ортақ мейрамдар біріктіреді. Бұл күндер – тек тарихи жадыны сақтау ғана емес, сонымен қатар теңдікке, адам құқықтарын құрметтеуге деген ұмтылыстың символына айналған. Бұл құндылықтар бүгінгі таңда екі елдің ортақ адамгершілік негіздерін көрсетеді.

Қазақстан мен Словакия арасындағы қазіргі қарым-қатынастар бейбіт және өзара тиімді сипатқа ие. Екі елдің президенттері 1999, 2001, 2007 және 2010 жылдары бірнеше рет кездесті. Ал 2018 жылы Словакия Президенті Петер Пеллегрини Қазақстанға ресми сапармен келді. Осы кездесулердің нәтижесінде 22 екіжақты келісімге қол қойылып, түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға нақты негіз қаланды. Бүгінде Словакияда премьер-министр – Роберт Фицо, ал Қазақстанның президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев. 2024 жылдың 15 мамырда Словакия Премьер-министріне жасалған қастандық кезінде, Қазақстан тарапы Словакия халқына қолдау мен ынтымақтастық білдіруі екі ел арасындағы достықтың және ортақ гуманистік ұстанымдардың тағы бір дәлелі болды.

Қазақстан мен Словакия арасындағы қазіргі мәдени байланыстар аясында бірқатар маңызды оқиғаларды атап өтуге болады. Қазақтың танымал орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары – «Камерата» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жәмиля Серкібаева, «Дәуір» ансамблі мен «Шабыт» оркестрі Словакияда өнер көрсетіп, қазақ музыкасы мен мәдени дәстүрлерінің байлығын көрерменге паш етті. Өз кезегінде, Словакияның атақты «Лучница» ансамблі қазақ сән индустриясының көрсетіліміне қатысып, бұл шара екі ел арасындағы мәдени алмасудың маңызын айқын көрсетті. Мәдени әріптестіктің жаңашыл қадамдарының бірі – Абай Құнанбайұлының шығармаларының словак тіліне аударылуы. Осыған орай Словакия Ғылым академиясының Университет кітапханасында Абай мұрасына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл оқиғалар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті тереңдетуде маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты айтқанда, Словакия Үкіметінің қазіргі таңда «төрт әлем» қағидатын ұстанып отырғанын атап өткен жөн. Бұл қағида – әртүрлі мәдениеттер мен мемлекеттерге ашықтық идеясын білдіреді. Бұл дүниетанымның негізін Лацо Новомеский ұсынған болатын. Ол Словакияны Шығыс пен Батыс арасындағы көпір ретінде елестетіп, осы ұстаным бүгінде тәжірибе жүзінде жүзеге асып келеді. Аталған көзқарас – еуроорталықтық пен Шығыс елдеріне қатысты біржақты түсініктен арылуға бағытталған маңызды геосаяси бетбұрыс. Бұл – ұлттықты тану арқылы ғана жалпыадамзаттықты түсінуге болатынын, ал ұлттық мәдениеттер мен жаһандану арасындағы әділетті тепе-теңдікке тек осындай жолмен қол жеткізуге болатынын дәлелдейтін тұжырым.

Лукаш Перный,

PhD. - словак философы, культуролог, музыкант және жазушы

Abai.kz

0 пікір