Газа тағдыры: Трамп пен Нетаняху не шешті?

Трамп пен Нетаньяху келіссөз өткізді. Тақырып сол Газадағы соғысты аяқтауға қатысты болды. Трамптың Газадағы соғысты тоқтатуға қатысты жоспарының мәтіні жарияланды. Мәтінді аударып, ұсынуды жөн көрдім. Мәтін келесідей:
«Газа дерадикализация аймағына айналады. Бұл аймақ көршілеріне қауіп төндірмейтін, терроризмнен азат аймаққа айналуы тиіс. Газа газалықтар үшін қайта қалпына келтіріледі. Егер екі тарап та ұсынылған шарттарға келісетін болса, соғыс дереу тоқтайды. Тұтқындар босатылуы үшін Израильдің әскері белгіленген аймаққа шегінеді. Артынша әуеден соққы жасау, артиллериямен атқылау және құрлықтағы операция толық тоқтап, майдан шебінде ұрыс тоқтауы тиіс.
Израиль мен қарсылас тарап ұсынысты қабылдаған соң, 72 сағаттың ішінде барлық тұтқындар, өлісі мен тірісі толық босатылуы қажет.
Барлық тұтқындар босатылған соң, Израиль өмір бойына сотталған 250 палестиндікті және Газаның 1700 тұрғынын абақтыдан шығарады. Олардың барлығы дерлік 2023 жылдың, 7-қазанындағы қайғылы оқиғадан кейін ұсталғандар еді. Әр қаза тапқан тұтқынның денесіне, Израиль тарапы 15 газалықтың денесін береді.
Барлық тұтқындар босатылған соң, ХАМАС тарапы қарусыздануға және бейбіт өмір сүруге кепілдік береді. Сол үшін хамастықтар рақымшылыққа ілігеді. Ал Газадан кетуді қалайтындарға қауіпсіз дәліз ұсынылады.
Келісім күшіне енген сәттен бастап Газаға толық көлемді гуманитарлық көмек кіргізіледі. Көмектің көлемі 2025 жылдың 19-қаңтарында жасасқан келісімдегі көлемнен аз болмауы шарт. Су жүйесі, электр жүйесі және канализация қалпына келтіріледі. Сонымен бірге аурухана, наубайханалар қайта қалпына келтіріліп, жол мен үйінділерді ашуға арналған құрылғылар кіргізіледі.
Газаға гуманитарлық көмек қандай да бір тараптың қатысуынсыз, БҰҰ-ның арнайы ұйымдары, «Қызыл жарты ай» және басқа ұйымдармен кіргізіледі. Рафах шекара бекеті 2025 жылдың, 19-қаңтарындағы келісім негізінде ашылады.
Газа уақытша өтпелі басқарма арқылы басқарылады. Ол технократтық негізде құрылып, Газа халқына күнделікті көмек көрсетуді қадағалаумен айналысады. Аталған басқарма құрамында кәсіби дағдыға ие палестиндіктер, халықаралық сарапшылар болады. Оларды «Бейбітшілік кеңесі» қадағалайды, ал кеңесті Дональд Трамп басқармақ. Кеңеске өзге елдің басшылары да кіреді, соның ішінде британдық экс-премьер Тони Блэр де болмақ.
Аталған орган Газаны қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөледі және Палестина әкімшілігі реформаларды аяқтағанша Газаны басқарады. Орган халықаралық тәжірибенің ең озық үлгілерін алады және Газа халқы үшін инвестиция тартумен айналысады.
Жоспар бойынша Газаны дамыту және қалпына келтіру үшін сарапшылар тобы құрылады. Арнайы экономикалық аймақ құрылып, ол аймақта салықтық жеңілдіктер ұсынылады. Бұл жұмыс күшін және инвестицияны тарту үшін қажет.
Газа халқы күштеп көшірілмейді. Кеткісі келгендер кетеді. Қалғысы келгендер қалады.
ХАМАС және басқа құрылымдар Газаны басқаруға тікелей де, жанама да қатыспайды. Газадағы барлық туннельдер, әскери жүйелер мен позициялар толық жойылады. Газада толық демилитаризация іске асады. Халықтан қару жиналады. Процессті бақылайтын арнайы халықаралық тәуелсіз органдар құрылады.
АҚШ пен араб елдері Газадағы жағдайды тұрақтандыру үшін «Халықаралық тұрақтандырушы күштерді» жасақтау жұмысымен айналысады. «Халықаралық тұрақтандырушы күштер» Газадағы сенімді полиция қызметкерлерін кәсіби дайындықтан өткізеді. Кейін аталған күштер Газа үшін маңызды рөл ойнайды.
Газаға қару мен оқ-дәрінің кіргізілмеуін қадағалау маңызды. Тараптар қақтығысты қайта болдырмау жолдарын қарастырады.
Израиль Газаны отарламайды. «Халықаралық тұрақтандырушы күштер» Газадағы жағдайды толық бақылауға алған сәтте, Израиль әскері жоспар бойынша біртіндеп Газадан шығарылады.
ХАМАС ұсыныстан бас тартқан жағдайда, аталған жоспар ЦАХАЛ бақылауындағы аймақта іске асады. Дінаралық диалог алаңы құрылады. Бұл екі ұлттың өзара жауластығын тоқтату үшін қажет», - дейді.
Бұл Трамп ұсынған жоспар. Израиль жоспарды қабылдайтынын айтты. Кезек ХАМАС-та.
Асхат Қасенғали
Abai.kz