Сейсенбі, 21 Қазан 2025
Әне, көрдің бе? 196 0 пікір 21 Қазан, 2025 сағат 14:14

Көші-қон заңы: Әлемде қалай? Бізде қалай?

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

Соңғы деректер бойынша әлемде отанынан тыс жерде бас сауғалап жүрген 258 миллионнан астам босқын бар делінеді. Оның себебі елдердегі бай мен кедей арасының алшақтығы, мемлекеттік ресурсты бөлудегі теңсіздік, ауа райының жылынуы, экологиялық ортаның бұзылуы, ұлт, этнос аралық қақтығыстар, геосаяси шиеленістер салдарынан деп түсіндіріледі.

Босқындар мәселесін шешу үшін Біріккен ұлттар ұйымы 2016 жылы қыркүйекте «Нью-Йорк босқындар мен имгранттар ұранын» жариялап адамдық құқық негізде жаһандық көші-қон келісім шартын бекітуді қолға алды. Арада екі жылға жуық уақыт мәселені талқылауға кетті. Ақыры 2018 жылы 13 шілдеде Біріккен ұлттар ұйымына мүше мемлекеттер «қауіпсіз, тәртіпті және қалыпты ғаламдық көші-қон келісімін» бекітті. Сол негізде үкімет аралық келісім мүрәсімі сол жылдың 10, 11 желтоқсанынада Мароккода өтті.

Ғаламдық көші-қон келісімінің заңдық күші жоқ болғанымен ол мемлекет егемендігі, жауапкершілігі, кемсітпеушілік, кісілік құқық қатарлы саяси, адами құндылықтарды негіз етеді. Сол арқылы босқындардың мүддесін қамтамасыз етеді. Туылған жері (отаны) мен барар мемлекетіне алаңсыз жетуге заңдық негіз қалайды. Аралықтағы мемлекеттерде жоғарыдағы келісімдерді сақтауға міндетті.

Қазақстанның көші-қон саясаты да Біріккен ұлттар ұйымының аясында кемелденіп келеді. Әлемдік геосаяси жағдайларға, көрші мемлекеттердің саяси атмосферасының өзгерісіне қарай тиісті өзгертулер енгізіледі. Бірінші кезекте елдің ішкі мүддесі, экономикалық әлеуеті тұратыны айдан анық.

Қазақстанның егемен ел ретінде өз алдына көші-қон саясатын жүргізуі Кеңес одағының тарауымен, қазақ елінің тәуелсіз ел ретінде әлемдік қауымдастықтарға толыққанды мүше болып кіруімен байланысты екені белгілі. Ел жаңадан егемендігін алған 90-жылдардың өте қиын болғаны, Қазақстанның көші-қон саясатының негізі экономикалық жақтан тұралаған сол қиын кезеңде қаланғаны бәрімізге мәлім. Статискаға сүйенсек ол кезеңде елдің демографиялық бет-бейнесі айтарлықтай өзгерген, көші-қон процестерінің әсерінен ел халқының саны 1991 жылғы 16,5 млн адамнан 2000 жылы 14,8 млн адамға дейін күрт төмендеген. Бала туу деңгейі кері кетіп, керісінше өлім деңгейі артқан.

Сол себепті алғашқы мемлекеттік көші-қон саясаты этникалық қазақтарды репатриациялауға бағдарланды, бұл көші-қон процестерін реттеу жөніндегі заңнамалық актілерде нақты көрініс тапты. Атап айтқанда 1995 жылы қазақ диаспорасын қолдау мемлекеттік бағдарламасы, 1997 жылы "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының алғашқы Заңы қабылданды, Көші-қон және демография агенттігі құрылды, 1993 жылы қазақтардың (10 мың отбасы немесе шамамен 40 мың адам) көшіп келуінің бір жылдық квотасы белгіленеді, 1998 жылы этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару тұжырымдамасы қабылданды.

Нәтижесінде этникалық қазақтардың келуі (шамамен 1 млн адам) есебінен Қазақстанның халық саны 1,5 млн адамға ұлғайды.

Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2001 – 2010 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы ішкі көші-қонды реттеуге бағытталды. Ел халқының ірі қалаларға жаппай келуі және оралмандарды оңтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныстандыру елдегі демографиялық теңгерімсіздік проблемасын ушықтырды.

Бұл құжаттарда алғаш рет тұру жағдайлары ерекше қолайсыз елді мекендердің тұрғындарын тірек ауылдарға көшіру және этникалық қазақтарды тартуға арналған квотаны 20 мың отбасына дейін ұлғайту нақты мақсат етілді.

Ал соңғы он жылда көші-қон саясаты жаңа сынақтарға тап болды. Нақты сандарды сөйлетсек 2011 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде негізінен еңбекке қабілетті жастағы жоғары (38 %) және техникалық-кәсіптік (34 %) білімі бар 367,1 мың адам шетелге тұрақты тұруға кетті. Тек 2019 – 2021 жылдары елден тұрақты тұруға шетелге 106,5 мың адам (2019 жылы – 45,2 мың адам, 2020 жылы – 29,1 мың адам, 2021 жылы – 32,3 мың адам), оның 90 %-ы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне жұмысқа орналасу немесе тарихи отанына оралу мақсатында көшіп кетті.

Бұл мәселелерді реттеу үшін Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады.

Өткен 30 жылдағы көші-қон үдерістеріне талдау жасасақ еліміздің көші-қон саясатының дұрыс бағытта, нақты жағдайға қарай қабылданып келе жатқанын көреміз. Сол себептіде 2022-жылы күзде әскери міндет өтеуден қашқан жүз мыңдаған ресей азаматтары ел шекарасына ағылып, қалаларда пәтер жалдау құнының өсуі сияқты экономикалық-әлеуметтік түйткілдерді тудырғанда да сыр бермеді.

Президентіміз жолдауында атап өткендей қазір әлемдік геосаяси жағдай күрделіленіп тұр. Жыл басында билікке келген АҚШ президенті ел аумағындағы босқындарды күштеп шығару саясатын қолға алды. Бұл сөз басында атап өтілген Біріккен ұлттар ұйымының жаһандық келісім шартына қайшы екені анық. Трамп өзімен ғана шектелмей Еуропа елдерінің босқын саясатын сынға алып, «кәрі құрлық босқындардың отарына айналды» деп айыптады.

Қазақстанның да алдағы қабылданатын көші-қон бағытына да жоғарыдағы әлемдік сыртқы факторлар әсер ететіні, шешімі ойластырылып соған сай қабылданатыны анық.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1018
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10350