Жұма, 4 Шілде 2025
Ақмылтық 159 0 пікір 4 Шілде, 2025 сағат 12:49

Ескі де, жаңа ел туралы қисынсыз мифтер

Сурет: datnews.info сайтынан алынды.

Төменде ұсынылып отырған мақала ойда жүрген депутаттық сауалдың тезистері негізінде жазылды. Әдетте әлеуметтің мүддесін күйттеген депсауал мемлекеттік органдарға бағытталады, ал бұл мақалаға арқау болған мәселелер керісінше, салауатты қоғамның түйсігі мен талқысына арналады.

Басқа елдердегі сияқты, Қазақстанның ақпарат алаңында дүркін-дүркін айтылып жүрген, өзегі жалғандыққа жалғасқан заманауи мифтер баршылық. Көбісі – қазіргі реформалардың мән-маңызына, экономикалық саясат пен билік құрылымына қатысты ойдан шығарылған немесе қарсылық тудыруға арналған қауесет. Жаңсақтығы тайға таңба басқандай білініп тұрса да, саяси сауаты кемшін жұрт арасына тез тарайды.

Өкінішке қарай, мұндай аңыздар ақиқатты бұрмалап қана қоймай, елде қадам-қадам жүріп жатқан оң өзгерістерге деген күдік-күмәнді қалыңдатып, халық сенімін күйретуге жетелейді. Осылайша ел болмақ жақсы ниетті лайлап, мемлекеттің даму қабілетін кемітеді.

Сол себепті кей «білгіштер» таратып жатқан жаңсақ пікірлерді нақты деректерге сүйене отырып, қисынмен талдауды жөн көрдік.

Жағылып жүрген күйе, тағылып жатқан айыптардың бірнешеуіне тоқталайық.

Бәзбіреулер «Жаңа Қазақстан деген құр атау ғана, оның ескі Қазақстаннан ешбір айырмашылығы жоқ» дейді. Біріншіден, мемлекетті, тұтас қоғамды «ескі», «жаңа» деп бөлуге болмайды. Еліміз өз орнында, жұртымыз да, шүкір, ешқайда көшіп кеткен жоқ. Менің лексиконымдағы «ескі Қазақстан» – саяси дәуірлер шекарасын айқындаудың ғана белгісі. Ескірген принциптер, бұған дейін қалыптасқан «тәртіп», яғни елдік мүддеден жеке бастың қамын жоғары қоятын ойлау машығы. Бұл жүйені іштен білетін Президент Тоқаев сана сілкінісі болмайынша, ұлт сапасы өспейтінін, жаңа дәуір талабы осы екенін жақсы түсінеді.

Замана лебімен іргелі өзгерістерге жол бастаған билік бұған дейін қалыптасқан жүйенің былығын әшкерелеп, әділетті қоғам орнатуға бар күшін салып жатыр. Мұны мойындау керек.

«Жаңа Қазақстанның» астарында не бар? Бұл – жаманды-жақсылы өз функциясын орындап жүрген мемлекеттік аппаратты бір күнде толықтай ауыстырып, ел ішін алатайдай бүлдіру емес. Оның мәнісі – конституциялық негізде институционалды өзгерістер орнату. Қоғамдық тәртіпті, бұған дейін қалыптасқан «ойын ережесін» өзгерту.

Ашығын айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстанның» жүзеге асар межелі формасы – Әділетті Қазақстан. Басы ашық нәрсе – Президент баршамызды бұрынғы жүйенің қателігінен сабақ алып, жаңаша ойлауға, жаңаша әрекет етуге үндеді. Яғни, Әділетті Қазақстанды құру әрбірімізге байланысты.

Осындай ізгі идеяны арзандатып, оны елді, мемлекетті, қоғамды екіге бөлу үшін бұрмалау кімге тиімді болды екен?

Ал «Әділетті Қазақстан» деген не? Оның алғышарты не? Жемісі қандай?

Әділетті мемлекет ұғымы халқымызға Асан Қайғы заманынан таныс. Оның мазмұн-формасын Әл-Фараби сипаттап кеткен. «Жеті жарғыны» қолданысқа енгізген Әз Тәуке байырғы қазақ ұғымындағы әділетті қоғамды құрған. Кешегі Алаш қайраткерлері де әділетті мемлекеттің іргесін қаламаққа әрекет еткен.

Ғасырлар бойы халықтық дүниетанымымызға, елдік мұратымызға сіңісті болғандықтан да, біз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан концептін ел болып, қоғам болып, жатырқамай құп алдық. Енді осы бағытта мемлекет қолға алған біршама өзгерістер бар. Оның бірі – ескі жүйенің негізгі институттарының қайта қаралып, басқару жүйесінің реформаға ұшырағаны.

Отыз жылдан аса мерзімде билік пен байлық бір қолға шоғырлануы қалыпты нәрсе сияқты қабылданды. Мұндай «тәртіпке» қарсы шыққандар қудаланды. Халықтың мұң-мұқтажы назардан тыс қалды.

Трансформацияның «бісмілләсінда» Тоқаев ат төбеліндей шоғыр олигархтарды бір залға жинап алып, бәріне бірдей «ескерту» жасады. Бұдан былай олар үшін «үріп ішіп, шайқап төгетін» дәуір аяқталғанын естіртті. Осыдан соң ғана сең қозғалып, бүкіл елдің ырысын уысында ұстаған «кландардың» іргесі сөгіле бастады.

Өзгерістің бүгінгі таңдағы аралық нәтижесі – мемлекеттік басқару жүйесі есеп беру мен ашықтыққа, әділ бәсекеге бет бұрды. Жаңа заңдар қабылданып, қоғамдық қатынастар қайта түзіле бастады.

Сөзіміз дәлелді болу үшін, бірнеше дәйекті алға тартайық. Бұл дәйектер ресми-элитарлық тілде әр жерде айтылып жүр. Бірақ осы мақаланың риторикасына сәйкес, оларды тағы да бір қайталап қойған артық болмайды.

Ата заңымызға өзгеріс енгізіліп, суперпрезиденттік билік жүйесі шектелді. Биліктің бірқатар өкілеті Президенттен Парламент пен Үкіметке өтті, яғни билікті шамадан тыс орталыққа «тәуелді болудан» арылтып, халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

Парламенттегі партиялардың Үкіметті жасақтауға ықпалы артып, заң шығарушы органның бақылау функциялары күшейтілді. Жоғарғы палатадағы «президенттік квота» саны 15-тен 10 депутаттық мандатқа азайтылды.

Бастысы – президент өкілеттілігі «super»-лік сипаттан айырылды. Бұдан кейін Конституцияға қайта-қайта өзгеріс енгізіп, президенттік өкілеттілікті соза беруге құқықтық негізде тосқауыл қойылды. Ендігі жерде Тоқаевтан бастап, Қазақстан президенттері бір ғана мерзімге – жеті жылға сайланады. Бұл – кімде-кім үшін артында ізгі істерін мұра етіп, ел тарихында жақсы атын қалдыру үшін жеткілікті мерзім. Тоқаев түзген саяси өнегенің ең абзалы осы, бәлкім.

Жеке азаматтардың мемлекет істеріне араласу, өз құқықтарын қорғау механизмдері күшейтілді. Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот қайта орнады. Оның нәтижесі – 2023 жылдан бері 7 мыңнан аса қазақстандық өз құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа жүгінген екен.

Адам құқығы жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейтіліп, әр аймақта уәкілдер тағайындалды.

Конституциядан елбасы мен оның мәртебесі туралы артықшылықтар алынып тасталды.

Сайлау жүйесі демократия қағидаларына сай жаңартылды. Бір мандатты сайлау жүйесі енгізілді, оның нәтижесінде соңғы сайлауда Мәжілістің үштен бірі, облыстық мәслихаттардың тең жартысы, ал аудандық мәслихаттар толықтай – бір мандатты округтерден сайланған депутаттардан жасақталды.

Бұған қоса, «сайлаушылардың сенімін жоғалтты» деген негіздеме бойынша бір мандатты округтен сайланған Мәжіліс және мәслихат депутаттарының мандатын қайтарып алу процедурасы енгізілді. Бұл да – халық билігінің жүзеге асу көрінісі.

Сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген таңдау белгісі қайта енгізілді. Азаматтарға өзінің қарсылық ұстанымын білдірудің заң аясындағы тетігі берілді.

Партия құрудың мехнаты азайды, оны тіркеу үшін қажетті мүшелер санына қойылатын талап шегі 20 мыңнан 5 мың адамға төмендетілді. Аймақтарда партия филиалдарын құру үшін енді 600 емес, 200 адам жиналса жеткілікті. Бұған қоса, партия құруға қажетті бастамашыл топтағы адам саны енді 1000 емес, 700-ден кем болмауы тиіс деп бекітілді.

Бұған дейін ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар көп сынайтын шектеу – партиялар үшін Парламентке өтудің ең төменгі көрсеткіші 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Нәтижесінде, құрылғалы бері заң шығарушы органға бірде-бір депутатын сайлай алмаған жекелеген партиялар қазір төменгі палатада бір-бір фракция ұстап отыр.

Алты бірдей парламенттік партия фракцияларына қоса, Мәжілісте халық атынан тікелей сайланған 29 депутат бар. Оның бірі – осы мақаланың авторы.

Бүгінде төменгі палатаны азаматтық қоғамның айнасы деуге болар. Әйелдер, мүгедек жандар мен жастарға берілген квотаның арқасында әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесі ұдайы Парламент назарында. Заң шығарушы орган ішінен құрылған «Инклюзивті Парламент» атты депутаттық топ – соның бір ғана мысалы.

Елдің саяси өміріндегі елеулі өзгеріс – ел аумағында ауыл-аудан әкімдерін халық тікелей сайлауға көшті. Бұған дейін ауыл әкімінің өзі «жоғары жақтың» қалауымен қызметке келетін болса, енді тетік тұрғындардың қолына өтті. Нәтижесінде, 2021 жылдан бері ел ішінде 2,5 мың ауыл округтерінің әкімдері сайланыпты. 2023 жылдан бері аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы пилоттық жүйеде өткізілді. Биылдан бастап оларды да халық тікелей дауыс беру арқылы өздері сайлайды.

Ал облыс пен республикалық қала әкімдерінің өзін Президент бұдан былай тек мәслихаттар келісімімен тағайындай алады. Яғни, мемлекет басшысы өңірлік кадр саясатында жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді институтымен санасуға мәжбүр.

Ашық қоғамның бір белгісі – петиция институты іске қосылды. Енді кез келген қоғам мүшесі өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, бастамашылдық көрсете алады. Онлайн петиция – қоғам үшін өзекті кез келген мәселені аудандық мәслихаттан бастап, Үкіметке дейін жеткізіп, мемлекеттік деңгейде қарастырып, шешім шығаруға ықпал ету тетігі.

Бұқаралық ақпарат құралдарына қысым азайғаны сол – медиакеңістікте қазір түрлі пікір өріп жүр. Дәстүрлі БАҚ-ты былай қойып, әлеуметтік желіде азаматтар өз ойын ашық айтып, билікті қымсынбастан сынап жүр. Кей кезде тіпті сыбап жүр.

Ал бұрынғы «Елбасы» институты күшіне мінген заманда ашық сын айтпақ түгілі, «басқаша» пікір айтудың өзі мұң болған еді. Оған дейінгі советтік дәуір туралы жақ ашпай-ақ қоялық. Жарты ғасырға жуық кәсіби журналистикадағы тәжірибемізде талай қысым мен құқайды көргенбіз.

Ұлттық экономика құрылымы өзгерді. Монополиямен күрес басталды. Заңсыз жолмен жиналған активтерді қайтару қолға алынды. Жылдар бойы біте қайнасып кеткен, ойына келгенін істеген «мемлекет–алпауыт бизнес» жүйесіне соққы берілгені – бұрын-соңды болмаған зор жетістік деуге әбден лайық. Соның арқасында мемлекеттік аппаратты жаулап алған олигархиялық құрылым ыдырады. Ат төбеліндей бизнесмендердің заң шығару ісіне, мемлекеттік тапсырыстарға, сот шешімдері мен кадр саясатына ықпал етуіне тыйым салынды.

Айталық, бұрын Машкевич пен Құлыбаев сияқтылардың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болатын. Қазір олай емес. Олардың мемлекеттік шешімдерге ықпалы жойылды. Шайқап ішіп үйренген бизнес енді заң аясында жұмыс істей бастады. Бұл – өзгерістер жолындағы үлкен жеңіс.

Нарықтық экономикада еңбек еткен, табыстың көзін тапқан азаматта қомақты капиталдың болуы қалыпты нәрсе екенін халық түсінуге тиіс.

Бізде бизнесмендердің екі түрі бар. Біріншісі – жер асты байлықтарын пайдаланып, табысын, жиған-терген ақшасын шетелге жылыстататындар; екіншісі – ұлттық экономиканы дамытуға инвестиция салып, жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымға, өндіріс пен инновацияға қаражат құятындар.

Әлбетте, мемлекет осы екінші топты – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуын және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін кәсіпкерлерді қолдауға қашан да дайын екенін танытып отыр. Ол туралы Президент Тоқаев талай жерде айтып та жүр.

Бизнес енді қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне бастады. Көптеген ірі компаниялар білім, медицина, спорт, мәдениет салаларына қаржы бөліп, әлеуметтік жобаларға белсенді түрде араласуда. Бұл қазір қалыпты жағдайға айналған жақсы үрдіс. Міне, осындай инвесторлар мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау тауып отыр, алдағы уақытта да солай бола береді.

Әрине, кез келген қоғамда билікке бір табан жақын жүретін ірі бизнес өкілдері болады. Бұл тіпті АҚШ-тың өзінде лоббизмді заңдастыруға себеп болған жағдай. Мәселе – ол халық қамын ойлайтын ұлттық буржуазия өкілдері ме, әлде 30 жыл халықтың ызасына тиген ұры-қары топ па – бар кілтипан осында. Кезінде Алаш қайраткерлеріне көмектесіп, кітап, газет шығаруға қаржы бөліп, реформа ісіне белсене араласқан қазақ байлары қандай, халық ырысына қол салып, мемлекеттік қазынаны шетел асыра берген бүгінгінің «байшыкештері» қандай?

Ендеше бизнес өкілдері үшін де ұлттық, елдік мүдде тұрғысынан ой кешуге көшетін кез жетті. Тоқаевтың үлкен бір жеңісі – ұлт байлығына кенеше жабысқан олигархтардан жүйені біржола тазартып, бизнестің бетін халыққа біржола бұру болмақ.

Баршамызға ортақ мақсат – елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы жолда билік жемқорлықпен күресті күшейтті. Кезінде өздерін халықтан үстем, заңнан жоғары санаған адамдар – жалғанды жалпағынан басқан бұрынғы министрлер, күштік құрылым басшылары, экс-президенттің туыстары мен жақын серіктерінің қазір бірінен соң бірі тергеуге алынып, жауапқа тартылып жатқаны – жүйенің өзгергенінің айқын белгісі. Әділетті Қазақстанда заң құрығынан ешкім құтылмайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының нәтижесі жұртшылықтың көз алдында. 2022 жылдан бері бұрын қолды болған жалпы сомасы 1 трлн 120 млрд теңгенің активі, оның ішінде былтыр ғана 371,2 млрд теңге мемлекетке қайтарылды. Бұл қомақты сома әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамытуға жұмсалып жатыр. Атап айтқанда, қаражатты 406 жобаға жұмсау жоспарланып, оның 333‑і жүзеге асырыла бастады. Халық игілігіне берілетін нысандар қатарында 9 білім беру мекемесі, 3 спорт нысаны, денсаулық сақтау саласындағы 162 жоба және сумен жабдықтау саласындағы 159 жоба бар.

Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалардың қай-қайсысы да халықтың өмір сапасын жақсартуға, білім мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.

Әділетті Қазақстанның басты қағидаттарының бірі – ашықтық. Халықтан ештеңені жасыруға болмайды. Сол үшін «Ашық НҚА» порталы істеп тұр. Шенеуніктер өз мүлкін жария етуге міндеттелген. Мемлекеттік сатып алулар электронды жүйеге көшіп, бақылау күшейді. Бұл тетіктер жемқорлық схемаларының жолын бөгеп, жүйені олардан тазартуға едәуір ықпал етті.

Әрине, сыбайлас жемқорлық дертін бірден жойып жіберу күрделі әрі ұзаққа созылатын процесс. Дегенмен, осы санаулы жылда тындырылған көп шаруаның нәтижесі бағытымыздың дұрыс екенін көрсетіп отыр.

Тағы бір кең тараған миф – «экономиканы әртараптандыру сөз жүзінде қалды» деген долбар.

Бұл пікір көбіне экономика ғылымының иісі мұрнына бармайтын, оның ішкі иірімін жете түсінбейтін, сөйте тұра өзін әр тақырыпта «сарапшы» санайтындарға тән.

Расында, экономика – терең теориялық білімді, сондай-ақ сан мен сапаға қатысты деректермен ұдайы қаруланып, жүйелі түрде талдау жасап отыруды қажет ететін күрделі сала. Бір-екі цифрды қорытып, қызыл сөз бен шешен тілге сүйенгеннің бәрі экономист емес.

Шынтуайтында, экономиканы әртараптандыру – өндірістік құрылымды өзгертуге бағытталған ұзақ мерзімді процесс. Ондаған саланы қатар дамытып, инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындар ашып, экспорт бағыттарын көбейту керек.

Әрине, 30 жыл көлемінде әртараптандыру кенделігін кешкен экономика қарыштап кетті деп, күпіршілік айтуға болмайды. Бірақ Қазақстан бұл мәселеде тұралап тұр деу – нақты көрсеткіштер мен жетістіктерді жоққа шығарумен тең.

Осы мақаланы дайындау барысында тиісті меморгандардан экономиканың салыстырмалы нәтижелерін алдырттым. Жағдайымыз жер тепкілеп еңірейтіндей емес екен. Мысалы, 2018–2024 жылдар аралығында ЖІӨ 1,6 есе өсіп, 135 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде мұнай-газ секторының үлесі 2018 жылы 21,1% болса, 2023 жылы 16,9%-ға азайды. Оның үстіне бұл үрдіс тоқтаусыз жүріп жатыр.

Шикізаттық емес сектор 2019 жылы 51,5 трлн теңге болса, 2023 жылы 90,6 трлн теңгеге дейін өсті, ЖІӨ-дегі үлесі 75,9%-ға дейін артты. Бұл – басқа салалардағы өсімді көрсететін үлкен өзгеріс.

Өңдеу өнеркәсібі өнімдері мен қызметтері экспортының көлемі де даму қарқынынан хабар береді. 2019–2024 жылдары машина жасаудағы өндірістің әлеуеті 2,7 есе өсті. Жеті жыл бұрын шығарылған автомобильдер саны 30 016 болса, 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 4 еседен аса өсіп, олардың саны 134 054-ке жетті.

Қазақстан бұрынғыдай жер қойнауын игеріп, шикізатты экспорттап қана қоймайды, жоғары сапалы болат, тазартылған мыс, титан құймалары, фосфор тыңайтқыштары, полипропилен, аккумуляторлар шығарады. Осылайша мұнай-газ химиясы индустриялық өсімнің жаңа драйверіне айналып келеді. Былтыр бұл саладағы өндіріс көлемі 540 мың тоннаға жетті, яғни 2023 жылғы көрсеткіш 150%-ға өсті деген сөз.

Кейінгі жылдары ауыл шаруашылық саласында көп ілгерілеу бар. Оның нақты нәтижесі – былтыр өсім көлемі 13,7%-ға жетті. Жалпақ тілмен айтқанда, әр гектардан 16,2 центнерден 26,8 миллион тонна дәнді дақыл алдық.

Бұл – соңғы 12 жылдағы абсолютті рекорд. Бұл аз десеңіз, былтыр агросекторда 276,7 млрд теңгеге 286 инвестициялық жоба іске асты.

Ақпараттық технологиялар мен инновациялар саласында жаңашылдық та, жаңалық та көп. Мысал үшін, Жаһандық инновациялық индекстің (Global Innovation Index) 2024 жылғы есебінде Қазақстан Орталық Азиядағы барлық көршілерін артта қалдырып, 78-орынға табан тіреді (132 елдің ішінде).

Жалпы, ақпараттық технологиялар секторы – Қазақстан экономикасында қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Бағдарламалау саласындағы қызметтердің, IT саласында кеңес беру сияқты қызметтердің ұлттық экономикадағы үлесі былтыр 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 36,3%-ға артық.

Astana Hub осы күнде Орталық Азиядағы ең ірі технопаркке айналды. Былтыр ғана технопарк резиденттері 177 млн доллардан астам инвестиция тартып, IT-қызметтер экспортын 481,5 млн долларға жеткізді, жалпы табыс 1,3 млрд долларға жетті.

Бүгінде IT саласында ашылған жұмыс орындар саны 28 мыңнан асыпты. Astana Hub-та қазір Playrix, TikTok, InDrive, EPAM, Glovo, Presight.ai сияқты ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан.Елімізде алты бірдей аймақта IT-хаб ашылды, технопарктің басқаруымен 18 облыста орталықтар жұмыс істеп тұр.

2024 жылы Astana Hub Қазақстанда жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытуға бағытталған AI Movement атты ауқымды бастаманы қолға алды. Жыл басында бұл орталықтың ашылғаны туралы мемлекет басшысының өзі мәлімдеме жасағаны есіңізде болар.

Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектімен жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлайтын AI Sana бағдарламасы іске қосылды, оған кемінде 100 мың студент қатыса алады.

Президенттің тапсырмасынан кейін былтырдан бері шетелдік мамандар мен компанияларға электронды виза мен елде тұруға рұқсат беретін Digital NOMAD Visa және Digital Nomad Residency бағдарламалары іске қосылды.

Президент Үкіметке суперкомпьютер жасау туралы тапсырма бергені белгілі. Естуімізше, қазір Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер Цифрландыру министрлігінің Деректер орталығында орнатылып жатыр. Алдағы уақытта оған мемлекеттік органдар ғана емес, жасанды интеллект саласында іргелі зерттеулер жүргізетін университеттер, ғылыми орталықтар мен компаниялар да қосыла алады.

Жоғарыда тәптіштеліп айтылған елеулі жақсы жағдаяттар өзгерістердің сипаты ма, жоқ әлде өтірік көлгірсу ме? Әрине, өзекті өзгерістердің беталысы деп айтуға әбден болады.

Мұның бәрі аз десеңіз, геосаяси өзгерістерді өз мүддесіне тиімді пайдаланудың арқасында Қазақстан трансконтиненталдық тасымалдың негізгі тармағына айналды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде көліктің барлық түрлерімен тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, 1 миллиард 78 миллион тоннаға жетті.

«Орта дәлізді» (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) қарқынды дамыту – геосаяси турбуленттілікке төтеп берудің шешімі әрі пайда кіргізетін салаларды, оның ішінде аралас салаларды (қойма шаруашылығы, сервис, қаржы) дамытатын стратегиялық инвестиция. Жақында ғана Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспийдегі Құрық портында Қытаймен бірге жүк терминалын құру туралы ұсынысына ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қолдау білдірді.

Бүгінгі таңда Транскаспий бағытының жүк тасымалдау қабілеті жылына 6 млн тоннаны құрайды. Осы бағыттағы тасымал көлемі былтыр 62%-ға өсті. Бұған себеп болған нақты шешімдердің қатарында 2029 жылға қарай контейнерлік блок-пойыздар санын жылына 600-ден 3000-ға дейін ұлғайту үшін Қытаймен арада келісім жасалып, Қытайдағы Сиань мен Ляньюньган, Мәскеу маңындағы Селетино, Ташкент, Әзірбайжан мен Венгриядағы Алят сияқты негізгі әлемдік логистикалық орталықтарда терминалдар желісінің салынуын, 2025 жылы Ақтауда контейнерлік хабтың, Грузияның Поти портындағы жаңа терминалдың ашылғанын атап өтсек жеткілікті болар.

Биылғы жылы ел ішінде 13 мың шақырым автомобиль жолы мен 6 мың шақырымнан аса темір жол жаңартылып жатыр. Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды мен Шымкент арасын жалғайтын алты бірдей әуежайдан әуе хабын құру жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Әрине, экономиканы әртараптандыру «қара алтын» игеруден мүлде бас тарту дегенді білдірмейді. Көмірсутегі өндірісі мен экспорты Қазақстан үшін маңызды табыс көзі болып қала береді.

Әйтсе де, заман талабына сай көпсалалы, тегеурінді экономика құруға бет алдық, оның алғашқы жемісін көріп те отырмыз. Сондықтан ауызды қу шөппен сүрте бермей, қазіргі экономика құрылымы 2018 жылғымен салыстырғанда әлдеқайда көш ілгері екенін мойындау керек.

Ақпараттық кеңістіктегі тағы бір миф «қос билік» жүйесіне қатысты.

Ел ішінде «Назарбаев бәрін сахна сыртынан басқарып отыр», «елде қос билік бар» деген сөзді әлі де сағыздай созып, айтып жүргендер бар. Оның астарында факті де, заңдық негіз де жоқ. Тек елге іріткі салуды көздейтін теріс пиғыл ғана бар. Тіпті осы теріс пікірді ескі, сүрі жүйенің жақтастары таратып жүруі де ғажап емес.

2022 жылдың маусым айынан бері Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқару жүйесінен толықтай шеттетілген. Оның саяси қызметі де, лауазымы да, ресми мәртебесі де күшін жойған. Оның мемлекеттік деңгейде шешім шығаруға, саяси процеске араласуға мүмкіндігі де, құзыреті де, құқығы да жоқ.

Оның туыстары бір кездегі мемлекеттік органдарда, әкімдіктердегі лауазымды қызметтерінен босаған. Олардың бірде-бірі мемлекеттік құрылымдарға, билікке араласа алмайды. Кейбірі тіпті ел үстінен көрген дәулетінен айырылып, мүлкі тәркіленіп, өздері істі болып жатыр. Бас амандығын ойлап, шетел асып кеткені қаншама. «Мың асқанға – бір тосқан» деген сол.

Тоқетерін айтқанда, мемлекеттік аппарат тұтастай, оның ішінде елдің қарулы күштері түгел – қазіргі мемлекет басшысының, Үкіметтің және басқа да тиісті ресми мемлекеттік органдардың қолында.

Көп адам тереңіне бойлай бермейтін саясаттың мәні экс-президенттің ел тарихындағы рөлін объективті түрде ескеруге, яғни мемлекетіміздің Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында жүріп өткен жолына құрметпен қарауға негізделген.

Бұл – ең әуелі мемлекеттілікке деген құрмет. Әрі тәуелсіз елдің егемендігін нығайтып, тұрақты даму үшін саяси дәстүр қалыптастыруға жасалған қадам.

Ең бастысы – Тоқаев заңның ешкімді алаламайтынын көрсетіп отыр: заң алдында бәріміз бірдейміз, яғни ешкім бұрынғы еңбегін бұлдап немесе бұрынғыдай туыстық байланысына иек артып, құқықтық жауапкершіліктен құтыла алмайды. Бұл – сөзіміздің басында айтып өткен Әділетті Қазақстанның басты қағидасы.

Назарбаевтың басқа елдерге жасаған жеке сапарын әсірелеп, «жасырын саясат жүріп жатыр» деп сыбыс таратып жүргендер бар. Жақында оның Ресейге барып, тағы да Путинмен кездескені туралы ақпарат тарады. Экс-президент, яғни қазіргі зейнеткердің сапарынан соң көлеңкесінен қорқатындар тағы өре түрегелді.

Жалпы, бұрынғы көшбасшылардың басқа елдерге сапарлап, олардың іс басындағы басшылармен кездесуі – халықаралық тәжірибеде қалыпты жайт. Германияның бұрынғы канцлерлері (Г.Шредер, А.Меркель), АҚШ-тың бұрынғы президенттері (Б.Обама, кіші Дж.Буш.), Францияның (Н.Саркози, Ф.Олланд), Ұлыбританияның (Т.Блэр) бұрынғы басшылары әріптес мемлекеттердің қазіргі президенттерімен сөйлесіп, пікірлесіп жүреді, түрлі форумдарға шақырылған спикер ретінде қатысып, сөз сөйлейді. Бұдан олардың өз елдерінің қазіргі саясатына «ықпал-беделін» іздеп, аттандап жүрген ешкім жоқ. Бар болғаны – қызметтен кеткен саясаткерлердің жеке және қоғамдық өмірінің бір көрінісі ғана.

Ал біздің қоғам мұндай оқиғадан әлдеқандай саяси астар іздеп, түрлі долбар жасап, біреу жақтап, біреу даттап, қып-қызыл дау-дамай тудырып, әп-сәтте әбігерге түсе қалады. Неге? Шамасы, бір кезде «орталыққа бағынған» ішкі комплекстен әлі толық арылмағанымыздың көрінісі.

Өз билігі өзінде, кемеліне келген озық елдер сияқты жекелеген азаматтардың тарихи ролі мен оның мемлекеттік істерге шын мәнісіндегі ықпал-беделін ажыратып үйренуіміз керек-ақ. Мұнсыз өз ойымыздағы қорқыныштармен алысып қана қоймай, оларды мемлекеттік жүйеге таңып, жаңыла береміз.

Қоғамда кең тараған тағы бір алып-қашпа сөз – «Мемлекет басшысы елдің ішкі мәселелерімен айналысудың орнына сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөледі-мыс».

Мұны енді билік жүйесінің қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейтін жандар айтады.

Қазіргі әлем аласапыран жағдайды бастан кешіп жатыр. Жаһандық саясат күн сайын құбылады. АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық тұрғыда бәсеке күшейді. Таяу Шығыста жағдай ушығып тұр. Ресейге салынған әлемдік санкциялардың салқыны көрші елдерге тиіп жатыр. Осындай қиын заманда сыртқы саясат – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір тетігі.

Біз екі алпауыт – Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан елміз. Әлем бойынша 9‑орында тұрған ұлан-ғайыр жеріміз, бай табиғи ресурсымыз бар. Ал халқы – салыстырмалы түрде аз мемлекетпіз. Яғни, Қазақстан – геосаяси тұрғыда өте маңызды, бәрінің назарында тұрған мемлекет. Сондықтан Президенттің шетелдермен тең дәрежеде салиқалы әрі белсенді қарым-қатынас жүргізуі – тәуелсіздігіміз бен тыныштығымыздың кепілі.

Қайталап айтайын, қазіргі халықаралық қатынастар жағдайында мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын әскери жолмен толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Біздің шекарамыздың бір жағында соңғы үш жыл ішінде соғысқа қатысқан, 25 миллиондық жұмылдыру резерві бар 1 миллион адамнан тұратын армия орналасқанын, екінші жағымызда – 2 миллион тұрақты армиясы мен 1,5 миллиард халқы бар мемлекет орналасқанын бағамдау қажет.

Оның үстіне қазір үлкен армия мен заманауи қару-жарақтың өзі қауіпсіздіктің кепілі бола алмайтынын соңғы әлемдік оқиғаларға қарап саралай аламыз. Осының бәрін ескергенде, елдің қауіпсіздігі сауатты, көпдеңгейлі сыртқы саясатқа тікелей байланысты екенін түсінуге болады.

Мұндай жағдайда мемлекет басшысы сыртқы саясаттың кәсіби стратегі әрі тактигі болуға міндетті. Ал Президентті ішкі күн тәртібіне назар аудармады деп айыптау – советтік периферияның тар құрсауынан шықпай қалған пікірдің жаңғырығы.

КСРО кезінде республиканың бірінші басшысынан тек орталықтың нұсқауларын орындау және астық жинау, сүт сауу жоспарларының орындалуын қамтамасыз ету талап етілді. Өйткені егемен елдің тәртібін орнатуға, тәуелсіз сыртқы саясат жасауға рұқсат жоқ еді. Диванда отырып алып сынайтындар Қазақстан бұрынғы Қазақ КСР‑і емес екенін түсінбейді немесе түсінгісі келмейді.

Тоқаев үлкен елдің бір аймағын басқарып отырған жоқ, ол – геосаяси ахуал мың құбылған заманда тәуелсіз мемлекеттің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға жауапты тұлға. Оны белсенді, прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатсыз жасау мүмкін емес. Әрбір халықаралық кездесу, әр саммит, Президенттің сапарлары – осы басты мүдделерді қорғауға бағытталған қадамдары. Қиын кезеңде ол іргелес елдермен де, Еуроодақ мүшелерімен де, Ислам – араб әлемімен, түркі мемлекеттерімен, тіпті алыс Америка Құрама Штаттарымен де тұрақты әрі өзара тиімді қарым-қатынасты сақтап отыр. Дәл қазір де және болашақта да бізге осындай басшы қажет.

Елдің қауіпсіздігі мен азаматтардың өмір сапасы көшбасшының жаһандық саясаттың ең мықты қайраткерлерімен терезе теңестіретін қабілетіне тікелей байланысты дәуір келді. Бұл – Тоқаевтың күнделікті жұмысы, оның іскерлік байланыс орнатудағы қарымы. Президенттің беделі еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де, инвестициялар мен технологияларды тартуда да, көлік маршруттарының үзілмеуіне де ықпал етеді.

Тоқаевтың сыртқы саясаттағы белсенділігі Қазақстанның сенімді әрі сындарлы әріптес ретіндегі ұстанымын нығайтады, шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстанның әлемдік аренадағы қазіргі абырой-беделі жаһан көшбасшыларының арасында тәжірибелі дипломат, мықты интеллектуал ретінде танылып, саяси элитаның сый-құрметіне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасына байланысты.

Президент ішкі саясатта дамудың стратегиялық бағыттарын Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары арқылы айқындап, негізгі мемлекеттік бағдарламаларды, ұлттық жобаларды, бюджет параметрлерін, заңнамалық бастамаларды бекіту арқылы бекемдейді. Бұл ретте оның ішкі мәселелер бойынша да өткізетін кеңестерінің кестесі бар. БАҚ-тарда жарияланатын ақпараттардан жұртшылық өзі де көріп-біліп отырғандай, мемлекет басшысы көбіне демалыс күндерін де кеңседе өткізіп, ел ісімен айналысады.

Сөзіме тұздық болсын деп, ерінбей соңғы екі айдағы Президент Тоқаевтың ресми жұмыс кестесіндегі іс-шараларды санап шықтым. БАҚ хабарларына жүгінсек, 1 мамыр мен 30 маусым аралығында Тоқаев 18 ресми іс-шараға қатысып, 11 іс-шарада сөз сөйлеген. Оның ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған парад, Астана халықаралық форумы мен Ақтөбе облысындағы жастардың «Айбын» әскери-патриоттық ойыны бар.

Ұлттық банк, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне арналған арнайы жиналыстар өткізіп, 23 адамды қабылдаған. Қазақстандықтарға жеті құттықтау арнап, мерекелер қарсаңында әскери қызметкерлерге, қоғам қайраткерлеріне, медицина және БАҚ өкілдеріне марапат тапсырған. Осы аралықта жалпы саны 31 заңға, 16 Жарлыққа және 7 Өкімге қол қойған. Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерімен танысты. Астанада бірнеше кәсіпорынға барып, өндіріс ошақтары мен әлеуметтік нысандарды аралады. Барған жерінде жұртшылықпен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды.

Яғни, қос бағытты қатар алып жүр. Мәселен, осы екі айда Президент Қазақстанға келген шетелдік делегациялармен 19 кездесу өткізіп, 12 екіжақты келіссөз жүргізген. Бес дүркін ресми іссапар жасаған, оның төртеуі – шетелдерге. Үш бірдей халықаралық саммитке қатысқан, Түркітілдес мемлекеттер саммиті, Орталық Азия – Италия, Орталық Азия – Қытай сияқты біздің ел үшін аса маңызды басқосуларда оның белсенді жұмыс істегеніне бәріміз куәміз. 26 халықаралық құжатқа қол қойып, 21 телеграмма жіберіп, 9 рет телефон арқылы сөйлесіп, күрделі мемлекетаралық мәселелерді талқылаған. Мұның бәрі – ашық дереккөзден алынған ресми ақпарат. Ал хатқа түспеген бейресми кездесулер мен келіссөздер қаншама?

Әділетті Қазақстан құру жолында Тоқаев бірқатар игі бастамалар көтерді. Қоршаған ортаның тазалығы мен ар-ұждан тазалығын сақтауға үндейтін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы, сапалы ұлтқа тән сипаттарды тәрбиелейтін «Адал Азамат» құндылықтар жүйесі, қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Заң мен Тәртіп» қағидаты – осының бәрі Президент аузынан тастамай айтып, жатпай-тұрмай жұртқа түсіндіріп, қажетті құжаттарын дайындатып, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналдырған бастамалар емес пе?!

Бір ғана «Таза Қазақстан» жобасы аясында ел аумағында 1,3 млн тонна қоқыс шығарылып, 2,5 млн гектардан аса аумақ тазартылған. Бұл жобаға бүгінге дейін 8 миллионнан аса азамат қатысты.

Сонымен қатар сапалы білім беру мәселесіне көңіл бөліп, «Келешек мектептері» деген бастаманы қолға алды. 2022 жылдан бері «Жайлы мектеп» жобасы аясында ел аумағында 105 мектеп салынып, биыл 112 мектеп пайдалануға беріледі.

Салыстырсақ, соңғы үш жылда салынған мектеп саны өткен отыз жылда тұрғызылған мектептен көп. Оның үстіне жаңа білім ордалары жоғары стандартқа сай жабдықталған. Онда балалардың барынша қауіпсіз, заманауи технологияларды қолданып, сапалы білім алуына баса көңіл бөлініп отыр. Баяғыдай бай-бағланның баласы ғана емес, ауылдың қарадомалағының да сапалы білімге қолы жеткелі отыр.

Осыдан кейін мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық саясатына көңіл бөлмейді деп кім айта алады?

Ашығын айтқанда, көше тазалығы, елді көгалдандыру, мектеп салу – дәл мемлекет басшысына қарап тұрған шаруалар емес қой. Бірақ Тоқаев қоғамдық құндылықтар мен ұлттық мінез өзгермей, толық жаңару болмайтынын біледі.

Жалпы, елдегі ішкі әлеуметтік-экономикалық саясатқа жауапты құзырлы орган бар, ол – Премьер-министр бастаған Үкімет. Бізде 20 министрлік пен 17 облыстың және 3 республикалық маңызы бар қаланың әкімдіктері, көптеген комитеттер, агенттіктер мен ведомстволар бар. Олардың тікелей және бірінші кезектегі міндеті – экономиканы, әлеуметтік саланы жедел әрі тиімді басқару, нақты жобаларды іске асыру және өз деңгейінде ішкі саясаттың ағымдағы мәселелерін шешу. Конституция бойынша Президенттің рөлі стратегиялық басымдықтарды айқындау мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Терең дипломатия арқылы егемендік пен қауіпсіздік қамтамасыз етілмейінше, кез келген ішкі реформаның мәні жоқ.

Қазақстан жаңа дәуір алдында тұрғанын түсінуіміз керек. Бұл үшін қоғамдық сананы серпілтіп, алтын уақытымызды сананы улайтын, қисынсыз миф таратушылардың күңкіліне сарп етпей, мақсатқа жету жолында алған бағытымыздан қайтпағанымыз жөн.

Реформалар – бірден орындала қалатын ертегі емес, бірлесіп әрекет етудің және төзімділік танытудың арқасында жүзеге асатын қиын да күрделі процесс.

Қорыта айтқанда, Әділетті Қазақстанды құруға заңдар мен институттар ғана емес, жаңаша ойлайтын азаматтар да керек. Елдің болашағы санамызды шырмаған қасаң қағидалардан, бөстекі әңгімеден, орынсыз сөз таластырудан арылып, өз күшімізге сеніп, ортақ мақсат үшін жұмылып әрекет ете білуімізге байланысты.

Өсек сөздің, алып-қашпа әңгіменің заманы артта қалды. Еңбекке құрметпен қарап, жауапкершілік жүгін арқалаудан тайсақтамай, өз күшімізге сеніп, нақты іс тындыратын кез келді. Сыртта жүріп, ел ішін толқытуға, әлеуметтік-саяси теңселістер тудыруға құштар күштердің дегеніне еріп, алатайдай тулаған жекелеген азаматтар біздегі даму жолының басқа альтернативасы жоқ екенін түсіне білсе дейміз…

Қалай болғанда да, қазіргі уақыт – Қазақстан үшін нақты өзгерістер жасауға, яғни шын мәніндегі тәуелсіз саясат құрып, дабыра мен даңғазадан арылуға берілген мүмкіндік. Меніңше, Президент Тоқаевтың айтпағы да, жүргізіп отырған саясаты да осыған келіп саяды. Тарихи мүмкіндікті уыстан шығарып алмайық ендеше!

Ермұрат Бапи,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

0 пікір