Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2025
Маңызды 1068 0 пікір 23 Қыркүйек, 2025 сағат 10:55

Өзбекстан Кремль ықпалынан бас тартты

Өзбекстан мен Тәжікстан өз мүдделерін қатаң қорғап, букмекерлік бизнес пен оған қатысты қаржылық ағымдарды бір орталықтан реттеуді ұсынған Умар Кремлевтің (Лутфуллоев) бастамасынан бас тартты. Екі ел де деректердің көршілес мемлекеттің арнайы қызметтерінің қолына өтіп кету қаупін түсініп, ұлттық бақылау тетіктерін дамытуды жөн көрді. Ал Қазақстанның қазіргі позициясы әлі күнге дейін түсініксіз.

Котёл басылымы Умар Кремлевтің соңғы жылдары Орталық Азияны айналшықтап жүргенін жазады. Ол Ташкентте кеңестік боксшыларға ескерткіш ашып, Душанбе қаласында жоғары лауазымды тұлғалармен кездесіп, өзбек олимпиадашыларына қомақты сыйлықтар үлестірді. Бірақ мұның бәрі оның түпкі мақсатын іске асыруға көмектеспеді. Ол аймақтың букмекерлік нарығын бақылауға алып, Ресейдің үстемдігін орнатуға талпынған еді.

Кремлевке жақын дереккөздердің бағалауынша, оның Орталық Азия аймағын аралауына 3 миллион доллардан астам қаражат жұмсалған. Дегенмен, Өзбекстанда бұл жоба толық күйреді. Ресми Ташкент құмар ойын бизнесін заңдастыру мәселесін ұзақ талқылап, нәтижесінде монополияны өзінің Ұлттық перспективалық жобалар агенттігінің (НАПП) қарауына берді.

Тәжікстанда да ұқсас жағдай қалыптасты. Кремлевтің президенттің ұлы Рустам Эмомалимен жылы қарым-қатынасына және туған Гиссар ауданында жол салу жобасына қарамастан, елдегі букмекерлік нарықты реттеу Қаржы министрлігінің құзырында қала берді.

Осы сәтсіздіктерден кейін Кремлевтің Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа амалы қалмай отыр. Түркіменстан оны мүлде жолатпаған. Біздің елімізде бірнеше жылдан бері Бәс тігулерді есепке алудың бірыңғай жүйесін (ЕСУ) енгізу мәселесі талқыланып келеді. Елдегі сарапшылар мен дереккөздер бұл процесті Ресейдің ЦУПИС жүйесімен тікелей байланыстырады. ЦУПИС бүгінде Ресейдегі бүкіл букмекерлік нарықты бақылап отыр және миллиардтаған табыс әкелуде. Сарапшылардың пікірінше, «құмар ойынға тәуелділікпен күрес» пен «көлеңкелі схемаларды жою» деген ресми ұранның астарында әлдеқайда қауіпті әрекет жатыр. Бұл – Қазақстанның қаржы инфрақұрылымына санкция астындағы ресейлік құрылымдарды кіріктіру амалы.

Қазақстан әзірге Кремлевтің ұсынысына ресми түрде «жоқ» демеді. Дегенмен жұмыс топтарында отырған кейбір мемлекеттік қызметшілер мұндай «біріздендірудің» тәуекелдеріне алаңдаушылық білдіріп жүр. Ал Қырғызстанда мәселе әлі күнге дейін талқыланып жатыр. Бішкек те түпкілікті шешімін қабылдаған жоқ.

Abai.kz

0 пікір