Сәрсенбі, 30 Шілде 2025
Қылмыс 183 0 пікір 29 Шілде, 2025 сағат 12:50

1,3 миллиард теңге жымқырған отбасы

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеру жұмысын аяқтады.

Бұл жолғы алаяқтық ісі ұлының еміне қаражат жинау үшін кең көлемді жарнама науқанын ұйымдастырған ерлі-зайыптыға қатысты болып отыр.

Тергеуде баланың қатысуымен көрсетілген бейнероликтер, әсерлі жазбалар әлеуметтік желілер арқылы таратылып, мыңдаған қазақстандықтың қайырымдылық жасауына себеп болған.

Тұрғындардың сенімі мен жанашырлығы күдіктілердің 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинауына түрткі болған. Бірақ, баланың еміне небәрі 6,4 миллион теңге жаратылған.

Қалған қаражатты ерлі-зайыптылар жеке қажеттілігіне пайдаланыпты. Нақтылағанда, Астанадан 3 пәтер, жер телімін және 5 автокөлік сатып алып үлгерген. Қаражаттың белгілі бір бөлігі құмар ойындарына да құйылған.

Қаржының үштен бір бөлігі (481 миллион теңгеден астам) әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттағаны белгілі болды. Бұл – қайырымды жандардың үлесін көбейте түсу үшін жасалған жарнама.

– Күдіктілер "Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңге тұратын ота жасатамыз" деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше, олар Instagram парақшасында әуежайдағы "ұшып бара жатқан" көріністі бейнелейтін ролик жариялап, "операция сәтті өтті" деген жалған ақпаратпен жазба салған, – делінген хабарламада. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанынан хабардар болған соң, олар қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеуден жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Десе де, тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеген.

Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынып отыр. Әзірге күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалған. Қылмыстық іс сотта қаралуда.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Бұған дейін "3,5 миллиард теңгені жымқырды" деген ерікті Перизат Қайрат пен оның анасына сот үкімі шыққан еді. 

Abai.kz
0 пікір