Таманың ұраны «Қарабура» хақында бірер сөз

Бірінші бөлім: Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ерте түркілер бейнесі
Екінші бөлім: Нұрлан Қамидың «Мөде хан» хикаяты хақында
Үшінші бөлім: «Көк бөрілердің көз жасы» романы хақында
Төртінші бөлім
Тарихты адамзаттың даму кезеңіндегі жүріп өткен жолы десек те, ұрпақты сақтап қалу мен «тіршілік үшін күрес» деп аталатын табиғи сұрыптау заңдылығындағы тарихтың әсері мен күшін, тек атом бомбасының күшімен ғана салыстыруға болады. Өз тарихын жете білмеген ұлттың болашағы көмескі. Сондықтан да, қадым заманнан бергі өмірдің мәні деп түсіндірілген ұрпақты сақтап қалу мен ұрпақ тәрбиесіндегі жетекші рөлді – ұлт тарихы ғылымы еншілеген.
Қазақ – кеше ғана күллі әлемді тітіркентіп, күркіреп өткен ежелгі түркі ру-тайпаларынан құралған халық. Бұл – ұлт ретіндегі біздің негізгі этникалық ерекшелігіміз. Қазақ ру-тайпаларының шежірелік тарихын білмей, қазақ халқының толыққанды тарихын білу де, түсіну де мүмкін емес. Осы орайда айта кететін бір мәселе: Бауырлас түркі тектес Башқұрт, Өзбек, Хакас халықтарындай емес, бізде ру-тайпа тарихы мен олардың ұрандарын ұлт тарихы негізінде зерделеп-зерттеу мүлдем жолға қойылмаған. Сондықтан да, өзіміздің жеті атамыздың арғы жағындағы қазақ ру-тайпаларының ұраны, шежіресі мен тарихына біз шынайы өмірден тысқары, «болыпты-мыс» дейтін аңыз-әфсана түріндегі әңгімелер ретінде ғана назар аударамыз. Анығына келгенде, қазақ ру-тайпалар шежіресінің ұлт тарихын зерделеуде алар орны ерекше.
Қазақ халқының шығу тегі туралы «Шежіре» деп аталатын генологиялық тарих – атадан-балаға алғашқыда ауызша, соңынан жазбаша хатқа түсіп, кейінгі ұрпаққа аңыз түрінде жетті. Міне сол, қазақ халқының ұлт тарихының ажырамас бөлігі – «Шежіреде» айтылатын аңыздардың біразы – кіші жүз Таманың ұраны Қарабура хақында.
Қазақ шежіресіндегі ру-тайпалар тарихы – ұлттық тарихымыздың ажырамас бөлігі болғандықтан да, біз бүгін кейінгі ұрпаққа аңыз болып жеткен Таманың ұраны Қарабураны – тарих ғылымы негізінде зерделеуге тырыстық.
Кіші жүз Таманың ұраны – Қарабура бір-ақ адам болса да бізге жеткен түрлі мифологиялық аңыздардағы Қарабуралардан бөлек, Таманың ұраны Қарабура осылардың бірі болуы мүмкін деген болжамдармен тарихта аты аталатын үш Қарабура бар.
Олар:
- Ахмет Иассауидің жаназасын шығарды дейтін Қарабура.
- Орта ғасырлық тарихи жазбалар «Тарих-и-гузида Нусрат Намада», «Шайбани Намада» және «Тарих-и-Абулхаирханида» аты аталып, Ақсақ Темірдің әскербасы болды дейтін – Бурджи-Қара-Даулат-Ходжа – Қарабура.
- І.Есенберлиннің ұлтымыздың алты жүз жылдық тарихын қамтитын төрт томдық «Көшпенділер» тарихи-романдар топтамасының III томы «Жанталаста» аты аталатын Жоңғар шапқыншылығының батыры – Дәулет Қарабура.
Сонымен, тарихта болды, есім-сойы белгілі дейтін Қарабуралар – үшеу, ал, Тамаға ұран болған Қарабура – біреу. Осы үш Қарабура ішінен бізге керегі – Тамаға ұран болған, өз атамыз Қарабура.
Ғылым – дәлел мен дәйек, содан соң логикалық жүйе, – дейтін, ұлы ғалым бабамыз Әл – Фараби тұжырымы бойынша, аты аталған осы үш Қарабураның ішінен Таманың ұраны болған, өз атамыз Қарабураны ғылыми негізде іздеп көруге тырыстық. Себебі, жаратушы бір Алламыздың негізгі сипаты, күллі адамзатты өркениетке жеткізген ғылыммен таласа алмайсың. Сондықтан да Таманың ұраны Қарабура бабамызды іздеуде ғылыми дәлел мен дәйек содан соң логикалық жүйені басты орынға шығардық.
Ойымызды ғылыми негізде тұжырымдар болсақ, жоғарыда аты аталған үш Қарабураның ішінен, Орта ғасырлық тарихи жазбалар «Тарих-и-гузида Нусрат Намада», «Шайбани Намада» және «Тарих-и-Абулхаирханида» аты аталып, Ақсақ Темірдің әскербасы болды дейтін Қарабураны, Таманың ұраны болды-ау деген «Қарабуралар» тізімнен алып тастағанды жөн көрдік. Неге?
Себебін тарқатып көрейік...
«Тама» кітабының 1-том, 2- кітабында Ж.Мұратбаев деген азаматтың «Тәуке ханның бас әзіреті» мақаласы бойынша, Қарабура тарихы былай баяндалады: «1395-1405 жылдар арасында Әмір-Темірдің қолбасшысы болған Тама Бура әулиенің ұрпағы Дәулет батыр ат орнына жорыққа айыр өркешті, қара шудалы бура мінген», – деп айта келіп, автор мұнан ары Дәулеттің алып күші мен батырлығына тоқталып: «Дәулеттің адалдығына, ерлігіне риза болған халық оны құрметтеп Қара буралы батыр, «Қарабура» деп атаған. Халық арасында «Қарабура» аталған Дәулет батыр, 1445 жылы 72 жасында қайтыс болып, Созақта жерленеді», – дейді. (Тама. 1-том, 2-кітап. 67-68-беттер)
Мақала авторы Дәулет батырды Тама бура әулиенің ұрпағы деп жазып, бәлкім, Қарахан мемлекеті тұсындағы «Қарабура әулиеге» жақындатқысы келетін ниеті байқалады. Алайда, мақала авторы XV ғасырда өмір сүрді деген Дәулет батыр мен Бура әулиенің екі арасын ғылыми негізде түсіндіріп бере алмаған.
Дәл осы мақаланы өз ойларына негіз еткен «Тама тарихының» 1-том, 2-кітабының авторлық ұжымы Дәулет батырды «Шайбани Намада» – «Иоджи-Қара Даулат-Ходжа», «Тарих-и-Абулхаирханида» – «Даулат-Ходжа Ирчи-Қара» десе, «Тарих-и-гузида-ий Нусрат намада» – «Бурджи-Кара-Даулат-Ходжа бахадүр» деп жаза отырып, «Бурджи-Қара» сөзінің мағынасы – «Қарабура» дегенге келеді», – дейді. (Тама. 1-том, 2-кітап, 67-бет)
Бірақ, «Тама тарихының» авторлық ұжымы көне шағатай тілінде жазылған еңбектегі «бурджи» сөзінің лексико-семантикалық тұрғыдағы дәл анықтамасын өз еңбектерінде көрсете алмапты. Әрине, көне түркілік шағатай тіліндегі «бурджи» сөзінің мағынасын зерттей түсу қажет. Алайда, шағатай тілінде жазылған орта ғасырлық тарихи жазбалардың үшеуінде де, «Даулат» есімінің жанына «Ходжа» деген анықтауыш сөз қосылғанына баса назар аударған жөн. Себебі, XIV-XV ғасырлардағы тарихи еңбектерде адам есіміне оның шыққан тегі, туған жері қоса жазылған. Бұл сонау X-XI ғасырлардағы алдыңғы және Орталық Азиядан келе жатқан үрдіс. Мысалы: Әлемде екінші ұстаз аталған, ұлы ғалым бабамыз Әл-Фарабидің толық есімі – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн – Тархан Узлак әл-Фараби ат-Турки. Бұл жерде Әл-Фараби бабамыздың аты-жөні, әкесінің аты, шыққан жері мен тегі толық көрсетілген. Сол секілді – Құл-Қожа-Ахмет Иассауи деген тіркес есімдегі «қожа» сөзі Ахмет Иассауидің шыққан тегін көрсетіп тұр.
Егер, орта ғасырлық тарихи еңбектер «Тарих-и-гузида Нусрат Намада», «Шайбани Намада» және «Тарих-и-Абулхаирханида» «Даулат-Ходжа бахадүр» деп емес, «Тама Дәулет бахадүр» деп жазылса, онда бұл Дәулетті – «Тама Дәулет батыр» деп түсінер едік. Тарихи жазба деректерде «Далуат-Ходжа бахадүр» деп оның шыққан тегінің Қожа екендігі анық жазылып тұр. Сондықтан «Тарих-и-гузида Нусрат Намада», «Шайбани Намада» және «Тарих-и-Абулхаирханида» аты аталатын «Ходжа-Дәулет бахадүр» – біздің «Таманың Дәулет батыры» емес, басқа адам. Бұл – бір.
Әбіш Кекілбаев өзінің «Қарабура – елдік пен ерліктің киесі» мақаласында: «біздіңше, Қарабура – Тамалар мұсылман дініне кіріп, Қарахан мемлекетінің құрамында болған кезден қалған ұран. Алтын Орда, Дешті-Қыпшақ ыдырағанда Тамалар Ноғай, Башқұрт, Татар, Қазақ, Қарақалпақ, Өзбек, Қырғыз халықтарының құрамына сіңіп, тоз-тоз болып тарап кетті», – дейді. (Ә.Кекілбаев. Қарабура ерлік пен елдіктің киесі. Егемен Қазақстан. 1997 ж. 21 март)
Жан-жақты білім иелері Әбіш Кекілбаев, Ілия Жақанов секілді зерттеушілер жазған ғылыми зерттеулерде, Таманың ұраны Қарабура – Қарахан мемлекеті тұсынан келе жатқан ұран екені баса айтылады. Бұл – екі. (Қараңыз: Ә.Кекілбаев Қарабура ерлік пен елдіктің киесі. Мақала І.Жақанов «Қарабура» зерттеу еңбек т.б.)
Үшіншіден, XIV-XV ғасырларда «Ақ Орда» мен «Алтын Орда» хандықтарының құрамында өмір сүріп, 1376 жылы Ақ Орда хандығын талқандап, 1391 жылы және 1395 жылдары Алтын Орданың төс табанын жерге тигізіп әлсіреткен Ақсақ Темір әскерлеріне қарсы соғысқан Тамалар – Ақ Орда мен Алтын Ораданың қас жауы, Ақсақ Темірдің әскербасы, «Нусрат намеде» аты аталатын Бурджи-Қара-Дәулет бахадүр есімін ұранға айналдыра қояр ма екен? Бұл жерде ешқандай логика да, қисынды жүйе де жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, XIV-XV ғасырларда Тамалар өмір сүрген Ақ Орда мен Алтын Орданың күйреуінің негізгі себептері – «Азияның жендеті» аталған Ақсақ Темірдің әскербасы болыпты деген «Бурджи-Қара-Дәулет-Ходжа бахадүр» – Тамалардың ұраны болды деген пікірде ғылыми негіз де, қисынды-логикалық жүйе де жоқ. Сондықтан да, Тамалардың ұраны болуы мүмкін деп танылған – үш тарихи Қарабураның қатарынан орта ғасырлық тарихи жазба «Намаларда» аты аталатын «Даулат-Ходжа бахадүрдің» есімін алып тастадық.
Ендігі сөз Құл-Қожа-Ахмет Иассауидің жаназасын шығарыпты дейтін – «Қарабура хақында»
Иассауи жаназасын шығарды дейтін Қарабура туралы, мифологиялық қоспа түсініктерден тыс, мына төмендегідей аңыздар бар.
- Ахмет Иассауи жаназасын өзінің айтуы бойынша: «Менің жаназамды түйеге мініп келген адам шығарады», – депті. Аңыз бойынша, түйеге мініп келген кісі – Қарабура екен.
- Ахмет Иассауи жаназасын шығарған әлгі кісі, Қарабура мініп жүргендіктен, халық арасында «Қарабура» деп аталып кетіпті. Осы Қарабураның өзі де әулие кісі екен, – дейді аңыз. Сол кісі: «Мен өлгенде,мәйітімді өзім мініп жүрген қара бураға артыңдар. Бура қай жерге шөксе, сол жерге мені жерлеңдер», – депті. Қарабура мәйіті артылған түйе, сол кездегі Созақ шахарына шөккен екен. Ол кісіні Созаққа жерлейді. Басына белгі орнатады. Бұл кісі – Таманың ұранына айналған Қарабура әулие екен. Тағы да бір аңызда ол кісі Түркістанға арқалап отын тасып, әкелген отынын жағдайы жоқ жетім-жесірлерге тегін үлестіріп береді екен. Бір түйе көтеретін отынды жалғыз өзі көтеріп жүре беретін палуандығы үшін және қарапайым халық пен жетім-жесірлерге берген көмегі үшін ол кісі халық арасында «Әулие Қарабура» аталып, сол тұстағы күллі Таманың ұранына айналыпты дейді.
Халық арасында: «Аңыз түбі – шындық», – деген сөз бар. Заңғар жазушы һәм ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов өзінің халық ауыз әджебиеті туралы жазған ғылыми еңбегінде: «Аңыз – ерекше істерімен халық есінде қалып, тарихта болған адамдар жайында айтылады. Соңынан уақыт өте келе, халық аңызда айтылатын сүйікті кейіпкері бойынан қандай қасиет көргісі келсе сондай қасиетті жамаған», – дейді.
Ғұламаның дәл осы сөзі – Таманың ұраны Қарабураға қарап айтылғандай. М.Әуезовтің ғылыми пікірі мен «Аңыз түбі – шындық» деген нақыл сөздерге қарай отырып, Таманың ұранына айналып, Ахмет Иассауидің жаназасын шығарыпты дейтін Қарабура туралы аңыздың түп негізінде тарихи шындық бар деп ойлаймыз.
Ойымызды ғылыми негізде тарқатар болсақ, Ахмет Иассауи өмір сүрген 1103-1166 жылдар – XII ғасырдың бірінші жартысында батыс Жетісу мен Мауреннахрда өмір сүріп, қазақ тарихындағы тұңғыш рет ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған Қарахан мемлекетінің өмір сүрген уақытымен тұспа-тұс келді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми зерттеу институттары жазған, ұлтымыздың 5 томдық «бас тарихи кітабы» «Қазақстан Тарихы»: «Қарахан мемлекетінің негізін салушы Сатұқ Боғра хан исламды қабылдап, саманилердің көмегімен 942-жылы Баласағұн билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған деп жариялайды. Шындығына келгенде, Қарахан мемлекетінің тарихы осы уақыттан басталады. (1-том 399-бет)
Сатұқ Боғра хан өлген соң оның баласы Мұса Боғра хан 960-жылы қағанаттың мемлекеттік дінін – ислам діні деп жариялайды.
Қарахан мемлекетінің құрылуына және алдыңғы тарихына Қарлұқ конфедерациясының тайпалары зор рөл атқарды. Бұл конфедерацияға Қарлұқтар мен бірге Жікілдер мен Яғма тайпалары кірді. (1-том 398-бет)
X ғасырда Яғма тайпасының бір бөлігі Қарлұқтармен бірге Жетісуда, Нарынның оңтүстігіне таман мекендеді. Кейінірек, XI ғасырда Яғма тайпасы солтүстікке таман – Іле өзенінің алқабында өмір сүрді.
Екі тайпалық федерация – Жікіл мен Яғма шонжарлары арасында саяси билік қатаң бөлінді деген зерттеушілер пікірі шындыққа қаншалықты сәйкес келетіндігін дәлме-дәл айту әлі де қиын. Соған қарамастан, егер көшпенділер құрған басқа мемлекеттердегі ұқсастық бойынша пайымдайтын болсақ, онда Қарахан мемлекетінде жеңіп алған өңірлерге билік жүргізу – күшті этникалық-саяси бірлестіктер басшыларының, бірінші кезекте Жікіл және Яғма көсемдерінің қолына шоғырланған деп жорамалдауға болады. Бұл «арслан» (арыстан) және «боғра» (бура) құрметті атақтарымен атанған жоғарғы Қарахан билеушілерінің атақтарымен дәлелденеді. «Арслан» дәлірек айтқанда Арыстан (арслан қара-хан) атағын Жікілдердің билеушілері, ал, «Боғра» – Бура (боғра қара-хан) атағын Яғма көсемдері иеленді», – деп жазады. Е.А.Давидовичтің «Нумизматические материалы для хронологи и генелоги среднеазиатских Караханидов» (Нумизматический сборник. М.., 1957 91-119-беттер) еңбегі, О.Караевтың «История Караханидского каганата» (Фрунзе. 1983 г) еңбегі мен В.В.Бартольдтың «Двенадцать лекци по истори турецких народов Средней Азий» (Соч. Том пять, 71-бет, Москва 1968) және O.Pritsok Von Den Karluk zu den Karachaniden. (ZDMG, Bd 101 1951 S.292-293) еңбектерін негізге алған бес томдық «Қазақстан Тарихының» 1-томының 398-399-402-беттерінде. (Қазақстан Республикасы, Білім және Ғылым министрлігі, Ғылым комитеті, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология иниституты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология иниституты жазған бес томдық Қазақстан тарихының 1-томы. Алматы, «Атамұра» 2010 жыл)
Р.Г.Кузеевтің Москва, «Наука» баспасынан 1974 жылы шыққан «Происхождение башкирского народа. этнический состав, история расселения» еңбегі мен Хакас халқының белгілі тарихшысы Л.Р.Кызыласовтың «История Южной Сибири в средние века» (М.., «Высшая школа»-1984 г) еңбектерінде орта ғасырлардағы Яғма тайпасы қазіргі қазақ, башқұрт, қарақалпақ, өзбек халықтарынын құрамындағы Тама тайпасы, – деген пікір айтады. Бұл ғалымдар айтқан дәл осы пікірді әлі ешқандай ғылыми орта жоққа шығарған жоқ. Сондықтан бізде, В.В.Бартольд, Е.А.Давидович, О.Караев айтқан орта ғасыр, Қарахан дәуірінде «Боғра» (Бура) деген тотемдік атаумен мемлекет басқарған Яғма тайпасын – бүгінгі қазақ, башқұрт,өзбек,қарақалпақ халықтарының құрамындағы Тама тайпасы деп түсінеміз.
Ендігі сөз X-XI ғасырларда Қарахан мемлекетін басқарған Яғма тайпасының «Қара боғра» әулеті мен Ахмет Иассауидің ара-қатынасы турасында.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 960-жылы Сатұқ Боғра ханның ұлы Мұса Боғра хан Ислам дінін Қарахан мемлекетінің мемлекеттік діні деп жариялады.
Анығына келгенде, Қазақстан территориясына Ислам діні VIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап енді десек те, Ислам діні бірден халықтық сипат алып кете қойған жоқ. Оның негізгі себебі: Тұрғылықты байырғы халық өзінің бұрынғы ескі дінін бірден ұмытып, одан қол үзіп кетуі мүмкін емес еді. Оның үстіне дін тарату жолындағы «қасиетті ғазауат соғысты» сылтау еткен Араб басқыншылары – халықтың кез-келген қарсылығын күшпен басып, жергілікті халықты Ислам дініне зорлықпен енгізуді – Ислам дінін таратудың негізгі тәсілі деп ұқты. Дін тарату жолындағы үздіксіз соғыс, басып алған жерлердегі Араб басқыншыларына қарсы бүкіл халықтық көтерілістер, мемлекет ішіндегі феодалдық алауыз бытыраңқылық IX-X ғасырларда Араб халифатының әлсіреуіне алып келді де, Араб халифатының басқыншылық соғыстары Қазақстанның оңтүстік бөлігінен ары аспады. Себебі, үздіксіз соғыстан әбден әлсіреген Араб халифаты «дін үшін» деп аталатын басқыншылық «ғазауат» соғысын жүргізуге экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да күші жетпейтін еді. Сондықтан да, арабтар түркі тайпаларын мұсылман дініне үгіт-насихат арқылы кіргізе бастады. Түркі тайпаларының арасында мұсылман дініне үгіттейтін дін таратушы миссионерлер – халық арасында «пайғамбар әулетінен шыққан» немесе «мұғалім, оқытушы» дейтін мағына беретін «қожа» деген атаумен аталды.
Дін – белгілі канондарға ғана бағынатын қатаң догмалық қағида. Ал, Құран-Кәрімдегі діни канондарды сол тұстағы миссионер қожалар халықтың ұғымына сай етіп түсіндіре алмайтын. Міне, осы кезеңде Ислам дінінің бас кітабы – Құран-Кәрім мен Құран хадистеріндегі (жылқының еті – мәкрүк, (харам емес) мәйіт шыққан жерден ас ішпеу, қайтыс болған адамның жетісі, қырқы, жылдық асын өткізу секілді түркі тайпаларының әдет-ғұрпын Құран-Кәрімге негіздеп түсіндіріп – Алла адамзатты махаббатпен жаратты, сен де Алланы шын махаббатыңмен сүй. Алла сенің жүрегіңде, Алланың ең сүйікті пендесі амал еткендер деп, Құран канондарын көшпенді түркі тайпаларының ұғым-түсінігіне сай етіп түсіндіретін, Халифаттағы мұсылман мүфтиятының рұқсатымен Құл-Қожа Ахмет Иассауидің «Хикметі» (Даналыққа құштарлық) жарық көрді.
Бірінші кезекте – жаратушы бір Алланы сүйіп, амал еткендерді сүйетін А.Иассауидің «Хикметі» көшпенділердің таным-түсінігіне сай келіп ұлы Дала төсінде «Иассауи ілімі» кең өріс алды. Біздің ойымызша, 960-жылдардың өзінде-ақ Исламды мемлекеттік дін деп жариялаған Қарахан мемлекетіндегі билеуші топ – Яғма тайпасындағы «Қара Боғралар» әулетінің «Иассауи іліміне» қол беретін кезі – осы тұс. Себебі, XII ғасырдың алғашқы ширегінің өзінде-ақ Иассауи ілімінің әсерінен Қарахан мемлекетінің территориясында Ислам дінінің ықпалы бұрынғыдан күшейе түсті де, Ислам діні – мемлекет басқарудың үлкен идеологиялық күшіне айналды.
Ислам дінінің Әбу-Ханифа мазхабындағы «Иассауи ілімі» деп аталатын діни ағымның негізін қалаған ғұлама ғалым Құл-Қожа Ахмет Иассауидің – Ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған Қарахан мемлекетін басқарып отырған Яғма тайпасының «Қара Боғралар» әулетімен тығыз қарым-қатынаста болғаны – тарихи шындық. Себебі, Ислам дінін күллі әлемге таратуға мүдделі, пайғамбар әулеті – «Қожа» тегінен шыққан Қожа-Ахмет Иассауиге сол тұста мемлекет басында тұрған Яғма тайпасының «Қара Боғралар» әулетінің қолдауы ауадай қажет еді.
Ал, мемлекетті басқару үшін халықтың мұсылман діні секілді бір дінде болуы – мемлеккетті идеологиялық тұрғыдан күшейте отырып біріктіретін. Бір сөзбен айтқанда, билік пен мемлекеттік идеология – діннің бір бірлікте болуы – тарихи диалектикалық тұрғыдағы қажеттілік еді. Міне, осы себепті де, Ислам дінінің үлкен ойшылы Ахмет Иассауи мен мемлекет басындағы билеуші топ Яғма тайпасының Қара Боғыралар әулеті тығыз байланыста болды.
Біздің ойымызша, мемлекеттік билік басындағы Яғма тайпасының «Қара Боғра әулетінен шыққан» «Қарабураның» дін жолына түсіп, Иассауи ілімін меңгеріп, Қожа-Ахмет Иассауидің жаназасын шығаруы да – тарихи шындық. Себебі, «Иассауи ілімін» қалыптастырған ұлы ұстаз, ғұлама ғалым Ахмет Иассауи жаназасын – мемлекет басқарған Яғма – Тама тайпасының «Қара Боғра» әулетінің бел баласы «Қарабураның шығаруы» – енді нығайып келе жатқан Ислам діні үшін үлкен абырой еді. Орта ғасырларда дін мен билік әрқашан да бір бірлікте болғанын біз ұмытпауымыз керек.
Енді Қарахан мемлекетін басқарған Яғма-Тама тайпасынан шыққан «Қара Боғра»-Қарабураның Яғма-Тама тайпасының ұранына айналу туралы бірер сөз.
Қарабура өзі Ахмет Иассауидің жаназасын шығарған үлкен Әулие, дін жолындағы адам бола тұра, ол қалай Таманың ұранына айналды? – деген сұрақ екінің бірінде алдымыздан шығып жатады. Орынды сұрақ. Сұраққа жауап бермес бұрын, әуелі, «ұран» сөзінің мағынасын талдап алайық.
Ұлт көсемі, жан-жақты білім иесі, энциклопедист-ғалым Ә.Бөкейхан: «Ұран – это боевой клич. Ұран, бұл – соғыс сүреңі», – дейді.
«Ұран» сөзі – «ұр» деген сөзге «ан» деген көптік мағына беретін көне түркілік жалғауы жалғанғаннан пайда болған туынды сөз. Сонымен, «Ұран» сөзі – бәріміз бірге ұрайық, соғайық деген мағына беретін соғыс сүреңі. Осы тұста, «Ура» деген сөз де көне түріктің «ұр, ә» деген мағынадағы сөзі екені еске түсіп отыр.
Ру тұтастығы мен руластарының жақсы өмір сүруі үшін, өз дәуірінде үлкен еңбек сіңірген адамды руластары қасиетті деп танып, есімін кие тұтып, оны өз руының ұранына айналдырған. «Ұран» – тек соғыс сүреңі ғана емес, белгілі бір келелі іс барысында, рулас туысқан адамдардың басын қосатын – қасиетті ұғым.
Қарабура есімінің ұранға айналуына келгенде, Қарабура тарихын зерттеушілер мына мәселені естен шығарып ала береді. Ол – рулық-феодальдық алауыздық салдарынан 1128-жылы Қарахан мемлекетіндегі билікті түрлі тарихи жағдайларға байланысты, Қытайдың Ляо империясынан Жетісуға қоныс аударған қарақытайлар басып алып, Жетісу мен Мауреннахрда 1213-жылдарға дейін Қидан мемлекеті, қарақытайлар билігі орнағаны тарихтан белгілі. (Қараңыз: 67-69-беттер. Мусин Чапай. Қазақстан тарихы. Оқулық Алматы, «Норма К» 2008.)
Міне, осы тұста діні бөлек, басқыншы қарақытай билігіне қарсы Ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған Қарахан мемлекетінде үнемі халық көтерілісі болып тұрған. Біздің ойымызша, Ислам дініндегі Иассауи ілімінің үздік білгірі, мемлекет басқарған Яғма тайпасының «Қара Боғаралар» әулетінен шыққан Қарабураның – діні бөлек, Қытай басқыншы билеушілеріне қарсы Отан үшін, дін үшін, тәуелсіздік үшін болатын Ұлы Отан соғысына Яғма-Тама тайпасын бастап шығып, күллі Таманың ұранына айналған кезі – осы тұс.
Қалай десек те, жан-жақты білім иесі, заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев айтқандай, Қарабура – Қарахан мемлекетінің тұсында Таманың ұранына айналды.
«Қарабуралар» туралы сөз қозғағанда, І.Есенберлиннің тарихи романы «Жанталаста» сөз болатын – қазақ тарихындағы 150 жылға созылған «Ұлы Отан соғысы» – Жоңғар шапқыншылығының батыры – Таманың ұранына айналған «Дәулет-Қарабураға» соқпай кету мүмкін емес.
Жоңғар шапқыншылығы тұсында, қалмақтармен соғысып жатқан қазақ әскерінің ішінде, Тама қосынын Дәулет есімді батыр басқарған. Міне, осы асқан күш иесі, алып денелі Тама Дәулет батыр жауға қара бура мініп шапқандықтан, оның халық арасында «Қарабура» деген лақап есімі болған. Жауға шаппақ болып, қатар сап түзеп тұрған әскер алдынан қара бурасына мініп, желе шауып өткенде, қалың әскер «Дәулет келді» деп рухтанып, жауға «Қарабуралап» шабады екен. Бұл – Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Дәулет батыр – «Қарабура» туралы аңыз.
Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы соғыста «Қарабура»-«Дәулет келді» деген сөз көп айтылып, құлаққа сіңісті болып кеткендіктен, «Қарабура»-«Дәулеттің» ұрпағы, Тама ішінде «Дәулеткелділер» деп аталып кеткен дейді. «Қарабура» туралы құлаққа сіңісті болып кеткен бұл аңызды, біз шалдардан ес білген күннен бастап естіп өстік.
Біз сөз етіп отырған дәл осы Жоңғар шапқыншылығы тұсында Таманың ұранына айналған «Дәулет-Қарабура батыр» туралы аңызды классик жазушымыз І.Есенберлин өзінің «Көшпенділер» тарихи романдар топтамасының III томы «Жанталаста» реалистік негізде суреттейді.
Реті келген соң, сөз арасында айта кетуге тиістіміз: І.Есенберлин ұлтымыздың алты жүз жылдық тарихын баяндайтын өзінің «Көшпенділер» атты тарихи романдар топтамасында –орта ғасырлық тарихи жазбалар «Мехман-и Бухара» «Тарих-и-гузида Нусрат Нама», «Шайбани Нама» және «Тарих-и-Абулхаирхани» секілді орта ғасырлық жазбалардағы тарихи деректерді, Шәкәрім қажы мен Мәшһүр-Жүсіптің «Шежірелеріндегі» ұлтымыздың тарихы мен этнографиясынан хабар беретін ақпараттарды, Халық ауыз әдебиеті үлгілері аңыз әңгімелер мен тарихи жырларда айтылатын оқиғаларды көркемдік негіздегі реалистік сипатта өз шығармасына ғажайып үлгіде кіріктіре білген.
Қазіргі қазақ тілі лексиконында «Ғылыммен таласа алмайсың» деген нақыл сөз сыпатындағы тұжырым бар. Ақиқатқа жөн сілтейтін дұрыс тұжырым. М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде аты аталатын 43 тайпаның ішінде біз санап шыққан 30-ға тарта тайпаның ұраны – XVII-XVIII ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығының батырлары. Көптеген зерттеушілер қазақ ру-тайпаларының ұраны Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы, халықтың қалың ортасынан шыққан батырлар есімімен тығыз байланысты деп айтады. Біз де солай ойлайтынбыз. Тіптен, осы ойымызға байланысты «Таманың ұраны Қарабура» атты мақала да жазғанбыз.
Бұған дейінгі жеке ойымыз бойынша, XII ғасырда Таманың ұраны болған Қарабура мен XVII ғасырдағы Таманың ұраны болған «Қарабура» арасында ешқандай байланыс жоқ секілді болып көрінген. Кейіннен барып Б.Қорғанбек, А.Қалыш секілді тарихшы ғалымдармен пікір алмасу барысында және А.Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы секілді қазақ ру-тайпаларының тарихын зерттеуші, тарихшы-этногроф ғалымдардың еңбегі арқылы, қазақ ру-тайпаларының ұраны әр дәуірдегі айтулы тарихи оқиғаларға байланысты өзгеріп, жаңа ұрандар пайда болып, алдыңғы ұрандар сол ру-тайпалардың «рухани» ұранына айналып отырғанын білдік. Мысалы: Ғылым тілінде айтсақ, Қоңырат тайпасының бұрынғы «рухани ұраны» – «Малғара» да кейінгі ұраны «Алатау» сол секілді Найманның Қара-Керейінің бұрынғы ұраны – «Қаптағай» да, кейінгі ұраны «Қабанбай».
Осы секілді бірнеше мысалдарды естіп жүрсек те Таманың XII ғасырдағы Қарахан мемлекеті тұсындағы «Қарабура» ұраны мен XVII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «Қарабура» ұраны арасындағы тарихи-диалектикалық тұрғыдағы байланысты көре алмай, тұмсығы тасқа тиген бекіредей, талай қайраңдағанбыз.
Қазақтың ақиық-мұзбалақ ақыны Мұқағалидың «Райымбек, Райымбек» тарихи дастанын бұрын қанша оқысақ та, мән бермеген мына жолдарды оқығаннан соң, бәрі аяқ астынан өзгерді.
Қу даладағы құйын ба дерсің ойнаған,
Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған
Өз атын өзі ұрандап бала келеді
Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.
Жайына қалып өлі аруақ пенен тірі аруақ
Келеді бала есімін өзі ұрандап.
Тірілер шошып, жағасын ұстап тұр аулақ
Өлгендер көрде түскен де болар бір аунап,
Келеді қыршын есімін өзі ұрандап.
Қыбырда-жыбыр, күбірде-сыбыр айнала
...Асасын ұстап Әлмерек деген би келді.
–Жеті бабасын жерге қаратқан қай бала?
Е-е-е, Төкенің ұлы – Түленнің ұлы сен бе едің?
Осы болғаны ғой Түлей әкеңнен көргенің.
Сасық көкектей өз атыңды өзің ұрандап,
Сырымбет пенен Ханкелді сенен кем бе еді?
Тарихи дастанның поэтикалық күші өз алдына ғажайып бір әлем. Десек те, қазіргі әңгіме Мұқағалидың «Райымбек, Райымбек» поэмасының поэтикалық күші туралы емес, сіздер тарихи дастанның халық тұрмыс тіршілігі мен салт-дәстүрін сөз ететін этнографиялық ерекшеліктеріне мән беріңіздер. Ұққанымыз: өз атын өзі ұрандау – күллі рудың жебеуші аруағы, есімдері бұрын ұранға айналған ата-бабалар рухына қарсы келіп, аруақ аттап, қарғысқа ұшырайтындай, қазақтың ұлттық болмысына қайшы құбылыс.
Демек, XVII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығының батырлары Қоңыраттың Алатау батыры – «Малғара» деп, Найманның Қара-Керейі Қабанбай батыры – «Қаптағай» деп, Таманың Дәулет батыры Қарабура мініп жауға шапқан асқан батырлығы мен алып күші үшін халық арасында «Қарабура» аталып, «Қарабуралап» жауға шапса да, бұл батырлардың ойында өз руластарының ұранына айналған бұрынғы ата-бабасының есімдері тұрды. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі олар халық түсінігіндегі жексұрын құс «сасық көкек» секілді өз аттарын өздері ұранға қосуы мүмкін емес. Жауға шапқан Дәулет Қарабура батыр, XII ғасырдағы бабасының атын айтып, «Қарабуралап» ұрандады. Басқаша болуы – сол кездегі түсінік үшін аруақ аттап, қарғысқа ұшырататын өте шетін жағдай.
Ұзақ уақыт 150 жылға созылған Жоңғар шапқыншылығы кезінде, кейін «Дәулет-Қарабураның» көзі кеткен соң, «Қарабуралап» ұран шақырып, жауға шапқан Тамалардың кейбірінің есінде XII ғасырдағы Қарабура тұрса, кейбірі «Қарабура» деп Дәулет-Қарабураны ойлауы мүмкін. Себебі, Тамалардың XII ғасырдағы «рухани ұраны» да, кейінгі XVII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығының тұсындағы ұраны да «Қарабура» болды. Екеуі жауға шапқанда да, жәй өмірде де шудалы қара бура мініп жүргендіктен олар өз заманында халық арасында «Қарабура» атанды. Халық екі Қарабураны бір-бірінен ажыратып жатпады. Заман өте келе, XII ғасырдағы Қарабура уақыт көкжиегінің тұманында көзден ғайып болды да, бізге бірінші «Қарабурадан» бес ғасыр жақын тұрған, Жоңғар шапқыншылығының батыры «Дәулет-Қарабура» туралы аңыз жетті.
Ойымызды қорытындылап айтар болсақ: Екі «Қарабура» да тарихтың әр кезеңінде Тамаға ұран болды. Сондықтан, XVII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығының батыры «Дәулет-Қарабураны» – Қазақстан Тарихында бірінші болып Ислам дінін мемлекеттік дін еткен, XII ғасырда Қарахан мемлекетін билеген Яғма тайпасының «Қара Боғралар» әулетінен шыққан, басқыншы қарақытайға қарсы халықты күреске жұмылдырған, XI-XII ғасырлардағы Яғма-Тама тайпасының ұранына айналған «Қара Боғра-Қарабураның» рухани жалғасы деп түсінуіміз керек.
Нұрғали Махан
Abai.kz