Бейсенбі, 3 Шілде 2025
Қауіп еткеннен айтамын 362 0 пікір 3 Шілде, 2025 сағат 13:08

Кремль өз идеологиясын мәжбүрлеп экспорттамақ...

Сурет: themoscowtimes.com сайтынан алынды.

Реваншистік көңіл-күйдегі Ресейге ТМД елдеріндегі тарих оқулықтары ұнамайды екен. «Мәскеуге жағатын оқулық жазбадың» деген жазғырулар ТМД-ға мүше елдерге қарата айтыла бастады.

ПУТИН БИЛІГІ ПОСТКЕҢЕСТІК ЕЛДЕРГЕ «КЕҢЕС» БЕРДІ...

Ресей ТМД елдерін өзіне және өз тарихына адал болуға шақырады. Бұл туралы РФ президентінің көмекшісі Владимир Мединский мәлімдеді.

«Бұл ретте Ресей оларға қысым көрсетпейді, ал мемлекеттер арасындағы диалог тек өзара сыйластыққа негізделген. ТМД елдеріндегі Ресейдің өткен шақтағы рөлін жете бағаламау – саяси технология болып табылады, бұл ретте тарихи шындық Ресейдің оң рөлін көрсетеді», - деп сөйледі Мединский.

Ресейде «дәстүрлі орыс құндылықтарын» тарату арқылы посткеңестік кеңістіктегі елдердегі неоимпериялық ықпалды қалпына келтіруге бағытталған идеологиялық стратегияны әзірлеу әрекеттері жалғасуда. Соңғы мысалдардың бірі – РФ Мемлекеттік Думасының бақылау жөніндегі комитетінің төрағасы Олег Морозовтың мәлімдемесі. Оған сәйкес, бұл құндылықтар бұрынғы КСРО-ның барлық республикалары үшін «генетикалық тұрғыдан ортақ» болып табылады.

Сонымен, Ресейдің идеологиялық шабуылының алғашқы қадам қазаққа қарай бағытталып, ортақ тарих жазу туралы сөз болды. Ресейде шығып жатқан 20 томдық тарихта қазіргі XIV-XV ғасырлардағы Қазақ жері «Мемлекет құрмаған жабайы тайпалар мекені» деп аталып, тек Орталық Азиядағы Хиуа мен Бұхар хандығы ғана картада көрсетілуінің өзінен-ақ, Ресейдің ғылыми пиғылы қандай екенін көруге болады. 400 жылдай өмір сүрген «Қазақ хандығына» картадан орын бермеудің ар жағында не жатыр? Тарихшы-медевист Жақсылық Мұратұлы Сәбитовтен басқа бұл империялық көтензорлыққа ешкім дабыл қақпағанын қалай түсінеміз!?

Анығы бұл арқылы «қазақ пен украинның жері де, тарихы да жоқ – тобыр» деген түсінік Ресей жұртшылығының санасына сіңіріліп жатыр. Оған қазақ жеріндегі «Вовакелдерді» қоссақ жағдайымыз оңып тұрған жоқ. Бір қуаныштысы сол – Ресейдің осындай оспадар әрекеттермен ТМД көрін өз қолымен қазып жатқандығы.

РЕСЕЙ ИДЕОЛОГИЯСЫН МӘЖБҮРЛІ ЭКСПОРТТАУ

Барлығы әлгі РФ Мемлекеттік Думасының бақылау жөніндегі комитетінің төрағасы Олег Морозовтың мәлімдемесінен басталды.

Мәскеудің идеологиялық ұстанымдарын Ресей Федерациясынан тыс жерлерге экспорттау идеясы Ресейдің саяси топтарында алғаш рет талқыланып отырған жоқ. Бірақ ең қорқыныштысы сол: Егер бұрын ТМД елдерінде тұратын этникалық орыстардың құқықтарын қорғауға баса назар аударылса, кейіннен бұл ұғым «орыс тілділерге» дейін кеңейтілді. Енді халықтың бұл топтары «орыс әлемінің» бір бөлігі ретінде қарастырылады.

Бұл тұжырымдама Кремльдің Украинаның ішкі істеріне араласуын негіздеу үшін пайдаланылады.

Қазақстанда Ресей құқығын қызғыштай қорыйтын – тегі қазақ қандастарымыз бар екенін қаперден еш шығармауымыз керек. Және қазақ тілді, өзбек тілді һәм қырғыз тілді зиялы қауымының кейбірінің санасына «орыс тілі – элитаның тілі» деген ұғым берік сіңгенін Өзбекстандағы қос жазулықтан-ақ көруге болады.

Қазіргі кезде Ресей парламентшілерінің пікірлеріне қарағанда, Мәскеу одан да кең мағлұмат беруге бейім. Енді «орыс әлемі» бұрынғы кеңестік республикалардың барлық халқын қамтиды. Бұл үшін шарық ұрып мысал іздеп еш әуре болмай, тек бір ғана Морозовтың сөзін келтіруге болады. «Президент Путиннің «дәстүрлі ресейлік рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау және нығайту туралы» жарлығы ішкі саясатқа ғана бағытталып қоймай, бүкіл посткеңестік кеңістікке бағдар болуға тиіс», - дейді Морозов.

Бұл тақырыптар 25 маусымда Мемлекеттік Думадағы парламенттік тыңдау барысында талқыланды. Оонда орыс тілінің рөлі, сондай-ақ ТМД мемлекеттерін біріктіре алатын идеологиялық нарратив әзірлеу қажеттігі күн тәртібіне қойылып, егжей-тегжей қарастырылды. Ақыр соңында Ресейлік заң шығарушылар мұндай бірліктің жоқтығы бүгінде Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген тоқтамға келді.

МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА «ОРЫС ӘЛЕМІН» ШАРЫҚ ҰРЫП ІЗДЕУДЕ

Әзірбайжан мен Молдова – ерекше алаңдаушылық тудыратын елдер тізіміне енгізілді. Нәтижесінде - Ресейде «мемлекет ішіндегі – мемлекет» саналатын әзірбайжанның этникалық қылыстық топтарын ауыздықтау әрекеті басталды.

Думадағы талқылау барысында Тәжікстанда халықтың 95 пайызы, Абхазияда 92 пайызы, Қырғызстанда 80 пайызы Ресейге оң көзқарас танытатындығы туралы айтылды. Ал Молдова мен Әзірбайжанда бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспайды.

Мемлекеттік Думадағы тыңдаулардың негізгі тезистерінің бірі «антиресейлік көңіл-күйдің көзін мектептегі білім беру жүйесінен іздеу керек» деген болжам болды.

Олег Морозовтың айтуынша, ТМД елдерінің барлығында дерлік, Беларусь пен Арменияны қоспағанда, мектеп оқулықтары отарлық тұжырымдамаға негізделген, оның аясында – КСРО-ға дейінгі және Кеңестік кезеңдегі - Ресей зұлым ретінде бейнеленген. Морозовтың айтуынша, тағы бір мысал – Грузия, Әзірбайжан және Молдованың білім беру бағдарламаларынан «Ұлы Отан соғысы» терминін мүлдем алып тасталған.

Ал РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Ресей Федерациясының басшылығы ТМД елдерінде дәстүрлі құндылықтар мен орыс тілін ілгерілету үшін елеулі күш салуда деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мектептер салынып жатыр, мәдени және білім беру жобалары жүзеге асырылуда.

РФ Мәдениет министрі Ольга Любимова, өз кезегінде, ТМД елдерінде орыс театрларын ашу және орыс тілі мен мәдениетін ілгерілетуге бағытталған өнер саласындағы жобаларды қолдауды қоса алғанда, мәдени интеграцияға бағытталған жұмыстар туралы хабарлады.

Мемлекеттік Дума спикері Вячеслав Володин экономикалық байланыстардың маңыздылығын еске салып, «ТМД елдерінің көптеген азаматтары Ресейде жұмыс істейді» деп мәлімдеді. Мысал ретінде ол Арменияны келтірді. Оның айтуынша, бұл елдің ЖІӨ-сінің 20 пайызын Ресей Федерациясында жұмыс істейтін азаматтар құрайды. Ол Ресейде 2,5 миллионға жуық армян тұратынын, ал Арменияның өзінде олардың саны екі миллионнан аз екенін айтып бір желпініп алды.

Осылайша, ресейлік саяси дискурста сыртқы саясат қана емес, КСРО-ның бұрынғы республикаларымен өзара іс-қимылдың идеологиялық үлгісін тұжырымдауға деген ұмтылыс нығайып жатыр. Құдайға шүкір Қазақстанда да ресейлік «Мәдени экспорт» ұлттық көпшілік болып табылатын қазақ тілділер тарапынан қызу қарсылыққа ұшырап келеді.

Abai.kz

0 пікір