Дүйсенбі, 10 Қараша 2025
Жаңалықтар 134 0 пікір 10 Қараша, 2025 сағат 15:07

Ядролық сынақ: Ресей райынан қайтты ма?

Сурет: apostrophe.ua сайтынан алынды.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Ресей президенті Владимир Путин ядролық сынақтарға дайындық бастауға бұйрық берген жоқ», - деп мәлімдеді.

Песковтың сөзінше, егер АҚШ ондай сынақ өткізсе, Ресей де солай істеуге мәжбүр болады.

9 қарашада Ресейдің мемлекеттік ВГТРК телеарнасының тілшісі Павел Зарубинге берген сұхбатында Песков: «Алдымен бізге олай істеу қажет пе, жоқ па екенін түсіну керек. Бұл өте маңызды, негізделген және салмақты шешім болуы тиіс. Қазір біздің мамандар осымен айналысып жатыр», -деді.

Бұған қоса Песков АҚШ президенті өзге елдер ядролық сынақтар жүргізіп жатыр деп айтқанда нені меңзегені Мәскеуге түсініксіз қалып отырғанын жеткізді.

Өткен аптада Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ядролық сынақтар тақырыбын талқылаған. Қорғаныс министрі Андрей Белоусов АҚШ президенті Дональд Трамптың әлемде өзге елдер ядролық сынақтар өткізіп жатқандықтан, АҚШ та ядролық сынақтарды қайта бастайтынын айтқан сөзіне сілтеп, Ресей де Жаңа жер аралында ядролық сынақ өткізуге дайындықты дереу бастағаны жөн деген ұсыныс жасаған. Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) директоры Александр Бортников Трамптың нені меңзегені түсініксіз екенін айтқан. Жиын қорытындысында Путин Ресейдің сыртқы істер министрлігіне, қорғаныс министрлігіне, арнайы қызметтері мен азаматтық мекемелеріне ядролық сынақтарға дайындық мүмкіндігі жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырған, бірақ тікелей бұйрық бермеген.

Дереккөзі: Азаттық радиосы

Abai.kz

0 пікір