Дүйсенбі, 29 Желтоқсан 2025
Анық-қанығы 227 0 пікір 29 Желтоқсан, 2025 сағат 13:25

Қытай экономикасы: аңызбен ақиқат!

Сурет: Егемен Қазақстан сайтынан алынды

Кешегі кедей елдің экономикалық ғажайыбы оны Құрама Штаттардың басты бәсекелесі айдалдырып, алға басқан экономикалық өсімі дамыған елдердің жағасын ұстатты. Осы жүзжылдықтың алғашқы он жылында ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімі 9-10% -дан еш төмен түспеді, ал 2007 жылы рекордтық көрсеткіш жасап, бірден 14% -ға секірді. Одан кейінгі онжылдықтарда жылына 6-7% -ға дейін салыстырмалы бәсеңдеу орын алды. Ал ковидтік 2020 жылы тіптен 2,3% -ға дейін төмендеді. Содан бері Қытай партиялық басшылық алға қойған 5% деңгейіне жете алмай, әлі де өзіне келе алмай отыр. Одан шығуға бола ма деген заңды сұрақтың туындамауы мүмкін емес. Сонымен, Қытай экономикасының қарқынды өсу кезеңі артта қалғаны ма?

Бұл мәселеге біраз уақыттан бері "ресми статистикаға қаншалықты сенуге болады?" деген басқа бір мәселе қосылды. Сарапшылардың пайымдауынша, Бейжің нақты көрсеткіштерді арттырып отыр. Мысалы, жекелеген провинциялардың билігі орталықтың алдында көрсеткіштерді асыра көрсетуге  ұмтылды, нәтижесінде жиынтық сан шындықтың ауылынан мүлдем алшақтап кетеді.

Аспан асты елінің алдында асу бермес қиын жылдар тұр. Бұл орайда жаһанның аузын ашқызған қарқынды өсу кезеңі қытайлықтардың қолынан келмейтін міндеттер жоқ деген көңіл-күй мен сенімнің нығаюына ықпал етті

Қытай экономикасын зерттеуге мамандандырылған америкалық Rhodium тәуелсіз талдау орталығы 2025 жылы Қытайдың ЖІӨ өсімін 2,5-3% -ға ғана бағалады, ал ресми көрсеткіш үшінші тоқсанда 5,2% -ға шығара отырып, жылына 3-4,5% құрайды деп жұртқа жайды. Басқа талдамалық құрылымдар да осы бір ресми бағалармен келіспейді. Неміс экономикалық институты 2025 жылы орташа 4,4% өсім береді және 2026 жылы 4,1% болжайды. DZ Bank 2025 жылы 4,5% және 2026 жылы 3,4% кері кетеді деп көрсетеді. Яғни, бұл өсу қарқынының одан әрі төмендеу үрдісін байқатады.

Тек батыстық ғана емес, қытайлық мамандар да жоғарылатылған сандарды атап көрсетеді. Өткен жылдың басында мемлекеттік компаниялардың бірінің бас экономисі және үкіметтің кеңесшісі Гао Шаньвэннің: "Біз Қытайдың экономикалық өсуінің шынайы сандарын білмейміз. Менің ойымша, соңғы екі-үш жылда нақты көрсеткіш орта есеппен 2% шамасында болуы мүмкін, алайда ресми көрсеткіш 5% -ға жақын. Егер мен шынын айтсам, алдағы үш-бес жылда өсім қарқынын 3% -дан 4% -ға дейін болады деп күткен орынды болар еді. Бірақ ресми көрсеткіш әрқашан 5% шамасына тістей қатып жабысып алған".

The Wall Street Journal-дың куәлігі бойынша, бұл сөздер Си Цзиньпиннің ашуын туғызды, себебі бұл жыл сайынғы бес пайыз ҚХР төрағасының 2020 жылы ел экономикасын 2035 жылға қарай екі еселеу туралы уәдесінен алынған. Төмен қарқынмен оны жасау мүмкін емес.

Гао Шаньвэннің сыни мәлімдемесі Си Цзиньпинге ұнамады.

Алайда Қытайдың қарқынды дамуын қамтамасыз еткен өсу моделі енді қажетті нәтиже бермейді, тіпті Бейжіңді сыртқы конъюнктураға тәуелді етеді. Қазір экономика өсімінің 60-70 пайызы сыртқы саудаға тиесілі. Ковид эпидемиясы кезіндегідей жаһандық нарықтардағы сұраныстың кез келген құлдырауы бұл елге оңайға соқпай, Аспан асты елінің дамуына зор әсер етеді. Ал қазір Ақ үйдің әкімшілігі Қытайдың ең ірі сауда серіктесі АҚШ-тан қытай өнімдерін ығыстыру саясатын таңдағанда, экономикалық тәуекел факторларына саяси факторлар келіп қосылды.

Бұл ретте ішкі тұтыну есебінен сыртқы нарықтардағы шығындарды өтеу мүмкін емес: Қытайда ұзақ уақыт бойы жаңғыру кезіндегі қуып жетуші артықшылығын берген жұмыс күші дәл қазір тым қатты қымбаттады, бірақ бұл ел өзінің орташа класы жеткілікті мөлшерде өсіре алмады. Оның үстіне, қытайлықтарға тұтынушылық мінез-құлықтың жинақтау моделі тән, олар едәуір экономикалық белгісіздік жағдайында қаражатты жұмсауды емес, үнемдеуді қалайды. Елде дефляция, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасының құлдырауының тіркелуі, бұл ұсыныстың сұраныстан асып түскенін көрсетеді.

Бұл компаниялар кірісінің төмендеуіне және жалақының төмендеуіне әкеп соқтырадыі. Жасанды интеллект пен жаңа энергетиканы әзірлеуге тартылған серпінді өндірістердің өзінде бастапқы жалақы 2022 жылға қарағанда жеті пайызға төмен. Bloomberg мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартысында тіркелген қытайлық компаниялардың 25% -дан астамы өздерінің шығынға батқаны туралы хабарлады. Ал, сатып алушылардың жоқтығынан тұрғын үй құрылысы нарығында дағдарыс байқалады. Провинциялардың жергілікті билігі қайта несиелендірілген құрылыс компанияларының банкрот болуына жол бермеу үшін оларға қолдау көрсетуге мәжбүр. Қазірдің өзінде Қытайдың мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 120% -ынан асып түсті.

Демографиялық проблемаларға байланысты еңбекке қабілетті халықтың айтарлықтай қысқаруы жағдайында қартаю жағынан Қытай «жапон ауруы» шұңқырына құлауы әбден мүмкін. Тасбақа қарқынмен даму һәм мемлекеттік қарыздың үсті-үстіне өсіп келе жатқаны бәріне қол байлау болады. Бірақ, мамандардың айтуынша, Жапония ұзақ рецессияға ұшырап, тұтыну стандарттары жоғары бай қоғамға айналды, ал Қытай жан басына шаққандағы табысы жағынан әлі де дамушы ел болып отыр. Рецессия оны осы мәртебеде қалдырады.

Қытай билігі бұл проблемаларды көріп отыр, бірақ оларды қалай шешу керектігін жете түсінбейді. Оның есесіне алдағы проблемалардан қорқып, қоғам мен экономикаға бақылауды күшейтуді жөн көреді, бұл оның онсыз да проблемалық дамуына еш ықпал етпейді. Әкімшілік қысымның өсуіне және экономиканың жалпы параметрлерінің нашарлауына халықаралық капитал жауап берді: 2024 жылдың үшінші тоқсанында 1998 жылдан бастап алғаш рет Қытайдан тікелей шетелдік инвестициялардың кетуі тіркелді.

Аспан асты елінің алдында ұлттық амбицияларының тізгінін тартыратын аса қиын жылдар тұр.

Abai.kz

0 пікір