Дүйсенбі, 3 Қараша 2025
Жаңалықтар 137 0 пікір 3 Қараша, 2025 сағат 14:57

Прокуратура – бизнестің сенімді қорғаушысы

Сурет: aqshamnews.kz сайтынан алынды.

Бизнесті мемлекеттік органдардың негізсіз араласуынан қорғау – прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі.

Кәсіпкерлерге қысым көрсетуге жол бермеу және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету – прокуратура жүйелі түрде жүзеге асырып отырған маңызды міндеттер.

Ағымдағы жылдың басында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабына кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін жауаптылықты күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді.

Наурыз айында күшіне енген бұл түзетулер жауапты тұлғалар шеңберін кеңейтті және бизнеске заңды түрде жұмыс істеуге кедергі келтіретін әрекеттер (әрекетсіздік) үшін жазалау шараларын қатаңдатты.

Бұл орайда прокуратура органдары осы саладағы құқық бұзушылықтарды анықтауды күшейтті. Егер өткен жылдың тоғыз айында 49 заңсыз араласу фактісі тіркелсе, биылғы жылдың осы кезеңінде олардың саны 98-ге жетті. Оның ішінде 92 әкімшілік іс қаралып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылып, жалпы сомасы 18 млн теңге айыппұл салынды. Мысалы, елордада жер қатынастарының қызметкері өз өкілеттігін асыра пайдаланып, кәсіпкерге өзіне тиесілі құрылымдарды бұзуды тапсырған.

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы әкімдерге жеңілдетілген несиелеу бағдарламасында көзделмеген құжаттарды талап етуді міндеттеген.

Маңғыстау облысында мемлекеттік кірістер басқармасының инспекторы кәсіпкерді заңсыз түрде ҚҚС тіркеу есебінен алып тастаған.

Ақтөбе облысында жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары жер қойнауын пайдаланушыға келісімшартқа сәйкес жер учаскесін беруден негізсіз бас тартқан.

Жетісу облысында аудан әкімінің орынбасары кәсіпкердің автовокзалын қаладан тыс жерге көшіруді заңсыз талап еткен.

Барлық фактілер бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда.

Еске саламыз, егер сіз кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісіне тап болсаңыз, Бас прокуратураның Call-орталығына хабарласып, кеңес пен құқықтық көмек ала аласыз (тел.: 8(7172) 30-17-93, 8-702-629-75-61).

Abai.kz

0 пікір