Сейсенбі, 20 Қаңтар 2026
Ғибырат 516 0 пікір 20 Қаңтар, 2026 сағат 15:28

Алғашқы зайырлы мемлекетті Мұхаммед пайғамбар құрған

Сурет: jurtmedia.kz сайтынан алынды.

АВТОРДАН: 2005 жылы Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлымен сұхбаттасқан едік. Сұхбатты бірге барып алған серігім, досым, әдебиеттанушы, ақын Әмірхан Балқыбек 2014 жылы дүниеден өтіп кетті. Осыдан төрт күн бұрын Рәтбек ақсақал да өмірден озды. Дін ғұламасының мазмұнды әңгімесі оқырман қауымды әлі де қызықтырар, әркім керегін алар деген оймен сол сұхбатты жариялап отырмыз.


Рәтбек қажы НЫСАНБАЙҰЛЫ:

Еліміздегі діни ахуал бүгінде кез келген қазақты алаңдататындай жағдайға жетті. Ұлы даланың ұрпағы ұстанбақ түгіл, еміс-еміс естіп те көрмеген конфессиялар мен секталар кез келген қаламызда қадам басқан сайын ұшырасатын болды. Қала берді, исламның өз қағидаларын сан-саққа жүгіртіп, «аңқау елге арамза молда» боп жүргендер де аз емес. Осындай аянышты, масқара халге біз қалай түстік? Бұған не себеп болды? Сан сауалға жауап іздегенде, ойымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш мүфтиі, талай жыл осы ұйымның тізгінін ұстаған Рәтбек қажы Нысанбайұлы орала берді. Ол кісінің көптен бері жұрт назарынан тыс жүргені де кеңірек отырып сұхбаттасуға түрткі болды.

Ары таза адам – мемлекет байлығы

– Кейінгі бірнеше жылда көпшілік сізден көз жазып қалды. Сондықтан әңгімені қазіргі жұмысыңыздан бастасақ.

– Қазір Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы орталық мешітте имам болып жұмыс істеп жатырмын. Мұнда келгеніме, бұйырса, он шақты күнде бір жыл болады. Шыны керек, әуелде қараусыз бос жатқан жерге келгендей болдым. Ешқандай құжаты, ешқандай қарауылы жоқ екен. Бәрін өзімнің реттеуіме тура келді. Халықтан жиналған 260 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ел ішінен шыққан азаматтар 50 мың теңгеге микрофон орнатып берді. Тіпті телефон да жоқ екен. 22 мың теңгеге оны да азаматтардың өздері жүргізіп берген жайы бар.

Құдайға шүкір, қазір жағдайымыз жақсы. Бұрындары жергілікті халық, Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан көшіп келгендері бар, бөлек-бөлек болып, бір-бірімен басы қосылмай жүрсе, қазір жұма күні намаз кезінде халық мешіт ішіне сыймай кетеді. Имандылық дәрісін алып жатқан 70 шәкіртіміз және бар.

Өз басым дін оқуын 22 жыл оқыппын. Бір кездері қайтыс болған адамның жаназасын шариғат жолымен шығаруға қорқатын заманға да куә болдық. Табытқа салып жерлеп жататын. Кейбір иманы барлар жаназасын түнде шығартқызған кездер де болды. Бұл өте ауыр кезең еді. Мен басшылық қылған жылдары ондай сорақылықтар азайды.

– Еліміз тәуелсіздік алған тұста біз зайырлы мемлекет боламыз деп әлемге жар салдық. Ата заңымызда солай бекіттік те. Бұл 90-жылдардың басында біздің елімізге әрқилы діни секталардың еркіндеп енуіне, діни дайындығы жоқ азаматтардың бірқатарын өздеріне қаратып алуына, дін ислам жолынан ауытқуына әкеліп соқты. Мысқалдап енген дерттің батпан-батпан салмағын біз енді сезініп жатқандаймыз. Уақытында өзіңіз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығында жүргенде бөтен діндердің тұнығымызды лайламауына қарсы шаралар қолдануға тырыстыңыз ба?

– Мен ол кезде депутат болатынмын. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданар тұста оның өзімізге тиетін зияны шаш етектен болатынын сол кездегі халық қалаулыларына жеткізіп-ақ айттым. Миссионерлердің көбеюінің ар жағында саясат жатқанын, ол саясаттың бізді аямайтынын барынша түсіндіруге тырыстым. Бірақ, амал қанша, қолым сынып, ауруханаға түскен кезімде бұл заң қабылданып кетіпті. Күні бүгінге дейін сол заңның зардабымен күресіп келе жатырмыз.

– Қай-қай миссионермен де әңгімелесе қалсаңыз, ол өзі дәріптейтін дінін тек жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Онысы нәтижесіз де емес, жамандыққа үгіттеп жатқан ешқайсысы жоқ. Бәрі «бір Жаратқан» дейді. Тыңдаған адамды ұйытып алып кетуге бейім. «Бәлкім, олардың көп болғанынан аса зиян шеге қоймаспыз?» деген де пікірлер естіліп қалады...

– Бір отбасындағы адамдар әрқилы пікір айтып, әрқайсысы әр жаққа тартып жатса, ондай шаңырақта береке бола ма? Рас, халықтың иманды болғанынан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Ары таза, жаны таза, жамандыққа жан-тәнімен қас адамдар – қай мемлекеттің де байлығы, баянды болашағы. Дегенмен олардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарардай ұйымшыл, бірлікшіл болғанына не жетсін. Ал әрқайсысы әр діннің соңынан кетіп, бабалар ұстанған исламның жолынан ауытқып жатса, мұндай ынтымақтастықтың құр арман болып қалуы да мүмкін. Демек, бізде бірлікке бастайтын бір дін – ислам діні – ту ұстаушы басты дін болғаны дұрыс. Бір кездері бабаларымыз шамандықты да дін етіп ұстанды. Өлген адамның мәйітін жерлемей, ашық жерге аң-құсқа жем қылып тастай салатын да көне дәуірлер өткен. Біз ондай әдеттерді өз бойымыздан исламның әсері арқылы аластадық. Жаңардық. Ислам арқылы білімге, білікке қол жеткіздік. Парасатты елдердің қатарына қосылдық. Исламның бізге бергені көп. Ала алсақ, беретіні және мол.

– Арғы-бергі түркі тарихын зерттеп жүрген қайсыбір ғалымдарымыз: «Біздің бабаларымыздың өз жазу дәстүрі болды, осы жазу дәстүрі арқылы қалыптасып келе жатқан болашақ ересен жазба әдебиетіміздің алғашқы ұшқындары да бар еді, өз аяғы жеткен жердің бәрінде ислам-араб экспансиясы оларды жойып отырды. Өйткені ол жергілікті халықтардың өз дүниетанымы болғанын қаламайтын басқыншы дін еді. Түркі сына жазуларының мол мұрасы ислам құрығы жетпеген Моңғолия территориясында ғана сақталып қалуы осы ойымызға айғақ», – деп жатады. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз?

– Бұл – кешегі кеңестің солақай саясатының салқыны тиген пікірлер шығар. Ислам – ешқандай бас-көз жоқ басқыншылықты, шапқыншылықты мұрат тұтқан дін емес. Ол қарсы болса, ислам шариғатына қайшы келетін дүниелерге ғана қарсы болды. Егер жергілікті халықтың дүниетанымындағы қайсыбір әдет-ғұрыптар ислам шариғатына қайшы келмесе, оған түсіністікпен, кешіріммен қараған. Тыйым салса, арақ ішу, шошқа етін жеу секілді арами қылықтарға ғана тыйым салды. Тарихтан «исламды күштеп таңыпты, күшпен ендіріпті» деген деректерді өз басым кездестіргем жоқ.

Пайғамбарымыз өз қызы мен балаларына былай деп айтқан: «Ей, Мұхаммедтің қызы Фатима, Әбу Тәліптің балалары, сендер маған бірімнің ағам, бірімнің әкем, бірімнің туысым деп сеніп қалмаңдар. Мен сендерді шариғат ісінен қорғай алмаймын. Өзің намазыңды оқы, оразаңды тұт, жақсылық іс істе, сонда ғана басыңа бақ қонар. Егер күнә жасасаң, мен пайғамбар болсам да, жұмаққа кіргізе алмаймын. Қалтамда қанша ақша бар, сұрасаңдар бәрін берейін, бірақ шариғат ісіне мен араласа алмаймын».

Пайғамбардың өзі осылай дегенде, басқалардың қолынан не келеді?

Мұсылманшылық әуелде... оқудан басталған

– VІІІ-ХІІ ғасырлар аралығында араб әлемі, жалпы ислам өркениеті өзінің алтын дәуірін бастан өткерді деуге болады: ілім-білім дамыды, мәдениет өркендеді. Одан кейінгі кезеңдерде бұл үрдіс күрт бәсеңдеді, ислам қоғамы еуропалық ғылым мен техниканың тегеурініне төтеп бере алмай, әлсіздік танытты. Осының себебін қалай түсіндірер едіңіз?

– Әуелі ғылымның шығыстан, оның ішінде исламнан тарағанына ешкімнің таласы болмаса керек. Мұны еуропалықтар да мойындайды. Математика ғылымының негізін салған әл-Хорезми басында сәлдесі бар адам болған. Медицинаның, астрономияның, физиканың негізін салған Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбек, Әбу Рейхан Бируни секілді ғұламалар да – мұсылмандар. Дүниежүзінде Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Нәсір әл-Фараби де солай. Осы ғылымның бәрі дамып жатқанда, басқалар қайда еді? Орманда жүр еді, әлі жартылай жабайы халден аса алмаған болатын. Кейін бір замандар келді де, ислам әлемі тоқырауға ұшырады. Сол тоқыраудың салдарынан, біз «ұйықтап жатқанда», шығыста дүниеге келген ғылымның бәрін игерген еуропалықтар алға озып кетті, исламнан алған ілімін ары қарай дамытты, сөйтіп өзімізге қайта ұсынды. Бұған ислам кінәлі емес. Ғылымды, дінді насихаттайтын, жетілдіретін, жаңа биікке көтеретін, жарыққа шығаратын адамдар, ғұламалар, тұлғалар тууы керек. Олар жоқ болса, ғылым мен дін өздігінен дамымайды. Бұған алыстан, сонау көне заманнан мысал іздеудің қажеті шамалы: кешегі кеңес өкіметінің кезінде-ақ нешеме діни кітаптар тышқанның тісінің қышуын қандырып, құр бекер шіріп жатты емес пе? Демек, мемлекет саясаты, тәлім-тәрбие бағыты қалай қарай бұрылса, қоғамның да солай өзгеріп кете беретіні осыдан-ақ анық аңғарылмай ма?

Мәселен, теократия деген термин бар: «тео» – «құдай», «кратия» – «билік» деген сөз. Яғни тікелей аударғанда «құдайдың билігі» деген ұғымды береді. Мұндай қоғамда мемлекетті дінбасылар басқарды. Кейін мұның да тозығы жетті. Сосын «хилиазм» деген ілім шықты. Олар «елді құдайдың жерге жіберген өкілі басқарады» деп түсіндірді. Осының өзі адамзат баласының басынан неше ықылым заманның өткенін, уақыт сырғыған сайын көзқарастардың сан құбылғанын білдірмей ме?

Ислам – ешқашан мәдениетке, ілім-білімге қарсы шыққан дін емес. Қайта ол ғылымды үнемі қолдап отырған. Мұхаммед пайғамбардан: «Сіз дүниеде ең әуелі нені жоғары қояр едіңіз?» – деп сұрағанда, ол «ілімді жоғары қоямын» деп жауап берген. Көрдіңдер ме, «иманды» демеген, «ілімді» деген. Аспаннан Құран Кәрім түскенде де, мұсылманшылық намаз оқудан, ораза тұтудан, зекет беруден басталған жоқ, ең әуелі оқудан басталған. Пайғамбарымыз Нұр тауының бөктеріндегі Хира үңгірінде отырғанда түскен сүренің бірі «іліміңді дамыт, білмегеніңді біле түс» деп үйретеді. «Құран» деген сөздің өзі де «оқу» деген мағынаны білдіреді ғой.

– Қазақстанда қаптап жүрген бізге жат діни секталар мен ағымдардың емін-еркін тайраңдауына қалай тыйым салуға болады?

– Дінді, оны ұстанатын халықты өзге ағымдардың әсерінен қорғау – жеке адамның айналысатын ісі емес. Оған әрбір қазақ, қала берді кез келген қазақстандық азамат хал-қадерінше атсалысуы керек. Бұған қоса бұл іске мемлекет те бас-көз болғаны жөн. Егер қойшы алдындағы малына ықтият болмаса, қалай болса солай, жауапсыз қараса, ол жоғалып кетпей ме, қасқыр жеп қоймай ма? Сол сияқты елдегі діни ахуалдың шиеленісіп кетпеуін тиісті орындар қадағалап отыруы керек деп ойлаймын. Тыйым салу деген – заңмен тындырмаса, анау-мынау әрекетке алдыра қоятын іс емес. Соншама діни секталарды елге кіргізуге, тіркетуге, емін-еркін жұмыс істеуге кім мүмкіндік беріп отыр? Солардан сұраңдар.

– Бізде «мемлекет діннен бөлек» деген ұғым бар ғой.

– Рас, біздің еліміз – зайырлы мемлекет. Этникалық, конфессиялық, тілдік тұрғыдан құрамы әркелкі. Кез келген диаспора өкілдерінің өз тілінде сөйлеп, өз дінін ұстануына мүмкіндігі бар. Бірақ осылай екен деп мемлекет өз ішіндегі жағдайға қатыссыз отыра бермеуге тиіс.

Біле білсеңдер, тарихтағы ең бір ерекше зайырлы қоғамды Медине шаһарында Мұхаммед пайғамбардың өзі құрған. Өйткені ол кезде Мединеде мұсылман арабтармен қатар иудейлер, христиандар, пұтқа табынушылар және тағы басқалар бар еді. Солардың ешқайсысына діни тұрғыдан қысым жасағандай болмас үшін, пайғамбарымыз зайырлы қоғам қалыптастырған. Кейін басқа наным-сенімдегі жұрттың біразы көшіп кеткен, біразы ислам дінін қабылдаған. Сөйтіп, сан жағынан басымдыққа қол жеткеннен кейін ол жерде таза ислам мемлекеті орнады.

Біздің елде де қазір дін жағынан болсын, тіл жағынан болсын, ешкімге қысым жасалып жатқан жоқ. Бәрінің құқы бір. Әйтсе де, олардың діни көзқарасы әрқилы болғанымен, Отан ортақ екенін, барлығының да Қазақстан азаматы екенін ұмытпағаны ләзім.

Исламда экстремизм де, шовинизм де жоқ

– Исламды ұстанушылардың өзі сүнниттер, шииттер боп бөлініп жатады. Кейде бұлардың қарым-қатынасының тіптен шиеленісіп кететінін де көріп жүрміз. Мәселен, Ирактағы, Ауғанстандағы оқиғалар...

– Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ. с.) ұйқыдан қып-қызыл боп ашуланып тұрыпты да: «Буддизм 70 тармаққа жіктеліп еді, иудаизм 71-ге, христиан діні 72-ге бөлінген болатын, енді ислам 73-ке бөлінетін болды ғой», – депті. Сонда сахабалар: «Соның ішінде қайсысын дұрыс деп санауымыз керек?» – деп сұрағанда, ол «әл-сунна уә жамъаа», «яғни менің ұстанған жолым» деп жауап беріпті. Арабтар да, біз де, мына Орта Азия халықтары да – сүнниттерміз. Бұдан шиъа (шиға) ағымы, яғни шииттер бөлініп шыққан. Бұл өзі – саяси ағым. Иракта олар ислам үшін соғысып жатқан жоқ. Билік үшін таласып жатыр. Ауғанстандағы соғыс та ислам үшін болып жатыр дейсіңдер ме? Ондағы халық – 1 400 жылдан бері мұсылман. Олар пуштун, тәжік, өзбек болып бөлініп, тақ үшін тартысты. Бұл жерде дінді қалқан ғып отырған кім? Соғысқа, саясатқа араластырып, «ислам – экстремистік дін» деген ұғымды қалыптастырғысы келетіндер кімдер? Мұны өздерің де жақсы білесіңдер.

Шын исламда экстремизм де, терроризм де, шовинизм де, деспотизм де жоқ. Мұхаммед пайғамбарымыз ислам дінін насихаттап Меккеде он үш жыл тұрғанда, мүшріктер, яғни көп құдайға табынушылар «неге Аллаға сенесіңдер?» деп бірнеше мұсылманды өлтірді. Тіпті Біләл деген азаншы зәңгіні ұстап алып, кеудесіне ыстық темір басып, табанын тіліп тұз құйып, «Алла – жоқ, Мұхаммед – пайғамбар емес деп айт!» деп қинады. Ол сонда да «лә иләһа иллалла» деуден танбады. Сол он үш жылда осындай қорлықтарға қарамастан, мұсылмандар ешкімге қарсы сөйлеген жоқ. Кейін қарсылық тіптен үдеп бара жатқан соң, хижраның бірінші жылы пайғамбарымыз Эфиопияға уақытша қоныс аударды. Одан оралған соң да тыныштық көрмегесін Меккеден жүз шақырымдай жердегі Тайып шаһарына кетті. Ол жерде де жаны жай таппаған соң Мединеге кетуге мәжбүр болды. Ислам дінінің бірте-бірте күшейе бастағанынан қауіптенген мүшріктер он жылдың ішінде мұсылмандарға қарсы 65 рет соғыс ашты. Сонда жылына 6-7 реттен соғысты деген сөз ғой. Сол соғыстардың 28-іне пайғамбарымыздың өзі де қатысты, қалғанына сахабаларды жіберді. Осыдан соң барып, Алла-Тағала: «Енді өзіңді қорға, дініңді қорға!» – деген белгі берді, Құранда ашық айтты, бұйырды.

Ал енді осында қандай терроризм бар? Тыныштық бермей жатқан сыртқы жаудан өзіңді, бала-шағаңды, қауымыңды, наным-сеніміңді қорғау да – экстремизм бе? Бүгінде әлемде боп жатқан жанжалдардың ешбіріне де исламның кінәсі жоқ. Керісінше, кезінде ислам қауымын ынтымақтан ажыратып, ыдыратып жіберген еуропалықтар енді одан өздеріне жау жасап алып жүр. Заманында күллі дүниені билеуге таласқан Ұлыбритания, Франция, Италия, Испания, Португалия, Германия араб елдерін де бөліске салған: Ливан мен Алжирді – француздар басқарса, Иордания мен Египетті – ағылшындар, Ливияны – итальяндар, Марокконы – испандар билеген. «Бөліп ал да, билей бер деген осы емес пе? Кезінде тұтас бір халифатқа қараған араб әлемін 22 мемлекетке бөліп, өзара араздастырып кеткен де солар ғой.

Алланы айғайламай-ақ еске алуға болады

– Енді таза дін жөнінен бір сұрақ: сопылық дегеніміз не?

– Бұл – ұзақ әңгіме. Қысқаша айтсақ: бұл терминнің өзі гректің «софиус», яғни «даналық» деген сөзінен шыққан екен деген болжам бар. Екінші бір ғалымдар ислам діні пайда болмастан бұрын Қағбаға келіп, мінәжат оқитын ежелгі наным-сенімнің өкілдерін «суфатун» деп атаған, бұл ұғым содан туындаған болар деседі. Енді біреулер арабтың «сафа» – «таза» деген сөзінен шыққан деп те айтады. Өзімнің «осы дұрыс-ау» деп санайтын нұсқам мынау: ертеде Меккеде кедей ортадан шыққан діндарлар үстіне жүннен тоқылған шапан киіп намаз оқиды екен. Ал жүнді арабтар «суф» дейді. Суфизм, сопылық дегеніміз – бәндәуи тірліктен баз кешіп, таза тақуалық жолды қалаған діндарлардың ағымы.

– Осы тәркі-дүние ағымнан адамзатқа пайда бар ма?

– Егер тереңдей берсек, мұның тамыры сонау ведизм, брахманизм, индуизм, даоизм, синтоизм, буддизм секілді діндерде жатыр. Яғни Жер бетіндегі тірлік атаулыдан асқақ тұрып, өз өмірін мейірімді де рахымды Алла-Тағалаға мінәжат етуге, бүгінгі тілмен айтқанда, медитация жасауға арнаған адамдар топтасқан бағыт. Бұл иудаизм мен христианда да бар, исламға да өткен. Дінге діннің әсер-ықпалы болмай тұрмайды ғой. Мәселен, біздегі өлген адамның жетісін, қырқын, жылын беру ғұрыптары иудейлерде де, христиандарда да бар.

– Сопылықтың біздегі белгілі өкілдері деп кімдерді айтады?

– Бұхарада Қожа Бақауддин Нақшбанди деген кісі өмір сүрген. Түпкі тегі – парсы. Одан соң Қожа Ахмет Яссауиді атаймыз, мұның тегі – түркі. Бұхарада оқыған, кейін жиған-терген ілімін Түркістанға келіп таратты. Бұлар – сопылықтың жөн-жоралғысына, іліміне барынша адалдық танытқан тұлғалар. Мұны, басқасын былай қойғанда, Яссауидің өз шығармаларынан да байқауға болады. Оның «Шариғатты білмей тұрып тариқатқа өткеннің иманын шайтан алады» деген сөзінің өзі неге тұрады? Бұл – «шамаңа қарап әрекет қыл» деген нақыл ғой, «егер дінді түгел меңгеріп, білімің тасып бара жатса ғана сопылық жолға түс, ғибадатыңды байытуға бел байла» дегенді білдіреді. Ал кейінгілер, бүгінде сопымын деп жүргендер ілімнің түп-тамырына бойламай, оны бұзып жүр.

Мынадай бір хикая бар. Бір күні Нақшбанди әулие зайыбы Бибі Сәлимамен бірге өзінің қос шәкіртін сынап көрмек болыпты. Әйеліне Жебірейіл періштенің киімін кигізген ол әуелі хат танымайтын қарадан шығып сопы болған шәкіртіне келіпті де, «осылай да осылай, сіздің 25 жыл сопылық қызметіңізге Алла-Тағала дән риза, енді сіз Жаратқанның әмірімен пайғамбар болатын болдыңыз» депті. Анау «е, осыншама жылғы еңбегім еш кетпепті-ау» деп қуанып қалыпты. Сосын ақылды, оқыған, ғылыми ортадан шыққан мүридіне барып, тура жаңағыдай әңгіме айтыпты. Сонда бұл шәкірті қылышын қынынан суырып алып, «Жебірейілге» дүрсе қоя беріпті: «Сен не оттап тұрсың?! Пайғамбардың ең соңы Мұхаммед емес пе? Сен Жебірейіл емес, мені азғыруға келген шайтан шығарсың?! Қазір шауып тастайын». Осы кезде анадай жерде жасырынып тұрған Нақшбанди әулие жүгіріп келіп, «ойбай, өлтіріп қойма, бұл менің кемпірім Бибі Сәлима ғой» деп ажыратып алады. Сөйтіп, ақылды шәкірті әулиенің сеніміне ие болады, ал «пайғамбар боласың» дегенге сеніп қалған надан шәкірті өзінің қателескенін біліп, өкініп, бармағын шайнап, ақырында жынданып кетеді.

– Яссауи 63 жасында қылуетке түсіп, содан кейін тағы 63 жас жасапты деген әңгіме бар.

– Естігем. Жай-жапсарын анықтауға тырыстым да. Шынымен-ақ бұл адам сенгісіз нәрсе ғой, сонша жыл жер астында қалай өмір сүрген? Сөйтсем, ол түн баласында, ел жаппай ұйқыға жатқанда, далаға шығады екен. Сөйтіп, түйеге мініп алып, шаһардың сыртында таң атқанша сейілдеп қайтатын көрінеді. Түйенің жүрісі үстіндегі адамды да белгілі бір қимыл-қозғалысқа келтіреді ғой, оның үстіне түнгі тымық ауа да ағзаға жақсы әсер етеді. Бір күндік қуат жинап алған Яссауи бабамыз таң бозара қайтып қылуетке түседі екен.

Қайбір жылы Моңғолияның дінбасысы – лама шақырды. Қазақы киіз үйдің пішінімен үлкен ғибадат ғимаратын салдыру бұрыннан ойымда жүретін. Барсам, менің ойымдағы мақсатты лама орындап қойыпты. Әңгіме арасында одан «сіздер дінді жұртқа немен сендіріп, түсіндіріп жүрсіздер?» деп сұрадым. «Жүріңіз, көрсетейін» деді. Жүз метрдей ме екен, Құдай салмасын, бір тереңге – жер астына түстік. 11-12 жігіт мінәжат етіп отыр екен. «Бұлар магияны оқиды» деді лама. Сосын 700-1000 жыл бұрын теріге жазылған кітаптарын көрсетті. «Мына жігіттер күні-түні осында отыра бере ме, ауру-сырқауға ұшырап қалмай ма?» деп сұрадым. Лама: «Түнде жұрттың көзі ілінгенде бұларды далаға алып шығамыз. Таң атқанша серуендеп келеміз де, шығыс жақ қызара бастағанда қайтадан жер астына түсіреміз», – деді. Демек, исламдағы сопылық пен буддизмнің ламаизм бағытында ұқсастықтар бар және ол тегін емес.

– Қазір зікіршілер шығып жүр. Оларға қалай қарайсыз?

– «Зікір» – Алла-Тағаланы еске алу деген сөз. Бұл – бар нәрсе. Бірақ оны көшеге шығып өлеңдетіп айту, сарайға адамдарды жиып алып, билет сатып айту қаншалықты дұрыс? Бұл жерде ол Алланың атын сатып тұрған жоқ па? Жарайды, оңаша жерде айтсын, зікір салсын, Жаратушы иемізді еске алсын. Ал айғайлап, жұртты үгіттеулері дұрыс емес. Мен солардың кей әрекеттеріне қарап таң қаламын. Жалпы қазір Қазақстанда білгіштер көбейіп кетті. Бірдеңені шет пұшпақтап оқыған болады да, соны жұртқа үйретуге кіріседі. Мұндайлар қарапайым халықты шатастырып, елдің арасына іріткі салады. Бір күні сондай білгіштің бірі «Толстой рахматулла ғалей...» деп соғып отыр. Рас, Толстой – исламды қолдаған, оның ұстанымдары мен қағидаларын құрмет тұтқан, мойындаған, өте қызыққан адам. Бірақ ол шынайы мұсылман емес қой. Өлгенде христиан салтымен жерленді. Оны қалай «рахматулла» деп айтуға болады? Мұндай адасқан ағымдар, көзқарастар Қазақстанды жайлап бара жатыр.

– Көшеде көзінен басқа жерінің бәрін тұмшалап, хиджаб, ниқаб киіп алған қазақ әйелдерін жиі көретін болдық. Бұл не?

– Арабтардың еркегі де, әйелі де басына орамал салып жүреді. Бұл – діннен емес. Араб түбегіндегі аптап ауа райына байланысты ежелден, тіпті ислам пайда болмай тұрып қалыптасқан киім кию үрдісі. «Ниқаб» деген – пәренжі. Көз-сұқтан сақтану, бөтен еркектің назарын аудармау үшін киілетін киім деп айтылады. Қазір біздің қыздардың хиджаб киіп жүруі – қазақтың салт-дәстүріне мүлде сәйкес келмейтін тірлік. Исламның қағидаларында әйел адамның ұзын көйлек киюі, басына орамал салуы бар, бірақ «бет-аузыңды түгел тұмшала» деген шарты жоқ.

Қараусыз жерге қасқыр да үйір

– Жақында Украинада сайлау өтті. Ел екіге бөлініп кете жаздады. Ақырында батысшыл Ющенко жеңіп шықты. Мұны орыс саясаттанушылары «ежелден католиктік Польшамен кіндігі жабысқан Батыс Украинаның елдің православтық шығыс бөлігінен басым түсуі» деп түсіндіргісі келеді. Бұл – «дін саяси науқанға тікелей ықпал етті» деген сөз емес пе? Жалпы осындай жағдайдың біздің елде болуы мүмкін бе?

– Сендердің айтып отырғандарың – таза саясаттың әңгімесі, шырақтарым. Бұл жерде науқанның көрігін қыздырған да, екі тарапты екі ай бойы айтыстырып-тартыстырып қойған да – саясат. Мұнда православ немесе католик діндарларының, жалпы діннің түк те қатысы жоқ. Алайда діннің саясатқа араласқан жерінде үнемі жақсылық бола бермейтінін, әне, өздерің де біліп отырсыңдар. Оған бірнеше жылға созылып, әрең басылған Балқандағы соғысты мысалға келтірсек те жетіп жатыр. Діни сенім жағынан бөлінген бір ұлттың тағдыры қалай боларын әсіресе біздің жадымызда ұстағанымыз жөн шығар...

Бір ұлт өкілдерінің бірнеше дінді ұстануы жалғыз бұрынғы Югославияда ғана болған жоқ. Мәселен, Египетте баяғы перғауындар заманынан келе жатқан ежелгі тұрғындар – бірнеше миллион копттар тұрады. Олар қазір араб тілінде сөйлегенімен, ислам дінін қабылдамаған. Ливан мен Сирияда ұлты араб болса да, христиан дінін ұстанатындар бар. Әрине, бұл – «дінге бөлініп жатқан жалғыз халық біз емес қой» деп қазақты жұбату емес, сөз реті келгенде айтылған жай мысал ғана.

Қайбір жылы Пәкістанда болдым. Сонда елдің президенті – Мұхаммед Рафик Тарар деген кісімен кездестім. Лахорда дәріс оқып жүрген жерімнен арнайы Исламабадқа алдырды. Әңгіме арасында ол: «Пәкістан Ислам Республикасы деген атаудағы «ислам» деген сөз артық. Пәкістан Республикасы деп қана атала беруіміз керек еді», – деп қалды. Мұны ол неге айтты? «Елді тек исламның жолымен, шариғатпен қана басқарып отырған біз жоқ, о жағын бізден талап етпеңіз» дегенді меңзеп отыр ол.

Осы елдің университеттерінің бірінде дәріс оқып тұрғанымда, бір профессор: «Сіз ислам экономикасы деген ұғымға қалай қарайсыз?» – деген сұрақ қойды. «Қазір өз мемлекетін тек ислам жолымен ғана басқарып отырған елді атай аласыз ба?» деп оның өзіне қарсы сауал тастадым. Үндемеді. «Олай болса, сіз экономиканы екіге бөлмеңіз. Қазір Жер бетіндегі мемлекеттердің бәрінде дерлік сырттан қарыз алу, қарыз беру бар. Және ол қарыз үнемі өсіммен беріледі. Ал енді ол қаржыны алмасаң, сенің мемлекетің күн көре алмай қалуы мүмкін. Қарыз беруші, әрине, ислам мемлекеті емес, тіпті оның сенің дініңмен мүлдем шатағы жоқ. Алайын десең, ислам діні өсіммен қарыз беруге қарсы, оны сүтқорлық деп атайды. Алмайын десең, тағы болмайды. Ал мұндай жағдайда ислам экономикасын қайтіп дамытасың?» деп едім, қос қолын көтеріп, «мен түсіндім, жеңілдім» деді.

Кез келген жаман нәрсе әлсіз жерге үйір болады. Қасқыр да қойға шабарда қораның ең бір құлағалы тұрған, қараусыз қалған бұрышынан кеп тиіспей ме? Төрт құбыласы түгел мығым жерге ол тұмсығын да тыға алмас еді ғой! Демек, біздің ел де етек-жеңін қымтап, өз-өзіне сақ болып, бекем отыруы керек.

Сұхбаттасқандар Сәкен Сыбанбай, Әмірхан Балқыбек

(«Жас қазақ» газеті, 14 қаңтар, 2005 жыл)                    

ӨМІРБАЯН

Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылдың 14 қарашасында қазіргі Түркістан облысы, Келес ауданында дүниеге келген.

1958-1964 жылдары Бұхарадағы (Өзбекстан) әйгілі «Мір-Араб» медресесінде оқыған.

1969-1975 жылдары Ливия университетінің «Шариғат және заң» факультетінде оқып, жоғары діни білім алған.

1979-2000 жылдар аралығында Қазақстан мұсылмандарының қазиі, бас мүфтиі болды.

2026 жылдың 16 қаңтарында 86 жасқа қараған шағында дүние салды.

Abai.kz

0 пікір