Соғыс: Маринкада жападан-жалғыз қалған әйел

Соғыс деген сөздің өзі қасірет пен қайғы арқалаған ауыр сөз ғой. Сол соғыс Маринкада 2014 жылдан басталған.
Маринка деген Донецкінің дәл түбінде, шамамен 30 шақырым жерде орналасқан алақандай ғана кент. Соғысқа дейін мұнда ұзын-ырғасы 10 мыңнан аса адам өмір сүрген. Халықтың 85 пайызы украиндер болған. Мұнда қыз-қыз қайнаған тіршілік, театр да, саябақ та, мәдени ошақтар да, әлеуметтік нысандар да т.б. бәрі болған. Өйтпей қайтсін, күре жолдың бойында (Н15 трассасы) орналасқан қалашық. Донецкіге Запорож жақтан кіретін бір қақпа осы Маринка болған.
Бәлінең бәрі «орыс әлемін» аңсаушылар мен орыс әскері қолтықтарына су бүрккен бүлікшілерден басталды...
«ОРЫС ӘЛЕМІНІҢ» КЕЛУІ. АЛҒАШҚЫ ШАЙҚАС...
2014 жылдың жазында (шілде-тамыз арасы) Мәскеуден «атылған» оқ Маринкаға жетті. Қиян-кескі, жан алысып, жан беріскен шайқастар болды. Қалашық бірде Украинаның, бірде жаудың қолына кезек-кезек өтіп, қыз-қыз қайнаған тіршілік шатыр-шұтыр жанған тозақ отына айналды. Қос тарап аянып қалған жоқ. Адам шығыны да аз болған жоқ. Олардың арасында қарусыз халық қырылып жатты. Ауыр техникалардың тарсыл-гүрсілі бәр сәт тоқтаған жоқ.
2015-ТІҢ ҚАН-ЖАУЫНДЫ ЖАЗЫ...
Ал 2015 жылдың жазында (маусымы) ең ауқымды ұрыстардың бірі болды. Бетпе-бет ұрыс маусымның үшінші таңы атар-атпас (таңғы сағат 3-4 арасында) басталды. Маринка-Курахово бағыты, Маринканың айналасы, Донецкіге дейінгі аралық қызыл қанға боялды. Бұл шайқастың соңында тараптар әуелгі позицияларына шегінгенімен, соғыс тоқтаған жоқ. Тараптар қолда бар қарулардың бәрін қолданды. Содан бері Маринкада тіршілік тоқтап, қалашық ұрыс даласына айналды. Дәл осы шайқаста Ресей едәуір көп әскерін жоғалтты. Әрине, санын бізге ешкім ашып айтпайды. Бірақ, солай болғаны факт.

Сурет: tass.ru сайтынан алынды.
МАРИНКАНЫҢ ТІРШІЛІГІН БІРЖОЛА ТОҚТАТҚАН ШАЙҚАС
Сол 2014-2015-те басталған соғыс тоқтаусыз жалғасып, 2022 жылға дейін жетті. Маринка үшін шешуші шайқастардың бірі 2022 жылдың көктемінде (наурызда) болды. Бұл Маринканың тіршілік тынысын біржола үзген шайқас еді.
Ресей бұл жолы Маринканы да, ондағы адамдарды да аяған жоқ. Ресей осы жолы химиялық қару түрлеріне жатқызуға болатын ақ фосфорлы снарядтарды қолданды.
2023 жылдың наурызында Марикада бірде-бір бүгін ғимарат қалған жоқ қалашық тұтастай үйінді-қирандыға айналды. 2023 жылдың желтоқсанында қала Ресей бақылауына өтті.
ҚАЗІР: Қазір сол елес қаладағы үйінді-қирандылардың арасында жалғыз бақытсыз әйел тұрады. оның аты – Галина. Оның өзі «орыс әлемін» аңсаушы екен. Ресей әскері Галинаның «арманын» орындағанымен, тұтас қаланы жер бетінен жойып тынды...
Abai.kz