Сәрсенбі, 1 Қазан 2025
Саңлақ 991 0 пікір 1 Қазан, 2025 сағат 17:16

Орталық стадион орнынан қозғала жаздады

Сурет: Vesti.kz / Болат Айтмолда.

«Қайрат» кеше өз алаңында Мадридтің «Реалынан» 0:5 есебімен ұтылды. Үш голды сұрмерген Килиан Мбаппе соқса, қалған екеуін қақпаға Эдуардо Камавинга мен Браим Диас енгізді. «Қайраттың» 18 жасар қақпашысы Шерхан Қалмырза өте қауіпті 7 соққыны кері қайтарды, әйтпесе есеп бұдан да ірі болуы мүмкін еді.

Жалпы «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуының өзі үлкен олжа. Бұл – Еуропаның мықты футбол ұжымдарымен ойнап, тәжірибе жинау үшін таптырмас мүмкіндік. Қазақстан деңгейінде үздік саналғанымен, «Қайраттың» әлемдік деңгейдегі күшті командалармен бәсекелесуге қауқары шамалы. Өткенде «Спортингтің» (Португалия) өзі бізді шемішкеше шағып тастады. Ал УЕФА рейтингінде 1-орында тұрған «Реалға» біздің төтеп бере алмайтынымыз онсыз да белгілі-тін. Енді 21 қазан күні өтетін «Пафос» (Кипр) командасымен ойынға тыңғылықты әзірлену керек.

Сурет: Pedro Castillo/Real Madrid via Getty Images.

«Реалмен» ойын бүкіл Қазақстанның жанкүйерлер қауымының басын біріктірген ойын болды. Алматыдағы Орталық стадионға 23 мың адам сыйса, стадион сыртында тағы соншама халық жүргендей әсер қалдырды. Бәрі де «Қайраттың» формасын киген, шарфын таққан, жалауын көтерген... Яғни бізде де тұтас жанкүйерлік мәдениет қалыптасып келе жатыр деген сөз.

Ал біз бүгін «Қайраттың» халықаралық деңгейдегі басты жетістігі жайында сөз етеміз.

ЖҮЙЕСІЗДІКТІҢ ҚҰРБАНЫ

Жасамыс жанкүйерлердің дені «Қайраттың» қайратты шақтарын әлі ұмыта қойған жоқ. Соның бірі – алматылықтардың тұңғыш халықаралық жеңісі саналатын 1970/71 жылдардағы Теміржолшылардың халықаралық спорт одағының (қысқаша ТХСО) кубогын ұтып алуы.

Әрине, бұл – қазір біз көріп жүрген Чемпиондар лигасы немесе Еуропа лигасы сияқты тұрақты түрде өткізіліп, жүйелі жүлде тігілетін бәсеке емес-ті. Кейде жыл аралатып, кейде тіпті үш-төрт жылда бір болып тұратын. Оның үстіне, ТХСО кубогы ұйымдастырыла бастаған 1947 жылы әлемде халықаралық клубтық турнирлер тіпті жоқ та еді. Соған қарамастан әуелгі жылдары жұртшылықтың бұл жарысқа деген қызығушылығы аса жаман болған жоқ. Доданың алғашқы бөлігі топтық кезең ойындарынан басталып, ширек финал сатысынан былай қарай олимпиялық жүйе бойынша жалғасатын. Финалдық матч әуелде бір ғана ойыннан тұрса, 60-жылдардан бастап екі ойыннан (өз алаңында және сырт алаңда) құралатын болды.

ТХСО кубогын Югославия, Болгария, Австрия, Германия Федеративтік Республикасы (ГФР), Румыния, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) және т.б. елдердің командалары жеңіп алды. Кеңес Одағы өкілдерінен бұл кубокты Мәскеудің «Локомотиві» бес рет (1974, 1976, 1977, 1983, 1987) қанжығасына байлады. Дегенмен аталмыш турнирді ұтып алған алғашқы кеңестік клуб – Алматының «Қайраты» еді (ол заманда да «Қайрат» теміржол саласындағы мекемеге қарасты команда-тұғын).

Алматылықтардың бұл додаға бір емес, екі рет қатысқанын қазір көп ешкім біле бермейді. 1962/63 жылғы ТХСО кубогында мәскеулік «Локомотив» ақтық ойында өздерінің софиялық клубтастарынан жеңіліп қалады. Дегенмен осы күміс жүлденің арқасында 1967/68 жылғы келесі жарысқа кеңес футболының өкілі ширек финалдан бастап қатысу құқығын иеленеді. Ал 1967 жылғы Одақ чемпионатының қорытынды кестесінде «Локомотив» (17-орын) «Қайраттан» (14-орын) үш саты кейін қалып қойғандықтан, ендігі ТХСО кубогына қатысу мүмкіндігін кеңес футболының басшылары алматылықтарға жүктейді.

Алайда 1967/68 жылғы доданың ширек финалында ГФР өкілін жеңіп, келесі кезеңге шыққан «Қайрат»... жартылай финалға қатыса алмайды. Себебі бұл турнирдің әу бастағы ұйымдастыру жүйесінде (егер оны «жүйе» деуге болса) кез келген ел жарыстың кез келген сатысында өз өкілін өзге клубпен ауыстыруға құқылы еді. Одақ футболының басшылары қазақ командасының мүмкіндігіне сенбеді ме, әлде осыдан бұрынғы жарыста «Локомотивтің» финалға шыға алғанын асыра бағалады ма, әйтеуір жартылай финалға мәскеулік клубты қосты. Өз еңбегімен осы сатыға жеткен алматылық футболшылар осындай жүйесіздіктің құрбаны болды. Әділетсіздіктің бәрібір жеңілетініне дәлел ретінде «Локомотив» те Югославияның «Хайдугінен» ұтылып, финалға шыға алмай қалды.

Сурет: Сәкен Сыбанбайдың мұрағатынан алынды.

СОФИЯДАҒЫ СОЙҚАН ЖЕҢІС

Әйтсе де, қазақ «ештен кеш жақсы» немесе «игіліктің ерте-кеші жоқ» деген сөздерді бекер айтпайды екен. Доданың ендігі жеңімпазы – біздің команда болды! 1969 жылғы КСРО чемпионатында «Қайрат» та, негізгі теміржолдық клуб саналатын «Локомотив» те екі сатылы жарыс қорытындысы бойынша жоғарғы топтан бірінші лигаға түсіп қалған-ды. Бірақ алматылықтар мәскеуліктерден бір саты жоғары тұрған еді (айырмашылық – 9 ұпай!). Сөйтіп, 1970 жылдың жазында басталатын ТХСО кубогы үшін кезекті жарыста Одақ атынан қатысу құқығын тағы да «Қайрат» иеленді.

Алматылықтар бәсекеге ширек финалдан бастап кірісті (өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, осыған дейінгі додада КСРО өкілі, дәлірек айтсақ, «Қайраттың» өзі жартылай финалға дейін барған-ды). Бұл кезеңде олардың қарсыласы чехословакиялық «Локомотив» болды. Жерлестеріміз айрықша арынын алғашқы ойында-ақ байқатты – Владимир Чеботарев (екі), Михаил Тягусов және Сергей Рожков соққан төрт допқа қонақтар бір ғана голмен жауап қайтара алды. Рас, белгілі жаттықтырушы Александр Севидовтың шәкірттері Кошицедегі қарымта кездесуде 0:1 есебімен ұтылып қалды, бірақ бұл сәтсіздік жекпе-жектің жалпы қорытындысына әсер еткен жоқ.

Жартылай финалда қайраттықтар Болгарияның «Славиясымен» тоқайласты. Бұл – 1971 жыл еді, команда бас бапкерінің тізгіні Виктор Корольковтың қолына көшкен болатын. Оның халықаралық деңгейдегі алғашқы тұсаукесері күтпеген жерден масқара нәтижемен аяқталды – «Қайрат» Алматыдағы Орталық стадионда болгарлардан 1:3 есебімен оңбай сүрінді! Футболшыларымыздың бойы қызбай жатып-ақ есеп ашып үлгерген қонақтар 23-минутта нәтижені тіпті еселей түсті. 30-минутта шабуылшымыз Евгений Пиуновский бір доп соққанымен, екінші таймда қарсыласынан және бір гол жіберіп алды.

Араға екі айдай уақыт салып, қарсыластар Софияда күш сынасты. Финалға шығу үшін жерлестерімізге үш доп айырмасымен ұту қажет еді. Бірінші тайм ешқандай нәтиже берген жоқ, 0:0. Үзілістен соң ойын жалғаса бере жаңағы Пиуновский қарсы қақпаны дәл көздеді – тәуба, бірінші гол бар! Екі минуттан соң қарымта шабуылда Юрий Севидов есепті 2:0-ге жеткізді! 75-минутта жартылай қорғаушы Владислав Маркин алыстан теуіп шешуші голды соқты – 3:0! «Қайрат» – финалда! Командамыз бұл жолдаманы алғашқы ойындағы жеңіске масайраған «Славияның» қолынан керемет ойынымен жұлып алған еді.

СЫЙМАҒАНДАР ТЕПКІШЕКТЕРДЕ ТҰРДЫ

Финалдың екі ойыннан тұратынын жоғарыда айттық. Біріншісі 1971 жылдың 8 қазанында Румыния астанасы Бухарестте өтті. Қарсыласымыз – жергілікті «Рапид». Қазір Еуропа лигасына қатысып жүр, ол кезде де өз елінің белді командаларының бірі-тін. Салған жерден алға лап қойып, бірінші таймның ортасында-ақ есеп ашып үлгерді. Қалт-құлт етіп тұрған «Қайратты» ойын бітуге 15 минут қалғанда команда капитаны Сергей Рожков құтқарып қалды – 1:1.

Қарымта финал 12 қараша күні өтті. 30 000 адам сыятын Алматының Орталық стадионы аузы-мұрнынан шыға толды. Сыймағандар тіпті тепкішектерде түрегеп тұрды. Ресми мәліметтің өзі «бұл күні ойынды стадионнан 32 000 адам тамашалады» дейді. «Мұншама нөпір жұрт бұрын-соңды келіп көрмегендіктен Орталық стадионымыз орнынан қозғалып кете жаздады» деседі ойынды көрген көнекөз куәлер. Обалы қане, футболшыларымыз тайлы-таяғымен шұбырып, жанын шүберекке түйіп келген тілеулестерін жерге қаратқан жоқ. Бүкіл матч бойына айқын басымдық танытып, қарсыласын үнемі тықсырумен болды. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды тағы да С.Рожков соқты – 1:0.

«Қайрат» бұл ойынды мына құрамда өткізді: қақпашыҚұралбек Ордабаев; қорғаушыларСейілда Байшақов пен Александр Жуйков (ортада), Валерий Круглыхин (оң жақта), Владимир Асылбаев (сол қапталда); жартылай қорғаушыларВалентин Солдатов пен Евгений Михайлин (екеуі көбіне қорғанысқа көңіл бөліп, артқы-алғы шептердің ара-жігін жалғады), Олег Долматов пен Сергей Рожков (екеуі орталық шептің қимылына бағыт беріп, шабуылдарды ұйымдастырды); шабуылшыларЕвгений Пиуновский және Юрий Севидов. 60-минутта Солдатовтың орнына Владислав Маркин, ал 65-минутта Севидовтың орнына Виктор Абгольц шықты.

Жалпы турнир барысында «Қайраттың» намысын бұлардан басқа қақпашылар Виктор Шведков, Валерий Степанов, қорғаушылар Валентин Дышленко, Юрий Мусин, Анатолий Федотов, жартылай қорғаушы Фарид Хисамутдинов, шабуылшылар Владимир Чеботарев пен Михаил Тягусовтың да қорғағанын ұмытпайық.

«Қайрат» 1970/71 жылдардағы ТХСО кубогында 6 ойын өткізді (3 ұтыс, 1 тең ойын, 2 жеңіліс). 10 доп соқты, өз қақпасына 6 гол жіберіп алды. «Қайраттың» голын соққандар: Рожков – 3, Чеботарев және Пиуновский – 2-ден, Тягусов, Севидов және Маркин – 1-ден.

Қазақ футболының тарихи халықаралық табысы енді қашан жалғасар екен?

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Заң және Тәртіп:

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 319
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 1978
Әдебиет

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 276