«Көк бөрілердің көз жасы» романы хақында

Бірінші бөлім: Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ерте түркілер бейнесі
Екінші бөлім: Нұрлан Қамидың «Мөде хан» хикаяты хақында
Үшінші бөлім
Жазушы Тұрсынхан Зәкеннің 2024 жылы Астана қаласы, «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи-романында, XII-XIII ғасырларда Алтай үстіртін мекен еткен Найман мемлекетінің күйреуі суреттеледі. Тарихи дерек көздеріне қарағанда, XII-XIII ғасырларда Алтай үстіртін мекен еткен Найман мемлекетінің белгілі территориясы, басқарушы органы, тұрақты әскері, ұйғыр жазуын пайдаланған мемлекеттік іс-басқару жүйесі бар, сол тұстағы Орталық Азия жеріндегі өркениетті мемлекеттердің бірі болған.
Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» романында, Найман мемлекеті туралы тарихи дерек көздерінде көрсетілген өркениетті белгілердің біршамасы сөз болыпты. «Біршамасы» деуіміздің негізгі себебі: Шығармада Найман мемлекеті Ханының жеке мөрі болғаны, олардың мемлекет ісін басқаруда ұйғыр жазуын пайдаланғаны жеңіл тілмен аталып өтіледі де, әскер ісі мен мемлекеттің жазбаша түрде іс-басқару ісіне автор мүлде тоқталмаған. Мүмкін, жазушы мемлекеттің жазбаша негіздегі іс-басқару қызметін баяндауды мақсат етпеген де болар. Десек те, көшпенділер туралы жазылған әдеби шығармаларда көшпенділер мемлекетіндегі іс-басқару ісі жазбаша негізде жүргізілді деген бірде-бір жазба жоқ. Оның негізгі себебін: Көшпенділерде мәдениет те, мемлекет те болмаған, – деген шовинистік негіздегі европоцентристік көзқарасты ту еткен Ресей империясының отаршылдық саясатының сілемінен іздеу керек.
V-VI ғасырлардың өзінде-ақ көне түркілерде жазу болғанын, ол жазудың «Орхон-Енисей» жазба ескерткіштері деп аталатынын және Шыңғыс ханның «Жасағы» (Яссах) жазылған кезеңнен бастап, «Алтын Орда», «Ақ Орда» хандықтары тұсында мемлекет басқару жүйесіндегі кейбір мәселелер мен іс қағаздар жазбаша түрде жазылғанын тарихшыларымыз айтып та, жазып та жүр. Өкінішке орай, тарихшыларымыздың осы айтқан мәселелерін ұлт тарихына қалам тартып жүрген жазушыларымыз қаперіне алар емес. «Көшпенділер де мемлекет те, жазу да болмаған», – деген басқыншы орыс отаршылдары ойдан шығарған жалған ақпараттық идеология ықпалынан ұлт тарихы тақырыбын жазып жүрген жазушыларымыз әлі күнге шыға алмай жүрген сыңайлы. Болмаса, XII-XIII ғасырлардағы Найман мемлекетінде іс-басқару жүйесі жазбаша түрде қалыптасқанын басқа білмесе де, тарих ғылымының докторы, жазушы Тұрсынхан Зәкеннің білмеуі мүмкін емес қой.
Біздің ойымызша, кәсіби тарихшы һәм жазушы Тұрсынхан Зәкен – тарихи-романдардың ұлттық идеология қалыптастырудағы жетекші рөлін жете ескермегендіктен де, XII-XIII ғасырлардағы Найман мемлекетін басқару ісінің жазбаша жүргізілгендігіне жете мән бермеген сыңайлы. Өте өкінішті...
Жоғарыда атап өткеніміздей, Тұрсынхан Зәкен өзінің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи-романында, XII-XIII ғасырларда Алтай үстіртін мекен еткен Найман мемлекетінің Шыңғыс хан әскерінен жеңіліп, мемлекеттің қалай күйрегенін суреттеуді негізі нысаналы мақсат етіп ұсыныпты. Автордың дәл осы мақсаты жүзеге асты ма? Асса қандай көркемдік шешімдер арқылы жүзеге асты? Ендігі әңгіме аталмыш сұрақтар төңірегінде болмақ.
Меніңше, кез-келген тарихи шығармада екі шындық болады. Біріншісі – тарихи шындық болса, екіншісі – көркемдік шындық. Құстың қос қанатындай болған бұл егіз ұғымды бөле жарып, бір-бірінен ажыратпай бір-бірлікте қарастыру керек десек те, тарихи дәуір шындығын түрлі әдеби тәсілдер арқылы көркемдік шындыққа айналдыра білген тарихи шығарманың өрісі кең, оқырманға берер игі әсері де мол. Сондықтан да, әдеби шығармада көркемдік шындық басты орында тұрмақ.
Ал, тарихи шындық – әдеби көркемдегіш құралдар арқылы көркем шындыққа айналып, өз оқырманына ой сала, олардың танымдық түсінігі мен ой-пікірін кеңейте білсе, онда тарихи шығарманың өз мақсатына жеткені.
Алғашқы сөз «Көк бөрілердің көз жасы» романының тарихы шындығы хақында. Атап өтуге тиіспіз: Бәлкім, автордың кәсіби тарихшылығынан, бәлкім, жазушының ұлт тарихы алдындағы жауапкершілігінен болар, Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» романының тарихи негізі де, тарихы шындығы да жоғарғы деңгейде. Бұл – көзге анық көрініп тұрған шындық.
Мына тарихи дерекнамаға назар аударалықшы. Дерекнама: «Найман мемлекетінің біршама нығайған уақыты Инаныш Білге ханның билік құрған кезі. Ол қайтыс болғаннан кейін Наймандар мемлекеті саяси құлдырауды бастан кешіреді. Тайпалы бірлестік ішінде билік үшін күрес басталады. Инаныш Білге ханның ұлдары Таян мен Бұйрық хандар таққа таласып, ел екіге бөлінеді. Осы кезде моңғол тайпаларының билеушісі Темучин (Шыңғыс хан) біршама күшейе бастайды. Ол наймандардың ішкі талас-тартысын, саяси дағдарысын пайдалана отырып, 1204 жылы оларды біржола жеңіп, өзіне бағындырады. Моңғолдардан жеңілген наймандар Күшілік ханның басшылығымен батысқа жылжып, қазіргі Қазақстанның шығысы – Алтай, Ертіс маңына барып қоныстанады», – дейді. Тарихи деректер белгілі тарихшы ғалымдар Ж.О. Артықбаев пен Ә.Б. Пірмәнов жазған «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық зерттеу еңбегінің 236-237 беттерінен алынды. (Артықбаев Ж.О, Пірмәнов Ә.Б Қазақстан тарихы (энциклопедиялық басылым) Алматы, «Атамұра 2008»)
Дәл осы тарихи дерекнаманы – XII-XIII ғасырларда Алтай үстірті, қазіргі батыс Моңғолия жерінде өмір сүрген Найман мемлекетінің күйреуі турасында жазылған Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романының қысқаша фабулалық сюжеті деп оқырманға ұсынар болсақ, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Сондықтан да біз Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» романының тарихи негізі жоғарғы деңгейде дедік. Тек қана тарихи дерекнамалардағы Инаныш Білге ханның үлкен ұлы Таянды жазушы өз романында Тайбұқа деп атапты. Дұрысы да жазушының нұсқасы болса керек. Себебі, «Таян» деген адам есімі – тарихи атауларды өздерінің сөйлеу тілінің заңдылығына қарай бұрмалап өзгерте салатын қытай дерек көздеріне жол нұсқап тұр.
Орта ғасырда моңғол үстіртін мекен еткен моңғол-түркі тайпаларының тарихын көркемдік негізде болсын, ғылыми-тарихи негізде болсын қағаз бетіне түсірген зерттеуші ғалымның не жазушының бірде-бірі, түркі-моңғол тайпаларының бес жүз жылдық тарихын қамтитын Моңғолдың «Құпия тарихы» (кейбір деректерде «Құпия шежіре») және кейбір бөлімдері қалып кеткен секілді болып көрінетін «Құпия тарихтың» қысқартылған нұсқасы іспеттес Лувсанданзаның «Алтын товыч» (Алтын дәптер) еңбегі мен Рашид-ад-Дин Хамаданидың 1300-1310 жылдар арасында жазған «Жәмих-ат-Тауарих» (Тарихтар жинағы) еңбегінен аттап өткен емес.
Моңғолдың «Құпия тарихын» зерттеуші Зардыхан Қинаятұлының жазуы бойынша, «Құпия тарихта» Найман тарихына байланысты – 13 бап бар екен. (10-бет. З.Қинаятұлы. Шыңғыс хан. Алматы, «Арда»-2008)
Бұл дегеніміз – 1240 жылы эпостық жыр үлгісінде қағаз бетіне түскен Моңғолдың «Құпия тарихында» Найман мемлекеті тарихының ізі сайрап жатыр деген сөз.
Жазушы Тұрсынхан Зәкен өзінің «Көк бөрілердің көз жасы» романында Моңғолдың «Құпия тарихынан» алынған деректерді молынан пайдаланған. Автор өз шығармасында суреттелетін оқиғаларды Моңғолдың «Құпия тарихының» ізімен баяндағаны соншалық, «Құпия тарихта» айтылатын Наймандар тарихын жазушы оқырмандарға өз сөзімен жеткізіп отырған секілді әсер қалдыратын тұстары өте мол. Романда Керей тайпасының Уаң ханның басынан өткен оқиғалары, Уаң хан мен Темучин-Шыңғыс хан екеуінің ара қатынасы, Уаң хан өзінің өкіл баласы Темучин-Шыңғыс ханға жолдаған өкінішке толы «монолог» түрінде айтылатын сәлемі «Құпия тарихтан» жолма-жол алынған. Тек бұл емес: Уаң хан қазаға ұшырағанда оның басын Тайбұқаға әкеліп береді. Найман ханы Тайбұқа әйелі Кербез сұлудың ақылымен Уаң ханның басын құрметпен төрге іліп қойып, кейіннен бас күлген секілді болып көрінгенде Тайбұқа басты лақтырып жібереді. Осы оқиғаға байланысты Көкше Сапырық батыр сөзі «Құпия тарихта» қалай айтылса, тура сол күйінде еш өзгеріссіз алынған. Моңғолдарға қарсы шабуылға шығу керек деген Наймандардың хан кеңесі, қолаңса сасыған Моңғолдар бізге тең емес деген Кербез сұлудың астам сөзі, Тайбұқа ханның Моңғолдарға қарсы бірге соғысайық деп Уақ қағаны Алахус-Алақұс тегінге жазған хаты, Алақұс тегінің бұл мәліметті Темучинге жеткізуі, Найман мен Моңғол арасындағы соғыс, Моңғол әскерінің соғысу ерекшелігі, Найман ханы Тайбұқаның хатшысы Тата-Тунга туралы жазбалар – бәрі-бәрі Моңғолдың «Құпия тарихынан алынған сюжеттер.
Романда Моңғолдың «Құпия тарихындағы» Наймандарға қатысты аты аталатын кісі есімдері Алахус тегін – Алақұс тегін, Уаң хан – Оң хан деп, сәл-пәл дыбыстық өзгерістер арқылы алынса, Темучиннің басты қарсыласы Жамұқа мен Найман мемлекетінің хатшысы Тата-Тунга есімдері «Құпия тарихта» қалай айтылса, тура сол қалпында еш өзгеріссіз алыныпты. Ал, Найман ханы Таян – Тайбұқа, оның әйелі Гүрбэсу сұлу – Кербез, Көкше Сапырық батыр – Көксау Сауырық есімімен алынған.
Анығына келгенде, Моңғолдың «Құпия тарихындағы» Найман мемлекеті туралы бөлімінен алынған тарихи жазбалар – «Көк бөрілердің көз жасы» романында суреттелетін оқиғалар өрісінің негізгі арқауы. Бұл – аталмыш тарихи романының кемшілігі емес, керісінше – жетістігі. Себебі, тарихи романға қойылар ең басты шарт – шығармада суреттелетін оқиғалар баянының тарихи шынайылығында болу керек. Тарихи шығармаға қойылар дәл осы талап тұрғысынан келгенде, жазушы Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» романында суреттелетін оқиғалар арқауының тарихи негізі – өте жоғары. Біз мұны жазушы Тұрсынхан Зәкеннің тарихи романының ең басты жетістігі деп бағаладық.
Біз қанша жерден романның тарихи негізі жоғарғы деңгейде десек те, шығармада суреттелетін Найман ханы Тайбұқа асында қазақта «Түгел сөздің түбі» аталған Майқы бидің «Алтайдан Еділ Жайыққа дейін бір Алаш болып бірігуіміз керек», – деп «Алтын Орда» мемлекетінің ыдырау кезінде күн тәртібінде тұрған «Алаш Одағын» құру туралы мәселені тарихта айтылған өз уақытынан бұрын жазушының романға кіріктіруі – шығарманың тарихи шынайылығына айтарлықтай өз көлеңкесін түсіріп тұр. Десек те, Найман мемлекетінің күйреуі хақында жазылған Т.Зәкеннің тарихи романы – ұлт тарихының негізгі желісінен айтарлықтай алшақтап кетпеген.
Алайда, роман қанша жерден тарихи шығарма болғанымен де, ол – ең бірінші көркем шығарма. Ал, көркем шығарманың өз заңдылығы бар. Сөз етіп отырған көркем шығарма «тарихи роман» деп аталса, онда шығармаға қойылар әдебиеттік сыпаттағы талап деңгейі де мүлдем бөлек болмақ. Осы аталмыш талап тұрғысынан келгенде, Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романы XIII ғасырдағы Алтай үстіртін мекендеген түркі-моңғол тайпаларының өмірін жан-жақты суреттеп, сол кезеңнің дәуір шындығын көркемдік биік деңгейде жарияға шығарды деп айта алмаймыз.
Бұлай деп айтуымызға себеп бірнешеу: Шығармада Найман мемлекетінің басқарушысы Тайбұқа хан айналасындағы аз ғана топтың іс-әрекеті романның сюжеттік фабуласына арқау болған. Яғни, романдағы іс-әрекет иелері Тайбұқа ханның айналасындағы аз ғана топ. Бұл – бір. Екіншіден Найман мемлекетінің саяси басқару жүйесі, мемлекет әскерінің ресми сипаттағы ішкі әлеуеті, халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, Найман хандығының ішіндегі түрлі топтардың қоғамдағы орны туралы бір ауыз сөз жоқ. Үшіншіден, қарапайым халық өмірі романда мүлдем суреттелмеген. Жоғарыда аталған мәселелер жазушы назарынан тыс қалғандықтан да, Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романында суреттелуге тиіс дәуір шындығының толыққанды әдеби көркем суреті оқырманға өз деңгейінде жетті деп айта алмаймыз. Бұл ойымыздың дәлелі – романда суреттелетін Жамұқа шешен бейнесі.
XIII ғасырда Алтай үстіртін мекендеген түркі-моңғол тайпасының «ақ сүйек» қауымынан шыққан Жамұқа шешен – шын мәнінде кесек пішілген тарихи тұлға. Егер Жамұқа болмаса – Темучин-Шыңғыс ханның кім болғанын біз біле алмас едік. Себебі, жауына қарап кім болғаны анықталатын Орта ғасырлық түсінік үшін Жамұқа – Темуичн-Шыңғыс хан бейнесін айқындайтын көрсеткіш. Ал, «Көк бөрілердің көз жасындағы» Тұрсынхан Зәкеннің Жамұқасы – безектеп өсек тасып бірді-бірге айдап салып жүрген ауыл арасының майда-шүйде пысықай өсекшісі дәрежесінде ғана суреттелген.
Анығына келгенде, ақсүйектер әулетінен шыққан Жамұқа – Темучиннің Алтай үстіртіндегі Моңғол ұлысын құрудағы басты қарсыласы болған, үлкен саяси тұлға. Темучин, Жамұқа өмір сүрген XIII ғасыр – Алтай үстіртін мекендеген көшпенді моңғол-түркі тайпаларының қоғамдық өмірінде рулық қауым ыдырап, феодалдық қатынастар орныға бастаған уақыты. Ру басында аса бай ықпалды ақсүйектер тұрды. Алтай үстіртіндегі көшпенділердің негізгі тіршілік көзі төрт-түлік мал болатын. Егін шаруашылығы, сауда-саттық, тіпті айырбас сауданың жоқтығы, көшпелі мал шаруашылығында еріксіз еңбекті пайдалануға мүмкіндік бермеді. XIII ғасырда Алтай үстіртін мекендеген көшпенділер қоғамы өте бай немесе өте кедей адамдардан құралды.
XIII ғасырда Алтай үстіртін мекендеген түркі-моңғол тайпаларының сол кезеңдегі қоғамдық топтарының әлеуметтік жағдайы туралы, көне түркілер тарихының білгірі, белгілі тарихшы Лев Гумилев: «Моңғол рулары Моңғолияның күллі халқын идея жүзінде ғана қамтитын. Бұл қауымда нағыз билік тек ақсақал-ағалар қолында ғана болған-ды. Ал, «сайда саны, құмда ізі жоқ» қаймана халық қанша еңбек сіңіріп жатса да барды қанағат тұтып жүре беретін. Мұндайға көндіге алмаған телі мен тентектер әрқашанда кездескен. Ұдайы ел соңында салпақтап жүре бергісі келмеген олар «ұзын арқан – кең-тұсау» немесе «еркін кеткен есіл ер» атанып, өздеріне қарсы ұйымдасқан рулар мен рулық бірлестіктермен күресу үшін талантты көсемдер іздеген. Ақырында жау қолынан қаза тапқан тайпа көсемінің баласы, жалпы Моңғол ханының шөбересі, дүние-мүлкінен айырылып, қоғамдық орнын жоғалтқан Бөржіген руының мүшесі Темужин – болашақ Шыңғыс хан бір күндері солардың арасынан келіп шығады.» (Л.Гумилев. 156-157 бет. Қиял патшалығын іздеу. Алматы, «Балауса» 1992 жыл)
Шындығына келгенде, бұл «еркін кеткен есіл ерлер» Бартольд, С.Л. Козин, Б.Я. Владимирцовтар жазғандай ерлік іздеген «орта ғасырлық рыцарлар» немесе «дала демократиясы үшін күрескен» батырлар емес еді. Олар табиғаттың «тіршілік үшін күрес» деп аталатын ұлы заңына бағынған түркі-моңғол тайпаларының қарапайым ғана өкілдері болатын. Осы аталған табиғаттың «тіршілік үшін күрес заңына» көшпенділердің атадан балаға мирас болып келе жатқан жауынгерлік салты мен сол тұстағы Алтай үстіртін мекендеген тайпалардың пассионарлық энергиясын қоссаңыз, Шыңғыс ханның тарих сахынасына шығу заңдылығының түп негізін оңай түсінесіз.
Тарихтың осы тұсында, Алтай үстіртін мекендеген ру тайпалардағы федалдық қатынастардың дамуына байланысты, аса бай ру ақсақалдары Жамұқаның жанына жиналды да, өз руластарымен бірге өмір сүрсе де, тұрмыс жағдайларына байланысты, моральдық тұрғыдан өз руластарынан бөлінген «еркін кеткен есіл ерлер» Темучин маңайына топтасты.
Міне, осылай «ақсүйектер әулеті» хан тұқымынан шыққан бұрынғы «анда-достар» Жамұқа мен Темучин арасында саяси билік үшін күрес басталады. Жамұқаны қолдаған дала федалдары мен аса бай ру басы ақсақалдар, жиыны он бір ұлыс тайпа өкілдері 1201 жылы Алақай Бұлақта бас қосып, Жамұқаны Гүр Хан сайлайды. Анығына келгенде, Жамұқа мен Темучин арасындағы күрес – Алтай үстіртін мекендеген түркі-моңғол тайпаларының ескі мен жаңа күштер арасындағы саяси күрес болатын. Бұл күресті түсінбей – XIII ғасырда Алтай үстіртін мекендеген түркі-моңғол тайпалары өмір сүрген дәуір шындығын түсіну мүмкін емес.
Дәл осы дәуір шындығы Тұрсынхан Зәкеннің тарихи романында неге суреттелмеген? – деген сұрақ төңірегіне келсек – жауап қысқа. Себебі, жазушы Тұрсынхан Зәкен өз тарихи романын жазуда Моңғолдың «Құпия тарихының» жетегінде кетіп қалған. «Құпия тарихтағы» Жамұқа бейнесі өте түсініксіз. «Құпия тарихтағы» Жамұқа Темучинге қарсы күресте, Темучин жеңсін дегендей, бірде Керейлердің, бірде Наймандардың майдан шебін тастап шығып, өз одақтастары Керейлер мен Наймандарды сатып кетіп отырады. Сондықтан да, көптеген «Құпия тарихты» зерттеушілер Жамұқа деген адам тарихта болған ба, болмаған ба? – деген сұрақ төңірегінде күні бүгінге дейін түрлі пікірде.
Жазушы Т. Зәкеннің «Құпия тарихтың» жетегінде кететін жері тек қана Жамұқа турасында ғана емес. «Құпия тарих» Көкше Сапырықты «қарт батыр» деп атағандықтан болар, жазушы Көкше Сапырықты – қарттығына орай жөтелетін дімкәс Көксау Саурық деп атап, оның жасы 85-те деп суреттейді. Шығармадағы Көксау Саурық батырдың жасы 85-те, өзі жөтелі бар дімкәс адам болса да, соғыстағы қимыл-қозғалысы жас жігіттерден де жылдам, өзі айтулы батыр. Шындығына келгенде, шығармадағы Көксау Саурық батыр бейнесінің шынайылығына оқушы үлкен күмәнмен қарайды. Оның негізгі себебі – «Құпия тарихта» айтылатын мәліметтерге жазушының бар болмысымен сенгендігінде болса керек. Алайда, жазушының бұл сенімі – тарихи шығарманың шынайылығына үлкен күмән келтіріп тұр.
Біздің өз тарапымыздан айтпағымыз: Моңғолдың «Құпия тарихы» – эпостық жыр. Аталмыш жыр әдеби шығарма болғандықтан да, жырда екінші қатарда тұрған Жамұқа мен Көкше Сапырық бейнелері жан-жақты ашылмай қалған. Оның үстіне Темучин-Шыңғыс ханның шежіресі мен тарихын баяндауды негізгі мақсат еткен жыр авторы – XIII ғасырда Алтай үстіртін мекендеген моңғол-түркі тайпаларының қоғамдық өмірі арқылы суреттелетін дәуір шындығын жан-жақты, реалистік негізде суреттеуді мақсат етпеген сыңайлы.
«Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романындағы билік үшін болатын саяси тартыстың негізгі арқауы – Инаныш Білге ханның ұлдары Тайбұқа мен Бұйрық арасында өрістесе де, осыған қосымша Темучин мен Жамұқа арасындағы саяси күрес романда тарихи диалектикалық негізде суреттелгенде, мүмкін шығармада айтылуға тиіс болған дәуір шындығын жазушы өз оқырмандарына жеткізген болар ма еді, – деп ойлаймыз.
Шығарма Найман мемлекетінің күйреуі хақында болғандықтан, романдағы Шыңғыс хан бейнесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Шығармадағы Шыңғыс хан елді күйретуші басқыншы ретінде суреттелген. Романда Шыңғыс хан: «Дүниенің ол шеті мен бұл шетіндегі елдердің бәрі бір менің әміріме бағынып, әскерім жұтынып тұрған арғымақ аттарға мініп, күн түбіне жорытса», – деп әлемді жаулап алуды армандайды. (216 бет. Тұрсынхан Зәкен. «Көк бөрілердің көз жасы» Астана, «Фолиант» 2024)
Бұл тарихтың 2002 жылы. Темучинге қарсы Жамұқа құрған «Алақай Бұлақ» әскери одағының «Хүйтэн» (Қойтан) шайқасында Темучин әскерінен жеңіліп, мойнынан жараланған Темучинді Желме емдеп, Темучинді атып жаралаған Зургадайдың «Жебе» аталатыны – осы тұс.
«Құпия тарихтың» баяндауынша оқиға 1202 жылы болған Шыңғыс хан өмірін зерттеуші тарихшылардың жазуына қарағанда 1182-1206 жылдары арасында Шыңғыс хан бар күш жігерін Алтай үстіртіндегі көшпенді түркі тайпалардың басын біріктіруге жұмсаған. Мақсат: Алтай үстіртін мекендеген көшпенді түркі тайпаларының мемлекетін құру болды. Көздеген мақсатына жетіп, Темучиннің ұлы Қаһан аталып, «Шыңғыс хан» деген атқа ие болатын кезі – 1206 жыл.
1202 жылы «Хүйтэн» шайқасында жеңіске жетсе де, Алтай үстіртіндегі түркі тайпаларының басын біріктіріп, Көшпенділердің бір орталыққа бағынған тәуелсіз мемлекетін құра алмай жүрген Темучин-Шыңғыс хан Тұрсынхан Зәкеннің тарихи романында суреттелгендей «Дүниенің ол шеті мен бұл шетіндегі елдердің бәрі бір менің әміріме бағынса», – деп ойлай қойған жоқ. Ойлауы да мүмкін емес. Себебі, сол тұстағы Темучиннің әскери әлеуеті мен Алтай үстіртіндегі тарихи-әлеуметтік жағдай Темучиннің «Дүние елдерінің бәрі менің әміріме бағынса», – деп ойлауына мүмкіндік бермейтін. Бұл – бір. Екіншіден, Шыңғыс хан әлемді жаулап алуды ойлады, – деген ой – европоцентристік көзқарастағы батыс тарихшыларының тарапынан айтылып, бүгінгі күннің ғылыми сараптау тұрғысынан келгенде, ескіре бастаған тұжырым. Біздің ойымызша, сонау «Көк түркілер» заманындағы «түркілік факторды» алға шығарып, көшпенділердің тәуелсіз мемлекетін құрған Шыңғыс ханның бар ойы – Алтай үстіртін мекендеген түркі тайпаларын Қытай озбырлығынан құтқару болды. Себебі, Шыңғыс хан тарих сахынасына шыққан сол заманда, Алтай үстіртін мекендеген түркі тайпалары түгелдей Қытайдың Таңғұт (Tangad) және Цзинь империяларының ықпалында болатын. Сондықтан да, 1206 жылы Ұлы Моңғол ұлысын құрған Шыңғыс хан Си-Сия мемлекеті Таңғұттарға (Tangad) шабуыл жасап, оларды өзіне бағынышты етіп, салық төлеп тұруға мәжбүрледі де, 1211-1216 жылдары Цзинь империясын бағындырды. Міне осындай жолмен Шыңғыс хан 1209-1216 жылдар арасында көшпенділерге шығыстан келетін қауіптің жолын бөгеп, тосқауыл қойды. 1218-1223 жылдар арасында батыс жорығы нәтижесінде Дешті Қыпшақ, Орыс княздіктерімен Хорезм патшалығын өзіне қаратқан Шыңғыс хан көшпенділердің батыстан келетін қауіпіне тосқауыл қойды. Осы батыс тосқауылы нәтижесінде Алтын Орда, Ақ Орда, соңынан Қазақ хандығы секілді мемлекеттер дүниеге келіп, нәтижесінде қазақ халқы ұлт болып ұйысып, тарих сахынасына шықты. Евразия кеңістігіндегі күллі көшпенділерді бір мемлекетке ұйыстырып, бір тудың астына жинаған ұлы Қаһан Шыңғыс ханды әлемді жаулап алғысы келген зұлым ойлы диктатор еді деп, қалайша айта аламыз? Кейінгі ұрпақтарының Шыңыс хан жаулап алған аймақты кеңейтуі, Шыңғыс хан тақырыбынан тыс – өз алдына бөлек әңгіме.
Бір сөзбен айтқанда, Шыңғыс хан тарихи дәуірді жасаған жоқ. Керісінше, заманы оны Шыңғыс хан етті. Себебі, тарихты жеке адам жасамайды, түрлі тарихи жағдайлар жеке адамды тарих сахынасына шығарады.
Міне осындай, тарихи-диалектикалық түсінік негізінде қарастырсақ, Т.Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романындағы Шыңғыс хан бейнесінің дәуір шындығына сәйкес реалистік сипатта бейнеленбеуі – романдағы Шыңғыс хан бейнесінің солғын шығуына себеп болған. XIII ғасырдағы Алтай үстіртіндегі саяси және тарихи-әлеуметтік жағдай эпикалық негізде тереңінен суреттелмегендіктен де, романдағы Шыңғыс хан бейнесі біржақты, қиратушы қара күш ретінде ғана оқушы ойында қалады.
Тұрсынхан Зәкеннің XIII ғасырдағы Алтай үстіртіндегі Найман мемлекетінің күйреуі турасында жазылған тарихи романының фабулалық сюжеті, орта ғасырлық тарихи ескерткіш Моңғолдың «Құпия тарихынан» алынғандықтан да, шығарманың тарихи негізі жоғары екендігін сөз басында айтып өттік. Десек те, тарихи оқиғаны әдеби тұрғыдан суреттеуде жазушы біршама олқылықтарға жол берген. Біріншіден, XIII ғасырда Алтай үстіртін мекендеген көшпенді тайпалардың тарихи-әлеуметтік жағдайы, күнделікті тұрмысы, Тайбұқа мен Бұйрық, Темучин мен Жамұқа арасындағы саяси билік үшін болған әлеуметтік-психологиялық тартыс, жазушы тарапынан тыс қалғандықтан, романның тарихи негізін қанша жерден шынайы десек те, шығармадағы тарихи оқиғаны көркемдік негізде суреттеу жүйесі әлсіздікке ұрынған. Әдеби шығармадағы оқиға автордың баяндауы арқылы емес, кейіпкерлер арасындағы дәуір шындығы тудырған тартыс арқылы өрістеуге тиіс. Бұл тәсіл шығарманың әдеби құнын биіктете түсетін аса қажетті факторлардың бірі. Ал, «Көк бөрілердің көз жасы» романындағы оқиғалар – кейіпкерлер арасындағы психологиялық тартыс арқылы емес, авторлық баяндау арқылы өрістейді. Романдағы авторлық баяндау – шығарманың әдеби желісін әлсіздікке ұрындырған. Егер шығармада кейіпкерлер арасындағы психологиялық тартыс шын мәнінде реалистік тұрғыдан суреттелер болса, шығарманы әлсіздікке ұрындырып отырған авторлық баяндау өзінен-өзі қажет болмай қалар еді. Шығармадағы оқиғалар баяны өте ұзақ суреттеледі. Автор кейіпкерлер тарапынан тым көп сөйлеп, ұзақ баяндауларға ұрынған. Сондықтан да болар, кейіпкерлер ерекшелігі мен олардың ішкі жан дүниесі көзге анық көрінбейді. Романда суреттелетін адамдардың сөйлеу мәнері бір-біріне өте жақын. Кейіпкерлердің жеке өздеріне ғана тән адами ерекшеліктері дараланбағандықтан, шығарма кейіпкерлері бір-біріне өте ұқсас. Оларда ішкі психологиялық тартыс та, қайшылықты ғұмыр салты да жоқ.
Мысалы: Найман мемлекеті Тайбұқа мен Бұйрық соңынан еріп, тұтас ел екіге бөлініп жатқанда, көпшілік бұқара халықтың іс-әрекеті мен ой-пікірінің суретті баяны – автор назарынан тыс қалған. Тұтас мемлекеттің екіге жарыла бөлінуі – Тайбұқа, Құба-Тегін жырау секілді бірнеше адамдарды ғана ойландырып, қалған көпшілік халықтың бұл мәселеге қатысы жоқ секілді суреттелген. Шығармадағы халық бейнесі жоққа тән, өте көмескі, бұлыңғыр. Романда көпшілік ортасынан шығып, халық ой-пікірінің көрінісін айғақтайтын бірде-бір кейіпкер, не болмаса бірде-бір суретті оқиға жоқ. Найман мемлекетіндегі әрбір отбасына қатысы бар мемлекеттің екіге бөлінуі секілді үлкен оқиғадан халық бейтарап қалып, тартыс ағайынды екі хан – Тайбұқа мен Бұйрық айналасында ғана жүріп жатқан секілді әсер қалдырады. Кейіпкерлер бейнесінің ішкі психологиялық негіздегі өсу жолдарының өзгешеліктері – жазушы назарына мүлдем ілікпеген.
Шығармадағы бас кейіпкерлердің бірі – Сарал. Күшілік ханға шын берілген адал, ақылды, батыр жігіт. Қиыншылықтың бәрін Найманның Күшілік ханымен бірге көріп, Жетісуда өлімші болып жараланып, көп азаппен, ұзақ уақыттан соң отбасына оралған Саралдың ішкі психологиялық жәй күйінде анау айтқандай көзге көрініп тұрған өзгешелік жоқ. Отбасынан тыс жерде жүріп, ұзақ уақыт көрген азапты қиыншылықтары Саралдың ішкі жан дүниесіне әсер етіп, өзгеріс әкелмеген секілді. Сарал басынан өткен оқиға өрісі автор тарапынан баяндалады да, оқиға барысындағы Сарал бейнесі өзіндік ерекшеліктермен дараланбаған. Тек Сарал ғана емес, шығармадағы өзге кейіпкерлер де, өзіндік болмысымен ерекшеленіп дараланбай, тек жазушы баяны арқылы ғана суреттеледі. Романда кейіпкерлер болмысының тек сұлбасы ғана көрініс берген. Ал, олардың адами жеке қасиеттері мен ішкі психологиялық жәй-күйі автор тарапынан мүлдем суреттелмегендіктен де, шығармадағы кейіпкерлер бейнесі оқырманға әсері жоқ, дарынсыз суретші салған портрет деңгейінде ғана қалыпты.
Аю мініп жүретін Сәуке бақсыныңда кейіпкер ретінде шынайылығы сенімсіз. Себебі, шығармадағы Сәуке қарт адами болмысымен де, бақсылық ерекшелігімен де бірде-бір жерде көрініс беріп дараланбайды. Сәуке бақсы ел тарихына байланысты ескі әңгіме айтатын «есті құлақ» ақсақал ретінде ғана суреттеледі. Сәуке бақсы – аю мініп жүргені үшін ғана бақсы аталып кеткен секілді.Себебі, шығармадағы Сәукенің бақсылық қасиеті жөнінде бір көрініс не болмаса бір ауыз сөз жоқ. Романның тек бір-ақ жерінде ғана, онда да Сәуке бақсының өзінің айтуы бойынша, сарбаздардың мініп жүрген аттарына шабайын деп жатқан қасқырлардың жағын қарыстырып байлап қойдым, – дейді. Оқиға желісі реалистік сипаттағы тартыс барысында емес, автордың ақылынан туындаған. Сәуке қарттың бақсылық қасиеттері оның іс-әрекеттері арқылы реалистік сипатта суреттелгенде, бәлкім, әдеби шығарманың тарихи сапасы биіктей түскен болар ма еді? Себебі, біздің түсінігіміздегі бақсылық – тәңіршілдік сенімнің үлкен ағымы.
Жазушы өз шығармасында суреттелетін өмір шындығын өз қолымен жасаған бұйымдай өте жақсы білуге тиіс. Қандай көркем шығарма болсын, ол өз оқырманына беймәлім өмірді, бейтаныс заманды, сол бейтаныс заманда өмір сүріп жатқан адамдарды таныстырады. Оқырман үшін шынайы шығарма – беймәлім дүние есігі. Бұл – анық!
Жазушы Т.Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романы XIII ғасырдағы Алтай үстіртін мекендеген көшпенді тайпалардың өмірі суреттелгендіктен де, Алтай үстіртінің XIII ғасырдағы тарихи-этнографиялық суретін көреміз деп ойлағанбыз. Жазушы авторлық тілмен Алтай үстіртінің сұлу табиғатын суреттей келіп: «Тегінде Түркі қағаны алыстағы Табғаш (Қытай Н.М) жұртынан бәдізші шақырып, тарихын тасқа қашатты дейтін айтулы өлке бұл», – деп жазады. (8-бет. Тұрсынхан Зәкен. Көк бөрілердің көз жасы. Астана, «Фолиант» 2024)
Ғалымдарымыз «Осыдан мың жарым жыл бұрын бізде жазу болды. V-VI ғасырларда тарихымызды тасқа қашап жаздық. Ол жазу – «Орхон-Енисей» жазба ескерткіші», – деп күллі әлемге жар салды. Тұрсынхан Зәкен тілімен айтқанда, ол жазуды бізге дәл осы Орхон жазба ескерткіштерінде айтылатын Көк Түркілердің қас жауы – «Табғаш (Қытай) жұртының бәдізшілері» жазып беріпті. Бұл қайдан шыққан «тарихи жаңалық»? Өзі жазған осы «тарихи жаңалыққа» автордың қандай дәлелі бар? Жазушы һәм тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкен Орхон жазба ескерткіштерін Көк Түркілерге Қытай бәдізшілері жазып берді деп қандай тарихи деректерге сүйеніп айтты екен? Сонда жазушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкеннің өзі ұлттық иделогияны қалыптастырудағы ұлт тарихының рөлін жете түсінбесе, қалған жұрттан не сұраймыз. Тарихи шығармада ұлт тарихына көлеңке түсіретін бір суретті баян не бір ауыз сөз болуға тиісті емес!
Тарихи романдарда – тасқа қашалып, хатқа түскен «Охон-Енисей» жазба ескерткіштері секілді ұлт тарихына қатысы бар ғылыми ақпараттың бұрмалануы былай тұрсын, шығармада суреттелетін ұлттық-этнографиялық көріністердің өзінен иненің жасуындай қателік кетуге тиісті емес. Себебі, бұл – тарихи роман! Ал, ұлт тарихы мен тұрмыс-салты суреттерін өскелең ұрпақ жадысына сіңіруде – тарихи шығарманың орны тіптен бөлек.
Жазушы Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романында мына төмендегідей жолдар бар.
«Жол бойы бағанағы жапырық сары інгенді іздеп, ботасын емізіп тұрған жерінен тауып алды. Байғұс аруана көз жасы парлап, тұла бойы шымырлап, ...төрт аяғын кере ағыл-тегіл иіп тұр екен.» (38-39 беттер. Т.Зәкен. Көк бөрілердің көз жасы)
Біріншіден, сурет анық емес. Иіп, ботасын емізіп тұрған түйе төрт аяғын емес, артқы екі аяғын ғана сәл ғана кереді. Жалпы, қазақ тірі малға байланысты «төрт аяғын кере» деген тіркесті қолданбайды. Екіншіден, автор «жапырық сары інген» мен «аруананың» арасында айырма жоқ, бір түйе деп ойлайтын секілді. Мүлде олай емес. Автор бұл жерде этнографиялық негіздегі үлкен қателікке бой алдырып отыр. Жалпақ тілмен түсіндірсек: жалпы түйе малының тұқымы екі өркешті және бір өркешті болып екіге болінеді. Екі өркешті түйені қазақ – «айыр түйе» дейді. Оның ботасы бар ұрғашысын – «інген», еркегін – «бура» дейді де айыр түйенің піштірілген түрін – «атан» деп атайды. Арықтап екі өркеші құлап қалған айыр түйе – «жапырық» деп аталады. Бір өркешті түйе – «нар» деп аталса, оның ұрғашысын – «аруана» дейді де, піштірілмеген еркегін – «үлек» деп атайды.
Романда суреттелетін «жапырық сары інген» яғни, арықтап екі өркеші құлап қалған ұрғашы айыр түйе, қалайша бір өркешті «аруанаға» айналып кетті. Сонда жазушы айыр түйе мен нар түйенің айырмашылығын білмегені ме?
Романның тағы бір жерінде: «...бұталы қобыдан есікпен төрдей ақ арғымаққа мінген бала жігіт шыға келді.», – деп суреттеліпті. (41-бет. Т.Зәкен. Көк бөрілердің көз жасы.)
Қазақ жылқы малына байланысты «ақ» түсті қолданбайды. Жылқы түсін «қылаң» және «баран» деп екіге бөліп, оларды ары қарай түр-түрге жіктейтін қазекең, ақ түсті жылқыны көбіне «боз» немесе «көк» деп атайды.
Тек бұл ғана емес, жазушы Тұрсынхан Зәкен өзінің тарихи романында орта ғасырлардағы көшпенділердің аңшылық дәстүрін суреттейтін жері бар. Оқып көрелік...
«Бір кезде қиқу-даңғазаны үдеткен қоршау барған сайын тарайып, шегіне жеткендей болды. Көшпенділер әдетте мұндай қоршаудың қақ көлденеңі екі-үш парсақ (бір парсақ 6.23 шақырым. Автордың көрсетуі. Н.М) қалғанда тоқтап, қоршауды жағалата қазық қағып, содан кейін ала жүрген арқан-жіптерін сол қазықтарға кере байлап, үстіне кигіз жауып тастайтын. ...қоршауды жабдықтайтын кигізді үй басына салық қып, осындағы қалың елден жиып алды.» (107-бет. Т.Зәкен. Көк бөрілердің көз жасы. Астана «Фолиант» 2024.)
Бәлкім, «қоршау тарайып» деген тіркестен гөрі «қоршау тарылып» десе сурет айқын һәм ауыз-екі сөзден гөрі әдеби қалыптағы тілге ұқсар еді. Содан соң айтпағымыз; бұл қандай аңшылық? Көлденеңі екі-үш парсақ (бір парсақ 6.23 шақырым) болғанда, бұл – жобамен жиырма шақырым жер. Жиырма шақырым жерді төрт жағынан қазық қағып, арқан тартып, кигізбен қоршаса жиырма шаршы шақырым жер болады. Жиырма шаршы шақырым жердің жалпы ұзындығы – 80 шақырым болады екен. 80 шақырым жерді қоршауға қанша арқан-жіп, кигіз керек?
Автордың жазуы бойынша: «Қоршауды жабдықтайтын кигізді үй басына салық қып, осындағы қалың елден жиып алған.» (107-бет.) Сонда, аңшылыққа керек деп елден жиып алған арқан-жіп пен кигіз қанша түйеге жүк болды екен? Айналасына арқан керіп, кигізбен қоршап тастайтын бұл қандай аңшылық? Логикалық жүйе қайда? Көшпенділер ғұрып-салтында жоқ мұндай аңшылықты жазушының қайдан «сүйреп» алып келгені белгісіз?! Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.
Иә, көшпенділер ғұрпында «Хан ауы» деп аталатын осыған ұқсас аңшылық салты болған. Бірақ онда хан әскері аңды түнге қарай кигізбен қоршап, арқан тартып емес, жан-жағынан от жағып, қоршауда ұстап отыратын. Ал, күндіз ортадағы аңды қалың әскердің қиқулаған даңғаза шуымен, аң қағушылардың қолындағы дауылпаз секілді ұрмалы аспаптардың көмегімен қоршаудағы түрлі аңды тұс-тұстан ортаға қарай айдайтын. «Хан ауы» аңшылық дәстүрі классик жазушыларымыз Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабозы» мен Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» тарихи романдарында ғажайып үлгіде суреттелген.
Жазушы Тұрсынхан Зәкенге Қабдеш пен Мұхтардың аты аталған шығармаларындағы «Хан ауы» атты көшпенділердің аңшылық ғұрпы суреттелетін бөлімдерін оқып шығуға кеңес берер едік. Себебі, «Жазушының білмейтін тақырыбы болмау керек», – дейтін, кеше ғана өмірден өткен тағы бір классик жазушымыз Дулат Исабековтен қалған бір сөз бар. Зерделей қараған кісіге терең ойлы, қанатты сөз. Шындығында да, жазушының өз шығармасында суреттелетін тақырыптарға байланысты білмейтін нәрсесі болмау керек. Айтпағымыз: Жазушы Тұрсынхан Зәкен өзі анық білмейтін меселелерді роман сюжетіне бекер кіріктірген.
Тарихи роман жазу – жазушыдан мол ғылыми даярлық пен қажырлы еңбекті талап етеді. Қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының қол жетпес биік үлгілері – М.Әуезовтің «Абай жолы», І.Есенберлиннің «Көшпенділері» М.Мағауиннің «Аласапыраны» мен Әбіш Кекілбаевтің «Үркері». Сырт қарағанда, бұл аталмыш шығармаларда көркемдік шындық басты орында тұрған секілді. Алайда, тереңнен ойлап, зерттей қарасаңыз – тарихи дәуір шындығы көркемдік негізде, түрлі кейіпкерлердің іс-әрекеті мен олардың ішкі ой-өрісінің жан-жүйелік көріністері арқылы суреттеледі.
Т.Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романында XII-XIII ғасырларда Алтай үстіртін мекендеген түркі тайпаларының, оның ішінде шығарманың бас кейіпкері – Найман тайпасына тән этника-этнографиялық көрініс пен сол заманға тән сөз саптау, сөйлеу мәнерін ұшырата алмадық. Тіл кемшін соғып жатқан соң, шығармаға реалистік сипат беретін образдар жүйесінің қалыптаспауы – әдеби-теориялық негіздегі заңдылық. Романда сол дәуірге тән этнографиялық көрініс пен сөйлеу мәнерінің болмауы – жазушы тарапынан кеткен үлкен олқылық. Себебі, дәуір шындығын реалистік негізде өз оқырманына жеткізу – тарихи романның ең басты міндеті. Тарихи роман әдеби шығарма болғандықтан да, шығармадағы тарихи дәуір шындығы – көркемдік негізде суреттелуге тиіс. Бұл – тарихи тақырыпты қозғайтын шығармаларға қойылар ең басты талап.
Осы аталмыш талап тұрғысынан келгенде, XII-XIII ғасырдағы Алтай үстіртіндегі Найман мемлекетінің күйреуі турасында жазылған Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» романында тарихи шындық бар да, көркемдік шындық жоққа тән. Шығармада суреттелетін кейіпкерлер бейнесі тірі емес. Олар бөтен біреудің сөзін айтып тұрған секілді. Жаттандылыққа бой ұрған кейіпкерлер сөзінің оқырманға берер ойлы ықпалы да, әсері де жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, тарихи шындықты ғана басты орынға шығарған жазушы Тұрсынхан Зәкен шығармасы – орта ғасырлық тарихи ескерткіш Моңғолдың «Құпия тарихында» баяндалатын Шыңғыс хан, Керейдің Уаң ханы, Найман хандығына байланысты оқиғаларды, автор ойынан қосқан бірнеше кейіпкерлер арқылы өз тілімен оқырмандарға баяндап отырғандай ғана әсер қалдырады. Бар болғаны сол. Сондықтан да, Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» тарихи романын – көркем шығармалар қатарына қоса алмадық.
Нұрғали Махан
Abai.kz