Есен-Қазақтар: Маңғыстау – 14 ғасырдағы Кіші Қазақия

Маңғыстау – қазақтың «Ноғайлы» деп аталған эпикалық дәстүрінің басында тұрған өлке;
Маңғыстау – 14 ғасырдағы Кіші Қазақия, яғни алғашқы қазақ мемлекеттігіне бастау болған жер.
Серікбол Қ.
14 ғасыр. ЕСЕН-ҚАЗАҚТАР: дей-қазақтар - дей-алаш, дей-алшын, дей-арғын, дей-әлім...
ҮЗІНДІ
Серікбол Қондыбай. Есен-Қазақ. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. – 94-119 беттер.
Аңдату. Қазақтың белгілі де ерекше талантты мифологы, өмірден 37 жасында қыршын кеткен Серікбол Қондыбай 14 ғасырдағы Ноғайлы ұлысынан бөлініп, қазақ қауымын құрған әртекті төрк қауымдарының бірігіп, еркін қоғам құрғандығын терең қисынмен, айғақтармен пайымдайды.Ол ғұмырының жартысын қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнап, сүбелі үлес қосқан және түбегейлі зерттеуде зор еңбек еткен қазақтың өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалымы. Тіпті олардың бүгінгі Қазақ елінің атауына негіз болған әрі эпоним, әрі этноним «қазақ» сөзі мен Қазақ хандығының құрылуына алғышарт жасаған алуан жұрттан бірікен «алаш» субстратының Елек-Қобда, Жем-Сағыз, Үстірт-Маңғыстау аймағында еркін әрі өзін өзі басқару жүйесімен ежелгі қазақлық дәстүрді жаңғыртқанын талдап жазады. Олардың қазақ шығуына да Ноғайлы ұлысындағы оппозициялық ахуалдың туындауы болса керек. Бұл - шамамен 1350-1390 жылдар аралығы. Қазақ хандығына дейінгі тарихтың бір мезетінде болған бұл еркін қоғамның күйреуіне бірден бір себеп – Ақсақ Темірдің осы өңірге соққы беруі көрінеді. Бұған әлі ресми тарих байсалды назар аударған жоқ, терең пайымдалмай отыр.
Жалпы алғанда, бүгінгі академиялық тарих ғылымы С.Қондыбай келтіріп, дәйектеп отырған 14-ғасырда қалыптасқан әлдебір «Есен-қазақ» қауымының болғандығы, оның әкелі эпоним ретінде кейін этнонимге айналу мүмкіндігін, ол секілді «алаш» ұланы мен эпонимі де осындай бір тарихи бастан кешкен үдеріс екендігін әзір ескеріп отырған жоқ. Біздің ойымызша, С.Қондыбайдың «Есен-қазақ» еңбегі ерекше тарихи жоба ретінде зерттелуі тиіс. Сонда, тіпті бүгінгі киелі «Сарарқа» геонимінің де бұрынғы «дей-қазақтардың» аумағындағы Сарыарқадан туындағанына көз жеткізу қиын емес. Тіпті, бүгінгі мызғымас делінетін іргелі тайпалардың өзі 15-16 ғасырлардың жаратындылары екеніне көңіл сенетін ахуалға куә болуымыз әбден мүмкін. Әзірше объектив зерттеу үрдісі бұл аспектіге жұғысты болмай отыр. Шынайы тарихтан ғылыми тарих қорқақтауда.
Біздің пайымымызда, Серікболдың үш жүз құрылымының 17 ғасырда қалыптасқанын шамалауы да әбден қисынды және оған кіріккен ру-тайпалардың әу баста тұтас еместігі де айқын. Демек, Қазақтың мемлекеттік жүйесін үшке бөлудің қандай жағдайда және қаншалықты бүгінгі сипаты болғандығына да күмән келтіріп, қайта қарайтын жайттар баршылық.
Асықпаймыз. Оған да Уақыт өз түзетуін енгізер, төрелік етер. Әзірге рулық бөліністің теріс қылығы қылт еткен дәуірде екенімізді ескере отырып, түрлі жүзге бөлшектелген тұтас ұрпақтар өздерін туыс сезінсін деген адал оймен осы жазбаны арнайы келтірдік. Себебі, мақсатымыз – бір рудың мерейін үстем ету не оның тармағын биіктету емес, тарихтың шынайы бет-бейнесіне тура қарауды жас ұрпаққа үйрету, тәлім ету ғана. Ақиқатқа қаймықпай тура қарайтын жаңа буынды тәрбиелеу – асыл мұратымыз.
Жариялауға ұсынған – Серік Ерғали, мәдениеттанушы.
Алау-Майрам
Шетпе ауылының терістігінде 7-8 км жерде, белгілі Айрақты тауының дәл іргесінде, оңтүстік-шығыс жағында, Қосшымырау деген жерде жерленген, яғни моласы бар Әлау-Мейрам (Әлеу-Майрам) деген көне әулие бар. Елеусіз жатқан осы бір көне зираттағы жерленген кісілер туралы жергілікті фольклордың сақтағаны жартымсыз.
«Әлеу-Майрам, Шетпе, Шілгөз деген үш ағайынды жігіттің үшеуі де аруақты кісілер болыпты. Шілгөз бен Әлеу-Майрам бұрынғырақ өлген соң, Шетпе өзін “үшеуміздің қалған көзі мен ғой” деп “Үшкөз” деп атаған екен».
Шілгөз әулие — Айрақты тауының терістік-батысында (1-2 км жерде), Айрақты мен Шерқала монолиттерінің аралығында орналасқан қауымдықтағы әулеинің аты. Бұл жергілікті түсініктеме ғана, басқа қосымша мағлұмат бар ма, жоқ па? – айта алмаймыз.
Қазақтар осы үш әулиені де “түрікпен” деп есептейді, бірақ ақпарат жетіспеген кезде қазақтар өздеріне белгісіз көненің барлығын көбіне-көп түрікпенге меншіктейтінін ескерсек, осы этникалық анықтаманың абсолют айғақ бола алмайтынын аңғару қиын емес.[1]
Арнайы ескерте кетер жәйт — Әлау-Майрам бір жерде тұрған екі ғана бейіт, яғни осы екі бейіт Әлеу-Майрам деген бір кісінің емес, Әлау (Алау) мен Майрам деген екі бөлек кісінікі болып шығады.
Әлау (Алау) мен Майрам деген кімдер? Неліктен олар қатар жерленген? Олардың тегі мен өмір сүрген ортасын, тұлғасын танудың жолы бар ма? Міне, осындай сауалдар қойылып отыр. Біз үшін олардың белгілі болғаны қажет, қанша дегенмен бұл белгісіз тұлғалар өзіміз тұрып жатқан ауыл-аймақтағы әулиелер ғой.
***
Алеуко мен Әлі би. Кезінде Г.Н. Потанин қазақтардың аузынан жазып алған фольклорлық шығармалардың арасында "Алеуко-батыр и его сын Орак" атты ертегі бар. Осы ертегіде Баба Түкті шашты әзіз, Алеуко-батыр, Әлі би, Алеуконың баласы Орақ деген баласы мен Қарлығаш деген қызы.
Орысша хатқа түсірілген Алеуконы кәдімгі Алау батыр деп есептеп, ертегі (тарихи ертегі) желісін былай өрбітуге болады:
"Алау батыр мен Әлі би дос болады. Алау батырдың тоғыз ұлы болады. Көбікті хан бастаған қалмақтар елге баса-көктеп кіргенде, оның тоғыз баласы да қаза болады. Алау мен Әлі аман қашып құтылады. Баласыз қалған Алау әулиеден әулие қоймай түнейді. Соңында Баба Түктіге келіп түнеп, Баба Түкті ақ киімді шал кейпінде Алауға: «Тоғыз ұл керек пе әлде тоғызына татитын бір ұл керек пе?" деп сұрайды. Алау тоғызына татитын бір ұлды сұрайды. Сөйтіп, Алаудың әйелі ұл мен қыз – Орақ пен Қарлығашты босанады. Орақтың атын Баба Түктінің өзі қойып кетеді".[2]
Г.Н. Потанин бұл ертегіні Семей-Павлодар аймағының қазақтарынан жазып алған.
Ноғайлы дәуіріне қатысты фольклорлық материалдардың шығыс жақтағы қазақтар арасындағы нұсқаларының ерекшеліктері арнайы зерттеу тақырыбы ретінде жеке қарастыруға тұрады. Әзірге айтарымыз — аталмыш ортаға қатысты шығыс жақ аңыз-ертегілері негізінен өзгермеген, бұйыққан күйінде сақталатындығы.
Осыларды “14 ғасырдағы Маңғыстау-Үстірттік эпос алдындағы материал сарқыншағы” деп, яғни осы ертегілік тұлғаларды нақты тарихи аймақтың топографиясы мен этно-мәдени ортасына сәйкестендіре аламыз ба? Осы сауалға қолда бар материалдар мен олардан шыққан қорытындыларды қысқа көрсете отырып, “иә” деп жауап бере аламыз.
Біріншіден, ноғайлы делінетін эпостың Орақтың прототипі болған маңғыстаулық Ерек (Айрақ, Үйрек) батыр екендігін, осы есіммен ортағасырлық ереклі (эрекли, айрақты) этнонимінің байланысты екендігін атап көрсеттік. Ал Айрақты тауы болса әңгіме болып отырған Әлеу-Майрамның солтүстік-батыс жағында бірер шақырым жерде орналасқан, яғни тиіп тұр.
Екіншіден, Орақтың әкесі рөліне ие болған Алеуконы Алау немесе Әлеу ретінде қарастырудың реті келеді.
Үшіншіден, Алеукоға бала беретін әулие — Баба Түкті шашты әзіздің маңғыстаулық моласы — Әлеу-Майрамнан 80-ақ шақырым жерде, түнегісі келген аттылы кісі осы қашықтықты бір-ақ күнде алады.
Төртіншіден, Алеуконың досы делінетін Әлі би эпос мәліметіне сүйенер болсақ, Айрақты елінің биі.
Міне, төрт кісінің де Маңғыстаулық екендігінің қисыны келіп тұр.
Алеуко дегеніміз сонымен Алау батыр.
Алау батыр
Алау батыр — Қырым цикліндегі топтасқан батырлар қатарында айтылатын, сипаты жағынан жыр-шоғырдың ең ежелгі қабатына жататын, нағыз мифоэпикалық Қырым мен Ұрымның көрінбейтін ерендерінің бірі. Ол туралы жеке эпос болғанымен, көлемі шағын, сюжеті аз, яғни композициясы жұпыны, көп сақталмаған. Осы жеке жырдан басқа Алау батыр туралы эпизодтар басқа жырларда да кездеседі.[3]
Жырларда Алау есімімен байланысты назар аударарлық екі-үш мезет бар, бірі — бүкіл жыр цикліндегі батырларға “қарт” деген анықтама тек Қожақ пен Алауға ғана беріледі. Ер Тарғынның Ақжүніс сұлуды алып қашқандағы артынан қарт Қожақтың қууы сюжеті жырлардың ноғайлық вариантында басқа кейіпкерлерге қатысты айтылады. Ноғайдың “Айсылдың ұлы Әмет батыр” деген жырында Әмет батыр ханның қызы Шаһарбекті алып қашады, оны қарт Алау қуып жетеді.
Міне, осы бір сюжетте екі кейіпкерлік топтың екі сәті бар, біріншісі — екі вариантта да қуатын батырға қарт мәртебесі берілген, ал осындай атаумен бірде-бір басқа батыр аталып көрмеген, екіншісі қарт Қожақ пен қарт Алау есімдерінің этнонимдік сипаты. Қожақ немесе Қозақ — тарихи “қазақ” (қозақ, касог, касах) халқының аты, ж >з ауысымы қазақ тіліне тән, осындай ауысымдар жыр циклінің өзінде де бар (мысалы Қожан, Қозан, Қазан есімі). Ал Алау немесе Алағ — ортағасырлық аландардың этнонимі және, сірә, печенегтердің шежірелік есімі, міне, неліктен бір сюжеттің екі вариантында жас батыр сұлуды алып қашқанда артынан қарт батыр қуады, неліктен екі вариантта да қуғыншы шалдың есімдері тарихи этнонимдер — қазақ пен аланның атымен аталған, осының астарында не жатыр? — деген сауалға жауап беру керек-ақ, бірақ ол белгісіз, тек оның кездейсоқ фольклорлық мезет емес екендігіне сенімдіміз.
Алау — тек алан жұртының эпонимі ғана емес, Кіші жүз — алшындардың шежірелік түп-атасы, кәдімгі алаш, алшын этноұғымдарына негіз болған есім-эпоним. Әуелде ол, сірә, Алағ (Алақ) формасында аландар мен печенегтер танымдық жүйесінде қолданылған, ал *дей-бұлғар-касогтарда оның аты басқа болып Алсиық (Альциагар) түрінде айтылған, кейінгі екі-үш дүркін жүргізілген қайта қауымдасуларда қалыптасқан әлімұлы-байұлы екілік бірлестігінің түпкі атасына айналған. Қалай болғанда да аландар 14 ғасырда есен-қазақ қауымын қалыптастыруда шешуші рөл атқарған сыңайлы. Сондықтан оның Шетпе маңындағы Әлеуге (Әлеу-Майрамға) “жерсіндірілуі” аса маңызды әрекет болмақ.
Алау — 14 ғасырдың тарихи тұлғасы ма, әлде 14 ғасырдағы қырға шығып кеткен есен-қазақтардың бір этникалық компонентіне айналған аландардың аз тобының эпостағы тұлғалануы ма? Соңғысы қисынды сияқты, яғни “алау” сөзінің алшын шежіресіне кірігуіне қарап, сол замандарда алан тобынан шыққан нақты батырларды да тегіне қарай “Алау батырлар” деп атауы әбден мүмкін (бұл жерде Алау — жалпы есім).
Алау батырға қатысты тағы бір мезетті айтпастан бұрын солтүстік кавказдық (ең алдымен, осетиндік) нарт эпосының мысалдарынан үзінді келтіреміз. Солтүстік-батыс кавказдық халықтар эпосындағы батыр-нарттар ауылының ортаңғы кварталы Алагата деп аталады.
Алагата (Алау руы) — өзінің жауынгерлігінен гөрі абыздығымен (заң-дін-құқық функциясы) көзге түсетін квартал, ру. Осы үйдің (рудың) эпостағы екі басты сипаты бар:
Бірінші сипаты — нарттардың киелі тостағаны — “уацамонга” осы рудың үйінде сақталады. Бұл тостаған жай тостаған емес, ақиқат сөзге ғана ден қоятын киелі (аңызда сиқырлы) төрт қырлы тостаған.
Екінші сипаты — тостағанның осында сақталуына байланысты нарттардың жиналысы осы рудың үйінде өтеді.
"Алагата славится умом, никогда не участвет в походах. У них хранится нартская волшебная чаша уацаманга. В доме Алагата постоянно происходит пиршества. На нартских пиршествах за правдивый рассказ о своих подвигах Батрадз удостаивается того, что чаша Уацамонга поднимается к его устам".[4]
“Уацамонга” немесе “нартамонга” (амонга — “указательница”) — бұл осетин сөзі, ал қазақта осы мәндес “ым", “ымдау”, “емеурін” (“намек, намекать, указать незаметно”) деген сөздің бар екендігін және тілімізде е > а дыбыстық ауысымы бар екендігін еске сала кетеміз. Яғни, қазақтың “емеурін” (емегрін > амагрын) және “ыммен беру” сөзі мен осетиннің “амонга” сөзі бір түркілік түбірден шығуы әбден мүмкіндігін айта аламыз.
“Уацамонга — в осетинском нартском эпосе волшебная четырехугольная чаша. Она была неиссякаема. Она хранится в доме Алагата, где обычно совершаются нартовские пиршества. Если кто-либо из пирующих говорил правду о своих ратных подвигах, чаша сама поднималась к его губам, если же хвастался понапрасну, она не трогалась с места. Согласно балкарскому варианту, на пирах перед каждым нартом стоял бочонок, наполовину наполненный хмельным. Если подвиги, которыми хвастался какой-либо нарт, были верны, бочонок трижды переливался через край...”[5]. Осы қысқаша үзіндіден біздің жеке сұрыптап көрсетер үш сәтіміз бар:
Бірінші — Алаг үйінде батырлардың жиналуы;
Екінші — батырлардың сыра ішіп, мас болуы;
Үшінші — олардың ерлік салыстырып, мақтануы.
Біз бұл үзік-әңгімелерді Алаг руының үйінде үнемі жиын-той болып, тек сол үйде ғана нарт батырларының жиналатынын көрсету үшін келтірдік. Енді Қырым мысалына көшеміз.
“Айса ұлы Ахмет” жырында мынадай эпизод бар:[6]
“Алау, Айса бастаған батырлар ноғайдан бөлініп көшіп кетеді, олардың хабарын білуге және реті келсе кері қайтаруға үгіттеуге Асан қайғы баласы Абатты жібереді. Абат, қасында Тоған, Қарғабойлы Қазтуғанды ертіп, Алау батырдың үйіне келеді. Келсе, мұнда Ахмет пен Алау бар екен. Ерлер жиналып отырып кеңес құрады, сосын қымыз ішіп, мас болады. Сөйтіп отырып, Абат батыр қызып алып, сөз сөйлеп, ерлік салыстырады...”
Міне, осы ерлік салыстыру мәселесіне Мұрын жырау 30 жыр жолын арнаған екен, бізге бұл жерде керегі:
Бірінші — Алау батырдың үйінде жиналып кеңес өткізуі;
Екінші — қымыз[7] ішіп, мас болу фактісі;
Үшінші — ерлік салыстыруы.
Міне, осетин мифіндегі сыраның орнына қазақ жырында қымыз ішілгені болмаса, үш әрекет те қайталанып отыр.
Екі эпоста да жиын болатын үй біреу, ол — Алаг/Алаудың үйі. Қазақ тостағанның символикасын барынша мол сақтағанымен нақты аңыздық тостаған образын сақтамаған. Ал кавказдықтар тостаған символикасын ұмытып, оның есесіне өз жырында тостаған бейнесін жақсы сақтаған. Қазақтың мұсылмандық этикалық стандарты жырларда “шарап”, “сыра” деген сөздің өзін сол ғасырларда-ақ алып тастағанын ескерсек, екі эпостың осы сюжеті ортақ бастаудан шыққандығын байқау қиын болмас.
Осы ерендер жиыны туралы тоқталсақ, осетиндік эпос вариантында мұндай жиын “нихас” деп аталса, адыгтарда “хаса” делінеді. Бұл — демократиялық типтегі қауымның жиыны. Қазақ эпостарында мұндай жиынның ежелгі атауы сақталмаған. Олар кейінгі мұсылмандық “мәжіліс” деген сөзбен ауыстырылған. Бірақ қазақ ақындары өз өлеңдерінде осындай жиынның көне қазақша атауын сақтай алған, ол — “алқа” делінеді. Осы “алқа” сөзі мен “алаг” сөзінің біртектілігі Алагата үйіндегі жиыннан кейін кездейсоқ ұқсастық бола алмайтыны түсінікті.
“Алқаны” орысшалап “круг” деуге де болады. Орыс-казактардың дәл осындай жиынын “круг” деп атайтынын жұртшылық естіп те жүрген шығар, бұл — түркі ұғымының аудармасы ғана. “Алаг” сөзінің бір туынды мәні — “барлық жұрт, көпшілік, жұртшылық, әлеумет, жамағат”, яғни “халық” деген сөз. Осылайша, алан эпосындағы “ата-баба елінің” атының Алаг болуы түсінікті. Оның мифтік эпикасында Аскар мен Бората өзара күрескен екі дүние болған. Ал эпос сынықтарын қабылдаған осетиндер мен басқа кавказдықтар осы модельді түсінбегені анық. Сондықтан осы үштікті тау халқының космосына тән тау беткейіндегі ауыл деңгейіне түсіру арқылы сақтай алған.
Алағ үйіндегі сақталған төртбұрышты тостаған идеясының өзі екі қабатты, біріншісінде – тостағанның өзі мифтік символ болып табылады. Екіншісінде – тостағанның төрткңл пішіні ғалам моделінің бір мысалы болып табылады. Төртбұрыш пен Алағ сөздерінің қатар келуі Алағ - орта дүние – игерілген космостың төртбұрышты немесе квадрат екендігін көрсетеді, төрткіл дүние – жалпы көшпелілік мифтік ғалам формасы болып табылады. Бұл жерде алағтың адамзат космосы әрі сол космостың тостаған сияқты моделі болып тұр.
Алау батырға әлгі топ батырдың ішіндегі басшылық ету мәртебесі туралы ештеңе сақталмаған, оның жырда айтылған ноғайдан бөлінуін тарихта болған алшындардың ноғайдан бөлініп, үлкен қазаққа қосылу фактысы (16 ғасыр) деп болжағаннан гөрі, Әз Жәнібек ханның кезіндегі олардың қырға шығып кетіп, есен-қазақтарға айналуы деген қисындырақ сияқты.
Міне, Алау үйінің негізгі функциясын көріп отырмыз, ол — белгілі бір топтың, қауымдардың жиналып, кеңес құратын орны. Мұнда бұл рудың өкілдері билік (абыздық) қызмет атқарып, абыздық символы болған тостағанға ие. Ал енді осы сипатты нақты, Әләу-Майрам мысалына келтірсек, 14 ғасырлардағы есен-қазақтардың (айрақтылардың) жиын құратын жері жазда Үстірттің үстінде болатын болса, қысқы уақыттарда осы күнгі Шетпе маңындағы Айрақтының маңында өтетін болған деп жорамалдауға болады.
Осы Айрақты түбіндегі Алаудың үйіне қатысты айтылған топшыға қосымша дәйек болар тағы бір жайт бар. Айрақты тауының оңтүстік-шығыс, яғни Әләу-Майрамға қараған бетіндегі жартасында афишалық бағанаға ұқсас жартас сызбалары бар. А. Медоевтің аузымен әртүрлі атауға ие болған жартастағы суреттердің ішіндегі көрнектісі — Ғалам бейнесі. Бұл картина суфистік дүниетанымға сай түсіндіріледі. Бұл гравюрада ертедегі адамдардың дүниені қандай кейіпте түсінгендігі көрсетілген. Суфистік ислам ілімінің түсінігі бойынша, ғалам дегенді сығымдалып-тығыздала да, ұлғайып-кеңейе де алатын материя түйіншегі деп білген. Міне, жартастағы Ғалам картинасы осындай түсінікті бейнелеген сыңайлы.
Медоев болса осы суреттерді салған 18-19 ғасырлардың адайлары деген жорамал жасаған, адайлардың исламдық діни танымында да осы суфистік түсініктің болғандығы белгілі. Бірақ тастағы суреттерді солар салды деудің реті жоқ сияқты. Өйткені осы түсінікті білетін кез келген адай емес, діни жағынан сауатты әрі исламның сурет салуға тиым салғанына қарамай сурет салуға қорықпайтын, суретшілік фантазиясы бар молда-адай болуы керек. Ал 18 ғасырдағы адайдағы оқығандарды аңыз жады жақсы біледі, тіпті аттарын да атайды, олар — Бекст-ата мен Қырымқұл деген кісі. Ал 19 ғасырдағы біз білмейтін адай молдасы осындай сурет салумен айналыспас та еді, өйткені ислам дінінің тірі жанды бейнелеуді құптамағандығын айтып өттік емес пе? Сондықтан осындай күмәнділіктерді алға тарта отырып, суреттерді салушы 18-19 ғасырлардың адайы емес, 14 ғасырдың есен-қазағы (айрақтысы) дегіміз келеді. Біз 14 ғасырдың жаппай исламдану ғасыры болғандығын, Маңғыстаудың да машайықтар мекеніне айнала бастағанын айтып өттік. Осындай жағдайда сол машайықтардың бірі осы жартастардағы гравюраларды салған да болар.
Бір қызығы, осы жартастағы көркемсурет галереясы Әлеу-Майрамның моласына жақын жерде, әрі Шайыр жақ бетінен Үстіртке апаратын жолға да таяу жатыр. Сондықтан “14 ғасырдағы айрақтылардың жиын құратын Алаудың үйі осы жерде болған” деп жорамалдауға болады.
Әлі би
Келтірілген ертегілік эпос жұрнағындағы тағы бір есім — Әлі би. Біз оны 14 ғасырдың реалды тұлғасы дей аламыз ба? Солай деп қабылдауға тура келеді, өйткені Әлі би есімінің жиілігі мен орнықтылығы қазақ фольклорында Орақтан да, Алаудан да кем емес.
Әлі би туралы Қырым циклінде бірнеше мәлімет бар. “Шора батыр” жырының барлық дерлік варианттарында кездесетін Әлі (Әли) есімінің Үстірт-Маңғыстау кеңістігімен байланысты болу мүмкіндігі де өз алдына атап өтуге тұрарлық жағдай. Жырдың бір нұсқасындағы Әлі — Қарахан деген өлсіз хан билейтін “ноғайлы мен түрікмен елінің” батыры, биі ретінде көрінеді.[8]
Тағы бір нұсқадағы Әлі — жай ғана “Қарахан еліндегі айрақты руынан шыққан”[9], бұл жерде ноғайлы да, түрікмен де атауы айтылмайды, оның есесіне Айрақты деген белгісіз ру аты кездеседі.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қарасөзбен берген “Шора батырында” да Нәрік елінен келіп, бір “ақ қаланың маңындағы он сан ноғайлы Айрақты еліне[10], мың үйлі жасыл түрікменге келеді. Түрікменнің Қарахан деген ханы, Әлі би биі болыпты”[11], яғни бұл варианттағы Әлінің елі — тағы да Түрікменнің Қарахан деген хан билейтін елі[12]. Тағы бір вариантта Нәріктің барған жері — Үргеніш маңындағы Ақша хан елі, тек бұл жырда Әлі аты жоқ, оның орнына Ақташы би шыққан.[13] Сірә, Ақташы — реалды Әлі бидің лақабы болуы керек, өйткені ақташы (ахтачи) — Шыңғысхан енгізген хан-сарай мансап-алпағы атақтарының бірі, оның бастапқы функциясы — “қой бағушылардың үстінен қараушы” (“заведующий пастухами овец”) болған. Ал Рашид ад-Диннің жазбасында осы атаумен ханның “жеке жылқы үйірлерінің ат бағушысын” атаған екен. Соған қарағанда, Әлі торе тұқымдарының (хан-сүлтандардың) бірінің қарамағында ақташылық қызмет атқаруы да әбден мүмкін.
Осы бір жырдың төрт түрлі вариантында Әлі-Нәрік-Шора образдарының төңірегін көмкерген эпикалық этнонимдер мен топонимдер және антропонимдерді тізіп шықсақ, бізге белгілісі:
Айрақты | белгісіз ел, ру |
Қарахан | түрікпен ханы, түрікпен елінің аты |
Ноғайлы-Түрікпен елі | екі этникалық негізі бар эпостық қоғам |
Ақшахан елі | эпос бойынша Үргеніш маңындағы түрікпен елі |
Қарахан атауы келтірілген төрт варианттың үшеуінде де кездеседі, яғни бұл да эпостың бастапқы вариантында бар жер немесе адам аты дегенді білдіреді. Сондықтан бұған қатысты жорамал-түспалдар да екі сипаттағы бола алады. Қарахан сөзінің (есімінің) де Маңғыстау мифтік-географиялық кеңістігіне қатысы бар, ол өз алдына жеке әңгіме.
Тағы бір сөз — Ақша хан есіміндегі “ақша” сөзінің мән-мағынасы белгісіз (оны бүгінгі “ақша” — “деньги” сөзімен шатастырудың қажеті жоқ), біз тек “ақша” деген сөздің жер-су аттары мен ру есімдерінде орын алғандығын ғана айтып өтеміз. Осы есімнің Маңғыстауға қатыстылығы жөнінде әңгіме қылып өттік.
Ал тізімде берілген төртінші атау — ноғайлы-түрікмен елі тарихи-географиялық тұрғыдан тек Маңғыстау және оған жапсарлас Арал-Хасарлы (Каспий) аралық кеңістігінде (Үстірт, Оқ-Балқан, Бесқала) ғана болуы мүмкін, өйткені тек осы аймақта ғана тарихи ноғайлылар мен түрікмендер қоңсылас тұрып, араласа алады. Міне, бұл жағдайда біздің әлгіндегі Ақшахан, Қарахан, Айрақты сияқты топшыларымыздың Маңғыстау-Үстірттік варианты актуалды болып шығуымен бірге, ең бастысы — Әлі образы мен есімінен де осы аймаққа тән нышан-белгілерді іздей бастауға жол ашылады.
Бердібай Р. Эпос - ел қазынасы. 1995. 194-6. Бізге белгілі Ақташ деген жер, қорым Қараған түбекте, Форт-Шевченкодан Ақтауға қарай жүретін жолдың 22 км-нен солтүстікке қарай 2 км жерде, Қызылөзен ауылынан солтүстікте 10 км жерде бар.
“Шора-Нәрік” жырларындағы Әлі есіміне Манашыұлы Тұяқбай жырындағы Орманбет бидің баласы делінетін Әлі би есімін шендестіруге болады. Екеуінің би болуы өз алдына, “Манашыұлы Тұяқбай” жырындағы ең басты оқиға — Орманбет пен Манашының қаза болу оқиғасының болған жері ретінде нақты географиялық нүктенің — Үстірттің Хасарлы (Каспий) теңізіне қараған сырғындағы Манашы, Күйкенүшқан, Ащағардың көрсетілуіне қарап, бұл жырдағы Әлінің (Әлидің) де адресі осы Үстірт-Маңғыстаудан көрсетілуін қисынды деп есептеуге болады.
Ал осы Әлі мен оның әкесі Орманбеттің есімі мен Мүрын жыраулық “Ер Көкше” нұсқасындағы Көкше батырдың қарсыласы делінген қалмақ ханы әрі батыры — Орманғалидың (Орман-Ғали, Орман мен Әлі) аты бір текті деуге болады. Қалмақта мұндай адам есімі болуы мүмкін емес, сондықтан қазақтағы талай адам атының ішінен осы Орманғалидың таңдалуы кездейсоқ ат қою бола алмайды.
Әлі би “Шора” жырының барлық вариантында да зорлықшыл болып, жағымсыз келбетке ие болған, ал “Манашыұлы Тұяқбайда”, Потаниндік “Алеукода” ол жақсы сипатқа ие болған. Сондықтан Әліге Шора-Нәрік жырларындағы жаман сипат берілуін бастапқы дей алмаймыз. Ол да басқа кейіпкерлер сияқты өз заманының адамы болған, оның эпостағы жаман болып шығуы, яғни оның оппозицияға шығуы 16 ғасырдағы едігелік дәстүрдің жырлаушыларының көзқарасына сай жүзеге асырылған. Тарихи Нәрік пен Шора Нәрікұлы 1546 жылы өлген көрінеді, олай болса “Нәрік-Шора” жырлары 16 ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған, ал жырдың сюжетінің және есімдерінің тұрақтылығы оның көне екендігін көрсетеді. Көне жыр болған, ал Шора мен Нәрік сол жырларға жасанды түрде енгізілген үстеме-кейіпкерлер (вставка) ғана, олар жаңа заман жырауларының аузымен көне жырды иемденіп кеткен. Мінс, осындай жағдайда Әлі образы Шора мен Әлі немесе Нәрік пен Әлі эпикалық дуализмінде негативті сипатқа ие болды.
“Манашыұлы Тұяқбай” жырындағы Орманбеттің ұлы Әлі — жағымды кейіпкер, ол Тұяқбайды он бір бидің балаларымен табыстырушы болады және өзі Тұяқбаймен дос болады. Артынан Тұяқбай мен Әлі екеуі Ындыс ханы Мейрамханға қарсы соғысады. Соған қарағанда Әлі би әрі батыр — айқын жағымды (позитивті) образ. Ал осы екеуін белгілі бір этникалық сапаға келтірсек, Орманбетұлы Әлі — *дей-өлім руының эпонимі болса, Манашыұлы Тұяқбайды — *дей-уақ руының эпонимі деуге болар[14] еді, өйткені “Тұяқбай” сөзінің уақ (увақ, убақ, ыбақ > тұяқ) сөзіне белгілі бір сападағы ұқсастығына байланысты кейінгі замандарда туған есім екендігі көрініп тұр.
Әлібек, Әліби және Альбег. Әлі бидің 14 ғасырдың тарихи тұлғасы болуы белгілі бір кереғарлықтарды туғызады, өйткені оның алан (нарт-осетин) эпосында тікелей баламасы — Альбектің (Альбег, Алибек) болуы мынадай тарихи сауалға жауап іздеуді қажетсіндіреді.
Егер Әлі би (Альбек) 14 ғасырдағы маңғыстаулық тұлға болса, онда бүгінгі солтүстік-кавказдық нарт эпосындағы Альбек образы олардың эпосына 14 ғасырдан кейін енген болып шығады. Ал егер Альбек 14 ғасырға дейінгі кавказдық алан эпосының кейіпкері болған болса, онда ол 14 ғасырда маңғыстаулық қазақ ортасының фольклорына кіріккен тарихи емес, кәдімгі эпикалық кейіпкер ғана бола алады. Қайсысы дұрыс? Оған бере салатын жауап жоқ, екі ықтимал жорамалдың дәйектілігін көрсету үшін кітап тақырыбынан тым ауытқып кетіп, ұзын-сонар әңгімелеуге көшуге тура келеді. Сондықтан келте қайырып, тек қана алан эпосындағы Альбектің кейбір сипаттарына тоқталып өтеміз.
Алан эпосындағы Альбек туралы жеке сюжет жоқ деуге болады, ол тек Тотрадз (Тотраш) батырдың әкесі ретінде айтылады. Альбек — алан мифоэпикасындағы үш кварталды нарт ауылының ортаңғы кварталы болып тұрған Алагата, яғни Алау үйінен шыққан кісі.
Альбек пен оның ұлы Тотыраш есімі солтүстік кавказдық эпостарға ортақ, ал белгілі бір есім көпшілікке ортақ болу үшін олар әлгі есімді ертеректе қабылдауы тиіс, яғни алан деген этнос жер бетінде өмір сүрген кезде (14 ғасырдың аяғына дейін) сол халықтың эпосының Альбек деген кейіпкері кейінгі ғасырларда солтүстік Кавказдық жұрттарға тараған. Міне, Альбек пен Тотраш есімдерінің өмір сүру уақыты ең бері дегенде 13-14 ғасырлар (одан да бұрын) болып шығады. Бірақ Альбек пен Әлі бидің аттас болуы (“би”, “бей” сөзінің өзі “бек” сөзінен өрбіп шыққан ғой) бұл мәселе жөнінде басқа жорамал бар екендігін көрсетті. Яғни Альбек образы 14 ғасырда Маңғыстау жерінде туып, кейінгі 15-17 ғасырлардың бір сәтінде ғана солтүстік-кавказдық халықтардың нарт эпосына кіріккен.
Бұған, сірә, есен-қазақтардың батысқа кеткен тобы себепкер болған сыңайлы[15].
Біріншіден, Альбектің Алагата (Алаг > Алау) үйіне, яғни руына жатуы (яғни сол рудың адамы болуы), оны қазақтың алшындарының Алау және Әлім атауларымен шендестіруге мүмкіндік бере алады. Потаниндік ертегідегі Алеуко мен Әлі бидің қатарлас болып айтылуы осы этникалық ортаны меңзесе керек. Яғни Алау-Алеуко — этникалық ортаның жиынтық кейіптенуі болса, Альбек-Әліби — сол ортадан шыққан нақты эпостық кейіпкер. Міне, осы орайда Әлі есімі мен Алау есімі бірінің орнына бірі жүретін есімдер бола алады.
Екіншіден, алан мифоэпикасының үштік моделі бойынша Альбек шыққан Алаг (Алагата) руы — орта дүние ретінде абыздық функцияға ие, яғни Алаудың өзі де, оның Альбек деген ұрпағы да батырдан гөрі абыз қызметін атқаруы тиіс, осы әлгідегі қызметті ортақ қазақ дәстүрінде би деп аталған адам атқарады. Ал қазақтың би деген сөзінің көне түркілік нұсқасы — бек, яғни “Әлібек” есімі бүгін қазақша “Әліби” деп айтылар да еді.
Үшіншіден, нарт Альбек Тотыраштың (Тотраш, Тотраз, Тодрадз, Татараш) әкесі, ал қазақтың Әлібек батыр ертегісінде Тотай есімі бар (ертегіде ол есім батырдың екі қарындасының біреуіне берілгенімен, бастапқыда батырдың баласының, не қызының есімі ретінде қолданылуы әбден мүмкін).
Төртіншіден, қазақта Әлібек батыр деген көне эпостың ертегілік прозаға айналған түрі бар (Ертегілер. 4 том. 1989. 71-б.). Міне, ертегілік қазақ Әлібегінің дүниеге селебесін (қылышын) ұстаған күйінде келу мотиві нарт эпосында нақты Альбек туралы болмаса да кездеседі.
Бесіншіден, нарт Альбектің баласы Тотыраштың есімі этимологиялық деңгейде Маңғыстау-түрікпендік тутырка (тютюрка, дудорга) этнонимімен байланысты болуы жоққа шығарылмайды. Этимологиясын анықтамай-ақ, Тотраз (Тотрадз, Тотраш) сөзінің көне, бастапқы айтылу қалпын жасамақ болсақ: Торадз > Тотыраг > Тотырга сөздері шығар еді. Мұндағы “ырағ” сөзі “ырық” дегенді білдіре ме, әлде “ырық” (ұрұқ) — ру деген сөз бе, ол жағын тап басып айта қою оңай емес. Ал оның есесіне біз түрк-оғыз этникалық ортасынан делінетін, бірақ оғыздығын шартты түрде ғана айтуға болатын дудорга, тутюрка деген этнонимдермен шендестіріп көруге болады. Дудорга — ортағасырлық түрікпен (?) тайпасы, ол кейін түрікпеннің Гоклен тайпасының құрамына кірген, ал тутюрка — дудорганың екінші, тарихи құжаттарда жазылған варианты ғана. Тотраш-Тотрадздардың осы тутырғамен шендесуі тарихи жағынан қисынды болмақ. Тек біз бұл жерде тутырғаны оғыз не түрікпен деуден гөрі, бастапқы этникалық тегі белгісіз тайпаның аты дегенді жөн көреміз.
С.П. Поляковтың мәліметіне қарасақ, Оқ-Балқан (және Маңғыстауда) жеріндегі тутурка этнонимінің естілу уақыты — 11-13 ғасырлар, ал 16-17 ғасырдың деректерінде дудурга деп жазылады. Түрікпендік көне ру — тутыркадан кейін геркез руы шыққан. Гоклендердің үлкен бір атасы геркез деп аталса, жалпы Гокленнің өзі қайы және дудурга болып екіге бөлінеді[16]. Міне, Тотыраш есімі де, Байұлы шежіресіндегі түп-ана Тотанның[17] есімі де осы этнониммен байланысты болуы ықтимал. Осы тутырка руының бір бөлігі немесе жекеленген жігіттері 14 ғасырда Маңғыстау-Үстірттегі есен-қазақтар қауымының қалыптасуына қатысуы мүмкін, яғни бір қазақ отауы (ватагасы) осылайша аталып, оның негізінде Тотыраш жиынтық образы қалыптасқан да болар.
Осетиндік эпоста Тотрадз (Тотраз) Сосланның (Сосруконың) дуалистік қарсыласы ретінде көрсетілсе, адыг вариантында олар жамағайындар болып суреттеледі. Қазақта осы есімге жақындау келетін Тотан (Дотан) есімі және осылай аталған архаикалық эпос та бар. Бұл эпостың эпикалық нұсқасы жария болған жоқ, ол жөнінде тек Р. Бердібайұлының зерттеулерінен ғана білуге болады. Тотрадз — Тотраш оқиғалары әр кавказдық вариантта өзгеше дамыған, сондықтан қазақ-алан ұқсастығын іздеу дәл, нақты ұқсастықтарды бере алмайтыны түсінікті, тек Тотрадз батырға қатысты бір сюжет қазақтың эпосында да бар екендігін айта аламыз. Тотрадз бен Сослан жекпе-жекке шыққанда Тотрадз оны көтенінен найзаға шаншып алып, күні бойы түсірмей көтеріп жүреді. Дәл осындай оқиға қазақ эпосында да бар (Қосай мен Сослан туралы салыстыру әңгімесін қара).
Алтыншыдан, Әлі — Алау (Алаг) сөзінің исламдық нормаларға бейімделуінен шыққан есім болғанның өзінде, осы есімнің моңғол шапқыншылығына дейінгі алан жұрты арасында таралуы және оның үстіне үлкен эпикалық маңызға ие болуы күмәнді. Өйткені кавказдық аландар христиан дінін ұстанған, сондықтан олардың өздерінің басты эпикалық еренін мұсылманша атай қоюы неғайбіл.
Жетіншіден, Әлібек ертегісіндегі Әлібек батырдың қарсыласы Шүліңгір батыр деп аталады, ал Шүліңгір (Челюнкир) — түрікпен жеріндегі, Маңғыстау облысының (яғни Үстірт қырының) ең қиыр оңтүстік шетіне жалғасып жатқан қырдың аты (Қапланқырмен қатарлас, Оқ-Балқанның оңтүстік-шығысы). 14 ғасырдағы түрікпендер мен айрақтылар (есен-қазақтар немесе ереклілер) арасындағы қақтығыстардың ықтималдығын ескерсек, маңғыстаулық айрақтылар мен шүліңгірлік түрікпендер арасында болған соғыстар туралы аңыздар кейінірек өзгеріске ұшырап, жердің немесе түрікпен руының атауы қазақ фольклорында қарсылас батырдың есіміне айналып кетуі мүмкін.
Сонымен, Әлі (Әлі би, Әлі бек) — 14 ғасырдың, Маңғыстау-Үстірт аймағының аса көрнекті образы. Оның жамандығы қасындағы Орақтан не Шорадан артық емес, жақсылығы олардыкінен кем емес. Тек жыр тудырушы орта осы Әлінің басқарған ортасына қарама-қарсы тірлікте болған болу керек, сондықтан Әліге жырдың тарихи театрының сахнасында көбінесе жағымсыз кейіпкердің рөлі көп тиген. Біз өзін ақ, қарсыласын қара деп болатын айтыскер ақын емес, өткенге бейтарап (нейтрал) көзбен қарайтын зерттеушіміз, сондықтан да Әлі бидің аса көрнекті тұлға екендігін түсініп, оның жыраудан алған жаман сипатын сылып алып тастауға толық мүмкіндігіміз бар.
Міне, тарихи болсын-болмасын, мейлі жай ғана мифтік-эпостық тұлға (белгілі бір этникалық топтың кейіптенуі) болсын, — Әлі бидің Маңғыстау-Үстірт кеңістігімен тығыз байланысты бейне екенін ешқандай күмәнсіз қабылдаймыз. Бұл жағдайда әлгі Әләу-Майрам әулиесіндегі Әләуді алау этникалық ортасынан шыққан Әлі бидің екінші аты деп қабылдауға толық мүмкіндік бар, жырда бір-біріне қарсылас болып бейнеленген Әлі би мен Мейрамхан осы бір маңғыстаулық түпкірде Әләу-Майрам болып қосарлана жерленген де шығар. Солай дегенге сенгіміз-ақ келеді.
Әлі би — Әлім. Эпоним — белгілі бір нысанға не топқа (қалаға, жерге, руға, халыққа т.б.) өзінің есімін беруші дегенді білдіреді. Кейбір адам аты рулық-тайпалық бірлестіктің атауына негіз болады, міне, ат беруші тұлғаны эпоним дейді. Ал біз әңгімелеп отырған Әлі деген тұлға қазақтың ірі территориялық (рулық) бірлестігі болып саналатын алты ата Әлімге ат беруші бола ала ма?
Әлі би есімінің қазақ эпикалық дәстүрінде тұрақтылыққа жетуі, оның айрақты еліне би болуы, кейінірек оның аты иеленген топтың (рудың) қалыптасуы мүмкіндігін көрсетеді. Ал Әлінің де, айрақтылардың (есен-қазақтардың) да
түрікпен-қыпшақ тілді аралас-құралас орта болғандығын ескеріп, осындай жаңа рудың пайда болуы жолдарын түрікпен арасында іздестіріп көрелік.
Әбілғазы 15 ғасырда Оқ-Балқанды мекендеген түрікпен тайпалары қатарында адаклы-хызыр, алили, дюсчи, қараойлы, салорды атайды. Ол уақытта ерсары халқы Әбулханда (Оқ-Балқанда) отыратын еді... “Ол уақытта Үргеніштен Әбулханға бару бір ауыстан екінші ауылға барғандай еді. Өйткені Әму суы Үргеніш қаласының түбінен өтіп, Әбулхан тауының күн шығысына барып, таудың түбіне жетіп, құбыла тарапынан үйіріліп, күн батысқа барып, одан өтіп, Оғыржа барып Мазандаран теңізіне құяр еді. Әму дариясының екі жағы Оғыржаға жеткенше егіншілік, жүзім бағы және ағаш өсер еді. Жазда малы барлар шыбын-шіркейден қашып, алыстау жерлердегі құдық басына көшіп, қыс судың жағасына келер еді. Байлық пен мамыражайлықтың шегі жоқ еді. Пішкеттен Қарт Кешітке дейін судың екі жағында атақты хазар елі отыратын еді. Қарт Кешіттен Әбулхан тауының күн батысына дейін екі жағында Әли елі отыратын еді. Одан теңізге құйған жерге дейін түйеші халқы отыратын еді”[18]. Әбілғазының осы сипаттамасы 1540-1550 жылдардағы оқиғаларға байланысты сөз арасында келтірілген. Бұл Орта Азияны жаулап алған көшпелі өзбектердің ханы Ильбарс баласы Суфиянның заманы еді, сондықтан С. Поляковтың мәліметіндегі 15 ғасырды "16 ғасыр" деп түсінген дұрыс сияқты. Ең бастысы — 1540-50 жылдары Оқ-Балқанның маңынан өткен дарияның бойында “беймәлім Әли елінің” отыруы.
Ал Мирхонд сол тұста (Поляков дерегінше — 15 ғасыр) осы аймақтағы Тоқтамыс кісілерін сөз қылады[19]. Мындағы алили этнонимі екінші бір жазылуында али эли, яғни “Әлі елі” деп жазылады.
Міне, 15 ғасырда Оқ-Балқанда тұрған Әлі руының (оның о баста түрікмен болуы шарт емес) құрылысынан аттап бір ғасыр бұрын, яғни 14 ғасырда Маңғыстау мен Үстіртке мекендеуі де мүмкін жағдай.
С.П. Поляковтың пікіріне жүгінсек, али-или руының пайда болуы, дәлірек айтқанда, “али-или” деген атпен көне ру-тайпалардың қалған-құтқан жұрнақтары (консорция немесе конвиксия) негізінде жаңа территориялық бірлестікке (руға) біріккен қауымның пайда болуы 16-17 ғасырларға келеді екен: “Время 16-17 вв. для северо-западной Туркмении характерно появлением новых групп — али-или, тиведжи и др. Наряду с ними четко прослеживаются огузские племена — имир, игдер, алка-ойлы, кара-ойлы, дудурга, салоры”[20]. Әрине, Поляковтың тұспалы өте аз ақпаратқа негізделіп жасалған, сондықтан Әлі-Или руының қалыптасуын бір (тіпті, бір-екі) ғасырға кері шегеруге болады. Егер "әли" деген топ 14 ғасырда Үстірт пен Маңғыстаудағы алаш-қазақтардың құрамында болса, онда 1392 жылғы Ақсақ Темірдің алаш балаларын өлтірген уақытынан соң, 14 ғасырдың аяғы, 15 ғасырда олардың қалдығы Маңғыстауға, одан Оқ-Балқанға ауып, сол жердегі түрікмен руларымен араласып, тілі мен болмысы тұрғысынан түрікменденіп кеткенде, "Әлі-Или" деген жаңа, ендігі жерде түрікмен руын құрған болып шығады.
Түрікменстанда, Оқ-Балқанның оңтүстік жағында, өлгі Мирхонд пен Әбілғазының Әлили руы тұрды деп көрсеткен аймағында бүгінде Майрамалы (Байрам-Али) деген қалашық бар, осыған аты ұқсас қала Әзірбайжан жерінде де бар, ол — Али-Байрамли.
Әлі мен Байрамның (Әлі мен Мейрамның) екі жерде қатарласа айтылуы, біздіңше, кездейсоқ емес. Осылар 14 ғасырдағы есен-қазақтық Әлі мен Мейрамхан есімдеріне байланысты болған, яғни 14 ғасырдың аяғындағы есен-қазақ ойранынан кейін Түрікменстанға, одан Оңтүстік Кавказға кеткен Әлі мен Мейрам есен-қазақтарының тұқымдарынан қалған топонимдер (елді мекендер) атауы болуы мүмкін. Алдыңғы әңгімелерге қарағанда, бұл да қиял емес, қисынды тұспал сияқты.
1896 жылы Ашхабадта жарық көрген “Военный обзор” кітабында көрсетілген Маңғыстау өңіріндегі 2834 құдығы бар 294 судың аты аталыпты, міне, сол құдықтардың арасында Байрам-Алы деген құдық, жер аты Маңғыстауда да болған екен[21]. Тек оның нақты орны көрсетілмеген, оны шамалап Жаңаөзен қаласынан оңтүстік-батыста 45 км жердегі Байрам, Қызыладыр өңірлерінде болар деп шамалап көрсетуге болады. Міне, осындай тағы бір Байрам-Алы табылып отырған жағдайда “Әлі мен Майрамның бастапқы координаты қайда?” деген сауалға жауап іздегенде, онда Маңғыстау жеріндегі Айрақты тауының күнгей-шығыс жағында жатқан көне әулие делінетін Әләу-Майрам әулие — осы Әлі-Алау мен Мейрамның (егер оларды 14 ғасырда өмір сүрген нақты би, атамандар деп түсінер болсақ) моласы деген дұрыс болар еді.
Сонымен, 14 ғасырдың аяғында ойран болған есен-қазақтардың (немесе айрақтылардың) Әлі-Майрам тобының (ватағасының) бір бөлігі оңтүстікке, Түрікменстанға кетіп, 15-16 ғасырларда “Әлі елі” деп аталатын жаңа түрікмен руына негіз болған. Ал сол бағытқа кеткен тағы бір тобы Иранға, Әзірбайжанға кетіп, түрікмен-әзірбайжан тілді қызылбастардың қатарына қосылуы әбден мүмкін жәйт.
Ал сол есен-қазақтық Әлі (Алау-Майрам немесе Өлі-Майрам) тобының негізгі бөлігі қыпшақ тілді ортада қалып, 15 ғасырда бүкіл Ноғайлы — Дешті-Қыпшаққа таралып, бүгінгі Әлім және Арғын-Мейрам рулық-тайпалық бірлестіктеріне үйытқы болған деудің де қисыны бар. Ақсақ Темір (және басқа хандар) ойрандаған кезде жан-жаққа ыдырап кеткен қазақтардың ішіндегі Әлілердің бір бөлігі Оқ-Балқанға кетіп, 15 ғасырда түрікмен руы ретінде көрінсе, бір бөлігі Торғай, Оралтау, Есіл-Тобыл аймағына қарай кетіп, кейінгі Әлімұлы тобына үйытқы болған дей аламыз. Әрине, бұл болжам ғана. Бір кісіден таратып ру мен халықты шығаратын шежіреден аса алмаған ғалымдарымызға осындай даму, пайда болу жолдарын дәлелдеп, сендіре қою айға ұшып барумен бірдей қиын шаруа, бірақ біз, әуелі Үстіртте тұрып, артынан Сарыарқада үлкен рулық қауымға үйытқы болған Ер Кекше, Ер Қосай ұрпақтары - уақтардың да болуы мысалына қарап, осындай даму сүрлеуін мүмкін нәрсе дей аламыз. Жалпы осы жаңа этногенез дәуіріне (процесіне) аздап та болса көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты.
***
15 ғасырдан кейін немесе қайтадан бүршік атқан шешектер
14 ғасырдың аяғында болған Алаш ойраны немесе есен-қазақтар ойраны Дала көшпелілерінің еркін де өркениетті қоғам құру әрекетін баянсыз етіп, басы құралған қырық құрау қоғамды быт-шыт қылып ыдыратып жіберді. Бірақ бұл заман ақыр емес, жаңа өркендеудің де басы еді. Ойран болған жұрттың үлкенді-кішілі шашыраған қалдықтары, жекеленген тұлғалары бүкіл далаға, ең алдымен, қыпшақ тілді кеңістікке тарап кетті. Олар барған жерлерінде сол жердегі шежірелік тегінің бөлек болғанымен, тілі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы мен діни сенімдері ұқсас болған ру-тайпалармен қауымдасты. Бірі жергілікті рулық-тайпалық бірлестіктерге сіңгендей, із-түссіз атын да, затын да жоғалтып кетсе, енді біреулері, керісінше, барған жерлерінде жаңа рулық-тайпалық құрылымдардың қалыптасуына үйытқы болып, өздерінің есен-қазақтық тегін шежірелік-зейіндік деңгейде ұмытқанымен, түйсіктік, сана-сезім астарындағы деңгейде сақтап қалды. Мұндай жаңа қазақы (15-16 ғасырлар үшін жаңа қазақтар) тағдыры, қалыптасу жолы түрліше болып өрбіді.
Біз есен-қазақтардың 15 ғасырдағы қалдықтарынан өрбіген бірнеше жаңа субэтникалық құрылымды атап көрсете аламыз.
Бірінші — байұлдар, яғни есен-қазақтардың ойраннан қалған ең үлкен тобы. Олар алғашқы қазақылық қауымдар қалыптасқан Маңғыстау-Үстірт, Жем-Сағыз, Ойыл-Қобда, Жайық-Өзен, Мүғалжар аймағында қалып, 15 ғасырда “Ноғай” деген атпен дүрілдеген Едіге-Нұрадын тұқымдарының тайпалық бірлестіктеріне екінші қатардағы топ есебінде кірді.
Екінші — әлімұлы немесе Қаракесектер, Есіл-Тобыл аймағына ығысқан есен-қазақтардың екінші ірі тобы. Олар басқа ұсақ (кете, шөмекей, т.б.) руларды өздеріне қосып, жаңа қауымдасудың басында тұрды.
Үшінші — уақтар, яғни Ер Көкше мен Ер Қосайдың ресми ұрпақтары, олар есен-қазақтық, жад негізінде солтүстік далаларда жаңа рулық бірлестікті құрды. Кейін қазақтың Орта жүздік тобына жеке ру есебінде кірді.
Төртінші — арғындар, солтүстік далаға кеткен есен-қазақтардың бір ірі тобы, сірә, “Мейрам” немесе “Қаракесек” деп аталған топ осы аймақтағы кіші руларды, 13-14 ғасырларда “Арғын” атына ие болған жергілікті шағын топтарды қауымдастырып, 15-16 ғасырларда бүгінгі Орта жүздік арғындардың негізін қалыптастырды.
Бесінші топ — сіргелілер, оңтүстікке, Қаратау-Сыр аймағына кеткен есен-қазақтардың қалдығы. Мұнда олар өздерінің негізгі ұйытқысы мен сіргелі деген атпен Ұлы жүздік жеке руды қалыптастырды.
Бұлардан басқа жеке, шағын топтар да болған шығар, мәселен, бүгінгі Орта жүздік керей руының ұйтқысы болғандар да осы есен-қазақ ортасынан шыққан деген жорамалымыз бар, бірақ қолда бар материалдар ауқымы оларды саралап, анықтауға мүмкіндік бермейді. Соған қарамастан, бірінші қазақтардың тұқымдары әртүрлі сапада бүгінгі қазақтың келбетін жасауда шешуші рөл атқарғанын айтуға болады. Қазақтың үш аймағынан да, яғни үш жүзінен де орын алған олар қазақ атын, идеясын таратушылар болды.
***
Әлім және Алаш. Мұхаметжан Тынышбаевтың жазбаларының ішінде кейінгі зерттеушілермен берілмеген бірлі-жарым жойтылған жорамалдар бар. Солардың бірі — алаш атауының бүкіл қазақтық ұғым болып таралмастан бұрынғы тек дей-алшын қауымдарының арасында таралу ықтималдығы туралы ойлар. Тана руынан шыққан батыр әрі би Жиембеттің Есімханға айтқан сөздеріндегі “Алашыма ұран салармын” дегеніне қатысты М. Тынышбаев былай дейді: “Это фраза определенно указывает, что алчины прибыли к Есыму сравнительно недавно и, во вторых (что особенно интересно), что уран алаш в это время принадлежал преимущественно алчину”[22]. Тынышбаев осы ойына қосымша тірек ретінде тағы екі мысал келтірген. Айта кету керек, Мұхаметжан да Шоқанның, Левшиннің жазбаларын пайдаланған, ал Мұхаметжанның жазбалары мен пікірлерін кейінгі зерттеушілер (мысалы, Қ. Салғарин) де кеңінен пайдаланған. Ал оның келтірген өлең-мысалдарын бүгінгі, толықтырылған нұсқасында қайта көрсетуге болады.
Алаш та алаш болғалы,
Алаша атқа мінгелі,
Ала шұбар ту байлап,
Алашқа ұран бергелі,
Әлім еді ағасы,
Шолпан еді анасы[23].
Жиембет жыраудың Есімханға айтқаны:
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман.
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат саурысын берермін,
Алыста дәурен сүрермін.
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін[24].
Егер "Алаш" есімін бастапқыда тек *дей-алшындардың[25] меншікті аты болғандығын ескерсек, онда сол *дей-алшын бірлестігінің екі қанатты бірлестігі (әлімұлы-байұлы) әлімұлы тобындағы мәртебесі үлкен болып, ол аға саналған. Олай болса, руы өлім Жаскілең ақынның беріш-байұлыдан шыққан Мұрат ақынға “Әлімнің ағасы” деуі тарихи-шежірелік тұрғыдан әбден орынды, өйткені ол алаш деп тек әлім мен байұлыдан тұратын көне алаштарды айтып отыр. Сондықтан бұл қауымдастықтағы Әлімнің ағалығы шежірелік иерархия тұрғысынан алғанда дұрыс. Бұл жерде Мұраттың берген жауабы айтыс принципі тарапынан дұрыс болғанымен, шежіре тарихы үшін маңызды емес.
Шежіре бойынша Алаудан немесе Алшыннан Қаракесектер (әлім тобы) мен Қыдырбайлар (байұлы тобы) тарайды. Ағайынды екеудің үлкені — Қаракесек-Әлім болып табылады. Бұл шежіре ағашының басқа да нұсқалары бар, бірақ барлығында да осы екі балалық принциптің ішінде үлкен делінетіні — осы Әлім.
Міне, осы *дей-алаш — *дей-әлім + *дей-байұлы формуласын негізгі санайтын болсақ, онда 1350—1390 жж. Есен-қазақ алаштарындағы екі негізгі топтың үлкені осы Әлімге кейіннен ұйытқы болған *дей-әлім қазақтары болған деген жорамалдың қисыны келе бастайды. Ал сол *дей-әлімдердің ізі Есен-қазақтан (Айрақтыдан) табыла ала ма?
Әлі бидің, бір жағынан, Алаудың эпикалық досы ретінде (Потаниндік ертегіде) де, екінші жағынан, Алаудың екінші мұсылманданған аты ретінде немесе Алау руынан шыққан бір бидің өз аты ретінде Алау-Әліммен шендесе алатынын айтып өттік. Жаскілең мен Мүрат айтысындағы, кезінде М. Тынышбаев та атап өткен өлең жолдарындағы анықтама да айтыстағы өзін-өзі асыра мақтау тәсілі емес, шежірелік аңыздарға негізделген. “Алаш, Алаш болғанда ...Әлім еді ағасы, Шолпан еді анасы”, — делінуі белгілі бір деңгейде тарихи реалдылықты көрсетеді.
14 ғасырда алаш қауымы (біздің әңгімеміздегі айрақтылар немесе есен-қазақтар дегеніміз — осы алаш қауымы) қалыптасқанда, әлі тобы үлкен, аға статусына ие болған. Әдетте аға болу үшін абыздық функцияға ие болу керек, сондықтан Әлі-14 тобы (консорциясы) суфийлік машайықтардан немесе көне діни абыздардан шыққан бір тұлға басқарған құранды топ (консорция) болған[26] да шығар, сондықтан олар әлгі аңыздағы жат жұрттық (мүмкін, парсы, Орта Азия) дана қарттың ұрпақтары мәртебесіне ие болып, есен-қазақ ортасында белгілі бір абыздық функцияға ие болған. Бүгінгі Әлімнің ағалығы да сол функциядан қалған сарқын да шығар.
***
Бүгінгі алты ата Әлім тобы — үлкен тарихи-территориялық бірлестіктердің бірі болған. Бізге әлімұлының 18-20 ғасырлардағы қоныстану территориясынан басқа 17 ғасырдағы, тіпті 16 ғасырдағы территориясы белгілі. Әлімдер 16-17 ғасырларда Арал мен Сырдариядан оңтүстікке және оңтүстік-шығысқа қарайғы Қызылқұм кеңістігінде, Самарқан мен Бұқараға іргелес аймақтарда мекендеген. Сейітқұлдың, Жалаңтостың нақты өмір жолының осы аймақпен байланыстырылуы осыған куә. Бірақ а) әлімдердің өзімен іргелес Орта немесе Ұлы жүз қазақтарымен шежірелік байланысқа емес, байұлы-алшынмен шежірелік байланысқа түсуі; ә) Алау есіміне байланысты болуы олардың 16 ғасырға дейінгі тарихы қалай болғанда да батыс даламен байланысты екендігін көрсетеді.
Тағы бір ескерер жәйт — қырым-ноғайлы циклі, жалпы осы фольклорлық кешен байұлыдармен салыстырғанда әлімұлы қазақтарында таралмаған десе де болғандай. Дегенмен олардың Кіші жүздігі мен Алау-дәстүрінің нақ ноғайлы ортасынан шыққандығын көрсетеді. Осындай екі қарама-қайшылықты тек мынадай сипатта түсіндіруге болады.
14 ғасырдың аяғы, 15 ғасырдың басындағы Едіге-Тоқтамыс-Темір соғыстарының нәтижесінде ыдырап кеткен есен-қазақтардың нақты бір тобы, яғни өздерін Әлінің немесе Әлі (мебеттің) ұрпағымыз деп атаған тобы Батыс Қазақстаннан солтүстік-шығысқа, Торғай, Сарыарқа, Тобыл жаққа кеткен. Олай дейтін себебіміз — қолда бар әлім шежіресінде Қаракесек (Ұланақ)[27] деп аталған ірі тобының ішкі екі бөлігінің Есіл мен Табыл (Тобыл) балалары деп аталуы. Бір топтың екі бөлігінің солтүстік даладағы екі ірі өзен атымен (Есіл, Тобыл) аталуы кездейсоқтық емес. Бұл 17-18 ғасырлардағы қалыптасқан әлім-қаракесек шежіре дәстүрінің өз тарихының бір сәтін осылайша есте сақтауының көрінісі.
Әлі бидің ұлдары 15 ғасырдың бірінші жартысында батыстан Есіл-Тобыл далаларына кетіп, сол жерде аз топтармен қауымдаса бастаған[28]. Бұл — Ноғай Ордасының шығысқа қарай ұлғайып, сосын Әбілхайыр билеген көшпелі өзбек хандығының күшейген тұсы.
Сірә, салыстырмалы түрде қыпшақ сияқты ірі тайпаларға қарағанда саны аз болған әлімұлдары әуелі Ноғай Ордасына кірсе, артынан көшпелі Өзбек мемлекетіне кірген. 15 ғасырдың соңына таман және 16 ғасырдың басындағы Даланың қазақ пен өзбек болып екіге ажырасу кезінде әлімұлдары көшпелі өзбектер қатарында Есіл-Тобыл аймағынан оңтүстікке, Сыр-Қызылқұм және Кермине-Нұратау аймағына қоныс аударған. Саны аз болса да қуатты әлімұлдар сол аймақтағы ежелгі көшпелі (ішінара отырықшы) жұрттардың сарқындары болған шөмекейлер мен кетелерді, т.б. біріктіріп, 16-17 ғасырларда үлкен әлімұлы-қаракесек бірлестігіне айналған. Ол кезде қазақ пен көшпелі өзбектің бір-бірінен айырмашылығы шамалы еді, сондықтан әлімұлдары қазақ-өзбек екіұдайлығынан бірте-бірте қазақтықты таңдап алған.
Бұл кезде әлімұлдары баяғы есен-қазақ-айрақтылық Әліні ұмытып кеткенімен, шежірелік түп-ата Әлімге айналған түрін сақтап қалған еді. Сондай-ақ, шежірелік жад олардың Алаш, Алау, яғни алшын екендігін де сақтап қалды, сондықтан 17 ғасырдың аяғында үш жүздік құрылым қалыптасқанда, әлімұлы байұлымен бірге Кіші жүздік топқа айналған еді.
Өз кезегінде, бүкіл әлімұлына эпоним болған Әлі биді маңғыстаулық есен-қазақтарының биі, атаманы деп атай аламыз. Маңғыстаудағы Айрақты тауының оңтүстік-шығыс бетінде елеусіз жатқан екі моланың (Әлеу-Майрам) бірі осы Әлінікі (Әлімдікі) дегенге де ынталы болған жөн секілді. Тұтас бір жұрттың арғы атасының Маңғыстауда жатуы өлке тарихы үшін елеусіз қалмас деген ойдамыз.
Әлі жігіттерінің батыстан солтүстік-шығыс далаларға кетуімен Уақ руының бізге белгілі 11 ішкі руының біреуі Әлімбет деп аталуы да осымен байланыстырылады (мұндағы діни үстеме — үмбетті алып тастасақ, шығатын жалғыз сөз — Әли болмақ). Сол сияқты адайдың Мұңалынан бес баланың бірі — Әли де бағзы Әлімен байланыста болуы әбден мүмкін[29].
Мейрамхан — арғындағы бес мейрамның атасы
Әләу-Майрамның құранды атауындағы екінші компонент — Майрам есімі. Осы Майрамды қазақтың арғын руындағы “бес мейрам” деп аталған ірі, ру құраушы ұйытқысына ат берген арғы ата бола алады деп топшылай аламыз ба? Ол үшін үлкенді-кішілі дәлелдемелерді ұсынып көрейік.
Біріншіден, Әләу-Майрамның екі туысқаны делінетін Шілгөз, Үшкөз (Шетпе) есімдеріндегі “көз” ұғымы ойға бірден арғынның “көз таңбасын” сап еткізіп түсіре кетеді. Көне мифтік танымда Көз — күн белгісі, “күннің көзі”, сондай-ақ даналық пен абыздықтың нышаны болып табылады. Алау немесе Алагата үйіндегі билік, абыздық сипаттың аңғарылуы да, Арғынның ресми түрде жалпы қазақтық үштік әлеуметтік-функциялық бөлінуде абыз, би (“Орта жүзге қалам беріп дауға қой” немесе “кітап беріп, немесе қамшы беріп дауға қой”) мәртебесіне ие болуы осы таңбаға ие болуымен астасып жатқан сияқты. Арғындық бес-мейрам бүкіл арғын елінің негізгі ұйытқысы болып саналады, яғни арғынның жалпықазақтық абыздық функциясы алғашында, яғни 15-16 ғасырларда арғын ішіндегі тек бес-мейрамның еншісінде болуы әбден мүмкін. Ал бес-мейрам тобын қалыптастырушылар өздерінің арғы атасы ретінде осы көзге қатысы бар Әләу-Майрамды есептеген де шығар.
Екіншіден, Орта жүз бен Кіші жүз арасындағы шежірелік сабақтастық ең алдымен әлім-арғын сабақтастығы арқылы көрінеді. Әлім мен Арғынның шежірелік кешеніндегі ұқсастықтарға қарап, олардың белгілі бір дәрежеде ортақ бастауларға иек екендігін көрсетеді. Осы жағдайда Әләу-Майрам есіміндегі алау (әлім) мен мейрам есімдерінің қатар тұруы осы туыстықты көрсететін сияқты.
Үшіншіден, алдыңғы әңгімелерімізде сөз қылғандай “әлі” мен “мейрам” сөзінің қатарласа жүруі оғыз-түркі дүниесіндегі тарихи топонимдерден көрініс тапқан. Түрікменстандағы Байрам-Али мен Әзірбайжандағы Ачи-Байрамлы әлі (сонымен бірге мейрам тобының да) 14 ғасырдан кейінгі түрікмен бағытындағы даму кеңістігінде жатқан атаулар, осы қала аттары бастапқыда этнонимге байланысты болуы мүмкін.
Төртіншіден, Мейрамхан — Мұрын жырау нұсқасының Манашыұлы Тұяқбай жырындағы қалмақ ханының есімі. Ол — эпос бойынша “өз батырлары” болып саналатын Манашыұлы Тұяқбай мен Орманбет бидің баласы Әлі батырлардың қарсыласы. Жырдың аты жыр ғой, оның тарихилығы көбінесе “бұқаның бұзаулағанындай” болып шығады емес пе. Бірақ біз осы Мейрам есімді ындыс-қалмақтың арғы ақиқат тегі Орта жүздік үлкен ру — арғынның арғы ұйытқы-атасы болуында, яғни *дей-арғында жатыр деген жорамалды айтқымыз келеді. Расында да осы жырдағы Мейрамхан мен бүгінгі арғынның Бес Мейрамы арасында тікелей сабақтастық бар деуге бола ала ма? Әрине, ең оңайы — осы жорамалды жоққа шығарып, жырдағы Мейрамхан есімі — кездейсоқ айтыла салған жолшыбай есім дей салу, дегенмен азын-аулақ зерттеушілік интуиция байыптап қара дегенді айтқандай болады.
Нақты Мейрамханға қатысты айтарымыз: азғана материалда сақталған Манашыұлы Тұяқбай, Орманбетұлы Әлі мен сол екеуінің қарсыласы — Мейрамхан құрайтын үштік те кездейсоқ есімдер жиынтығы емес. Олар — белгілі бір рулық-этникалық ортаның *дей-образдары болып табылады. Біз Манашыұлы Тұяқбайдан — *дей-уақ — болашақ Орта жүздік уақ руының 14 ғасырдағы ұйытқысын көрсек, Әліден — *дей-әлім, ал Мейрамханнан — *дей-мейрам (арғын) руларының этникалық ұйытқысын көреміз.
Бүгінгі қазақтың арғындары туралы шежіре
Бүгінгі қазақтың арғындары туралы шежіре оларды Бес Мейрам, Жеті Момын деп екі үлкен топқа бөледі. Жалпы арғын шежіресі де, басқа қазақтың үлкен руларының шежірелері сияқты көп нұсқалылығымен көзге түседі. Біздің қарастырар есіміміз тарапынан осы екі топқа бөлінудің қолайлы әрі жиі кездесетін нұсқа екендігін айта отырып, осы Бес Мейрамға: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек деген ішкі рулардың кіретінін де еске сала кетеміз[30]. Осыған қарап-ақ, 15-16 ғасырлардағы қазақ арғындары негізгі екі түрлі бірлестіктен немесе екі рулық-этникалық компоненттен тұратындығын байқаймыз, яғни 15-16 ғасырлардағы мейрам тобы (консорциясы) басқа бір рулық қауым — момын консорциясымен бірлесіп, қауымдасып, бүгінгі арғын жұртын қалыптастырған. Олардың қайсысы ұйымдастырушы болды, қайсысы қосылушы болды? Арғын атын осы екі топтың қайсысы берді? — бұл сауалдарға әлі жауап берілген жоқ. Бірақ шежіре бойынша мейрамдардың Арғынның бәйбішесі Ергүлден туғанына қарап, арғын-15-16 бірлестігінде шешуші рөлге осы мейрамдардың ие болғанын айқындауға болады.
Біз осы мейрамдарды есен-қазақтармен сабақтастыруға құлықтымыз. Бірақ “мынау дәлел” деп тындыра салар ештеңе жоқ, тек кейбір қисындармен шектелуге тура келеді.
Біріншіден, шежіре арғындағы Мейрамның қайын жұртын алшыннан шығарады. Оның қалыңдығы Нұрқия — алшынның Досбай деген кісісінің қызы екен. Сол қызбен оның Қарқабат деген жеңгесі және тағы бір қызметші болған жетім қыз келіпті деседі. Мейрам болса, осы үшеуін де қатын етіп алыпты: Нұрқиядан — Қуандық, Сүйіндік; Қарқабаттан — Бегендік, Шегендік; ал жетім қыздан Болатқожа (Қаракесек) туады[31]. Шежіре берген алшынға жиен болу — тарихи дәлдікті бермесе де, тарихи этногенез дәуренінің бағытын береді. Қаракесек демекші, бұл атау Алты ата Әлімұлына да тиесілі атау, ал шежіренің алшынға жиендігіне қарап, екі жақтың Қаракесегінде де бүгінгі шежіре дәстүрі ұмытқан сабақтастық, ортақтық жатқандығын байқауға да болады.
Екіншіден, Қ. Салғарин бүгінгі арғынның шежіре дәстүрінде (кезінде М. Тынышбаевтың жинағында сақталған) арғындарды “жоғарғы” және “төменгі шекті” деген бөлінудің жоқ екендігін айтады да, Мәшһүр Жүсіптің шежіре келтірісінде осы атаудың бар екендігін еске салады. “Шекті” атауы эпостық дәстүрде бар, Алпамыс жырының бір нұсқасында кездеседі.
Қаракесек атанған Болатқожаның жеңгелей алған әйелінен Шұбыртпалы мен Шекті туады. Міне, арғынның мейрамы, мейрамның ішіндегі қаракесегі екі көрсеткіш (өз аты, баласының аты) бойынша алшын-әлімнің Жаманағымен тектесе алып тұр. “Бүгінгі арғын шежірешісі білмейді екен” деп көне шежірешілерден қалған мағлұматтардан бас тарта алмаймыз ғой — шекті сөзінің арғында болуын Н.А. Аристов та атап өткен, сондықтан осы екі шектілік (жоғарғы, төменгі) бөліністен тарихи қисынды күтеміз. Яғни шекті ақпаратын 17-20 ғасырлар арғыны білмегенімен, 15-16 ғасырлар арғындық шежіресі білген деп жорамалдауға болады.
М. Тынышбаев жоғарғы және төменгі шектіні Тоқал Арғыннан шығарғанымен, оның атап өткен есімдері бүгінгі шежірелік нұсқаларда кездессе, тек Тәнбісұпы делініп жүрген момындығы күмәнді (ол Айнагөзден (тағы да көз?) туған, ал момындар Момын-анадан туған ғой) рудың құрамында кездеседі.
Жоғарғы шекті — төменгі шекті рулары
Жалпы, Мұхамеджанның жоғарғы шекті — төменгі шекті руларының ішкі ата-ру есімдері назар аударарлық. Жоғарғы Шекті дегені Ермен деген кісі, одан Шағыр[32], Шағырдың руларының ішінде Таз (Алдияр), Шақшақ, Мадияр, Айдарке деген есім-рулар болса, олар бізге Орта жүздік Уақ руының жоғарғы есімдік кешенін құрайтын Ермен, Айдар аттарына ұқсас. Бұл осы бір арғын-шектілердің де Уақ руы сияқты өз тегін Маңғыстау-Үстіртпен байланысты болу ықтималдығын көрсетеді.
Ал Төменгі Шекті 10 есім-руды топтастыра атапты. Олардың ішінде Әлімбет, Байымбет, Бегімбет, Қырықмылтық[33], Ақтажы, Байтажы есім-руларын атауға болады. Мұндағы “Ақтажы” мен “Байтажы” сөздері:
а) қырымдық жырлардағы Ақташ, Ақташы хан-билерді (Әлі бидің лақабын) еске түсіреді;
ә) “ажы” форманты Маңғыстау мен Үстіртке тән оғыз-түрікпендік “аджы” (ащы сулы құдық не сай) деген географиялық аталымды еске түсіреді;
б) “тажы” деген мағынасы белгісіз формант (Ақ-тажы, Бай-тажы) бізге таз, тәзіке (тәжіке) деген адай мен таздың этнонимдерін еске түсіреді.
Қолда арғынның бүгінгі де, баяғы да шежірелерінің толыққанды нұсқалары болмағандықтан, нақты, сөзсіз дәлел айта алмаймыз. Онсыз да шежірелік мың құбылған шырмауықтан абсолют ақиқатты білсе, тек Құдай тағала біледі. Қолдан келері — тек ұлы жобаны, нобайын көрсету болмақшы.
Атап көрсетілген алшын-арғын ұқсастықтары бізге арғындардың белгілі бір тобының қалай болғанда да 15-16 ғасырлардағы қалыптасу дәуіріне дейінгі алшындық текпен сабақтасатындығын көрсетеді. Үш қатын алған Мейрам неліктен жырдағы Мейрамхан болмасқа? Жырдағы “қалмақ” дегені жай үстеме ғана емес пе? Есен-қазақ заманындағы алаш-қазақ қауымы ішінде мейрамдар да немесе Мейрам деген атақты кісі басқарған консорция — әскери ватага (отақ, отау) болған болсын делік.
Міне, кезінде жауласып, енді бітімге келген Әлі мен Тұяқбай басқарған ватагалар бірігіп, осы Мейрам ватагасымен соғысады. Мейрам атаман осындай шайқастың бірінде өле ме, әлде тірі қала ма? — әңгіме онда емес. Осындай қақтығыстар сол Есен-қазақ жұртында аңыз болып айтылады. Әрине, мұндай аңызды жеңген жақтың кейінгі ұрпақтары есте сақтайды. Кейін, Едіге ұрпақтары билеген Ноғайлы заманында осындай аңыз материалы жырға айналдырылады немесе бір жаңа жырға сюжет болып еніп кетеді. Мұндай жырда енді ру есімдері ұмытылады да, баяғы екі ватага арасындағы қақтығыс эпостық өз (ноғайлы) және жау (ындыс, қалмақ) деңгейіне шығарылып, баяғы аңыздық есімді иеленген батырлар енді жаңа эпостық этникалық төлқұжатқа ие болады. Баяғы ватаганың атаманы болған Мейрам енді “қалмақтың Мейрамханына” айналады.
Мейрам ұлдары 15-16 ғасырларда қалыптасқан қазақ-арғын қауымдасуында елеулі рөл атқарғанымен, есен-қазақтық сипатты сақтай алмаған. Сондықтан олар көп арғынның ішінде азшылық болып, сол көпшіліктің шежірелік дәстүрінің ыңғайына қарай кейін Орта жүздік шеңберге кірігіп кеткен. Бұл енді көркем-әдеби сипаттағы реконструкция, бірақ дәл осындай болмаса да, оқиға ағымы осы бағытта дамығаны анық. Біз үшін әзірге маңыздысы — Мейрамның моласы Маңғыстауда жатқандығы.
[1] Жергілікті ауызекі тілде қолданылатын “Әләу” сөзі дүрысы қазақ тілівде “Алау” сөзіне айналуы тиіс. Бүл сөзді біз бастапқыда “әуел” сөзінің бүрмаланған түрі. яғни бастапқы айтылуы арабтың “авваль” сөзімен байланысты болар деп жорамалдағанбыз, бірақ кейінгі зерттеулер оның күмәнді екендігін көрсетті.
[2] Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потанина. А., 1972. С.116
[3] *“Орақ-Мамай” жырында (141, 148-66.) ол Ахмет, т.б. батырлармен бірге Орақ пен Мамайға жәрдемдеседі; “Қарасай-Қазида” (65-6.) Әмет, “Айсаның ұлы Ахметте” (196, 201, 203-66.), “Әмет батырда” кездеседі, яғни оның есімі жыр сюжетін толықтырушы рөлінде көрінеді.
[4] Мифологический словарь. С. 28, 89.
[5]Мифологический словарь. С. 559.
[6] Батырлар жыры. 6-т.,1990.198-б.
[7] Қазақстанның кейбір аймақтарында, мәселен, Ақтөбенің Шалқар мағынасы (пиво) мен көне мағынасының (қымыз) айырмашылығын есте үстаған жөн.
[8] Бердібай Р. Эпос - ел казынасы. 1995. 175-6.
[9] Бердібай Р. Эпос - ел қазынасы. 1995. 194-6.
[10] 1,2 Потаниндік ертегілік нүсқадағы Алаудың (Алеуконың) баласы Орақ болып шығуы мен Әлі бидің Айрақты (Айрақ-Орақ) елінің биі болуы ара- сында да сәйкестік бар сияқты. Өйткені Орақ жырына негіз болған Айрақ (Үйрек) деген мифоэпикалық есім де Маңғыстауға байланысты ғой. Бердібай Р. Эпос - ел қазынасы. 1995. 173-196-66. 115 Бердібай Р. Эпос — ел қазынасы. 1995. 195-6.
[11] Бердібай Р. Эпос - ел казынасы. 1995. 173-196-бб.
[12] Бердібай Р. Эпос - ел казынасы. 1995. 195-6.
[13] Бердібай Р. Эпос - ел қазынасы. 1995. 194-6. Бізге белгілі Ақташ деген жер, қорым Қараған түбекте, Форт-Шевченкодан Ақтауға қарай жүретін жолдың 22 км-нен солтүстікке қарай 2 км жерде, Кызылөзен ауылынан солтүстікте 10 км жерде бар.
[14] Егер Әліні - әлім, Түяқбайды - уақ дейтін болсақ, онда Мейрам- ханды кейінгі арғындардың негізгі бір болігін қалыптастырушы бес мей- рамның эпонимі деуге де болар еді. Бірақ осындай жорамалды еш дәлелсіз баса айта алмаймыз, ойткені дәстүрлі шежіре ағымынан аса алмайтын зертгеуші қауымына, бүлтартпас дәлел болмас, мүндай жыр метаморфо- засын түсіндіре қою оңай шаруа емес.
[15] 14 ғасырдың соңында, не 15 ғасырдың алғашқы ширегінде ыдырап кеткен есен-қазақтардың бір тобы Не Хазария теңізі жағына, не Еділ-Жайық арқылы батысқа, Солтүстік Кавказ бен Дон аймағына кетуі әбден мүмкін. Солтүстік Кавказ халықтарындағы нарт эпосындағы Сосруко, Батраз, Альбек есімдері мен мұндағы образдардың қазақ эпикасындағы іздері, сондай-ақ бүгінгі Осетиядағы Алагир, Адайхох топонимдерінің болуы осындай жорамалдың негізсіз емес екендігін көрсетеді. Бұл жағдайға бүкіл нарт эпосының генезисі жөніндегі тұжырымдарды түбегейлі өзгерту тура келер еді.
[16] Поляков С.П. Этническая история сев.-зап. Туркмении в средние века. 1973. С. 128, 134.
[17] Қашаған Күржіманұлының "Адай тегі" деген дастанындағы мифтік сипаты бар шежіре бойынша Қыдырқожаның (Қыдырбай — Байұлы руы) екі үлкен әйелі болған екен, бірінің аты Жанби болса, екіншісінің аты Тотан: "Бір қыз, ер көрмей бала болған екен (бала болмаған, Жанби), Жанби мен Тотан ананнан". 119 — деген жолдардан байұлыға кірген он бір рудың өкілдері өздерін осы екі анадан бастайды. Осы Тотан мен Әлібек ертегісіндегі Тотай есімдерінің саздық бастауы ортақ болар деп шамаланады.
[18] Әбілғазы. Түрк шежіресі. 135-6.
[19] Поляков С.П. Этническая история сев.-зап. Туркмении в средние века. 1973. С. 7.
[20] Поляков С.П. Этническая история сев.-зап. Туркмении в средние века. 1973. С.133.
[21] Қаржаубаев Қ. Құдық — шаруалар мұрасы // Жаңа өмір. 1990. 18 қазан.
[22] Тынышбаев М. Велике бедствия. 1992. С. 72-73.
[23] Сыдықов Қ. Алқаласа әлеумет. 1991. 57-58-беттер.
[24] Бес ғасыр жырлайды. 1-том, 1989. 52-53-беттер.
[25] Орыс және еуропалық терминология дәстүрінде белгілі бір жай-күйдің бастапқы және кейінгі өзгеріске ұшыраған түрін белгілеу үшін прото, пра, до, пред (мысалы, прототүркі, пратүркі, дотүркі, предтүркі), epi, пост (мысалы, эпигериң, постсоветский) деген сөздерді префикс ретінде қолданады. Түрік тілдерінде, оның ішінде қазақта да префикс жүйесі жоқ, сондықтан осындай термин жасауда қиындықтар кездеседі. Мысалы, прототүріктерді түрікке дейінгі түріктер деп аударуға тура келеді, бұл ұзақ–шұбалыңқы, оқуға да, айтуға да қиын. Біз сондықтан прото (пред, пра) сөзінің орнына жасанды дей- (дейін, дейінгі сөзінің қысқартылған түрі), ал пост, эпилог, посттүркі сөздерін ауыстыру үшін кейін (кейінгі, кейінгісін) қолданған жөн деп ойлаймыз. Мысалы: дей-алшын – алшындарға дейінгі, немесе бүгінгі алшын бірлестігіне дейінгі кезең; бәйді – бәйділер, яғни бүгінгі бәйділерге негіз болған көне рулардың шартты атауы.
[26] Діни-абыздық топтың уақыт өте келе жеке руға айналу мысалдары "қожа", "сейіт", "мақтым", "шық", "ата" сияқты рулардың пайда болуынан көрінеді. Басында інжидар, күндердің консорциумы болған осы адамдар тобы кейін қоғамдық руға айналған көрінеді. Мысалы, Асан немесе Есен абыздың төңірегіне жиналған топ кейін ата руына айналып, олардың этногенездік құрылуы бар, сондықтан Өлімнің алғашқы ұйымдық консорциум есебінде пайда болып, кейін жорамалдарға толық мүмкіндік бар.
[27] Маңғыстау түбегінде, Таушық пен Жыңғылды ауылдарының аралығында Ұланақ деген жер бар. Жергілікті қазақтар жер атын "Ұланақ" деген түркімен әулесінің атымен байланыстыратынымен ол әулие туралы есімінен басқа ештеңе білмейді. Маңғыстаулық қазақтар дағайда неғұрлым әулиелердің кім екенін ажырата алмағанды ойландыр бір түркімен әулесінің не сәлде салуы әдеті бар, Ұланақ әулие де осындай мысал, сондықтан оның есімін Қаракесек-Ұланақ этнонимімен байланыстырудың қисыны бар. Оның үстіне қазақтар түркіменнің "оғлан" сөзін өзгертіп қолданады, мысалы, Оғланлы — Оғланды. Сондықтан Ұланақ атауының Оғланақ болмауы, нақ Ұланақ болуында да көптік принцип жатса керек.
[28] Орыс тарихшысы Левшин жазып қалдырған деген Алаш туралы аңыз желісі (қазақтардың Сібір татарларымен бір болып, бөлініп кетуі, Алаштың Бұқарадан табылуы, қашуы) ең алдымен осы өлімшілердің 15-16 ғасырлардағы тарихына, олардың Есіл-Тобылдан Қызылқұмға көшу қозғалысымен байланысты деп шамаланады. Бүгінгі бараба татарлары өздерін тегі жағынан татарларға емес, ноғайларға жақындығын ескерсек, "дей-әлімдер мен бараба татарларының тегінде жақындық болуы ықтимал.
[29] Қалғаны — Бөйімбет, Жаулы, Шоғы және Алаоғлан (соңғысы — Алақұнан, Алақұнан немесе Алаоғлан еншіге әкеліп Алатау-Алтай жаққа көшіп кеткен делінеді).
[30] Шәкәрім Құдайбердіұлының шежірелік еңбегіндегі түркітекке қатысты деректерінде түркілер арасында да кейбір арғын ата есімдерінің кездесетіндігін жазады (сөзбе-сөз: «Любопытно, что в некоторых сведениях известных казахских родов – суюндук, шегендык») Шәкәрім Құдайберди-ұлы. Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий (перевод Б.Кайрбекова). А., Жазушы. 1990. С.113.
Егер Шәкәрім Құдайбердіұлы келтірген хабарды еске түсірсе, онда біздің де арғындардың кейінгі орта ғасырлық этногенезінде түркітектік, манғыстаулық субстратты іздестіруге толық мүмкіндігіміз бар болғаны.
[31] Салғарин Қ. Қазақтың қилы тарихы. А.,1992.236-6.
[32] Шағыр есімі мен Ақтөбенің Үстіртке қараған бетіндегі Шағырдың топонимінің, Үстірттегі Шағырбай түбегінің атауы бір есімге негізделуі ықтимал.
[33] Адайдың мұндағы тобындағы Әлі, Бәйімбет, Шоғы немесе Қырықмылтық ішкі рулар есімдерінің қатар тұруы мен осындағы Әлімбет, Бәйімбет, Қырықмылтық руларымен қатар тұруын да кездейсоқтық деуге болмас.
Abai.kz