Жұма, 23 Қаңтар 2026
Білгенге маржан 293 0 пікір 23 Қаңтар, 2026 сағат 15:02

Құрылтай туралы бірер сөз...

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Қызылорда қаласында өткен кезекті V Құрылтайда Президент бір палаталы болатын жаңа Праламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Бұл бастама халықтың көңіл-көкейіне, ақыл-зердесіне қонып жатса, Алтын Орда дәуірінен бастау алатын көне мазмұннан жаңаша жаңғырған саяси ұғым туындап, соған сәйкес жаңа атаудың, яғни терминнің пайда болатыны сөзсіз.

Ұғым демекші, көне түркілік «құрылтай» ғасырларға созылған ұзақ мерзім бойы біздің тарихи, саяси істердегі сөз қолданысымыздан шығып қалды. Тілдегі қолданыстан шыққанмен, қазақтың бұрынға тарихында ол ұғым саяси мән-маңызы бар сөз ретінде қолданған еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жер жүзіне тарыдай шашырап кеткен қазақ жұртының жылдар салып бас қосатын жиналысы «құрылтай» деп аталды. Бірақ ол құрылтай қоғамның саяси тыныс-тіршіліктегі маңызы бар ұғым ретінде емес, қазақ жұртын өз Отанына жинайтын іс-шара ретінде қабылданып келді. Себебі халқымыздың тарихи жадындағы құрылтай ұғымының мән-маңызы әбден көмескіленіп, оған орныққан саяси түйсік-таным мүлдем жоғалған еді. Жоғалтып алған тұс – Қазақ хандығы кезеңі. Дәлірек айтқанда, құрылтай саяси іс-шара ретінде Қазақ хандығынның саяси тұрмыс-тірлігінде орын алды, бірақ өткен тарихты объективті тұрғыда қалпына келтіруге ұмтылуға тиісті гуманитарлық ғылымда ол ұғым ұмытылды. Нақты мысал, кеңес дәуіріндегі Қазақстанның академиялық тарихиын былай қойғанда, тәуелсіздік алағаннан кейін жазылған 5 томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымының Қазақ хандығының тарихы жазылған 2-томында «құрылтай» деген сөз еш жерде қолданылмайды. Тіптен, Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті жарғы» тарихи оқиғасын «билер кеңесі», «билер сиезі» деген атаумен берілген.

Осы тұста Қазақ хандығы тұсында қолданыста болған «құрылтай» ұғымының мемлекет басқарудағы саяси мән-маңызын ғылыми негізде жаңғырту талпынысы бұқаралық ақпарат құралдары мен ғылыми зерттеулерде біздің қаламымыздан белсенді түрде өрбігенін «астын сызып» атап өткіміз келеді. Қазақ хандығы кезеңіндегі аңыздар мәселесіне қатысты докторлық диссертация жазып жүрген уақытымызда халқымыздың өткен тарихынан хабар беретін мақал-мәтел сөздердің саяси астарына ғылыми негізде назар аударғанбыз. Сол қарекетіміздің бір көрінісін 2008 жылдың 12 шілдесінде «Ана тілі» газетінде жариялаған «Күлтөбенің басында күнде кеңес...» атты мақаламызға арқау еткенбіз. Мақалаға біз ұсынған тақырып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес – қазақтардың тұңғыш құрылтайы» деген атау болатын. Тақырыпты редакция қысқартқан.

Сурет: А.Әбсадықтың жеке архивінен алынды.

Аталған мақалада былайша ой бастаған екенбіз: «Қазақтың хандық мемлекет тұсындағы тарихында құрылтай саяси мәселелерді шешу үшін шақырылатын еді. Ал қазіргі таңда өткізіліп жүрген құрылтайлардың Қазақстан Республикасының саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігіне тигізер ықпалы мен әсері өте аз және оның саяси мәні бар шешімдер қабылдайтын құқытық мәртебесі де жоқ. Қазіргі құрылтайда, көбінесе, қазақтарды туған жеріне оралту, ұлттық мәдениет туралы мәселелер талқыланады. Ал ертедегі тарихта құрылтайдың саяси мәні ерекше еді».

Арада 7 жыл өткенннен кейін, яғни 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау іс-шаралары басталған уақытта, «Айқын» газетінің редакторы, қазіргі Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп хандық тарихына қатысты материал жазуға қолқа салды. Біздер баяғы «тұңғыш құрылтай» мәселесіне қайта оралып, мақаланың мазмұнын тағы да бір елеп-екшей келе, тақырыбын «Күлтөбенің басында күнде кеңес немесе қазақтардың тұңғыш құрылтайы» деп қайта ұсындық. Басылым мақаланың мазмұны мен ұсынылған тақырыбының мұртын бұзбастан (11.07.2015 ж.) сол күйінде жариялады. Ол кезде «Айқынның» баспасөзде айбыны өрлеп тұрған кез еді. Разы болдық!

Сурет: А.Әбсадықтың жеке архивінен алынды.

2022 жылы Президент құрылтайға саяси мәні бар шара ретінде айрықша мән беріп, билік пен халық арасында дәнекерлік роль атқаратын құрылым ретінде қайта жаңғыртып, «Ұлттық құрылтай» жұмысын жолға қойды. Осылайша оның қоғамдағы саяси мәні арта түсті. Жұртқа айтқан сөзіміз далада қалмай, қоғамның тіршілігіне араласа бастағанын көріп қуандық, сыртынан бағып, бағын тіледік! Осылайша, көне Құрылтай ортамызға нық оралды. Ендігі кезекті Қазақ хандығы тұсындағы құрылтайға қатысты тарихи оқиғаларды өз ұғымымен атай бастадық: Күлтөбе құрылтайы, Қарақұм құрылтайы, Үш жүз Алаштың игі жақсылары жиналып, Абылайды хан сайлаған Түркістан құрылтайы... т.б.

Сурет: Abai.kz скрині.

2025 жылы Абай кз порталында «Күлтөбе құрылтайы: Әз-Тәуке хан және жеті би» (https://abai.kz/post/203187 ) деген мақаламызда қазақ құрылтайы қалыптасқан геосаяси жағдайға қарай түркілік одақ құру мәселесін көтеріп, соған орай Әз-Тәуке хан қандай нақты қадамдар жасалғандығын кеңінен таратып жаздық.

Сол біздер көп жылдар (18 жыл) бойы қалам ұшымен күйіттеп жүрген құрылтай ұғымы енді мемлекетті басқару тетігіндегі заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органының атауына айналмақ. Дәлірек айтқанда, осыны ұсынған Президент ұсынысы талқыға салынып жатыр.

Құрылтай ұғымын қазақи саяси таным-тағылымға орнықтыруға ғылыми негізде атсалысып жүрген жан ретінде, логикалық қиын бойынша, бұл ұсынысты «қос қолдап» қолдайтын кісілердің қатарынан болатыным анық... Бірақ жаңа реформалардың мазмұнына зер салатын болсақ, заң шығарушы жоғары өкілетті орган қайтадан партиялық жүйеге оралмақшы. Біздің қоғамымыздың хал-ахуалында саяси партиялардың орны мен беделі жоғары деңгейде көрініс таппағандығын, ел-жұртымыздың менталитетінде тарихи тұрғыда қалыптасқан партияшылдық белсенділіктің төмендігін, әділ сайлау өткізу қағидаттары мен қимыл-әрекеттердің іс жүзінде толық жүзеге аспай отырғанын ескере келіп, Құрылтай өзінің қазіргі билік пен бұқара арасында жүргізіп отырған дәнекерлік сипатында қалған дұрыс деп ойлаймын. Оның құрамын Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кеңейтіп, Құрылтайды нағыз халықтық кеңеске, билік пен бұқара пікір алмасатын платформаға айналдыру маңызды. Бұл біздің қазіргі қалыптасқан тарихи жағдайымызға да үйлесер еді. Тарихи Құрылтайда қазақ жұртының игі жақсылары жиналып, елдік мәселелерді талқыласа, жаңа дәуірде қазақ жұртымен бірге мемлекетіміздің түтін түтетіп отырған түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері жаңа мазмұнмен жаңғырған заманауи Құрылтайда бас қосып, билік пен бұқара арасындағы үйлесімдікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға жұмыс жасаса орынды болар деп ойлаймыз.

Алмасбек Әбсадық

Abai.kz

0 пікір