Бейсенбі, 23 Қазан 2025
Тарих 908 0 пікір 22 Қазан, 2025 сағат 13:31

Қазақ қырғыздары

Сурет: Орталық кітапхана архивінен алынды

«Жүнді (Жун-ди)»

Ескі қырғыздың ішіндегі аталардың бәрінің де күрделі, бірнеше мыңжылдық тарихы бар екені ақиқат, дегенмен Жүнді және Бәйті аталарының тағдыры бәрінен де ерекше. Өмір бойы Еуразия тарихымен, оның ішінде көне және ортағасырлық кезеңдермен айналысып жүрген біз үшін де бұл ғажайып жаңалық. Жүнді тарихының көне қабаттарына қатысты негізгі түп деректерді біз Ғұн заманындағы Қытай жылнамаларынан кездестіреміз. Бұл жылнамалардан Орталық Азияның түркі-моңғол халықтарына қатысты бөлігін алғаш аударған және ғылыми талдама жасаған Н.Я.Бичурин екенін көзі қарақты оқырман қауым біледі. Чуваш азаматының 1808 жылдан басталған 14 жылдық ғұмыры Пекинде өтті. Бұл кезеңде ол қытай тілін, оның көне нұсқаларын тамаша игерді және соның арқасында көптеген жылнамаларды орыс тіліне аударып шықты. Ол Ресейге оралғанда 15 түйеге артылған 400 пұт көне қытай қолжазбаларын алып келді. Міне, қаншама өмірін тарихқа арнаған Н.Я.Бичуриннің «Орта Азияны көне замандарда мекендеген халықтар туралы деректер жинағы» аталатын кітабы құнды болатыны сол себепті. Бұл кітаптың бірініші бөлімі «Хунну» деп аталады, яғни біздің тілімізде «Ғұндар», егер рулық-тайпалық жүйе салып қарайтын болсақ «Арғын» аталатын алып елдің арғы тарихы.

Ә.Х.Марғұланның осыдан елу жыл бұрын жазғаны: «Ғылыми жағынан көзге ерекше түсетін жағдай-Арғын тайпасының елдік аты (этнонимі). Ол бізге ежелгі заманда өмір сүрген Ғұн елін еске түсіреді. Сол елдің аты осы Арғын тайпасының атында сақталған деуге болады... Оның үстіне Ғұндар түркі тайпаларының түп атасы екені қытай тарихында ашып айтылған...Тарихи мәліметтерде Арғын аты бірнеше түрде кездеседі: Ғын, Ғұн, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ Ғұн, Тағ Ғұн. Мұндағы Ақ Ғұн, Аруғ Ғұн –екеуі бір мәнді сөз. Мұндай аттар ежелгі тайпалар арасында жиі кездеседі... Мұндағы «ақ», «аруғ»(арық) сөздері таза, ару деген ұғымды көрсетеді. Ерте кезде тайпаларды біріктіріп, оған басшы болған оқтарды (руларды) осылай атайтын болған» ( Марғұлан, т.1,1972, 451 б.).

Ғұнның шекарасы империя тұсында Орталық Азияны түгел қамтыды, солтүстігінде жаз жайлайтын жері Енесай өзенінен асып Солтүстік мұзды мұхитқа, қазақ аңыздарындағы Мұз теңізге барды. Орталық Азия көшпелі елдерін түгел бағындырған Ғұн империясының қуаты Қытайдан асып кетті. Қытай жылнамаларында «Срединное царство изнемогло под тяжестью войны; и это обстоятельтство дало возможность Модэ усилиться. Он имел под собою более 300 тысяч войска. От Шунь-вэй до Туманя –в продолжении слишком тысячи лет-Дом Хуннов то возвышался, то упадал, то делился, то разсевался: посему порядок прежнего преемственного наследования у них невозможно определить. При Модэ Дом Хуннов чрезвычайно усилился и возвысился; покорив все кочевые племена на севере, на юге он сделался равным Срединному Двору» деп сипатталады (Бичурин, т.1,1950, 48 б.).

Орталық Азияның осы бір күрделі кезеңінде біз Ғұн (Хунну) саяси бірлестігіне жақын қоныстанған Жун аталатын жауынгер көшпелі қауымды көреміз. «Жун» сөзінің көне Қытай тіліндегі мағынасы да жауынгер дегенді білдіреді. Біздің пікірімізше бұл сөз қытай тіліне Ғұн елінен енген болуы тиіс.

Атақты Қытай тарихшысы Сыма Цянь біздің жыл санауымызға дейінгі VII—VI ғасырлардағы Орталық Азия көшпелілерінің ішінде саны мол, бірақ орталық биліксіз жун-ди және бэйди тайпаларын ерекше атайды. С.Г.Кляшторный, Т.И.Султановтың «Государство и народы Евразийских степей» деген кітабында да осы мәселе айтылады: «Жуны не были политически объединены, все они были рассеяны по горным долинам, имели собственных вождей, и хотя нередко собиралось свыше ста племен жунов, они не сумели объединиться в одно целое». Кейінірек қытайлықтар көшпелі көршілерін «ху» атай бастады, яғни жат жұрттық, варвар деген мағынада (Кляшторный, Султанов, 2004, 58 б.).

Жундардың мекені деп деректер солтүстік-батысында Шығыс Түркістандағы Хами оазисін, Тұрфан аймағын, оңтүстік-батысында Лобнор мен Черчен-дария жағалауын айтады. Бұдан шығатын қорытынды біреу- бұл көрсетілген ертеде Ғұн мемлекетті құрылған аумақ жундерге де мекен болған. Бір қызығы қытай деректерінде ғұндарға қанаттас бұл тайпалар біресе Жун, біресе Жунди аталады. Мысалы Л.Н.Гумилев ғұндарға арналған еңбектерінде «жундерге этникалық жағынан туысқан ди тайпасы Сычуанның солтүстік жағындағы далада мекен етті» дейді (Гумилев, 1998, 59 б.). Біздің ойымызша бұл Жунди (Жүнді) қауымының әуел баста екі үлкен ру-тайпалық қауымнан құрылғандығын көрсетеді.

Жунди бірлестігінің негізгі топтары Солтүстік Қытайға жақын жерлерде мекендеді. Оларға көрші Хэбэй аймағында: бэйжун ( шаньжун деп те аталады), цзяши (чиди тайпасының бір бұтағы), сяньлюй, фэй, учжун аталатын көшпелі малшы қауымдар өмір сүрген. Олардың жалпылама аты бэйди, яғни біздің «бәйті» деп жүрген атамыз осы. Көне тарихтың жақсы білгірлерінің бірі, атақты қытай тарихшысы Фань Вэнь-лань бұл кезеңнің этносаяси қартасына қатысты былай деп жазады: «На западе жили племена, получившие общее название жунди. Они обитали среди китайского населения, не смешиваясь с ним, в провинциях: Шэньси- дажуны, лижуны, шоань –жуны; Ганьсу - сяожуны; Хэнани и Шаньси -маожуны, байди, чиди, цянцзюжуны, луши, люсюй и дочэн» (Фань Вэнь-лань, 1958, 137-138 бб.).

Еуропа және Ресей зерттеушілер жунди қауымдарын моңғолдық, немесе танғұттық негіздерге жақындастыруға күш салды. Жалпы Орталық Азияның көне қауымдарын моңғолға байлау дәстүрі Н.Я.Бичуриннен басталады. Оның пікірінше «шань-жун, яғни қыр жайлаған жундер Моңғол хан ұрпақтары және олар біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ ғасырда қазіргі Ішкі Моңғолиядағы аохань, наймань, корцин аймақтарының аумақтарында өмір сүрген» (Бичурин, 1950, 74 б.).

Қазіргі заман зерттеушілерінің ішінде де жунди мен бәйдидің моңғолдық тамырларын іздеу көп. Мысалы А.С.Шабалов деген зерттеуші көне жунди және Сычуан маңындағы ди тайпалары моңғол тілді болар деп жорамал айтады (Шабалов, 2014, 154-192 бб.). Бурят зерттеушісі Д. Д. Дондокова жундардың екіге бөлінгенін жазады- цюань-жун және шань-жун. Шань-жун қауымын зерттеуші моңғолдармен генетикалық байланысы бар деп есептелетін Дун-ху этникалық қауымдастығымен жақындастырады (Дондокова, 2003, 29 б.). Дун-ху мемлекеті, оның билеушісі Анахуан туралы біз Көне түрік қағанатының ерте тарихынан, Бумын кезеңінен хабардармыз. Ашина-түріктерге «менің темір балқытушы құлдарым» дейтін осы Анахуан хан. Егер өзімізге жақсы таныс Л.Н.Гумилевке келетін болсақ ол Шань-жун (тау жундары) деп жундардың Хинган мен Иньшаньді мекендеген ең шығыс бөлігін атайды. Оның пікірінше Шань-жундердердің аз бөлігі моңғолдық Дун-ху қауымдарының арасына кірсе, көпшілігі Ғұндармен араласып, ассимиляцияға түсіп кеткен (Гумилёв, 1998, 69 б.).

Біз бұл жерде Л.Н.Гумилевке жартылай келісеміз, жартылай келіспейміз. Сөз жоқ Жунди (жүнді) мен Бэйди (бәйті) қауымдары ғұндардың, яғни арғындардың арасына сіңген, бірақ өзінің атауларын сақтап қалған. Осы байырғы атауларымен олар әлі де арғын арасында «ескі қырғыз» қауымын құрап отыр. Әрине, Жунди мен Бэйдидің Қытай мен Тибет халықтарының арасына сіңіп кеткені де аз болмаса керек, бірақ өкінішке орай олардан ешқандай із жоқ. Біздің алдымызда осы тақырыпқа қалам сілтеген зерттеушілердің еңбектерін түгелдей жоққа шығаруға да болмайды. Егер қазақ зерттеушілері өзінің этникалық құрамындағы көне ру-тайпалардың тарихын зерттеп, жариялауға күші жетпей жатса, сырттың адамдарына сен қазақ құрамындағы жүнді мен бәйтіні неге айтпадың деп ренжудің еш қажеті жоқ. Бізге керегі бұл зерттеушілердің еңбектеріндегі тарихи фактілер. Мысалы моңғол тарихына қатысты көптеген зерттеулер жасаған Л.Л.Викторова моңғол этногенезіне қатысты деп «цюань-жун, шань-жун, бэйди және дунху тайпаларын» атайды (Викторова, 1980, 119 б.).

Жунди (Жүнді) мен Бэйди (Бәйті) туралы зерттеуінде бурят зерттеушісі В. Ш.Бембеев дегенмен де олардың тілі мен әдет-ғұрыптарының моңғолдардан көрі ғұндарға, түріктерге жақындағын мойындайды (Бембеев, 2006). Шығыстану мәселелері бойынша жазылған орыс тілді әдебиетті саралай отырып біздің осы бағыттағы ізденістеріміздің нашар екенін, Орталық Азияның ғұн дәуірімен жұмыс жасау керек екенін сезесің. Бізге керегі болмаған соң Жунди мен Бэйдиді өзгелер иеленіп отыруы заңды.

Ресейлік тарихнама не десе о десін Ғұн дәуіріне қатысты ең маңызды деректердің иелері қытайдың өз зерттеушілері екені анық. ХХ ғасыр басында ерте замандағы мыс тақталардағы жазуларға, қытайдың көне иероглифтеріне қатысты фонетикалық талдау жүргізген және басқа да деректерді терең қарастырған Ван Го-вэй (1877—1927 жылдар) деген ғалым болды. Ол Ғұн дәуірі деректерін сараптай отырып жазған Ғұн дәуірінде жазбаларда кездесетін – «гуйфан, хуньи, сюньюй, сяньюнь, жун, ди (бэйди) и ху атауларының бәрі де бір халыққа қатысты, ол халық тарихқа Сюнну атымен енді» деген сөздеріне көңіл аудару керек (Ван Го-вэй, Гуаньтан цзилинь (Собрание сочинений), т. 1-2, Шанхай, 1930). Сюнну біз жоғарыда жазғандай Ғұн империясындағы билеуші үш әулеттің бірі, сол себепті империя алғашқы кезеңде Хунну (хуан, қуан) атанада да, кейінірек деректерде Сюнну (суюйбу, сүйін) аты көбірек қолданылады.

Вань Го-вэй тәпсірін заманында қытай тарихшыларының көпшілігі қабылдаған болатын. Сол себепті Шань дәуірі мен Чжоу дәуірлерінің жапсарында өмір сүрген гуйфан, хуньи или сюньюй, Чуньцю әулеті билігінің бас кезінде деректерде кездеетін – Жун, содан кейін –жоғарыда аталған Ди, барлығын да қытай тарихшылары тікелей Сюнну атауының баламалары түрінде қарастырады. Чжань-го әулеті билікке келген соң бұл көшпелілерді негізінен ху және сюнну атайды (Таскин, 1968, 5-17, 155-163 бб.),

Біз жоғарыда қытайдың ұлы тарихшысы, тарихтың атасы Сыма Цяннің ғұндарды шань-жундармен байланыстыратынын жаздық. Олардың ғұндарға қосылған уақыты біздің жыл санауымызға дейінгі ІV ғасыр. Бұл кезеңде Ғұн империясында Сюнну әулеті билік құрды және шаньюй биілігін күшейтуге көңіл бөлінді. Бір орталыққа бағынған Ғұн мемлекеті мал шаруашылығы үшін аса қолайлы Ордос жазығы үшін Қытаймен соғысты бастады. Тарихи әдебиетте «война шла с переменным успехом, но в составе гуннского объединения оказались в это время те жунские племена племена, которые прежде были независимы» делінеді (Кляшторный, Султанов, 2004, 59 б.). Міне, осы біздің жыл санауымызға дейінгі ІV ғасырды біз Арғын қауымына «Жүнді қырғыз» аталатын аталардың қосылған уақыты деп қабылдауымыз керек. Жыл бойынша есеп қылсақ Жүнділердің Арғынға қосылғанына 2400 жыл деп айта аламыз. Еуразия көшпелілерінің тарихы деген қызық құбылыс, мыңдаған жылдар өтеді, жүздеген аталар ауысады, тарих бір толқығанда олардың көпшілігі ұмытылады, жаңа насаб-нама түзіледі, бірақ түпкі ата атауы сақталады. Сол себепті біз қазақ этносын мыңдаған жылдық тарихы бар ру-тайпалардың туыстықпен әдемі үйлескен одағы деп те айта аламыз.

Жүнді қырғыздардың негізгі бөлігі арғын ішіндегі рулық бірлік ретінде өмір сүріп, бір бөлігі хандық билік заманында төлеңгіт қатарына өтті. Оның бір мысалы Кент –Қазылықты, екінші мысалы Бұғылы-Тағылыны жайлаған Жүнді қырғыз төлеңгіттері. Бұғылы қырғыздарына біз арнайы тоқталамыз, ал Кент қырғыздары негізінен Қырық сан Барақ сұлтан, кейін оның баласы Бөкей, одан кейін оның баласы Мырзатай төре қарамағында қызмет істегені белгілі. Жалпы Қарқаралы өңірінде қырғыздың басымы - Найман, Жүнді, Естекелер. Бұл туралы жазылған еңбектер бар (Н.А.Логутов (1929 жыл) т.б.).

Арқа қырғыздарының ішінде толып жатқан ұсақ аталар баршылық және олардың көпшілігі көне замандардан бері арғынмен бірге жасап келеді. Солардың ішінде саны мен орны жағынан басымы Жүнді Қызыларай, Кент-Қазылық, Бұғылы сияқты өңірлемен бірге Көкшеде де бар. Өзге Ескі қырғыз аталарының оларға жақындары да, алыстары да бар. Мысалы, қарапайым ел аңыздарына қарағанда Қотыр деген ата Жүндіге жақын делінеді. Неге жақын екенін біз анықтай алмадық, бірақ Қотыр аты көне ру-тайпалардың арасынан кездеседі. Мысалы бүкіл Еуразиялық аймаққа кең тараған (Қырым, Оңтүстік Кавказ, Алтай, Испания, Мысыр, Италия т.б.) Арғынның Бөрші аталатын руының бір атауы «Қотыр», Қап тауында, Қырымда бұл атау топоним түрінде кездеседі. Бұл сөз көне заманда қандай мағына бергені түсініксіз.

Жүнді атасының бір бұтағы Адай құрамындағы Құнанорыс ішінде. Жалпы адайдың Келімберді тобына кіретін Құнанорыс, Ақпан, Балықшы (Шыбынтай), Бұзау (Әлнияз), Тобыш, Мұңал біздің жыл санауымыздың басындағы сақ-ғұн араластығының нәтижесі деп есептейміз. Аорс/орыс атаулары түркі халықтарында, соның ішінде Шығыс түркілерінің арасында ерте ортағасырлардан бастап кездеседі. Бұл жорамалдың тағы бір дәлелі Құнанорыс құрамында Сүйіндік, Жүнді эпонимдерінің болуы.

 Жамбыл Артықбаев

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1057
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10435