Президенттік кадр резерві: Қабылдау жүйесі жаңартылды
Елімізде Президенттік жастар кадр резервіне қабылдау жүйесі жаңартылды. Атап айтқанда, биыл алғаш рет алты бағыт бойынша пропорционалдық жүйе енгізілді.
Үміткерлерді резервке алу кезінде мемлекеттік органдардың кадрға қажеттіліктері зерделенген. Биылғы қабылдау тәртібінің ерекшелігі жайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Әлібек Ахмедьяр «Түйін» ақпараттық-талдамалық бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді.
«Біз мемлекеттік органдарға қандай кадрлық қажеттілік барын қарастырдық. Биылғы ерекшелік - алты бағыт бойынша пропорционалдық жүйе енгізіп, резервшілерді қабылдадық. Бізде инфрақұрылым, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіп салаларында мемлекеттік қызметшілердің сандары аз. Сол үшін пропорциялық жүйемен осы бағыттарға мүмкіндікті көп бердік. Ең жоғары бәсекелестік биыл әлеуметтік саясатты дамыту және азаматтық қоғамды дамыту бағыты бойынша болды. Бір орынға 335 үміткер қатысты. Оның себебі әлеуметтік қорғау және азаматтық қоғамды дамыту саласы үлкен. Қызығушылық көрсеткен адамдардың саны көп болған соң бәсекелестік те үлкен болды», - деді Әлібек Ахмадьяров.
Спикердің айтуынша, биыл өнеркәсіп пен инфрақұрылым бағыттарында айтарлықтай бәсекелестік болмаған.
Биыл Президенттік жастар кадр резервінің төртінші кезеңі аяқталды. Маусым айынан бастап іріктеуге қатысу үшін сайтқа 31 000 адам тіркелді. 7436 үміткер бекітілген ережеге сай бәсекеге түсіп, ұлттық комиссия шешімімен 50-і резервке қабылданды.
Бұған дейін елімізде Президенттік жастар кадр резервінің алғашқы үш кезеңі 2019, 2021, 2023 жылдары 66 мың адам тіркеліп, 400-і іріктелді. Олардың ішінен 320-дан астамы квазимемлекеттік секторда, 37-сі саяси лауазымдарда, 5-еуі «А» корпусында, 3-еуі Парламент Мәжілісінде қызметке қабылданған.
БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫ:
Abai.kz