Қарағанды облысы нашақорлықпен күрестің республикалық орталығына айналады

Қарағандыда жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу мақсатында фронт-кеңсе жұмысын бастады. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Салауатты сана» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба аясында лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткіге тәуелділік сынды әлеуметтік мәселелер қамтылған.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Фронт-кеңсе облыстық Жастар ресурстық орталығының базасында ашылды. Мұнда нашақорлықпен күреске және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған тренингтер, кездесулер, акциялар мен форумдар ұйымдастырылады.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Жаңа фронт-кеңсе Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен республикалық Аналар кеңесінің семинарында таныстырылды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
— Қарағанды облысы нашақорлық проблемаларын шешудің орталығына айналады. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық пен есірткі қылмысына қатысты мамандарды даярлайтын ІІМ академиясы, сондай-ақ адамның қанындағы кез келген есірткі затын анықтай алатын бірегей зертханасы бар медицина университеті жұмыс істейді, — деді ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нашақорлықпен күрес отбасынан және қоғамнан басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, тиімді профилактика — бұл рухани даму, спорт, шығармашылық және жастардың белсенді қатысуы. Кездесудің басты мақсаты — нашақорлыққа қарсы нақты шараларды әзірлеу.
— Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде есірткі — ұлт денсаулығына төнген тікелей қауіп екенін айтты. Бұл дертпен күрес ауруханаларда да, соттарда да емес, ең алдымен отбасында, мектепте, бала тұлғасы қалыптасатын ортада басталады. Басты қару — жаза емес, дұрыс бағдар қалыптастыру: рухани даму, спорт, шығармашылық пен мейірім. Өңірде Футбол академиясы салынуда, шахмат қозғалысы дамып келеді, «Кітап оқитын ұлт», «Тұлпар мініп, ту алған» жобалары жүзеге асырылуда, Community-орталығы ашылды, гранттық бағдарламалар мен «Жасыл ел» қозғалысы жұмыс істейді. Мұның бәрі жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың ел үшін маңыздылығын сезінуге көмектеседі, — деді аймақ басшысы.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова нашақорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, ол ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасыны нығайту және жастарды тәрбиелеу екенін атап өтті.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнова ең өткір мәселелердің бірі — дәріханалық нашақорлық пен оны жоюға бағытталған мемлекеттік бақылау шараларын көтерді.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
— Денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше сын-тегеурін — рецепт арқылы берілетін дәрілердің дәріхана желісі арқылы қолжетімділігі. Оларды медициналық мақсатсыз пайдалану халықты жасырын түрде есірткіге тәуелді ету нысандарына айналды. Ең осал топ — жасөспірімдер мен жастар. Аналар кеңесінің бастамасымен 2023 жылғы сәуірден бастап «Трамадол» есірткі құралдары тізіміне енгізілді. Келер жылы шамадан тыс қолданған кезде қатты тәуелділік тудыратын басқа да дәрілерді сол тізімге енгізу жоспарланып отыр, — деді Ольга Смирнова.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Бұдан бөлек, Қарағанды облысында «Жасыл сертификат» жобасы іске қосылды. Ол тәуелділік тудыратын рецепт арқылы берілетін дәрілердің дәрігердің нұсқауынсыз сатылуына қоғамдық бақылауды қарастырады.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Семинарға Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, ІІМ-нің, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, аналар кеңесінің мүшелері, ҮЕҰ және сарапшылар қатысты.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі бір ай ішінде үш жылға арналған нашақорлықтың алдын алудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Қарағанды облысының тәжірибесі алдағы уақытта бүкіл республикаға таратылатын болады.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.
Abai.kz