Кім көрінгенді классик жасауға болмайды!
Әдебиет саласында жүрген, оның ішінде прозалық шығармалар жазатын қаламгерлерге арналған сыйлықтар санаулы. Олар марапаттарға да жиі ие бола бермейді. Әрі кейде сыйлықтың нағыз иесін таппай қалатын тұсы бар. Осы туралы ой қозған жүрген Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Проза кеңесінің мүшесі Нұрлан Қамиға «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің тілшісі бірнеше сұрақ қойған еді.
– Нұрлан мырза, әдебиеттің жалғыз «құрылыс материалы» - сөз. Қазіргі жазушылар осы материалды қаншалықты шебер пайдаланады?
– Бұл әр қаламгердің тіл байлығына, жазушылық шеберлігіне, кейіпкерлерін қаншалықты терең де жан-жақты зерттегеніне, суреттеліп отырған жағдайды (ситуацияны), түптеп келгенде өмірдің өзін қаншалықты білетіндігіне байланысты. Адам әр кезде, әр жағдайда әр түрлі сөйлейді. Кейіпкерлер де солай. Бұл оның мінезіне, өміртанымына, айналасындағы адамдарға байланысты.
Қазіргі жаһандану дәуірінде елдер мен халықтардың арасы мейлінше жақындап, мәдени байланыс қарқыны күрт артып отыр. Бір халыққа тән сөз қолданыс басқа халықтарға да ауысып жатыр. Біз әрісі – екі, берісі – бір ғасыр, теледидарға жаппай қол жеткізілген кезден бері – жарты ғасыр бойы орыстармен тығыз қарым-қатынаста болған халықпыз. Талай нәрсе солардан ауысты. Бұл, негізінен, ауызекі тілде көрініс тапты, алайда жазба тілімізге тигізген әсері де орасан. Көптеген сөздер мен сөз тіркестері тіліміздің заңдылықтарына сай айтылып-жазылып, төл сөзімізден ажыратып алғысыз болып сіңіп кеткені рас, ал кейбір сөз орамдары қазақтың ұлттық дүниетанымына, базалық сөз қолданысымызға мүлдем жат, өрескел екеніне қарамастан әдеби шығармаларда сол күйі қолданылып жүр.
Мысалы, «өзіне-өзі келді» деген тіркес әбден жүректі айнытып бітті. Бұл орыс тілінің өзінде де қолдан жасалған құбыжық, нағыз сорақылық екенін әшкерелеген марқұм Михаил Задорнов осы жарымжан тіркесті қолданушыларды «когда он пришел в себя там никого не оказалось» деп әжуалап еді. Қазақ өз-өзіне келмейді, есін жинайды, есі кіреді. Амал не, осы тіркес ақсақал қаламгерлердің туындыларында да кездесіп қалады. Тіптен бір классик жазушымыздың хикаяттарының бірі осы сөйлеммен басталады.
Ондай мысал көп, соның бәрін санамалап жатпай-ақ тағы біреуін келтірейін – бұл күндері екінің бірі «душ қабылдады» деп жазатын болды. Қалай қабылдапты оны – ресми ме, достық ниетпен бе? Кабинетте ме, төргі бөлмеде ме? Қазақ душты қабылдамайды, душқа түседі! Сөз қадірін білетін адам ондай әсіреңкілікке ұрынбаса керек. Осының бәрі ана тіліміздің ішкі үйлесімін, сөздердің мағыналық үндестігін түсінбеуден немесе жете мән бермеуден болып жатқан келеңсіздік. Жазушы ең алдымен тілді меңгеріп, сөздің мағынасын түсініп, қай жерде нені қолдануға болатынын ешкімнің айтып-нұсқауынсыз өзі-ақ білуі керек емес пе.
Күнделікті өмірде де әр сөз орнымен қолданылады. Ал көркем шығармада бұл – басты міндет. Арғы-бергі қаламгерлердің арасында теңдесі жоқ стилист Эдгар Аллан По «қаламгердің әр сөзі шығарманың басты мақсатына қызмет ететін болсын» деген. Яғни көркем шығармада бірде-бір артық сөз, орынсыз қолданылған тіркес болмауға тиіс. Меніңше, жазушыға қойылатын басты талап осы.
Ал біз «шығармада керемет мәселе көтеріліпті, айтқан ойлары жаңа, әрі терең, көп еңбектеніпті, автордың өзі жақсы адам» деген сияқты қырық сылтау, жетпіс желеумен кім көрінгенді алып келіп мақтаймыз да классик қылып шығара саламыз.
– Нұрлан мырза, белгілі меценат ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы Ибрагимовтың демеушілігімен жаңа романдарға бәйге жарияланғанынан хабардар шығарсыз. Сіздің ойыңызша роман жанрының басты талаптары қандай? Хикаят, повестен несімен ерекшеленеді?
– Менің бір арманым бар, қазақ әдебиеттану ғылымына Михаил Бахтин секілді бір ғалым келсе ғой, шіркін! «Біздің тарих ол-дағы қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп Қадыр ақын айтқандай, біздің әдебиеттің деңгейі де өте жоғары, әлем әдебиетіндегі озық үлгілердің қатарынан ойып тұрып орын алуға лайықты шығармалар жетіп артылады. Тек соны өз деңгейінде зерттеп, әлем жұртшылығына таныстыратын, ғылыми айналымға түсіретін ғалым болмай тұр. Әйтпесе біздің фольклорымыз өзге халықтардың жиған-тергенінен оқ бойы озық тұрғаны рас қой. Ертегілеріміздің көркемдігі, мақал-мәтелдердің дәлдігі мен тереңдігі, өлең-жырларымыздың поэтикасы, ән-күйлеріміздің биіктігі жағынан бізге тең келетін халық жоқ. Әлхамдулилла, әдебиет пен өнер сарайымыздың іргетасы берік. Бір ғана жыраулар поэзиясындағы асқақтықтың өзі рухыңды тасытып, көңіліңді шалқытпай ма!
Прозадан да талай-талай туындыларды әлемдік бәйгеге еш қысылмай қосуға болар еді. Тахауи Ақтановтың «Боранын» өз басым Хемингуэйдің «Шал мен теңізімен» қатар қояр едім. «Шырағың сөнбесін» романы да Эрих Мария Ремарктың шығармаларынан бір кем емес. Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы» әлемдік кеңістіктегі өзінің заңды орнын ала алмай жүрген туынды. Мұхтар Мағауинның «Көкбалағы» халқымыздың жиырмасыншы ғасырда бастан кешкен қайғы-қасіретін түгел суреттеп берген роман, ал «Қыпшақ аруы» хикаятында ұлтымыздың тарихы мен өнерін үстем ұлттың қалай жойып жібермек болғаны асқан шеберлікпен бейнеленген. Оралхан Бөкеевті лирикалық прозаның әлемдік көшбасшысы десем кім дау айта алады? Әбіш Кекілбаевтың, Дулат Исабековтің, Тынымбай Нұрмағанбетовтің, Молдахмет Қаназовтың, Оразбек Сәрсенбаевтың туындылары халық философиясының інжу-маржанына тұнып тұр.
Ал біз егемендік алып, қолымыз аузымызға жеткенде сол құндылықтарымызды қастерлеп, қадірін арттыра түсудің орнына кері кетіп бара жатқан сияқтымыз. Кім кінәлі бұған? Бәленің бәрін билікке жаба бермей, осы сұрақты өзімізге де қойсақ қайтеді осы, ә?
Жарайды, әңгімемізден алшақтап кеткен сияқтымыз. Әлгі Бахтин деген кісі романды «авторлық баяндау, тұрмыстық және әдеби сипаттаудың жоғары деңгейдегі стилі, кейіпкерлердің сөздерін дараландыру тәрізді әрқилы стильдік бірліктер бірлесе әрекет ететін көп стильді, көп дауысты жанр» деп бағалапты. Бұл – ғылыми анықтама. Ауызекі тілде оны өмірдің қат-қабат қатпарларын қопара суреттеп, кейіпкерлерін даралап, тұрмыс-тіршіліктің қыр-сырын ашып, болмыстың көркемдігін айшықтай көрсету деуге болатын шығар. Кез-келген сауатты оқырман түсінетін қарапайым қағида – романда басты кейіпкерлердің образы сомдалып, қосалқы кейіпкерлердің характері ашылуы керек, шығарманың әр парағынан заман лебі есіп, халықтың тұрмыс-тіршілігі аңғарылып, қоршаған ортадағы ахуал сезіліп тұруға тиіс.
Ал повесть - қазір оны хикаят деп атап жүрміз – әңгімеден ауқымды, романмен салыстырғанда шағындау әдеби шығарма. Оған өмірдің қыр-сырын мейлінше ашып көрсету талабы қойылмайды, панорамалық суреттеу міндетті емес, кейіпкерлердің образы толық ашылмауы мүмкін, бейнеленген оқиғаға қатысты жәйттер мен адамдар ғана көрсетіледі. Екеуінің ара-жігін ажырататын басты бағдар – ауқымы мен тереңдігі. Сонымен қатар, кейіпкерлерінің ірілі-ұсақтығы, көтерілген мәселенің салмағы, оқиғалардың мәнділігі тұрғысынан да екеуінің деңгейі екі түрлі.
– Сіз «Меценат» әдеби бәйгесін қатты сынадыңыз. Бәйгенің жеңімпаздары тарапынан қарсы пікір болды ма? Жалпы, бәйгені ұйымдастыруда нені ескеру керек еді?
– Бір ғана «Меценат» емес, біздің елімізде өткізіліп жүрген бәйгелердің қай-қайсысында да әділдік жоқ. Сұрыптау, сараптау, бағалау тәрізді кезеңдердің бәрі дүмділердің қолдауына сүйенбей, талантына сенген талапкерлерге қиянат жасауға құрылған сияқты. Жеңімпаздар алдын-ала анықталып қоятындай көрінеді. Ал оларға бәсекелес бола алатын, шын мәнісінде жақсы жазылған шығармалар сынақтың әйтеуір бір кезеңінен өте алмай «құлап» қалады. Өткізбейді, құлатып жібереді. Бұл менің ғана пікірім емес, кіммен сөйлессең де айтатыны осы. «Меценатты» сынаған себебім – оның биылғы жеңімпазының шығармасына пікір айтуды өздері өтінді. Бұл туралы мақалада айтқанмын.
Жеңімпаздар ешқандай пікір білдірген жоқ. Тұрысбек Сәукетаев қана хабарласып, айтқаның дұрыс болды, қаламгерлердің бәрінің көкейінде жүрген жәйттерді жайып салыпсың, мақалаңды оқығандар түгел қолдап жатыр деді. Фейсбуктағы парақшама да ешкім қарсы пікір жазбапты.
Бәйгені ұйымдастырғанда әуелі бәйге дегеннің өзі не екенін біліп алған жөн. Бәйге – «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» ғана қатысатын аламан жарыс. Оған туа бітті шабандар мен Құдайдың өзі кем қылып жаратқан шобырларды қосуға болмайды. Зорығып өледі. Бәйгеге әбден бабына келіп, аузымен құс тістеген тұлпарлар қатысады. Егер шынымен бәйге болса, әрине. Қазақты мазақ қылып, әдебиет пен өнерді өйтіп қорлағанша бәйге атаулыдан түгел бас тартқанның өзі абзал. Ал біз періштесініп «әдебиет – ардың ісі» деп бұтқа толамыз. Айнаға қарайық!
– Нұрлан мырза, ал «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігі тарапынан жасалған бәйге шарты көңіліңізден шыға ма?
– Бұл бәйге туралы естігенмін. Әуелі роман қандай тақырыпта жазылып, қандай мәселені көтеретіндігі, кейіпкерлері кім болатыны туралы аздаған аңдатпа беріліп, үміткерлерді іріктеу соған қарап жүргізілгенге ұқсайды. Тек «көңілдегі көркем ойдың ауыздан шыққанда әрі қашатыны» бар-ау...
Бас жүлдегерді анықтауды техникамен жүргізбейтіндеріңіз дұрыс екен. Әдебиет әлемінде сыншы деген бір қауым ел бар, соларға сенгендеріңіз жөн болыпты.
Тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар бәйгеге қатыстырылмайтыны айтылыпты. Дұрыс шешім. Әйтпесе сүркілдің көкесі сонда басталар еді. «Жасында жаман болған шалды көрмеппін» дегендей, қазақта атасы батыр болмаған адам жоқ. Неге роман жазбасқа! Ата-бабаңның аруағын риза қыласың, оның үстіне, ақша төлейді екен...
Меніңше, талапкердің бұрынғы атағы да, қазіргі атқаратын қызметі де ескерілмеуге тиіс. Жалпы, шығарма авторының кім екені байқаудың қорытындысы шығарылғаннан кейін ғана белгілі болғаны жөн еді. Болашақта ескерерсіздер. Көркем әдебиетті бағалаудың бір ғана шарты бар, ол – көркемдік.
– Өзіңіз жазумен қатар өзгелердің туындыларын таразылайтын сыншысыз да. Дәл қазір қандай кітаптарды оқып жүрсіз?
– Жоқ, мен сыншы емеспін, жай ғана жазушымын. Әдебиеттің не екенін білемін, сондықтан пікір айтуды сұрағанда іркілмеуге тырысамын. Сыншылық тәрізді жауапкершілігі тым ауыр қызметті атқару мен үшін қиынға түсер еді. Сыншы төл әдебиетімізде не болып жатқанын түгел білуге тиіс және әлемдік әдеби кеңістіктегі жаңалықтар мен құбылыстардан хабардар болып отыруға міндетті. Әдеби шығармаларды талдаған кезде өзімбілемдікке ұрынбай, көңілжықпастыққа салынбай, әділін ғана айтуы керек. Әйтпесе біреулерге қиянат жасауы мүмкін. Бұл, түптеп келгенде, әдебиетке жасалған қиянат болады. Өйткені, кейінгіні адастырады ғой. Әдебиет – адамзаттың көркем ойының жиынтығы десек, әдебиетке қиянат жасау – адамзатқа қастандық жасаумен бірдей.
Мен «Жұлдыз» журналының қызметкерімін және Жазушылар одағының жанындағы Проза кеңесінің мүшесімін. Қызмет бабында оқитын кітап көп, бірақ тұшынып оқитын шығармалар жоқтың қасы. Кітапты сағынғанда Эдгар По, Джек Лондон, Акутагава, Бальзак, Достоевский, Астафьевтің шығармаларын орыс тілінде оқимын. Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауинның, Сайын Мұратбековтің кітаптарын да қарап қоямын.
– Сұқбатыңызға рақмет, Нұрлан мырза.
Сұқбаттасқан Жанерке Қазтай
«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің тілшісі.