Дүйсенбі, 14 Шілде 2025
Анық 192 0 пікір 14 Шілде, 2025 сағат 12:18

Салауатты патриотизм - бұл адамгершілік сипат!

Сурет: camonitor.kz сайтынан алынды.

Патриоттық тәрбие – Республикадағы барлық іс-әрекеттің ең ажырамас құрамдас бір бөлігі болып табылатындығын дәл қазір ешкімде жоққа шығара алмайды.

Патриотизм дегеніміз не? Оны қалай бағалауға болады? Оны қалай басқаруға болады?

Біздіңше, бұл мәселелер бүгінгі таңда ең өзекті болып саналады әрі халықтың өзін-өзі тану деңгейін ғана емес, сондай-ақ, мәдениетте, саясатта, тіпті ғылыми-техникалық прогресте де жарқын көрініс табады. Әркімге тең мүмкіндіктер ұсынылған ел саналатын Қазақстандағы патиротизм ұлтымыздың әлеуметтік-мәдени және рухани дамуының негізі болып табылады. Бұл Қазақстанның қазіргі таңдағы әлем таныған шындығы десек еш артық айтпаймыз.

Осы орайдағы біздің айтпағымыз, патиротизм ең алдымен өскелең ұрпақтың бойында жоғары адамгершiлiк, моральдық-психологиялық және этикалық қасиеттердi қалыптастыру қажеттiгiн көздеп, олардың арасында Отан тағдыры үшiн жауапкершiлiк және оны қорғауға әзiрлiк маңызды мәнге ие екенін басты орынға қояды. Соңғы жылдары елімізде орын алған орасан өзгерістер, өскелең ұрпақты тәрбиелеумен байланысты туындаған жаңа проблемалар шешу жолында патриоттық тәрбиеге баса көңіл бөле бастады. Біз сөз еткен осы көңіл бөлуде патиротизмнің мәнін, оның қоғамдық өмірдегі орны мен рөлін қайта пайымдау өз нәтижесін бере бастады.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, фольклор танушы, филология ғылымдарының докторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжановтың пікірінше, еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған жылдар ішінде Қазақстанда рухани құндылықтармен тәрбиеленген өте жақсы ұрпақ - жастар өсіп шықты.

- Алматы, біздің тәуелсіздігіміздің бесігі, бұл оқу орындарының - колледждердің, жоғары оқу орындарының қаласы. Мен университеттік корпустардың жанынан өтуді ұнатамын - сабаққа дайындалып жатқан жастарды көргім келеді. Біздің студенттер өте белсенді, алдарына айқын мақсаттар қоя білуімен құнды. Олар тарихи айшықты тәлімдермен, әдеби шығармалармен сусындап өсіп, тәрбиеленеді. Жастар Абай, Жамбыл, Мұқағали Мақатаев, басқа да классиктер мен қазіргі заманғы авторлардың шығармаларын аса жоғары бағалап, құлай сүйіп, жақсы көреді. Осының бәрі - халықты ортақ рухани құндылықтар, біртұтас Қазақстан халқының мәдениеті айналасына біріктіруге бағытталған сауатты тәрбиенің, оқытудың нәтижесі, - деп санайды Кенжехан Матыжанов.

Ғалымның бақылауы бойынша Әдебиет және өнер институтына жұмысқа келген жас мамандар өздерін ғылымды дамытуға ұмтылатын белсенді тұлғалар ретінде көрсетеді. Олар біздің рухани мұрамызды бағалайды және соның негізінде өз жұмыстарын алға қарай асқан жігермен ілгерлетуге беріле құлшынады. Кенжехан Матыжанов, өзінің осы ойын қорытындылай келе: барша жастардың өз тамырын білуі, сондай-ақ біздің ортақ мәдениетімізді зерделеуі мен құрметтеуі - патриоттық сезімді қалыптастырудың қажетті факторлары деп санайды. Иә, белгілі ғалымның осы бір жоғарыда біз келтірген пайымдары, айтқан ойы жұрттың бәрінің көкейіндегі пікір десек ешқашан ақиқаттан алшақ кетпейміз.

Патриот болу - өз еліңді және халқыңды сүю, олармен мақтану ғана емес, сондай-ақ олардың гүлденуі үшін өзіңнің күш-қайратыңның бір бөлігіңді беру, қандай да бір спорттағы «сәтсіздіктерге» шын жүректен алаңдаушылық та білдіреді.

Осыған қатысты Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Еркін Байдаров: «Салауатты патриотизм - бұл адамгершілік сипат, мемлекеттіліктің өмір сүруі мен дамуының негізі. Өскелең ұрпақты оған тәрбиелеу қажет және маңызды, бірақ ешқандай жағдайда жоғарыдан таңбау керек, өйткені ол тек нәтиже бермейді, кері әсерін тигізеді», - дейді маман.

Сарапшының айтуынша, егер ел боламыз десек, онда патриотизмді қазақстандық және қазақтық деп ала қойды бөле қырқатын тірлік жасауға еш болмайды. Егер біз осы жолмен жүретін болсақ, Байдаровтың айтуынша, ешқайда бастамайтын соқпақтың тұтқынына түсуіміз мүмкін.

«Этникалық ерекшелігіне қарамастан, Ұлы дала елінде туған барлық азаматтар үшін Қазақстан - бұл Отан, және олардың одан басқа Отаны жоқ. Сондықтан еліміздің экономика мен спортта қол жеткізген табыстарына қуанып, байрақты бәсекелердегі сәтсіздіктеріне бірге қайғырып отыруға тиіспіз. Бұл тағдырдың басқа салуымен Отанынан жырақтап кеткен, бірақ этникалық қандастық пен рухани-мәдени ортақтастығы бар миллиондаған қазақтарға да қатысты», - деп атап өтті ол.

Аймақтық және мемлекеттік патриотизм ел өскелеңдігінің қас сипаты екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаров өз кезегінде патриотизмнің екі түрі де бір адам бойында бейбіт өмір сүре алатынына нық сенімді.

«Патриот үшін Отан дегеніміз ең жоғары құндылық болып табылатын - оның атасы мен әкесінің елі. Оның амандығы үшін ол бәрін де, ештеңеге қарамастан, құрбандық етуге дайын болуы тиіс деп ұйғарылады. Патриотизмді осындай ескірген (немесе тар) түсіндіруде иррационалдық, эмоциялық құрамдас бөлікке үлкен рөл беріледі. Ал патриотизмді қазіргі түсінудің аясы бұған қарағанда әлдеқайда кең. Патриот болашаққа қарап, онда өз ұлтының, отанының, халқының мінсіз бейнесін көре біледі. Ол өз елінің гүлденуі үшін ғылым мен мәдениеттің үздік жетістіктерін жинап, оны таратуды басты орынға қойып қана қоймай, әлем бойынша саяхаттап, Отанын өзге жұртқа насихаттап, жақсы жағынан танытуға қашанда дайын тұрады. Сонымен қатар, ол ата-бабаларын құрметпен еске алады, отан тарихын жете біледі және аса зор мақтаныш етеді. Өйткені өз болашағы мен ұрпақтарының болашағын осы жермен, оның мәдениетімен және халқымен байланыстырады», - деп атап өтті сарапшы.

Бұл ретте, Тоқтаровтың айтуынша, біз мемлекеттің азаматтары ғана емес, әрқайсымыз өз этносымыздың, туған қаламыз бен ауылымыздың да өкілі екенімізді түсінуіміз керек. Осы тұрғыдан алағнда қазақстандық патриотизм дегеніміз - этникалық ерекшелігіне қарамастан барлық азаматтарға тән мемлекеттік патриотизм болып саналады.

Адам болған соң, оның өзіне тән ұстанымы мен идеалы болады. Бірақ осы ұстаным мен идеал оны патироттық сезімнен тыс әрі оқшау қалдырмайды. Патриоттық сипаттағы осы идеологиялық ағымдардың барлығы бірге өмір сүре береді деп ойлауымыз керек. Ұлтаралық-патриотизм ұлттың мәдени өзегін сақтауды жақтайтын болады, ал мемлекеттік және этникалық патриотизм жаңа сәйкестендіру кодтарымен толықтырылатын болады. Оның үстіне қоғам қашанда консервативті және прогрессивті бөліктерге бөлініп, әртүрлі пікірлер қоғамда қанша жерден орын аоса да, олардың басын бір аранға тоқайластыратын тап осы – патриотизм екенін ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Бұл пікір ортақтастағы екі маңызды міндетті шешеді - ұлттық бірегейлікті сақтау және азаматтардың санасын жаңғырту. Сондықтан негізгі мәселе қай бағыттың басым болуында емес, консерваторлар мен реформашылар арасында қандай теңгерім қалыптасуында. Бұл жерде салмақты позицияны ұстану маңызды болып табылады.

Қоғамның санасында түрлі бағыттағы идеялар, нормалар мен ұстанымдар қатар өмір сүретінін философ Сәбетказы Ақатай кезінде сананың мұндай қасиетін дүниетанымдық синкретизм деп атаған еді.

Біздің арамызда, мысалы, тәңіршілдер, мұсылмандар, христиандар, атеистер бар, бірақ бұл бәрімізге ортақ Отанды бірге сүюге кедергі келтірмейді. Тек қазақтар ғана емес, орыстар да, өзге этностар өкілдері де Қазақстанды шын жүректен сүйе алады, өйткені олар осында тұрады, өз балаларын өсіреді, болашаққа жоспарлар жасайды.

Abai.kz

0 пікір