ТІЛІМ, СЕН ӨЛМЕШІ!

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қадыр Мырза Әлі
Тілі ортақ, тарихы терең, түбі бір егемен ел – тәуелсіз мемлекет. Басқаша айтсақ, ол да бір үлкен өз алдына дербес, көрші-қолаңымен тату, ағайынымен бауырластығы үзілмейтін үлкен бір отбасы. Жалпы отбасын адам өзі таңдай алмайтыны сияқты мемлекетті де бір үлкен отбасы деп санасақ, онда оның әр мүшесі бір-бірін сыйлап, қадірлеуі тиіс. Сол құрметтің қайнар көзі – ана тіліне деген сүйіспеншіліктен бастау алады. Бүгінгі тақырыпта біз ана тілінің мәнін қозғап қана қоймай, сонымен қатар, мемлекеттік тілдің маңызын талқылап, қандай мәселе бар екендігін ашып көрсетуге тырысамыз.
ЮНЕСКО-ның сараптамасы бойынша, бүгінде әлемде 7000-нан астам тіл бар, бірақ XXI ғасырдың соңына қарай бұл сан 3000-нан да аз болуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Тілдің жойылуы – бұл жай ғана қарым-қатынас құралының жоғалуы емес, бұл халықтың бірегейлігі мен тарихының жоғалып кетуіне әкеліп соқтыратын, елді елдігінен айырып, бүтіндей мемлекеттің егемендігіне нұқсан келтіретін дүние.
ЮНЕСКО-ның (2021) Дүниежүзілік тілдер есебіне сәйкес, тілдердің нақты саны өзгеруі мүмкін. Бұған бірнеше себеп бар:
- Кейбір тілдер әлі ашылмаған немесе тіркелмеген.
- Бұрын диалект саналған тілдер шын мәнінде жеке тіл болуы мүмкін (мысалы, Тайваньдағы байырғы халықтар тілдері).
- Тілдер мен халықтар үнемі өзгеріп отырады: көші-қон, апаттар, ассимиляция секілді факторлар әсер етеді.
Тілдің өлуі мүмкін бе?
Иә. Егер де бірде-бір адам белгілі бір тілді ана тілі ретінде қолданбаса, ол тіл «өлі» тілге айналады. Солардың бірі – латын тілі. Ол оқытылады, бірақ ешкім ол тілде бала кезінен сөйлемейді. Тайваньда басай және кетангалан сияқты байырғы тілдер жойылып кеткен.Тайвань тілі мен хакка да жойылу қаупінде тұр.
ЮНЕСКО тілдің жойылып кету қауіпіне қарай алты деңгейге бөледі:
- Қауіпсіз – тіл барлық жаста, барлық ортада қолданылады.
- Осал – негізінен тек үй жағдайында қолданылады.
- Қауіпті – балалар өз үйінде ана тілінде сөйлеспейді.
- Аса қатты қауіп төнген – тек егде тартқан кісілер қолданады, ал ата-аналар мүлдем қолданбайды.
- Қатерлі – қолданылу аясы өте тар.
- Жойылған – ешкім сөйлемейді.
Журналист Джеймс Гриффитс «Қытайша сөйлеңіз» кітабында жазғандай, Гуандун диалектісі (кантон) кең таралғанымен, Қытай үкіметінің мандарин тіліне басымдық беруі оны да жойылу шегіне әкеліп отыр.
Танымал британдық лингвист Дэвид Кристалдың айтуынша, тілдерді сақтау үшін 5 негізгі себеп бар:
- Адамзат өркениетінің тұрақтылығы тілдің әралуандығына байланысты.
Тілдер бір-бірімен байланысып, экожүйе түзеді. Биологиялық әртүрлілік табиғатқа қалай әсер етсе, тілдік әртүрлілік те мәдени тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
- Тіл – бұл ұлттың болмысы.
Әр халықтың ұлттық кодын жеткізуші бірден-бір құрал – қызыл тіл.Ол жоғалса, этникалық бірегейлік пен ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі.
- Тіл – тарих.
Әрбір тіл халықтың дүниетанымымен астасып, өзіне тән ұлттық кодын, ерекшелігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, тарих қойнауынан сыр шертеді.Тілі жоғалған қоғам өз тарихынан да ажырайды.
- Тіл – білім мен даналықтың сақтаушысы.
Әр тіл – адамзаттың әлем туралы ерекше түсінігінің көрінісі. Тіл жоғалса, ізінше білім де кетеді.
Ал тілдік ахуалдың қазақ жеріндегі халі қалай ?
Жалпы алғанда көпэтносты ел болуымыз, әрі заңымыз себепті біз билингвист халықпыз. Яғни, ұлтаралық қатынас тілі – қазақтың мемлекеттік тілімен қатар жүреді. Конституциямыздың 7-бабының 2 тармағында көрсетілгендей, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Депутаттарымыз да екі тілге бірдей жағдай жасалуын сынға алып жатқаны рас. Екеуін де алып жүруге болады, бірақ, мемлекеттік тілдің орнына қолдану дұрыс емес,- дейді олар. Мұның барлығын түбегейлі шешуге қауқарлы азаматтар – Заң шығарушы орган ғана.
Біріншіден, біз тілімізді жай сақтап қалуға тырысып қана қоймай, оны ағылшын, қытай тілі тәрізді алпауыт, бренд тілдермен теңестіруді мақсат тұтуға тиіспіз.
Ол үшін тілге сұранысты арттыратын жағдай жасалуы ләзім. Оны үйретуде зорлыққа да жол бермей, мейлінше жаңадан қосылатын қолданушылар үшін тартымды ете түскеніміз абзал. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов «Abaylive» арнасына берген сұхбатында айтқанын былтырдан білеміз. Депутаттың ойынша, бүгінде мемлекеттік тілді үйренемін дейтін өзге ұлт өкілдеріне көптеп жағдай жасауды, оларға қазақ тілін меңгеру барысының деңгейі жоғары болуы – маңызды. Осы турасында экс-министр Аймағамбетов мырзаның өте орынды пікірін ескерген жөн.
Сонымен қатар, қазақ тілін мектептегі баланың санасына құйып жіберетін мұғалім жан-жақты болғаны жөн. Осы тұрғыда ұстаздық жолға енді-енді қадам басқалы жатқан жас мамандар мен студенттерге де таптырмас дүние – ютуб арнасында миллиондаған оқырмандары бар шетелдік оқытушылардың оқыту техникасын, оның ерекше әдіс-тәсілдерін меңгеру өте өзекті деп санаймын. Яғни, қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюі үшін керегі – менеджмент және маркетинг.
Мысал ретінде әлемге тек тілін емес, технологиясын, мәдениетін, адамның бүкіл өмірін үлгі етіп отырған Американы алып қарайық. Біріншіден, ол жаққа қоныс аударғысы келетін иммигранттар ағылшын тілінің деңгейін тексеру мақсатында тестілеуден өту міндеттелген. Сондай-ақ, 30 штатында ресми деп танылып, жалпы Құрама Штаттардың 80 % тұрғыны ағылшынша сөйлейді. Бұған қоса, жақында ғана қосылған өзгерістерге қарағанда денсаулық сақтау, жүргізуші куәлігін алу сынды мемлекеттік қызметтерде бұл талап жұмыс істейді. «Көш жүре түзеледіні»көп айтатын халықпыз ғой.Ендеше, сол көштің басында келе жатқан дамыған мемлекеттердің ұтымды шешімдерін саралап, қажетті озық ойларын түртіп алу – ел игілігі үшін айнымас міндет, орындалуы керек мақсат.
Келесі мәселе – Солтүстікті қазақыландыру. Кешегі Жұмабек Тәшенов тәрізді тау тұлғаларың тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмайсақтап қалған теріскей төсін гүлдендіру. Менің айтпағым, Қазақстанның солтүстігіндегі ұлан-ғайыр далаға оңтүстік қазақтарын жоспарлы түрде көшіру турасында. Бір кездері Астанамыздың да Ақмолаға көшірілуі маңызды шешімдердің бірі болған, дәл сол сияқты бұл да күн тәртібінен түспейтін мәселе: Солтүстікке көші-қон жұмысы.
Президентіміз көші-қонға қатысты жауапкершілігі мен адамгершілігі қатар жүктелетін бұл міндетті лайықты тұлғаларға жүктеп, оны өзі қадағалауы абзал деп санаймыз. Жыл сайын тұрғын үйлерді белгілі бір мөлшерде салып, оны тек қана осында қоныс аударушы қазақтар ала алатын құқығы болғаны дұрыс. Әсіресе, кәсіпкерлердің көшіп келуіне жағдай жасау және әрбір қоныс тебуге ниет білдірушілерге шынайы мемлекеттік қолдау көрсетілуі маңызды. Бұлай деп отырғаным, бұған дейін солтүстікке оңтүстіктен келушілерге біраз көмек берілетіні туралы БАҚ өкілдері жарыса жазған еді. Жуырда жұмыс бабымен Ақмоланың орталығы – Көкшетау қаласына келген едім.Бірақ, өкініштісі, әлгі ашық дереккөздердегідей тиісті мемлекеттік органдар тарапынан маған ешбір жәрдемақы төленбеді. Ал баспана мәселесінде, тіпті де, бастарын ауыртқан жоқ. Мұның барлығы кейбір жергілікті мем.органдардың ана тілін сүйетін, өз елінде кіндік қаны тамып, өз халқына қызмет еткісі келген көзі ашық жас буынға деген немқұрайдылықтың белгісі деп есептеймін.
Тілге тиек етерлік тағы бір мәселе – селт еткізер «сепаратизмнің»серпіні. Жаңа айтқанымыздай, солтүстігіміздегі хал-ахуал өзге өңірлерге қарағанда мүлде басқа. Мұны тек теріскейге кемі бір келіп көрген жан ғана түсінеді. Қазақтың басым көпшілігі өзге тілді жақсы меңгерген, оған еш шүбә келтірмейміз.
Бірақ, мәселе басқада. Тақырыбымыздың бас жағында қозғаған – тілдің жойылып кету мәселесінен қауіптенеміз. Себебі, мұндағы бауырларымыз өз ана тілінен ажырап бара жатқандай көрінеді.
Билингвистік белең алған ортадан келіп сепаристер де шығып жатыр. Солардың бірі де бірегейі – «бірегей» емес-ау, біржақты пікірге негізделген, кереғар көзқарас қалыптастырушы дегеніміз дұрыс шығар, ол – Аслан Тулегенов. Иә, кеше ғана қайта қамауға алынған «Nord Kazakh» лақап атымен белгілі бұл жігіттің YouTube парақшасы миллиондаған мыңдаған жинап, жүз мыңдаған лайк жинайды. Өкініштісі, ол өз сөзінде, барлық бейнеролигінде айтатыны бір: қазақ елінде «орыс тіліне қысым көрсетіліп жатыр» екен-мыс. Оның әрбір бейнежазбасын мұқият қарап, зерделесеңіз, анық провокатор деп санауға болады. Бір ғана мысал: оның «О нелюдях» атты бейнежазбасында – «Кто такой нелюдь? Нелюдь – это тот который задаваемый на вопрос на русском языке и прекрасно понимая русский язык принципиально не желает ответить Вам на русском», - дейді. Бұдан бөлек, ана тілі туралы, қазақтың тарихы туралы пікірін айта бастаған журналистерге – төртінші билік өкілдеріне тіл тигізуі, тіпті, ақылға сыймайды. Тулегеновтің небәрі 2 жыл ішінде YouTube платформасында жалпы 31 миллион қаралым жинауының артында үлкен тапсырыс беруші отыр деуге болады. Қарапайым қолданушы қанша қаласа да мұнша жазылман жинай алмайды, жинаса да 174-баппен тиісті орынға жөнелтіледі. Блогердің бейнероликтері мемлекеттік тілдің маңызын түсіріп, өзге елдің тасасында қалдыруға ашық түрде бағытталған. Істің мән-жайын Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз қолына алмаса, кеш болуы мүмкін деп санаймыз. Блогердің тап теріскей төсінде жүріп бұндай әңгіме қозғауы, «ана тілім – этникалық емес, орыс тілі», - деп қойып, қазақтың бетке ұстар имамдарын, халық қалаулыларын, журналистерді жерден алып жерге салып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығуы – қауіпті. Егер ол позициясын обьективті деп тапса, неге инстаграм парақшасында сондай белсенділік танытпайды? неге тек жалғыз түсіреді? Бәлкім, Instagram платформасы «банға» жіберетін шығар. Әлде халықтың ықпалымен кешегі қарағандылық бойжеткен сияқты бір мезетте 174 баппен ұсталамын деп қорқа ма? Бұл мәселені де майшаммен қарап, тиісті шаралар қолданған жөн дейміз.
Біз қазақ халқы ешқашан ешкімді кемсітіп, кем көрген емеспіз. Алайда, ұлттық кодымыздан айырылар жайымыз жоқ. Ал ана тіліміз – сол ұлттық кодтың алтын діңгегі. Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін біраз жұмыстар да жасалуда. Сонымен бірге, әлемдік тілдер де қатар дамуда. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада 6 айлық тіл курстары тегін өткізіледі. Онда кәріс, жапон, қытай, француз тілдерімен қатар, қазақ тіліне арналған сыныптар бар. Жас та, жасамыс та қатыса алатын мұндай курстар легін тек арттыра бері, қамтылу аймағын кеңейтсе, бұл да бір өнімді іс болар еді. Бұл шешім көптеген түркі даласының тілін меңгеруге қызығатын өзге этностар мен өз тілін жетілдіруге көмектесетін таптырмас құрал. Түйіндей келе, 7 мың тілдің ішінен қазақ тілі үздік 7 тілдің ішіне суырылып шықса, міне сонда ғана біз өзгелерге үлгі бола аламыз. Сонда ғана мәдениетімізді, байырғы ғұрпымызды, тазалығымызды өзімізде сақтап қана қоймай әлемдік деңгейде танытатын боламыз. Капиталистік қоғамда тілімізді мойындату үшін техниканы да жетік меңгеріп, қарапайым жабдықтардан бастап, нанотехнологияларға дейін өз өндірісіміздің болуы да маңызды. Экономикасы, инфрақұрылымы дамыған ел ғана басқасымен терезесі тең. Ең бастысы, көтерілген мәселеміз, газетпен бірге архивке, сайттағы кезекті мақаламен бірге мұрағатқа кетіп қалып, естусіз, көрусіз қалмаса игі. Ал егер билікке жетіп, қажетті шаралар қабылдаса, олардың еңбегін халық бере жатар. Тіліміз мәңгі жасасын!
Бейбарыс Шалабаев, журналист
Abai.kz