Жұма, 8 Тамыз 2025
Билік 407 0 пікір 8 Тамыз, 2025 сағат 15:06

Президент: Kәсіпкерлікке кедергі келтіретін мәселелерді жою

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды

Мемлекет басшысы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президентке бизнес-омбудсменнің 2024 жылы атқарған жұмысының нәтижелері туралы есеп берілді.

Қанат Нұров кәсіпкерлердің құқығы бұзылуына қатысты келіп түскен 3275 шағымның 1759-ы (53,7%) бойынша оң шешім қабылданғанын жеткізді. Соның нәтижесінде 20 миллиард теңгеден астам шығынның алдын алуға мүмкіндік туды. Жалпы, арыз-шағым саны 12 пайызға азайған. Бұл әкімшілік әділет институтының тиімділігін көрсетеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бизнестің дамуын тежейтін басы артық әкімшілік кедергілерді анықтауға және жоюға баса мән берілді.

Сонымен қатар бизнес-омбудсмен кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Кейбір жекелеген жағдаяттар бойынша тиісті реттеуші және құқық қорғау органдарына талап-арыз жолданған.

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің құқығын қорғау шараларын одан әрі күшейту маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы Кәсіпкерлікті қорғау стратегиясын жүзеге асыру аясында қордаланған проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Abai.kz

0 пікір