Дүйсенбі, 13 Қазан 2025
Жаңалықтар 141 0 пікір 13 Қазан, 2025 сағат 17:19

Өзбекстанда АЭС құрылысы басталды

Сурет: Әлихан Асқар/Kazinform.

Өзбекстанда атом электр станциясы құрылысының бірінші кезеңі басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазіргі уақытта Жизақ облысына қарасты Фариш ауданындағы аз қуатты АЭС орналасатын алаң тазартылып, тегістелді.

Жалпы бұл аймаққа 2018 жылдан бері экологиялық зерттеу жүргізіліп келеді. Нәтижесінде флора мен фауна, жер асты сулары және топырақтың құрылымы туралы деректер жинақталды. Сондай-ақ алаңның метеорологиялық және сейсмикалық жай-күйі де зерделенді.

Тиісінше, өзбек тарапы құрылыстың бірінші кезеңіне кірісті. Атап айтқанда, бүгінде құрылыс-монтаж базасы, мамандар тұратын қалашық, материалдар қоймасы салынып, бетон араластырғыш қондырғылар орнатылып жатыр. Бұл жұмыстар жергілікті «Enter Engineering» компаниясына жүктелді.

– Бүгінге дейін біз тек құрылыс-монтаж базасын салатын компанияны анықтадық. Ол жұмысқа кірісті. Негізгі құрылысты, яғни реакторлар орналасатын «ядролық аралды» салу үшін жергілікті кәсіпорындар әлі тартылған жоқ, - деді АЭС құрылысы дирекциясының директоры Абдужамил Калмуратов.

Тиісінше, бірнеше күн бұрын стратегиялық нысанның іргетасын құю үшін ұзындығы – 350, ені 150 метр болатын алаңда қазу жұмысы басталды. Құрылысшылар ол жерден 1,5 млн текше метр топырақты сыртқа шығаруы тиіс.

– Жоспарға сай, біз дайындық жұмыстарына желтоқсан айының соңы мен қаңтардың бас кезінде кірісуіміз қажет еді. Алайда, біз құрылысты ерте бастадық, - деді Абдужамил Калмуратов.

Uzatom агенттігі өкілінің мәліметінше, аз қуатты АЭС-тің алғашқы бетоны 2026 жылы наурызда құйылады. Тоқтала кетейік, бұған дейінгі өзбек АЭС-іне әрқайсысы 55МВт 6 реакторды (жалпы қуаты 330МВт) орналастыру жоспары болған. Енді олардың саны екіге дейін қысқарады, тиісінше оның қуаты 110МВт-пен шектеледі. Сонымен қатар, белгіленген алаңға, яғни Тузкан көліне тағы бір ірі атом станциясы салынады. Оның энегрия өндіру қауқары 2000МВт болмақ.

Uzatom агенттігінің осы кезге дейін жасаған есептеуіне сәйкес, аз қуатты АЭС-тің құны 2 млрд долларға бағаланған. Енді жобаға енгізілген өзгерістерге байланысты, яғни рекаторлар санының қысқаруына орай шығын 1 млрд доллардан аз болмақ.

– АЭС мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатыр. Бұл – толық өзбекстандық жоба, - деді АЭС құрылысы дирекциясының директоры А.Калмуратов.

Өзбекстан мен Ресей ірі АЭС салу жобасын әлі толық келіскен жоқ. Абдужамил Калмуратовтың сөзінше, ресми Ташкент бұл бағыттағы келіссөздерді 2026 жылдың наурызына дейін аяқталуды жоспарлап отыр. Оның сомасына қатысты нақты деректер жоқ.

– Біз келісімшартқа 2026 жылдың бірінші тоқсанында қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл ұзақ әрі қиын процесс. Біз кімнен қандай өнім алу қажеттіген анықтап, логистика шығындарын есептеуіміз керек, - деді АЭС құрылысы дирекциясының басшысы.

Оның атап өтуінше, жұмыс күшінің кемінде 70%-ы жергілікті тұрғындар болады. «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен тиісті келісімге қол қойылған. Абдужамил Калмуратов нақтылағандай, құрылысқа жалпы саны 20 мың адам тартылады. Қазірдің өзінде АЭС орналасатын алаңда жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары білікті 308 маман мен 177 техника жұмылдырылған.

– Жизақ облысының Фариш ауданында құрылысы басталып жатқан атом электр станциясы біздің еліміздің экономикалық ілгерілеуіне сеп болмақ. Қазір дамыған мемлекеттердің өзінде электр энергиясының тапшылығы болып жатыр. Сондықтан АЭС салу тиімді шешім деп санаймын. Тиісінше, республикада өнеркәсіп дамиды, экономика өседі және халық үшін жаңа жұмыс орындары құрылады, - деп пікір білдірді Фариш ауданының тұрғыны Шароф Унгалов.

Халықтың пікірін ескеру мақсатында қараша-желтоқсан айларында Өзбекстанда АЭС салу ұсынысы бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Ол сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылады.

– Қоғамдық тыңдауларда жобаның қоршаған ортаға әсері мәселесі талқыланады. Халық пікірін ескере отырып, кейін келісімшартқа өзгертулер енгізілуі мүмкін, - деді АЭС құрылысы дирекциясының директоры Абдужамил Калмуратов.

Еске салайық, бұған дейін ресми Ташкент пен Будапешт өзбек АЭС-іне салқындату жүйесін енгізу мүмкіндігін талқылап жатқанын жазып едік.

Қоса кетсек, таяуда Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде бірнеше АЭС салу бастамасын көтерген болатын. Тиісінше, 25 қыркүйекте алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы басталды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 855
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9991