Сәрсенбі, 9 Шілде 2025
Билік 361 0 пікір 9 Шілде, 2025 сағат 13:05

Трамп БАЖ етті: Қазақстан не дейді?

Сурет: casp-geo.ru сайтынан алынды.

АҚШ енгізген тарифтер Қазақстан экспортына қалай әсер етеді? Сауда министрлігінің жауабын портал оқырмандарының талқысына ұсынбақпыз...

2025 жылғы 1 тамыздан бастап АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің жүздеген еліне жаңа сауда тарифтерін енгізетіні туралы ресми мәлімдеме жасады. Тиісті үшбу хат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына да жолданған. Хатта көрсетілгендей, АҚШ аумағына жеткізілетін барлық қазақстандық өнімдерге 25% көлемінде жаңа тариф енгізіледі. Сонымен қатар, үшінші елдер арқылы қайта жөнелтілетін тауарларға бұдан да жоғары тариф мөлшері қолданылмақ.

Қазақстан бұған не деп жауап қатпақ? Құзырлы министрлік не дейді?

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, жаңа тарифтер еліміздің АҚШ-қа бағытталған экспорт көлеміне айтарлықтай әсер етпейді. Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық экспорттың негізгі бөлігі – атап айтқанда мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты стратегиялық шикізаттар – тарифтерден босатылады. Бұл өнімдер Қазақстан экспортының шамамен 95%-ын құрайды.

Қазақстан билігі америкалық тараптың 25 пайыздық баж салығын енгізуі бойынша екіжақты сауда жағдайын жақсарту бағытында келіссөздерге дайын. Осы мақсатта АҚШ-қа бірқатар ұсыныстар жолданған.

«Қазақстанның басты мақсаты – нарыққа әділ қол жеткізу және сауда шарттарын оңтайландыру бойынша келісілген шешімдерге келу», – деп атап өтті министрлік.

Жаңа тарифтік саясат аясында Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстардың болашағы белсенді талқылануда. Қазақстан тарапы сауда серіктестігін сақтауға және оны одан әрі нығайтуға ниетті. Екі ел арасындағы әріптестікке бұл шешімнің әсері шектеулі болады деген сенім бар.

Айым Алмасқызы

Abai.kz

0 пікір