Дүйсенбі, 30 Маусым 2025
Қырдағы әңгіме 417 0 пікір 30 Маусым, 2025 сағат 12:46

Баку мен Мәскеу арасы суыды: Ресейдегі кезекті озбырлық

Сурет: stem-lab.az сайтынан алынды.

Екатеринбургте Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі (бұдан әрі ФҚҚ) қызметкерлері әзірбайжандықтардың үйлеріне қатыгездікпен шабуыл жасап, «ОМОН» әзірбайжандықтарды аңша аулады.

Путин режимі бұл жолы әзірбайжандықтарға қарсы өзінің шынайы бет-жүзін тағы да бетпердесіз көрсетіп отыр. Не жағдай болды, оқиға ары қарай қалай өрістеді соны қалам ұшына іліктірмекпіз.

27 маусымда Екатеринбургте Путин режимінің шынайы пиғылын тағы да айқын көрсететін қайғылы оқиға орын алды - ресейлік ФҚҚ қызметкерлерінің әзірбайжандықтардың үйлеріне жасаған қатыгез шабуылдары салдарынан бірнеше адам қаза тапты, кейбіреулері ауыр жарақат алып, тоғыз адам ұсталды.

Бұл зорлық-зомбылық актісі Әзірбайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі тарапынан әділ наразылық тудырды. Әзірбайжан СІМ өзінің ресми мәлімдемесінде орын алған жайтқа терең алаңдаушылық білдіріп, Ресей тарапын оқиғаны жедел, жан-жақты және ашық тексеруге, сондай-ақ кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.

Мұндай қатаң қабақ жауап қату қисынды ғана емес, сондай-ақ қазіргі Ресейде азшылық ұлттардың құқықтары жүйелі түрде бұзылып, күш құрылымдарының өзімшілдігі нормаға айналған жағдай түпкілікті орнықты.

27 маусымдағы Ресейдің күш құрылымдарының әрекеттері салдарынан әзірбайжан ұлтының азаматтары қаза тауып, түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған Екатеринбургтегі қайғылы оқиғадан кейін Воронежде де тап осындай ретпен әзірбайжандықтарға қысым жасалғаны туралы хабар түсті.

Өкініштісі - мұндай жағдайлар Кремльдің ел ішінде де, одан тысқары жерлерде де қолданатын қуғын-сүргін, кемсітушілік және қорқыту тәжірибесінің бір бөлігіне айналып отыр. Амал не, азшылық ұлттардың өкілдерін жазықсыз қуғын-сүргінге салу және өлтіру Путин режимінің күнделікті өміріндегі қорқынышты қоғамдық шындығына айналды.

Куәгерлердің айтуынша, «Алексеевский» базарында тұрмыстық жанжал орын алған: Жергілікті жүргізуші жүк түсіру ережелерін сақтаудан бас тартып, қорқытуға көшіп, «Русская община» деп аталатын жерден адамдарды шақырған. Көп ұзамай әзірбайжандықтар тарапынан «пышақпен қорқыту» туралы мәлімдемелер желдей есіп тарады. Осыдан кейін рейдтер басталып, базарға «ОМОН» лап берді.

Куәгерлердің айтуынша, негізінен әзірбайжандықтар ұсталып, орыс ұлтшылдары желіктірген топ тарапынан кәсіпкерлердің тауарларын құртып әм олардың жүк көліктерін өртеп жіберу қаупі төнген.

Осылайша, Мәскеу мен Баку арасы тағы да суыды. Әзірге Мәскеу айыбын мойындап, кешірім сұрауға асығар емес...

Abai.kz

0 пікір