Жұма, 18 Шілде 2025
Саңлақ 122 0 пікір 18 Шілде, 2025 сағат 12:38

"Ақтөбе" Конференция лигасында өнер көрсетеді

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

"Ақтөбе" клубы 2025/26 жылғы маусымдағы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі жорығын аяқтады. Қос матч қорытындысы бойынша ақтөбеліктер польшалық "Легия" командасынан жеңілді.

Варшавада өткен алғашқы кездесуде "Ақтөбе" 0:1 есебімен ұтылса, жауапты ойын өз алаңында дәл осындай нәтижемен аяқталды. Қонақтарға жеңіс әкелген жалғыз голды Юрген Элитим 90+1 минутта соқты.

Айта кетейік, "Ақтөбе" мен "Легия" арасындағы матчтан кейін жанжал орын алды. Қонақтар сапындағы Жан-Пьер Нсаме жарақаттанып қалды. Ойыннан кейін польшалық команда өз жанкүйерлеріне алғыс білдіру үшін секторға барған сәтте, трибунадан лақтырылған зат камерундық шабуылшыға тиген. Нсаме алаңға құлап, кейін басына мұз қойып, алаңнан кетті.

Еуропа лигасынан шығып қалғанына қарамастан "Ақтөбе" командасы еурокубоктық жолын жалғастырады. Енді олар Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде ойнайды. Қарсылас – Чехияның атақты "Спарта" клубы. Алғашқы матч 24 шілдеде Ақтөбеде, қарымта ойын 31 шілдеде Прагада өтеді.

Abai.kz

0 пікір