Сәрсенбі, 5 Қараша 2025
Әне, көрдің бе? 228 0 пікір 5 Қараша, 2025 сағат 13:13

Халқы аш Путин бар ақшасын соғысқа жұмсауда...

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Көзге ә дегенде жарқ етіп көрінбегенімен, АҚШ пен Батыс санкциялары Ресейдің ішкі экономикасын бірте-бірте күйретіп жатыр. Өңірлер бюджетін еселеп қысқартып, әлеуметтік бағдарламаларды тоқтатуға мәжбүр. Ростовтан Иркутскке дейінгі облыстарда мұғалімдер мен дәрігерлер жалақысының үстемақысынан айырылып, өңірлік билік «ақша жоқ» деп мойындауға мәжбүр.

67 ӨҢІРДЕ АҚША ЖОҚ...

Экономистердің мәліметінше, Ресейдің 67 өңірі биыл қаржылық тапшылықпен жұмыс істеген. Бірінші жартыжылдықтағы бюджет дефициті 398 млрд рубль болса, қыркүйек соңында ол 725 млрд-қа жеткен. Кейбір аймақтарда тапшылық кірістің 30 пайызынан асып түскен.

Мәскеу соғыс пен әскери өндірісті қаржыландыруды бірінші орынға қойып, әлеуметтік саланы құрбандыққа шалған. Федералдық орталық аймақтарға бөлінетін трансферттерді қысқартып жатыр. Ал мұндай жағдайда қарапайым халықтың жағдайы нашарлап, өңірлер экономикасы «тірі қалу» режиміне көшкен.

Бұған қоса:

РЕСЕЙДІҢ МҰНАЙЫ МЕН ГАЗЫНАН БАС ТАРТУ...

1) Түркияның ең ірі мұнай өңдеу зауыты саналатын «SOCAR Turkey Aegean Refinery» «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкциялар әсерінен ресейлік шикізатты сатып алуды азайтып, Қазақстан, Ирак және басқа елдердің мұнайына бет бұрған.

2) «Tüpraş» компаниясы да Ресейден бас тартуға ұмтылып, балама көздерді іздеп жатыр.

3) Үндістандық болат магнаты Лакшми Митталдың мұнай өңдеу жөніндегі бірлескен кәсіпорны «HPCL-Mittal Energy» ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтататынын хабарлады.

4) Қытайдағы ең ірі мемлекеттік компаниялар «Sinopec» және «PetroChina» АҚШ-тың «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкцияларынан кейін кей ресейлік мұнай жеткізілімдерін тоқтатты (Bloomberg). «Shandong Yulong» секілді шағын МӨЗ-дер де ЕО мен Ұлыбриртания санкцияларынан кейін ресейлік энергожеткізілімдерді қысқартқан.

5) Осыған дейін Үндістан да Ресей мұнайын сатып алуды бір тоқтатып, Ресей бюджеті шығын көрген еді. Ал «Лукойл» санкциялардан соң шетелдік активтерін сатылымға шығарды.

Осылайша, Ресейдің өңірлері әлеуметтік дағдарысқа батып отыр. Ал Кремль соғыс пен санкцияның тұңғиығында қалғанына қарамастан, бітімнен бас тартуда...

Түйін: Ресейдің билігі мен халқының табиғаты жүз елу жылда еш өзгермеген. Ресей империясын тізгіндеген Александр III патша: «Всю казну на войну», - деп билік құрды. Арада 140 жыл өткенде Путин дейтін дүлей шығып, империя құруға өлермендік жасап, халқын аш-жалаңаш қалдырып, айналасына соғыс ашып, жұтап-жүдеген халқын: «Денег нет, но вы держитесь», - деген саясатпен билеуде.

Abai.kz

0 пікір