Сәрсенбі, 7 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 263 0 пікір 6 Қаңтар, 2026 сағат 14:46

Халықтың 99 пайызы жылдам интернетпен қамтылмақ

Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның толыққанды цифрлық елге айналуы үшін барлық негізгі бағыттар қамтылып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу мен ауқымын кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 3 мыңнан астам ауыл биыл және келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі, – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде халықтың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Алайда бұл жобаларды іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер учаскелерін бөлу мәселесінде толық қолдау қажет.

Сонымен қатар әкімдіктерге өз өңірлерінде интернет сапасын мемлекеттік бақылауға алу және айыппұл салу өкілеттігі берілген.

Ауылдарға интернет тартумен қатар, ауылдағы әрбір үйге талшықты-оптикалық желі жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл “Соңғы миль” жобасы деп аталады. Осы жоба аясында 400 мыңға дейін үй шаруашылығына оптика құрылысы көзделіп отыр. Қосымша 2,5 млн адам қамтылады. Әкімдіктерден оптикалық кабельді ілу үшін электрмен жабдықтау тіректеріне қолжетімділікті ұйымдастыру талап етіледі, – деді Жаслан Мәдиев.

Сондай-ақ вице-премьердің мәлімдеуінше, екі жыл ішінде республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автожол мобильді байланыспен қамтылады.

Қазіргі таңда 5G желісі облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалада қолжетімді. Осы қалалар аумағының 75 пайызына дейін қамту үшін жаңа 5G базалық станцияларын орнату жұмыстары жалғастырылады. Бұл ретте әкімдіктер байланыс инфрақұрылымын орнату мүмкіндіктерін кеңейту үшін мобильді операторларға жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс.

Вице-премьер автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша арнайы жоба іске қосылғанын атап өтті.

Бұл республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды қамтиды. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарланып отыр. Әкімдіктерден жер учаскелерін жедел бөлу және электр энергиясына қосылуға техникалық жағдай жасау талап етіледі, – деді Жаслан Мәдиев.

Abai.kz

0 пікір