Дүйсенбі, 8 Қыркүйек 2025
Білгенге маржан 258 0 пікір 8 Қыркүйек, 2025 сағат 11:24

Шоқанның Қытай сұлуымен танысып, суреттеуі...

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

ШОҚАН - 190

«Дүниеде әділдік пен адалдықты
ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -
Шоқан Уәлиханов.

Бұл оқиға ұлы ғалымның  1856 жылы Құлжа қаласына Ресей империясы атынан жіберілген арнайы әскери делегация құрамында  жасаған саяхаты барысында орын алған. Басты мақсат – бір жыл бұрын, яғни 1855 жылы Шәуешекте орын алған бүлік салдарынан жапа шеккен орыс саудагерлерінің шығынын өтеу жөнінде Қытай тарапымен келіссөздер жүргізу. Мұндай жауапкершілігі ауыр істі сәтті орындай отырып, қосымша мәліметтер жинау үшін жан-жақты білікті әскери адам қажет болады. Сондықтан, Ресей Сыртқы істер министрлігі басшылығы 1856 жылғы 23 мамырда Батыс Сібір генерал-губернаторы В.Г. Гасфортқа «Құлжаға арнайы адам жіберу туралы» хат жолдайды. Ол адамды келіссөзге қатысатын қытай басшыларымен қалай әрекет жасау керектігі жөнінде нұсқаулықтармен қамтамасыз ету туралы да ескертіледі.

Әскери отрядтан құралған делегацияны басқару Үлкен орда қазақтарының приставы подполковник Перемышельскийге жүктеледі. Солармен бірге Шоқан 1856 жылғы 1 тамызда «бір жағдай себеп болып» деп өзі жазғандай, Қытайдың сол кездегі Борохуджир деген шекаралық бекетіне аяқ басады. Осы күннен бастап, Шоқан Уәлиханов «1856 жылғы Құлжа күнделігі» деп атаған жазбаларын аса тыңғылықты түрде жүргізе бастайды. Кейінірек осы күнделіктің негізінде «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты әйгілі еңбегін жазған.

Енді басты тақырыбымызға оралып, Шоқанның қытай түсінігінде «асқан сұлу» болып есептелетін, сол заманда «қала ойраншылары» деп аталатын сылқым қыздардың бірімен қалай танысып, сипаттағаны жайлы автордың өз сөзімен баяндаймыз.

12 қыркүйек.

Фу-Чан-лун деген таныс көпесіміз өзінің тұрғын үйіне қонаққа шақырды. Мейрам күндері киетін сәнді киім киген үй иесі – Чжан-Гу-да бізді есік алдынан қарсы алып, бөлмесіне кіргізді. Бір-бірімізбен амандасып, өздерінің амандасу салты бойынша, біздің қарнымыздың тоқтығын сұрастырып болғаннан кейін, біз неше түрлі жеміс пен лучи және жужиб деген қытай жаңғақтарын үйіп-төгіп қойған аласа стол тұрған сәкіге шығып отырдық.

Үсті-басы алба-жұлба бір жігіт түтіктерге шылым толтырып, шоққа тұтатып әкелді де, әрқайсымызға бір иіліп, тағзым етіп ұсынды. Біз, қытай рәсімі бойынша, түтігімізді бір-бірімізге ұсынып, ұстата салдық та, шылым шеге бастадық. Жоғарыда айтқан жігіт бұл кезде шоққа қойған жез құмыраны алып, шыныаяқтарымызға шай құйды. Шайға қосып, қарбыз әкелінді. Біз шай ішіп, жеміс жеп отырған кезімізде Чжан-Гу-да хатшымен сыбырласып, құпиялап сөйлесе бастады. Біз бұл сөздерінің нәтижесін әуесқойлықпен күтіп отырдық; кешікпей-ақ істің мән-жайы белгілі болды. Чжан-Гу-да бізге шын мәнісінде толық сый-құрмет көрсетпек екен, сондықтан біздің көңілімізді көтергісі келетін көрінеді, қысқасы, оқыған, мәдениетті адамдардың (әрине қытай оқығандарының) салтымен бұл да біздің қонақасымыздың үстінде «қала ойраншылары» деп аталатын сылқымдардың бірі болғанын қалайды екен. Бұл жағдай, үй иесінің айтуы бойынша, біздің тәбетімізді аштырып және көңілді әңгімеге шабыттандырып отыру үшін қажет көрінеді. Біз, біріншіден, елдерінің салтын, екіншіден, үй иесінің ниетін сыйлап, үшіншіден, Орталық патшалықтың камелияларын өзімізде бір көріп, танысайықшы деген оймен Чжан-Гу-да не істеймін десе де және өз елінің дәстүрін қалай орындаймын десе де ерікті деген пікірді айттық. Үй иесі өздерінің дәстүрлерін біздің жатсынбайтынымызды біліп, қатты қуанды. Ол бір-екі сөз айтуы-ақ мұң екен, алба-жұлба жігіттер абыр-сабыр бола қалды да, есіктен шығып жоқ боп кетті. Арада бірнеше минут өткеннен кейін қарқылдап күліп келе жатқан біреулердің дауыстарын және бір сүйкімді нәзік дауысты құлағымыз шалды, ол бір асыл жыныс өкілінің даусы екені күмәнсіз еді. Күлкі мен дауыс жақындаған сайын Чжан-Гу-да жымыңдап, қайта-қайта көзін қыса берді.

Ақыры ол бізге құпия түрде сыбырлап қана: - «келе жатыр», - деп, жалма-жан есікке қарай ұмтылып, сыртқа шығып кетті, сөйтіп, қайта кіргенде қасына қытайдың «жүрек тебірентушілерінің» бірін ерте келді. Чжан-Гу-да аюдай қолапайсыз болып көрінгенімен, нюйженге келгенде өте епті, әйел бабын тапқыш нағыз «ши-ю», яғни сабаздың өзі болып шықты. Әйелмен сөйлескенде ол ылғи күлімдеп, көздері сол кезде бір түрлі сығырая түсіп, даусы ән салғандай сайрап шықты. Бұл жүректі жаулап алушы бізге тізе бүгіп, тағзым етіп, амандасты да сәкіге жақындай түсіп, әдеппен сызылып, жан-жағына қарап, ұялғансып тұрып қалды. Чжан-Гу-да әйел жанына жалма - жан доғадай бүгіліп, жетіп барып, біздің арамыздан орын көрсетіп, оған жай ғана: - цоха идеи, - деді. Ханымды Чао-го (алма) деп атайды екен – ол өзінің тал бойын сәл иіңкіреп, оймақтай ғана аяқтарын сылти басып, сәкіге шықты. Әйел біздің қасымыздан көрсеткен өзінің орнына келіп, тізесін бүгіп, жайылыңқырай түсіп отырып алды да, өз міндетін ғажайып шеберлікпен атқара бастады. Ол біздің әрқайсымызға: – хәуле! – деді де, біз түсінбейтін бір сыпайы әзіл айтып, шәйнектегі шарапты кішкентай кеселерге құйып, бізге ұсынған бойы тура аузымызға тақап алып келді. Біз екеуіміз шарапты бөліп іштік. Шарапты бірнеше рет жұтып алғаннан кейін біздің ханымымыздың өзі бір өте әзілқой, көңілді кісі болып шықты. Әдептілікке ұзақ шыдамай, әлгі әйел біздің үсті-басымызды көзбен тінте әбден қарап шықты. Қытайша жұрдай болғандықтан, біз қолмен көрсетіп, ымдап түсініскенсідік; бұған ол мәз болды. Біздің ерсілігімізге рахаттана күліп, көңілге алмаған сыңай білдірді. Бұл бойжеткеннің жасы жиырмаларда, бірақ сол жастығына қарамастан реңі солғын, былайша айтқанда, тозығы жеткендей екен. Қытай талғамымен қарағанда, бет әлпеті келісті, әдеміше келген еді. Өзінің бет-әлпеті сүйкімді, қытайлардың талғамынша айтқанда – өте көрікті болған көрінеді. Кейін қарай тарап, өрген қалың қара шашы өкшесіне дейін төгіле түскен. Басындағы жасанды бір шоқ гүлге үймелеген көбелектер мен түрлі ажарсыз қоңыздары ұшып-қонып жүрген тәрізді. Опа-далап жағып, бояп алған еріні қып-қызыл шоқтай жанады. Оның қысықтау келген көздері біресе жоғары қарап, біресе қымтамай ашып қойып отырған аяғына қарап ойнақтап тұрды. Жалғыз ғана кемістігі бет орамалын қайта-қайта алып, мұрнын сүрткіштеп әуре болды.

Бұған қарсы мен ілтипат білдіру ретінде бір ыдыстан шарап ішуге сақ болу керек екен деп ойладым. Ол үстіне жеңсіз, жағасыз, омырау тұсынан түймеленетін кеудеше киіпті. Кеудешенің әр түймелерінде қалташа тұмаршалар мен тіс шұқуыш тәрізді темір және инелер ілінген. Кеудешенің ішінен кең де ұзын етіп тігілген, бірақ келтежең кафтан киген. Етектері мен жең тігістері тоқыма баулармен әдіптелген. Кафтан ішінен сыртқы халат сияқты пішіп тігілген жібек көйлек киген. Бойын сәндеп, таза киініпті, тұлғасы да сымбатты, қытайларша айтқанда, күріштің сабағындай үзіліп тұр екен.

Ханымның, әсіресе, кішкене нәзік қолы ерекше әдемі еді. Оны өзі де жақсы біліп, барынша баптап, күтетін болуы керек. Ұзын тырнақтарын қызғылт бояумен бояп жайнатып қойғанын азсынғандай, сол қолының шынашағымен тағы бір саусағының ұп-ұзын тырнақтарына алтын сыр жалатыпты. Екі бірдей саусағына алтын жүзік салып, білектеріне білезік пен жіпке тізген маржан тағыпты. Құлақтарын орыстың қалашы тәрізді асыл тастан істелген сырға тағып, әшекейлепті.

Осы киімдер мен түрлі әшекейлерінің үстіне тағы да екі жақ самайына екі мең жапсырып алғанын айта кетуіміз керек. Бұл бас ауруының мың да бір емі көрінеді.

Біз бұл жақта талай әйелдерді көрдік, бірақ солардың бәрінің қол-аяғы жаратылысынан-ақ кішкентай әрі сұлу болады екен. Екі-үш кесе шарап ішкеннен кейін, сұлуымыз жеңінен әйел түтігін суырып алып, аузы мұрнының үш саңылауынан бірдей шыққан түтінін шығыршықтай дөңгелентіп артистік өнерін көрсете бастады да, бұрынғысынан бетер еркінсіп алды. Ол бізге бәріңіз де сұлу жігітсіздер деп отырды, оның үстіне мен, бақытыма қарай тағы да сол өзімнің сығырайған қысық көзім мен қара шашымның арқасында қытай қызының айрықша қамқорлығына бөлендім. Ол  маған қарай тығыла түсіп, жақынырақ отырып алып, сөйлей бастады, жүзі елжіреп, қолымен басымнан сипай беруіне қарағанда, өзі маған өте бір мейірімді, жылы сөздер айтып отырғандай боп көрінді.

Мен өзімнің үнсіз қалғаныма қысылып, тастай жұмып алған аузымды ашып, саусақтарымды біресе бүгіп, біресе бір саусағымды ғана шошайтып, сөйтіп, қолымды ербеңдетіп, сөйлей бастадым. Қытайлар білетін барша татар сөздері мен өзім білетін қытай сөздерін аямай жаудыра бердім. Қытайлардың өздері сияқты мен де оған бас бармағымды шошайтып: - хау! – сенен басқа әйел затының баршасы да түкке тұрмайды, - дедім.  Бұл пікірімді мен оған әуелі шынышағымды көрсетіп, содан кейін «барлық әйелдер» дедім де, тфу – деп түкіріп жіберген боп, мүмкін болғанша, қысқаша түсіндірген болдым. Мен өзім білетін сөздердің баршасын: чжангоянзы (осы қолдас) деген сөзден бастап, лохань (шал), лота (түйе), тооу (бас) деген сөздерге дейін түгел айтып, тілім жетпеген жерде біресе ымдап, біресе қолымды ербеңдетіп, әбден әлек болдым. Бұл мақтауымның өзі маған кереметтей ауыр азапқа түсті, сөйтіп, монологымның аяғын барынша жігерлене түсіп, асылдың асылы немесе жексұрын «nes plus ultra» (бір дәреженің шегіне жеткен деген мағынада), яғни, жаман қарғыс, не ізгі тілек сияқты неше түрлі ұғымда айтылатын мыңдаған мағынасы бар «джандурля» деген сөзбен аяқтай бергенімде, кенеттен жүрегім қысылып, әбден қалжырап, жанымдағы жастыққа қисайып, құлай кеттім. Қытай қызы, мұнысы несі дегендей, қарғыс атқыр орамалын мұрнына тақай отырып, түсіндіруді өтінгендей үй иесіне қарап аузын ашып, аңқиды да қалды.

Біздің бас консулымыз, синолог Иван Захаров бұл ханымды анағұрлым түсініктірек сөздермен мадақтай түсіп,  төрт жамбы күміс берді де, сөйтіп оның көңілін тауып, әбден жайландырды. Әйел бұған қатты разы болып, біздің алдымызға тізе бүгіп, тағзым етіп, әрқайсысымызға жеке-жеке алғыс айтты; бірақ сөйткен қытай қызымыздың ілезде өзгеріп, манадан бері бізді өзінің арсыздығымен және сирек бұрымының сиықсыз түрімен жынымызды келтіріп отырған бір қытаймен сәл кеңесіп алып, содан кейін бізге: - көргенді адамдар бұдан гөрі сыпайырақ болу керек, - деп, алған ақшасын қайтадан алдымызға тастай салғанына қайран болғанымызды көрсеңіздер! Осы даналық сөзін айтты да, қан жаққандай алқызыл ернін дүрдитіп, бұрышқа барып, жалғыз өзі оқшау отырып алды... Ол, сірә, өзінің тағадай бүгіліп, бүрісіп қалған ажарсыз аяғына бізді әлдеқашан есі кетіп, құштар болып отыр десе керек, сондықтан біздер сияқты жабайы орыстар Қытайдың мұндай шынайы сұлу ғаламатын көргеніміздің өзін зор абырой санап, тек соның құрметі үшін ғана қалтамыздың түбін қағып, бар ақшамызды сыпырып береді деп ойласа керек. Біз оған осы ақшамыздың өзіне разы болыңыз, әйтпесе одан да құр қаласыз дедік те, жайбарақат өз бетімізбен сөйлесіп отыра бердік... Қытайдың «қала ойрандаушысы» сылқымдарымен танысуымыздың аяғы осылай бітті. Біз оған көктем әсері жайлы «фанза» - деп ишара етіп едік, ол әуелі қатты қуанып қалды да, кейін ойлана отырып, болмайды дегенді өкінішпен айтты. Егер полиция біліп қойса... деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Бірақ оның не айтпағы түсінікті еді, бамбук – ғажайып нәрсе дегені болатын (өз тарапымыздан қосымша түсіндірме: ол заманда қытай полициясы бамбук таяғын жазалауға қолданған).

Міне, құрметті оқырман, осы шағын үзіндінің өзінен-ақ Шоқан Уәлихановтың баяндау шеберлігін, әзіл-сықаққа толы тіл байлығын және ең ұсақ нәрселердің өзін назарынан тыс қалдырмайтын қырағылығын байқауға болады.

Жалпы, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші және тұңғыш прозаиг-жазушы екенін көпшілік біле бермейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында өзіміз 2024 жылғы 20 мамырда «Аbаi.kz» интернет порталында «Шоқан – қазақтың тұңғыш прозаигі, кәсіби суретшісі» және 2024 жылғы 22 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінде «Шоқанның әзіл-сықақтары» атты мақалалар жариялаған болатынбыз.

Шоқан мұрасын ең тыңғылықты зерттеген академик Ә. Мағұлан былай деп атап өткен: «Жүз жылдар бойы Ш.Уәлихановтың әдеби мұраларының зерттелмей келуінің салдарынан қазақ әдебиетінің бұл асыл шығармалары күні бүгінге дейін бізге мәлім болмай келді. Енді бүгінде осылардың бәрі белгілі боп отырғанда, Уәлихановты тек ойшыл-ғалым ғана емес, қазақтың тұңғыш жазушы-прозаигі деп мойындау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр».

Шоқан өзінің алғашқы ғылыми еңбектерін көркем проза түрінде жазған. Оның «Ыстықкөл күнделіктері» мен «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты еңбектерін ең үздік, ең көркем прозалық шығармалар қатарына қоюға болады. Әсіресе Шоқанның жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін, тұрмысын бағзы заманмен байланыстыра отырып шебер әрі біліктілікпен жазуы таң қалдырады. Ал,  табиғат көріністерін нағыз ойшыл, философ дәрежесінде суреттеуі оқырманға ерекше әсер ететіні сөзсіз.

Шоқанның тумысынан зерек, жастайынан сөзге шешен, ұшқыр ойлы адам болғаны белгілі. Оның әділетсіздікке жаны қас болғаны сонша, озбыр, дөрекі адамдарды мысқылдап, сынап тастайтыны туралы замандастары жазып кеткен. Мысалы атақты орыс ғалымы, этнограф, археолог Н.М. Ядринцев «Шоқанның қысыңқылау көздері ақыл-ойға тұнып, жарқырап тұратын, жіңішке еріндерінен мысқылға толы күлкі кетпейтін. Әңгімелері ылғи да ұтқырлықпен ерекшеленетін, ол өте байқампаз әрі мысқылшыл еді. Оның мысқылы гейнелік юмор мен сатиралық сипатта еді», - деп жазған болатын.

Реті келген жерде Шоқан әзілдесуді, қалжыңдасуды да жақсы көрген. Ол кез келген ортада осы мінезімен ерекшеленді. Ойын ашық, бүкпесіз жеткізу үшін Шоқан көптеген суреттері мен шығармаларында әзіл-сықақ жанрын кеңінен қолданды.

Олай болса, құрметті оқырман, қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановты жаңа қырынан дәріптей отырып, қазақтың тұңғыш жазушы-прозаигі деген атақты ресми түрде Қазақстан Жазушылар Одағы атынан жариялауды ұсынамыз.

Бұл игілікті іске Қазақстан Республикасы Парламент депутаттары, Мәдениет министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен ұлтжанды азаматтар атсалыса отырып, Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай жүзеге асырса нұр үстіне нұр болар еді.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков,

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, езек төре және Шоқантанушы, өлкетанушы, бірқатар тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы

Abai.kz

0 пікір