Бейсенбі, 5 Маусым 2025
Жаңалықтар 467 0 пікір 3 Маусым, 2025 сағат 18:33

ҚазҰУ-де мемлекеттік басқару бойынша халықаралық форум өтті

Сурет: ҚазҰУ баспасөз қызметінен алынды.

ҚазҰУ-де мемлекеттік басқару және тұрақты даму мәселелері бойынша халықаралық форум өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті базасында «Мемлекеттік басқару және тұрақты даму: Қытай мен Орталық Азия арасындағы диалог» атты Халықаралық форум өтті. 2025 жылғы 28–29 мамыр күндері өткен форум Қытай, Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстанның жетекші сарапшыларын, дипломаттарын және ғалымдарын бір алаңға біріктірді.

Іс-шара Қытай Халық Республикасындағы Ланьчжоу университетімен бірлесе отырып, өңірдегі бірқатар жетекші ғылыми және білім беру мекемелерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі, проректоры Абдрахман Тасыбаев, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Цзян Вэй, сондай-ақ Ганьсу провинциясы әкімшілігінің өкілдері мен Қытайдың Ланьчжоу, Шыңжаң педагогикалық, Шанхай саяси ғылымдар және құқық университеті, Шэньси университеті, Фудань университеті және басқа да ғылыми орталықтарының делегациялары қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Абдрахман Тасыбаев форумның Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік байланыстарды нығайтуға арналған маңызды платформа ретіндегі маңыздылығына назар аударды. Ол көтерілген мәселелердің ұлттық стратегиялық дамудың негізгі аспектілерімен тікелей байланысты екенін атап өтіп, бұл іс-шараның екі елдің сыртқы саясат және экономикалық стратегиясының ажырамас бөлігі екеніне тоқталды.

Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй өз сөзінде Қытай мен Орталық Азия елдері ұлттық жаңғыру аясында ортақ мақсаттар мен мүдделерді бөлісетініне назар аударды. Ол мемлекеттік басқару және тұрақты даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Орталық Азия елдерінің жаңғыртуға деген ұмтылысына құрмет білдіріп, Қытайдың шынайы серіктестік негізінде даму тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Ланьчжоу университетінің вице-президенті Ша Юнчжун Қытай мен Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан арасындағы серіктестік тұрақты даму мен өңірлік экономикалық өркендеудің маңызды факторы екенін растады. Ол білім мен ғылыми жетістіктермен алмасу өзара әрекеттестікті тереңдетіп, ғылыми-техникалық инновацияларды дамытуға және ортақ болашақ қауымдастығын қалыптастыруға ықпал ететінін ерекше атап өтті. Ғаламдық геосаяси ахуал жағдайында ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық аймақтық байланыстарды нығайтып, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Форум бағдарламасы аясында пленарлық отырыстар, тақырыптық секциялар мен сараптамалық пікірталастар өтті. Онда қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық-құқықтық реттеу, мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және тұрақты дамуды құқықтық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Форумға қатысушылар академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосуға, студенттік алмасуды дамытуға және жастарды БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға белсенді тартуға ерекше назар аударды.

Форумның өткізілуі Еуразиялық кеңістіктегі ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадамға айналып, заманауи халықаралық зерттеу күн тәртібін қалыптастыруда университетаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын растады.

Abai.kz

0 пікір