Сейсенбі, 29 Шілде 2025
Саңлақ 1514 0 пікір 29 Шілде, 2025 сағат 00:05

Футболдағы келісілген матч жарға итермей ме?

Сурет: sn.kz сайтынан алынды.

Қазақстан футболы – елдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Оның даму тарихы кеңестік кезеңнен басталып, тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде футбол Қазақстанда кәсіби спорт пен бұқаралық спорт ретінде белсенді дамып келеді.

Аталған салада сақталған мәселер де аз емес. Мысалы, инфрақұрылымның жетіспеушілігі, шетелдік легионерлерге тәуелділік, жанкүйер мәдениетінің әлсіздігі және басқа мәселелер.

Бүгін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан өз парақшасында аталған саладағы тағы бір мәселенің бар екенін жазды.

“Адалдықтың символы болуы тиіс спорттың өзі даудан көз ашпай тұр. Әсіресе, футбол. Соңғы апталардағы жаңалықтардан кейін Қазақстан футболы үлкен репутациялық тәуекел алдында тұрғаны анық байқалды.
Футболдағы келісілген ойындар – қазір ел ішінде қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл тек жеке бір маманның пікірі емес – халықаралық спорт ұйымдарының деректері бойынша Қазақстан осындай “келісілген” матчтар саны бойынша әлем бойынша алғашқы бестікке кіреді.

Осы айда алғаш рет нақты шаралар қабылданды: Премьер-лига матчынан кейін бірден бас төреші мен VAR өкілі маусым соңына дейін шеттетілді. Бұл бұрын-соңды болмаған шешім. Демек, мәселе мойындалды. Жасырмай, жасырып-жабусыз әрекет ететін уақыт келді.

Бұл аз десеңіз, кәсіби футбол клубтарын жекеменшікке беру, ал келісілген матчтарға қатысқандарды әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік мәселесі де қаралуы керек.

Неге осы уақытқа дейін бұл мәселе назардан тыс қалды? Себебі құқық қорғау және қадағалау органдары көбіне мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктерді бақылайды. Квазимемлекеттік секторға ішінара көңіл бөлінеді, ал жеке коммерциялық құрылымдар мүлдем бақылаудан тыс қалған. Бұл – жүйелі олқылық. Қылмыстық кодексте бизнес өкілдеріне қатысты баптар аз емес, бірақ іс жүзінде қолданылмайды.
Ал келісілген матчтар – бұл тек көрерменді жаппай алдау емес, ірі көлемдегі қаржылық алаяқтықтың бір түрі.

Соңғы 6 жылда 18 кәсіби футбол клубына 200 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысы жұмсалған. Ал нәтиже ше? FIFA рейтингінде төменгі сатыдамыз.

Осы орайда ҚР Бас прокуратурасы бұл саладағы жүйелі бұзушылықтарға назар аударып, нақты прокурорлық ықпал ету шараларын қолдануы қажет деп есептеймін”.

Abai.kz

0 пікір