Дүйсенбі, 13 Қазан 2025
Жаңалықтар 137 0 пікір 13 Қазан, 2025 сағат 16:52

Қазақстан медициналық туризмді дамытады

Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігінің телеграм арнасынан алынды.

Елордада денсаулық сақтау, тұрақты даму және медициналық туризм мәселелеріне арналған форум басталды. Медициналық туризм – еліміздегі ең әлеуетті бағыттардың бірі.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, медициналық орталықтар, білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар және 30-ға жуық елшіліктің өкілдері қатысты.

«Қазақстан медициналық және сауықтыру туризмінің өңірлік орталығына айналуға бар жағдай жасалған. Ол үшін шетелдік пациенттерге қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын енгізу, клиникалар мен туроператорлар арасындағы байланысты күшейту және елімізді емделу мен оңалтудағы сенімді бағыт ретінде таныту қажет», – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жиынның ашылу салтанатында.

Министр 2023 жылы Астанада ем алған шетелдік пациенттер саны 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе, ал 2024 жылы тағы екі есе артқанын атап өтті. Бұл – отандық медицина мен көрсетілетін қызмет сапасына деген қызығушылық артып келе жатқанын дәлелдейді.

«Бірнеше жыл бұрын біз еліміздегі медициналық туризмнің әлеуетін талқылайтынбыз. Қазір сол әлеует шындыққа айналды деп сеніммен айтуға болады. Кейінгі бес жылда туристер ағыны бес еседен астам өсті, соның ішінде медициналық туризм де айтарлықтай артты. Қазақстан әлем картасында медициналық туризмнің жаңа орталығына айналып келеді. Әсіресе Қытайдан (24 есе), Үндістаннан (40 есе) және Түркиядан (3 есе) келетін туристер тарапынан қызығушылық ерекше. Еліміз қолжетімді бағадағы жоғары сапалы медициналық қызмет көрсететін мемлекет ретінде беделін нығайтып келеді», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова форумның ашылу салтанатында.

Медициналық туризмді дамыту және салалар арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Туризм және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Форум аясында саламатты қалалық ортаны қалыптастыру, бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын дамыту, сондай-ақ білім беру бастамаларына арналған тақырыптық сессиялар өтті.

Жиынға қатысушылар «Қазақстанның саламатты қалалары» желісін құру бастамасына ерекше назар аударды. Форум соңында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова отандық медицинаның инновациялық жетістіктері мен технологиялары ұсынылған ірі медициналық орталықтар мен ұйымдардың көрмесін тамашалады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 855
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9987