Жұма, 3 Қазан 2025
Жаңалықтар 158 0 пікір 3 Қазан, 2025 сағат 14:36

Ресейлік көліктер Қазақстанда тағы көбейе ме?

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

2026 жылдан бастап Ресейде таксопарктер үшін жаңа ережелер күшіне енеді. Такси қызметтерінде тек отандық өндірістен шыққан көліктерді пайдалану және қайта тіркеу талабы қойылады. Мұндай жағдай шетелдік көліктерді көрші елдер нарығына жаппай шығаруға әкелуі мүмкін. Қазақстанда осы мәселеге алаңдаушылар көбейді. Ол қаншалықты негізді екенін BAQ.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанның Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елге Ресейден 5 145 көлік әкелінген. Салыстыру үшін, 2024 жылдың дәл осындай кезеңінде әкелінгені – 2 484 көлік. Жылдық өсім 107%.

Министрлік атап өткендей, жаңа көліктер негізінен ресейлік өндірістен әкелінсе, пайдаланылған автокөліктер жеке тұлғалар арқылы тасымалданады.

Көп жағдайда осындай автокөліктер лизинг, несие арқылы немесе ұзақ мерзімге жалға алынған болып келеді. Сондықтан оларды еркін сату немесе шетелге шығару мүмкін емес. Тіпті жеке азаматтар өз меншігіндегі көліктерді сатып алса да, заңдық шектеулер мен қаржылық міндеттемелер жаппай импорт мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді, - деп түсіндірді еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Ескі көліктердің импорты қалай бақыланады?

Қазақстанға пайдаланылған автомобильдерді әкелуге ресми шектеу жоқ. Алайда көліктің Ресейде ресімделетін және Қазақстан базаларында берілетін электрондық паспортынсыз тіркеу мүмкін емес. Көліктердің әкелінуін бақылауды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҰҚК Шекара қызметі жүргізеді. Бұл ішкі нарықты қосымша қорғауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар бастапқы тіркеу төлемдері жүйесі бар. Оның шарттарында көлік неғұрлым ескі болса, мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болатыны көрсетілген.

Бұл тыйым салатын кедергі емес. Бірақ ескі көліктерді рәсімдеу қымбатырақ шығады және экономикалық тұрғыдан жаңа отандық көлікті сатып алумен салыстыруға болады. Мұндай механизм мемлекетке пайдаланылған автокөліктер ағынын реттеуге және жаңа модельдерге, соның ішінде Қазақстанда жиналатын көліктерге сұранысты қолдауға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Өнеркәсіп министрлігі.

Жаңа Салық кодексі жағдайға қалай әсер етеді?

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл сарапшылар мен автокөлік иелерінің арасында қызу талқылануда. Негізгі мәселе – заңнамалық өзгерістер Ресейден әкелінетін ескі автокөліктердің импортының өсуіне әкеле ме?

Электрондық төлқұжаттар мен тіркеу ақысы сияқты қолданыстағы шаралар негізінен өз функцияларын орындайды. Бірақ Салық кодексіндегі өзгерістер ескі көліктерді әкелудің қаржылық жағынан тиімді болуына ықпал етпек. Мұндай көліктерді кейбір салықтардан, оның ішінде утильдік жинақ пен алғашқы тіркеуден босату тасымал шығындарын азайтып, сатып алушылар үшін тиімді етеді. Іс жүзінде бұл Ресейден пайдаланылған автокөліктерді сатып алуға ынтаны артырады. Дегенмен формальды кедергілер сақталады, - деп атап өтті автосарапшы Арсен Шақуов.

Ол атап өткендей, жаңа заңнаманың әсері әсіресе шекара маңындағы аймақтарда айқын байқалады.

Адамдар көлік ескі немесе жүгірісі (пробег) көп болса да, арзанырағын таңдайды. Көпшілік үшін экономикалық тиімділік көліктің қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімділігінен маңыздырақ. Сондықтан ескі автокөліктер белгілі бір аудитория үшін тиімді болып қала береді және жаңа автокөліктер нарығына қосымша бәсекелестік қысымын тудыруы мүмкін, - деп атап өтті спикер.

Бұл ретте, жаңа машиналарға сұранысты ынталандыру үшін Қазақстан индустрия министрлігі 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстанның Даму Банкі арқылы жеңілдігі қарастырылған автонесиелеу бағдарламасы бар екенін еске салады.

Жылдық пайыздық мөлшерлеме 4% құрайды, несиелеу мерзімі - 7 жылға дейін, автомобильдің максималды құны - 15 млн теңге. Бастапқы жарна ресми түрде қарастырылмаған, дегенмен Екінші деңгейдегі банктер оны 10% - ға дейін белгілей алады.

Сонымен қатар дилерлер акциялар, жеңілдіктер және бөліп төлеу бағдарламаларын ұсынады. Бұл жаңа автокөліктерді қолжетімді етеді.

Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жұмыс істейді және отандық автокөліктерге сұранысты ынталандыруға мүмкіндік береді. Бірақ бұл арзан пайдаланылған көліктермен толық бәсекелестік жасауға жеткіліксіз. Сондай-ақ жаңа қазақстандық автокөліктерді тұтынушылар үшін тиімді ететін салықтық және қаржылық ынталандыруларды жасау қажет. Тек кешенді шаралар ғана тұрақты бәсекелестікті қамтамасыз етіп, ішкі нарықты қорғай алады, - деп атап өтті Арсен Шақуов.

Алаңдауға негіз бар ма?

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ресейлік пайдаланылған автокөліктердің Қазақстан нарығына жаппай әкелінуі күтілмейтінін сенімді түрде мәлімдейді. Дегенмен статистика ресейлік көліктерге қызығушылықтың артқанын көрсетеді.

Бірақ заңнамалық және қаржылық шектеулер, соның ішінде электрондық паспорттардың болуы міндеттілігі және тіркеу алымдары, осы процестердің көлемін едәуір шектейді, - деп атап өтті автосарапшы Арсен Шақуов.

Оның сөзінше, ресейлік пайдаланылған автокөліктермен ең үлкен бәсекелестік 5 млн теңгеге дейінгі сегментте байқалады.

Бұл баға диапазонында сатып алушылар көбіне үнемдеуге басымдық береді. Тіпті бұл ескі және жүгірісі көп көлікті пайдалануды білдірсе де. Сол уақытта Қазақстанда жиналатын жаңа автокөліктер қауіпсіздік, сенімділік және кепілдік көрсеткіштері бойынша әлдеқайда жоғары деңгейге ие, ал пайдаланылған көліктер мұны қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан отандық автөнеркәсіпті қолдаудың кешенді шаралары — жеңілдетілген несие беру, салықтық преференциялар және ынталандыру бағдарламалары — ішкі нарықтың бәсекеге қабілеттілігін сақтау және жаңа автокөліктерге тұрақты сұранысты қамтамасыз ету үшін маңызды болып қала береді, - деп атап өтті сарапшы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 527
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 8663
46 - сөз

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 534